«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Отыз жыл бұрын. Хроника

13328 0
Отыз жыл бұрын. Хроника
Ядролық қаруларға қарсылық, оларды жоюды мақсат еткен «Невада-Семей» қозғалысының құрылғанына тура 30 жыл толғанда тарихи хрониканы назарыңызға ұсынамыз

1989 жылғы 12 ақпан. Дәл осы күні жарылған ядролық зарядтың қуаты – 70 килотоннаны құрайды. Бұл өте орасан зор, тіпті ғаламат қуат! Зерттеген мамандардың анықтауынша, Хиросомаға тасталған тасталған алғашқы зарядтан 5,5 есе көп болған.

13 ақпан. «Время» бағдарламасы таратқан жаңалықтар хабарында: «Сынақ сәтті өтті, радиация фоны қалыпты мөлшерден асқан жоқ...» – деген ескі біржақты ақпарат осы жолы да қайталанады.

Аса қуатты жарылыстың зардабы да күшті болған: ауаға тараған инертті газ құрамындағы зиянды заттарды тұтас табиғатқа армансыз жайған, желге ілесіп тараған газдың мөлшері бұл жолы да шегінен асып жығылған. Ауаға, адамдар мен жануарлар бойына кедергісіз қалқып қонып, сіңіп кететін көзге көрінбес газ табиғаттың айналым жүйесінің бойында жүріп, ең сұмдығы, өсімдік арқылы малға жетіп, одан адам ағзасына өтіп,  ақырында айықпас дертке шалдықтыратыны даусыз факті болатын.

Сыртқы көріністе күшті жарылыстан100-150 шақырым қашықтағы ғимараттардың терезесін дірілдетіп, төбенің сылағын түсіріп, тұрғын үйлердің қабырғаларында саусақ сыйғандай сызаттар пайда болады.

Осындай жайттарды байқаған Ертіс жағасындағы Шаған бекетінде орналасқан, полигон басшыларына бағынбайтын әскери дивизияның командирі, генерал-майор П.Т. Бредихин бақылау пунктіндегі аспаптар тіркеген қатерлі газдарды Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевқа телефонмен хабарлайды.

Оқи отырыңыз: Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарын әлеуметтік қорғау

14 ақпан. Обком секретары К. Бозтаев төтенше жағдайдағы сұмдық жайттардан хабардар болысымен,  полигон басшысы А.Д. Ильенкодан қалыптасқан жағдай жайлы нақты ақпарат беруін сұраса, ол «радиация фоны қалыпты межеден асқан жоқ» деген бәз-баяғы өтірігін қайталай береді.

Бұл жауапты қанағат тұтпаған облыстың бірінші хатшысы экологиялық бақылауды бұдан былай өз назарында ұстайтынын айтып, облыс еңбекшілерінің хал-ахуалына, денсаулығына қатты әсер етіп отырған полигон мәселесі бойынша күреске түсуге бел байлайды.

17 ақпан. Жарылыс тағы да жасалады. Сол күні әскерилер қуаты 150 килотонна, аса қуатты екі зарядпен қосарланған сынақты орындап, ССРО Қорғаныс министріне рапорт жөнелткен.  1963 жылдан бері жер астында жару туралы келісімнен соң, ұңғыма жасап сонда жаруды 1989 жылға дейін жалғастырып келген. Соңғы жарылыста ұңғыманың бетін темір-бетонмен шегендеу шала-шарпы жасалғандықтан,  күшті қысыммен тұншыққан газ бетон тығынды жарып шығып, ширек сағатта Ертіс жағасына жетеді. Шаған қалашығындағы сезімтал аспаптар радиация фоны қалыпты мөлшерден жүздеген есе артқанын көрсетеді. Ұшқыштар штабы тиісті құжат жасап, газдың әрбір сағат сайынғы мөлшерін хаттаған кестені Семейге жеткізеді.

18 ақпан. Шағандағы әскери бөлімнен ресми хабар қолына тиген соң, К.Б. Бозтаев Мәскеуге хат жолдауды ұйымдастырады. Жолданбақ хаттың нобайын қағазға түсіреді де, Қазақ ССР үкіметінің төрағасы Н.Ә. Назарбаевқа телефон шалып, жағдайды мәлімдейді. Онда обком басшысы Абай елін қырық жыл төмпештеген тажалды тежеу үшін күреске бел байлағанын, қызметінен кетсе де, ел тағдыры үшін аянып қалмауға бекінгенін жеткізеді. Н. Назарбаев полигон мәселесімен бірашама таныс болатын, қолдауға әрқашан дайын екенін айтады. 

20 ақпан. Кешірім Бозтаев үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары В.Н. Пигаваевты шақырып, өзі дайындаған хатты ұсынып: «Владимир Николаевич, сөз нобайын сақтап, тездетіп әзірле! Сағат тоғызда бюро мүшелеріне ұсынамын...» – дейді.

28 ақпан. Кешірім Бозтаевтың ССРО КПСС ОК-іне жолдаған хатына жауап алады. Әскери-өндірістік кешен бастығының орынбасары В.А. Букатов бастаған комиссия Семейге арнайы ұшақпен жетеді. Комиссия мүшелері тікұшақпен жүріп, әуелі сынақ алаңын тексерді.  Соңынан Семейдің кейбір фабрик-зауыттарын, ескілі-жаңалы оқу орындарын, саусақ сыйғандай сызаттар қабырғасын айғыздаған үйлерді көріп, бастарын шайқаған.

Оқи отырыңыз: «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы

Ал бұл кезде Алматыдағы Жазушылар одағының ғимаратының алды студент жастарға толып кеткен еді. Өздеріне әміл сенгендер «біздің осы ісіміз жеңіске жеткізеді» дегендей сенімде, олардың көпшілігінің жүзінде күлкі ойнап, алдағы күнге сенім артқан қуаныштың әсері айқын білінеді.

Сәлден соң есік алдына ақын Олжас Сүлейменов шықты да, өзінің әсем қоңыр дауысымен:

– Қымбатты жастар, әлгінде біз Жер шарында ядролық жарылыстарды тоқтату жолында күрес бастайтын «Невада» қозғалысын құрдық. Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы ядролық сынақтарды тоқтатып, Семейдегі полигонды біржола жабу. Жер шарындағы ядролық полигондардың қатерлі сынағына тыйым салу!.. – деді саңқылдап.

Содан кейін Одақ үйіндегі жиынға қатысушылар қабылдаған үндеуді оқыды.

 

Бұл хроника көрнекті жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» кітабындағы деректер негізінде жазылды.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English