«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Тажалды тұншықтыруға бастаған қадам

995 0
Тажалды тұншықтыруға бастаған қадам
Осыдан 30 жыл бұрын, 1989 жылдың 28 ақпаны, Қазақстанда «Невада-Семей» қозғалысы пайда болды. NDH порталы осы қозғалыстың негізін салушы Олжас Омарұлы Сүлейменовпен эксклюзивті материал дайындады

Қысқа уақыт ішінде халықты Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатуға қарсы күреске біріктірген бұл ұйым құлашын кеңге жайды. Бірінші жаппай халық қозғалысының басшысы халық ақыны, публицист, жазушы Олжас Омарұлы Сүлейменов болды. Бала кезімде Олжас Сүлейменовтің есімін естігенде ерекше бір сезім пайда болушы еді. Қазақстанда ғана емес, бүкіл Совет Одағына аты белгілі ақын екеуміздің тегіміз де ұқсас. Туыс болмасақ та, мен ол кісінің кітаптарын кітап дүкендерінен іздеп жүріп, тауып алып, үйдегі кітапханамды безендіріп қоюшы едім.

Сол кітаптардың бірі, атақты «Аз и Я» кітабы үшін Олжас Сүлейменов түрмеге жабыла да жаздады. КОКП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы М.А. Суслов Олжасқа «ұлтшыл», «түркішіл» деген айып тағады. Тек Д.Қонаевтың жеке араласуы ғана оның өмірін құтқарып қалады. Димаш Ахметұлы Леонид Ильич Брежневпен бұрынғы достығын пайдаланып, одан кітапты оқып шығуын сұрайды. Біраз уақыттан кейін Қонаев Брежневтен: «Кітапта тыйым салынған бірдеңе бар ма?» деп сұрайды. «Ондай ештеңе жоқ»,  – деп жауап берген екен Бас хатшы. «Бұл менің кітабыма жазылған ең қысқа рецензия болды. Бірақ, мен үшін ең қымбаттысы болды», – дейді кейін Олжас Сүлейменов. Бірінші хатшының жас ақынға болысуы кездейсоқ емес шығар, ол оның бойынан қажет кезінде халқының рухын оята алар қабілетті көрген болар. Сол уақыт та келді.

Семей полигонында жарты ғасыр бойы жүргізілген сынақтар жерді ғана емес, ауаны да, суды да ластады. Адамдар ауыр науқастармен ауыра бастады. бұның себебін білгенімен, жұрт әскери-мемлекеттік машинаға қарсы шыға алмады. Тек қайта құру кезеңі келісімен ғана өзгерістер болуына үміт пайда болды. Бұл туралы «Невада-Семей» қозғалысының негізін қалаушы Олжас Сүлейменовтың өзі былай әңгімелейді:

«1989 жылдың 12 ақпанында Семей полигонында өте ауыр, зардабы күшті сынақтар өтті. Маған өзін Семейдің маңындағы Шаған әскери аэродромының ұшқышы деп өзін таныстырған бір кісі кездейсоқ телефон шалды. Ол: «жарылыстан кейін жер астынан шыққан радиоактивті газдар бұлты бірнеше ондаған шақырымға созылып, ұшқыштардың отбасылары тұрып жатқан Шаған кентінің үстінен өтті».

Ол жерде АҚШ, Қытайға бағытталған стратегиялық бомбалаушы ұшақтар эскадрилиясы тұрған. Кент тұрғындарының бәрі де өзгеріс сезінген, бәрінде де дозиметрлер шкалалары асып кеткен. Мен ұшқыштан: «Бұл сендерде бірінші рет болып тұр ма?» – деп сұрадым. Ол: «Жоқ, радиоактивтік газдардың бұндай шығарылуы ылғи жерастындағы жарылыстан кейін болатын. Бірақ, полигон басшылығы бұл радиоактивті бұлттың Шаған, Сем ей және басқа да жақын маңда орналасқан елді-мекендерге жайылмауы үшін жел тармақтарын есепке алатын еді. Бұл жолы есепке алмады» деп жауап қатты.

1961 жылы Жаңа жердегі полигонда қуаттылығы 100 мегатоннадан асатын сутекті бомбаға сынақ жасалғаннан кейін барлық физиктер: «Бүкіл адамзатты жойып жіберу үшін осындай бомбаның бір сынағының өзі де жетеді» дегендері бәріне белгілі. 1963 жылы «Ядролық қаруды атмосферада, ғарыш кеңістігінде және су астында сынауға тыйым салу туралы» Шартқа қол қойылғаннан кейін барлық елдер сынақты жер астында өткізуге келісті.

Мен жерасты жарылыстарының қауіпсіздігіне әрқашан сенімді болғам. 1989 жылдың ақпанында әр жерасты жарылысынан кейін ауаға көп мөлшерде  радиоактивті газдың шығарылатынын білдім. Бұл туралы бірден жаздым. Радиоактивті газдың шығарылуымен жерасты сынағы туралы және сынақты тоқтату туралы өтініш білдірілген хатты ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары қол қойып, ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумына жолдадық.

