«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Генерал Корниловтың отбасы тек қазақша сөйлеген

16431 0
Генерал Корниловтың отбасы тек қазақша сөйлеген
1897 жылы Бас Штабтың Николаев академиясын оқып бітірген Корнилов туған тілдері қазақ пен орыс тілдерінен басқа он шақты тіл білген: ағылшын, француз, неміс, түрікмен, татар, парсы және урду

(Жұмажан Байжұминнің әңгімесі бойынша)

Орыс армиясының Жоғары басқолбасшысы, контрреволюциялық ақтар қозғалысының негізін қалаушы Лавр Георгиевич Корнилов Ресей тарихында, шын мәнінде, көрнекті тұлға болған. Оны Александр Керенский тұтқындағаннан кейін генерал Иван Романовский мұрағатта мынадай жазба қалдырған: «Корниловты атып, оның сыбайластарын каторгаға айдаулары мүмкін, бірақ та Ресейде корниловщина өлмейді, өйткені, корниловщина – бұл отанға деген махаббат, Ресейді құтқаруға деген ниет, ал бұндай ниетті ешбір пасық ойлар жамандап, Ресейді жек көрушілер аяқ астына салып баса алмайды».

Керенскийдің өзі де: «Корнилов өлтірілуі керек, алайда, ол өлгесін, мен гүл алып, оның зиратына барамын да, орыс патриотының алдында тізе бүгемін» деп анық мойындаған.

1917 жылдың қыркүйегінде Корниловты бір топ генералдармен бірге тұтқындап, Могилевтағы «Метрополь» қонақ үйінде  күзет қойып ұстайды. Ол тұтқында отырған кезінде Теке (Текинский) атты полкінің түрікмендері мен Корнилов екпінді полкінің әскери қызметшілері ұдайы жанында болған. Корнилов екпінді полкі тек қана Георгий кавалерлерінен тұрған. Күнде сағат күндізгі 12-де Корнилов екпінді полкі «Метрополь» қонақ үйінің алдына сапқа тұрып, тұтқындағы генералға «ура» деп айқайлап сәлемдескен. Қонақ үйдің ішінде генералды текеліктер қорғап тұрған.  

Майдан қолбасшылары Деникин, Балуев, Щербачев пен Клембовский Керенскийді шеттету туралы, Корниловты Жоғары басқолбасшы лауазымынан шеттету туралы бұйрықтың күшін жою туралы өтініп сұраған. Олар іріп-шіріп бара жатқан армия мен елді тек қана Лавр Георгиевичтің құтқара алатынын түсінген.

Ол 1917 жылғы желтоқсанның басында генералдар Алексеев, Деникин, атаман Калединмен бірге Дондағы большевиктерге қарсы қозғалысты басқарғаны белгілі. Желтоқсанның аяғында үш мың адамнан тұратын Ерікті ақ армияны басқарған. Әскери барлаушы капитан Митрофан Неженцев басқарған Корнилов екпінді полкінің 500 жауынгері мен Новочеркасскіге шыға алған қырық түрікмен-текеліктер осы армияның негізгі өзегін құраған. Дондағы Ростовтан Екатеринодарға дейінгі әйгілі «Мұз жорығына» 5000-ға жуық адам қатысады, оның жартысына көбі офицерлер болған.

Корнилов қатал командир болғанымен (ол өлім жазасын, солдат комитеттері мен комиссарлардың билігіне шектеу енгізген), еріктілердің құдайдай сыйынары да еді. Мұз жорығына православиеліктер мен мұсылмандар, иудейлер мен католиктер, шашын ақ шалған полковниктер мен жас гимназистер бір сапта қатар тұрды. Монархистер, октябристер мен кадеттер (Ресейдегі саяси партиялар) иық тіресе ұрысқа аттанды, арбада уақытша үкіметтің бұрынғы министрлері Гучков пен Родзянко, эсер-бомбист Борис Савинков пен солшыл эсер Федор Баткин келе жатты,  «Қызық жағдай, – деп таңғалатын 1915 жылы 8-армия генералы Брусилов (болаттан жасалған жаяу әскер дивизиясының командирі Лавр Георгиевич осы кісінің қол астында қызмет еткен), – өз дивизиясын Корнилов ешқашан аямайтын, десе де офицерлер мен солдаттар оны жақсы көретін, оған сенетін. Шындығында, ол өзін де аямайтын». Бірінші дүниежүзілік соғыстың басында асқан батылдығы үшін Корниловқа генерал-лейтенант шені беріліп, оның 48-дивизиясын болат дивизия деп атап кетеді.