Біраз уақыттан кейін бұл хат КОКП ОК Бас хатшысы М.С. Горбачевтің қолына тиеді. Михаил Горбачев Геннадий Колбинге хабарласып: «12 ақпанда, шынымен де, жойқын сынақ болды ма? Маған сол жерден, Семей облысынан басшылықтың бірі хабарласын», – дейді. ҚКП ОК бірінші хатшысы Г. Колбин Семей обкомының бірінші хатшысы К. Бозтаевқа телефон шалып: «Міне, осындай тапсырма келіп түсті. Семей облысы бойынша бүкіл деректерді келтіре отырып, хат жазып, мұндай қатты жарылыстарды азайтуды талап етіңіз», – дейді. К. Бозтаев Г. Колбиннің тапсырмасына жауапты қарап, хатты жазып, тікелей М. Горбачевқа жібереді. Хат иесіне жетеді, полигон қызметкерлерінен бірнеше адам жинап, арнайы комиссия ұйымдастырылады. Комиссия мүшелері қарап: «Бәрі қалыпта» деп баяндайды.

Қазақстан үкіметі «Бәрі қалыпта» деген хабарламаны алады. Біз депутаттармен кіріп едік, бізге де: «Бәрі де тамаша, қатардағы жағдай орын алған» деп жазылған қағазды көрсетті. 18 ақпан бұрынғыдан да қуатты жаңа жарылыс болады. Бірақ біз енді батыл қимылдарға беталып қойғамыз. Мен телевидениеден сөз сөйледім. Ол кезде маған басқа мәселе бойынша телевидениеде он минут тікелей эфирдің уақыты берілген еді. Мен осы тікелей эфирді пайдаланып қалуды шештім, өйткені маған бұдан әрі мұндай мүмкіндік бермес еді. Барлық жарылыс-сынақтар мен олардың зардаптары туралы айтып, адамдарды кітапсүюшілер жиналысын өткізу жоспарланған Жазушылар одағына келуге шақырдым.

28 ақпан Жазушылар одағына келсем, ғимаратты адамдар легі қоршап алыпты. Бұл Желтоқсаннан кейінгі ірі митинг еді. Адамдар лық толы дәліз бен конференц-залдан әрең өттім. Сол кезде: «Қашанға дейін шыдауға болады? Полигонның жабылуын талап етеміз! «Қырғи қабақ соғыс» аяқталды, Құрама Штаттар мен Совет Одағы татуласты. Бұл туралы Горбачев күнде айтады. Не үшін және кімге қарсы біз ядролық қаруды дамытамыз? Жетті! Бейбітшілік орнады, енді бейбітшілікке дайындалайық және сол үшін алдымен полигондарымызды жабайық. Тек Семейде ғана емес, Жаңа Жердегі сынақтар да тоқтатылуы керек», – деп сөз сөйледім.

Осы конференцияда, бұл енді конференцияға айналған еді, «Невада-Семей» қозғалысын құру туралы шешім қабылданды. Мен: ««Полигон жойылсын!» – біздің ұранымыз», – дедім. Бізді қолдайтындар өзінің аты-жөні, мекен-жайы жазылған оқу дәптерінің парағын жолдаулары керек болды. Бір аптаға толар-толмас уақыт ішінде екі миллионнан астам қазақстандықтардың қолын алдық. Бұлар – біздің ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының мүшелері. Біз қозғалысты жай ғана Семей деп емес, Невада-Семей деп кездейсоқ атаған жоқпыз. Бұлар – жер бетіндегі басты екі полигон. Олар сиам егіздері сияқты: егер біреуі ауырса, екіншісі де сау тұрмайды деп ойладық. Осылайша қаулы етіп, өзімізден бастамақшы болдық: егер біз Семей полигонын тоқтатсақ, онда Невада да жабылады. 1989 жылдың қазанында біздің акцияларымыз Семей полигонындағы сынақтарды тоқтатты, 1989 жылға жоспарланған 18 сынақтың 11-і өткізілген жоқ.

Ал 1991 жылдың тамызында Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды. «Невада-Семей» қозғалысы туған кезде мен Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, осы тақырыпта сөз қозғаған едік. Ол Премьер-Министр болғандықтан, біздің митинг, акцияларымызға қатыса алмады.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің қозғалысымызды барынша қолдап, Семей полигонының жабылуына мейлінше атсалысты, бірақ біз оның іс-қимылын жария еткен жоқпыз, әйтпесе, оған зияны тиер еді. Елестетіп көріңізші, біз әлемдегі ең мықты әскери-өнеркәсіптік кешенге қарсы шықтық. Шахтерлерді, металлургтерді және ССРО Жоғарғы Кеңесі депутаттарын көтеріп, мұны жасау қолымыздан келді. Біз жеңдік!

«Невада-Семей» қозғалысының үлкен-ірі үдерісі мен Семей полигонының жабылуы тәуелсіздікке жасалған қадам еді. Бұл халық демократиясының алғашқы көріністерінің бірі еді. Мен Совет Одағы тарихындағы 1989-1991 жылдар кезеңін демократияның жарқын сәті деп атаймын. Бұл сол кезде біз ғана емес, Совет Одағының барлық демократиялық күштері дұрыс пайдалана алған демократия сәті. Бірақ біз бірінші болдық!

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English