Лавр Георгиевичтің көзі тірісінде жаулары одан қорқып, сыйлаған. Ленин билікке келісімен Корниловты ұстау туралы бұйрық шығарады. Тарихшы Алексей Шишов Корниловқа мынадай сипаттама берген: «Человек, смело поднявший голос против надругательства над российской государственностью, развала русской армии и поругания фронтового офицерства».

Қазақтар үшін генерал Корнилов біздің жерлесіміз болғандықтан қызығушылық тудырады. Корниловтың барлық замандастары оның моңғол типтес бет-әлпетін айтқан. «Түркістан артиллериялық бригадасының подпоручигі Лавр Георгиевич Корниловтың толық қызмет тізіміне» (1892 жылғы құжат) сәйкес, Корнилов 1870 жылдың 18 тамызы Қарқаралы станицасында (қазіргі Қарағанды облысы), казактардан шыққан колледж хатшысы мен арғын-қаракесек руынан шыққан қазақ әйелі Марьяның отбасында дүниеге келген. Басқа деректер бойынша, әкесі Сібір казак әскерінің хорунжиі Егор Корниловты қызмет бабымен Зайсанға (Шығыс Қазақстан) жіберген, сол жерде Лавр Георгиевич туған.

Қазір Қарқаралыда тұрып жатқан сібір казактарының ұрпақтарының дерегі бойынша Егор Корниловтың шешесі де қазақ болған екен. Яғни, Лавр Корниловтың бойындағы қанның төрттен үш бөлігі – қазақтікі.

1897 жылы Бас Штабтың Николаев академиясын оқып бітірген Корнилов туған тілдері қазақ пен орыс тілдерінен басқа он шақты тіл білген: ағылшын, француз, неміс, түрікмен, татар, парсы және урду. 1898-1904 жылдары Ауғанстанда, Парсы мен Үндістанда құпия тапсырмалар орындаған. Ресейлік Бас штабтың барлау бөлімінің бағалауы бойынша, аса құнды болып табылатын деректерді алу кезінде, оның жанына салт атты түрікмендер немесе «бет-әлпеті шығыстық типтес және түркістан тілдері мен салттарын білетін» жетісулық казактар ілесіп жүрген.

Замандастарының естеліктеріне қарағанда, Корниловтың отбасы қазақша сөйлескен. Егор Корнилов шыққан Горький шекара сызығындағы сібір казактары қазақ тілін еркін меңгерген. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында Қарқаралы жұртының негізгі ортақ сөйлесу тілі – қазақ тілі болған.

Тарихшы Шишов былай деп жазады: «Анасы үлкен ұлы Лаврды туған ауылына, әкесінің үйіне өзімен бірге жиі ала баратын. Сондықтан да ол бала жасынан қазақ тілін білді». Григорий Потанин өзінің «Сібір казактары» еңбегінде: «Казактардың барлығы дерлік қырғызша (яғни қазақша) сөйлейді. Көпшілік үшін бұл бесік тілі, өйткені олардың бағып-қағушылары қазақ әйелдері. Қазақ тілін барлық жерден естуге болады: үй іргесінде отырып әңгіме-дүкен құрған казактардың сөзінен, стансадан өтіп бара жатқан шенеуніктің экипажы жанындағы атқосшылардың әңгімесінен...» деп жазады.

«XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басындағы Дон старшинасының татарша сөйлеуі жақсы мінез-құлықтың белгісі болған», – дейді тарихшы, ақ эмигрант Эренджен Хара-Даван.

Генерал Лавр Корнилов туралы деректер тілімен:

Лавр Корнилов 1870 жылдың 18 тамызы Қарқаралы станицасында (қазіргі Қарағанды облысы) дүниеге келген.

1883 жылы жас Корнилов Омбыдағы Кадет училищесіне оқуға түседі. Кезінде Шоқан Уәлиханов та осы кадет корпусында оқыған.

Кадет корпусынан кейін, 1889 жылғы 29 тамызда Петербургтегі Михайлов артиллериялық училищесіне оқуға түседі. Училищеде оқып жүрген кезінде 1890 жылы унтер-офицер, 1891 жылы портупей-юнкер, ал 1892 жылы училищені подпоручик шенінде тәмамдап шығады. Оқуын жақсы аяқтап, Гвардияда немесе астаналық әскери округте қызмет ету мүмкіндігі бола тұра, ол Түркістан әскери округін таңдайды.

1895 жылы Бас штабтың Николаев академиясына құжат тапсырып, емтиханнан сүрінбей өтіп, академияның тыңдаушысы атанады.

1896 жылы титулдық кеңесшінің қызы Таисия Владимировна Марковинаға үйленеді.

1897 жылы Бас штабтың Николаев академиясын күміс медальмен бітіріп, Академияның конференц-залындағы Николаев академиясын үздік бітіргендердің аты жазылған мрамор тақтаға Корниловтың да аты жазылады. Қосымша курсты сәтті аяқтағаны үшін уақытынан бұрын «капитан» шені беріледі. Корнилов Петербордағы әскери қызметтен бас тартып, Түркістан әскери округіне қайтып келеді.

1904 жылы подполковник Корнилов Петербордағы Бас штабқа қызметке тағайындалады. Көп уақыт өтпей орыс-жапон соғысына қатысады. Осы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Лавр Георгиевич көптеген ордендермен, соның ішінде 4-дәрежелі Әулие Георгий орденімен, Георгий қаруымен марапатталып, «полковник» шені беріледі.

1914 жылғы 18 тамыздан бастап Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Оңтүстік-батыс майданның 8-армиясының құрамындағы 48-жаяу әскер дивизиясын басқарады.

1915 жылғы 28 сәуірде Николай ІІ Патша соғыстағы ерлігі үшін Корниловты 3-дәрежелі Әулие Георгий орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қояды.

1916 жылғы қыркүйекте Л. Корнилов генерал В.И. Гурконың Ерекше армиясының XXV армия корпусының командирі болып тағайындалады.

6 желтоқсанда Новочеркасскіге келіп, генералдар Алеексеев пен Деникинмен бірге Еріктілер армиясын ұйымдастырып, құруды бастайды. 25 желтоқсаннан Еріктілер армиясының қолбасшысы атанады.

1918 жылғы 9 (22) ақпанда Бірінші Кубань жорығына (Мұз жорығы) шығады.

1918 жылғы 31 наурызда (13 сәуір) Екатеринодарға шабуыл кезінде қаза тапқан. Шегініп бара жатқан армия аялдаған Гначбау неміс колониясында 15 сәуірде Корниловтың денесі жер қойнына беріледі. Бұл елді-мекенге келесі күні келген большевиктер зиратты қазып, генералдың денесін Екатеринодарға апарып, мүрдені біраз келеке етіп, қорлағаннан кейін өртеп жібереді.

Генерал Л.Г. Корнилов өлгеннен кейін бес айдан кейін әйелі қайтыс болып, ұлы Юрий мен қызы Натальяны генерал Деникин өз қорғанына алып, 1920 жылдың сәуірінде эмиграцияға шетелге жібереді. Генералдың немере-шөберелері Францияда, АҚШ-та тұрып жатыр.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English