«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Отан соғысы орденін иеленген қазақтар

875 0
Отан соғысы орденін иеленген қазақтар
Отан соғысы ордені Совет Одағының Ұлы Отан соғысы кезіндегі алғашқы ордені болды. Бұл орденмен 1 миллион 200 мыңнан астам марапаттау жүргізілген

Ұлы Отан соғысының қызған шағында Иосиф Сталиннің өзі осы орденнің жасалуының бастамашысы болған. 1942 жылдың 10 сәуірінде Сталин генерал Андрей Хрулевке әскери қызметшілерге арналған орден жасауға тапсырма береді. Бастапқыда орденді «Әскери айбыны үшін» деп атамақшы болған, бірақ кейін бұл атаудан бас тартылады.

Жоба бойынша Сергей Дмитриев пен Александр Кузнецов жұмыс істейді. 12 сәуірде орденнің бірінші үлгілері таныстырылады. Отан соғысы ордені дәрежелерге жіктеліп, иесі қаза тапқаннан кейін оның отбасына берілетін алғашқы советтік орден болды. Әдетте, совет басшылығы қаза тапқан кавалерлердің барлық ордендерін қайтып алған, бірақ бұл 1977 жылы тоқтатылды.

Отан соғысы орденін табыстау үшін салтанатты жиналыс қажет болған жоқ. Ұрыстық қимыл кезінде көзге түскен жауынгерлерге награданы әскери басшылық табыстайтын, ал ұрыстан кейін бірден марапаттау болатын. Орденмен алғашқы марапаттаулар 1942 жылдың 2 маусымында басталды.

Орден жарғысы бойынша І дәрежелі орден артиллерия атысымен қарсыластың 1 ауыр немесе 2 жеңіл танкін немесе зеңбірек есептобымен 2 ауыр немесе 3 жеңіл танкін жойғандарға берілген.32-ші гвардиялық полкінің капитан И.И. Криклияның артиллериясы бір ұрыс кезінде жаудың 32 танкісін жойған, ал капитанның жеке өзі 5 танкті құртқан. Осы үшін капитан И.И. Криклия І дәрежелі Отан соғысы орденінің алғашқы иегері атанады. Оның есептобының қалған алты жауынгеріне ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені табысталады. І дәрежелі әскери орден жаппай беріле алған.

Советтік «К-21» су асты қайығының экипажы немістің «Tirpitz» линкорын жойған 1942 жылғы 5 шілдедегі «Ход конем» операциясының барлық қатысушылары осы орденмен марапатталған. Неміс тарапының құжаттарында советтік су асты қайығының шабуылы туралы бірде-бір дерек жоқ.

Орден жарғысы

І дәрежелі Отан соғысы орденімен:

Жау тылындағы аса маңызды нысанды дәл көздеп, жойғандар; Жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде сол үшін штурман немесе ұшқыш Ленин орденімен марапатталған ұшақтың экипажында өз міндетін қайсарлықпен орындағандар;

Экипаж құрамында әуе шайқасы кезінде: жаудың ауыр бомбалаушы авиациясының – 4 ұшағын; алысқа бомбалаушы авиациясының – 5 ұшағын; жақыннан бомбалаушы авиацияның – 7 ұшағын; шабуылдаушы авиацияның – 3 ұшағын құртқандар. Ауыр бомбалаушы авиация экипажы құрамында  20 сәтті жауынгерлік ұшу жасағандар;

алыс  бомбалаушы авиация экипажы құрамында  25 сәтті жауынгерлік ұшу жасағандар;

жақыннан бомбалаушы авиация экипажы құрамында 30  сәтті жауынгерлік ұшу жасағандар;

шабуылдаушы авиация экипажы құрамында  25 сәтті жауынгерлік ұшу жасағандар;

жойғыш авиация экипажы құрамында  60 сәтті жауынгерлік ұшу жасағандар;

алысқа барлаушы авиация экипажы құрамында  25 сәтті жауынгерлік ұшу жасағандар;

жақыннан барлаушы авиация экипажы құрамында 30  сәтті жауынгерлік ұшу жасағандар;

түзетуші авиация экипажы құрамында 15  сәтті жауынгерлік ұшу жасағандар;

байланыс авиациясы экипажы құрамында өз әскеріңнің орналасқан ауданына келіп қонумен 60 және жау иемденген территориядағы өз әскеріңнің орналасқан ауданына келіп қонумен 15 сәтті жауынгерлік ұшу жасағандар. Авиация бөлімдерінің нақты әрі үздіксіз басқаруын ұйымдастырғандар;

Штабтың нақты әрі жоспарлы жұмысын ұйымдастырғандар;

Жаудың территориясына қонуға мәжбүр болған бұзылған ұшақты қалпына келтіріп және оны қайтадан әуеге көтергендер;

Жау оғының астында алдыңғы шептегі аэродромда 10-нан кем емес ұшақты қалпына келтіре алғандар;

Жау оғының астында аэродромдағы барлық запасты шығарып, оны (аэродромды) миналап, жау ұшағын қондыруға мүмкіндік бермегендер, т.б.

Кейін, 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай, сол кезде көзі тірі соғыс ардагерлерінің бәрі де І және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін алды. Орден дәрежесінің әрқайсысы үш вариацияға ие: аспалы, бұрандалы және мерейтойлық.

Орденнің негізгі компоненті – қызыл эмальмен боялған бесбұрышты жұлдыз. Жұлдыз фоны бесбұрышты жұлдыз тәрізді шашыраған сәулемен безендірілген. Орденнің ортасында коммунистердің басты символы – орақ пен балға бейнеленіп, «ОТЕЧЕСТВЕННАЯ ВОЙНА» (Отан соғысы) сөзі жазылған.  І дәрежелі (сол жақта) және ІІ дәрежелі (оң жақта) Отан соғысы ордені І дәрежелі Отан соғысы орденінің үш типі де бір-біріне ұқсас. Олардың бәрі де күміс пен алтыннан жасалып, қызыл және ақ эмальмен әрленген. Орденнің биіктігі мен ені 4,5 см, салмағы 32,34 гр. Аспалы ордендегі орақ, балға мен бесбұрышты жұлдыз 583-ші сынамалы алтыннан, ал қызыл жұлдыз 925-ші сынамалы күмістен жасалған. Мерейтойлық орден көбінесе 925-ші сынамалы күмістен жасалған.

 ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені де аспалы, бұрандалы және мерейтойлық болып келеді. Аспалы орден күміс пен алтыннан жасалып, қызыл және ақ эмальмен әрленген. І дәрежелі орден сияқты бұл орден де төрт құрамдас бөліктен: бес бұрышты жұлдыз, қылыш пен винтовка  бейнеленген сәуле, орақ пен балға, сонымен қоса жалпақ күміс инеден тұрады. Жұлдыз бен сәуле 583-ші сынамалы алтыннан жасалған. Бұрандалы үлгісі толықтай 925-ші сынамалы күмістен жасалған, дәнекерлей жапсырылған күміс бұрандасы да күмістен. Мерейтойлық тип толығымен 925-ші сынамалы күмістен жасалған.

Қазақтар да І және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденінің кавалерлері атанған. Олардың көпшілігі бейбіт өмірге оралғаннан кейін жоғары мемлекеттік және партиялық лауазымдарды атқарған.  Олардың арасында: ҚазССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Сәкен Дәуленов, министрлер Бекайдар Жүсіпов пен Әмір Қанапин, ҚазССР ОК үгіт-насихат жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіқалықов, Қарағанды қалалық атқару комитетінің төрағасы Қасқатай Қонақбаев пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Зүбайра Сейітов және басқалары.

Отан соғысы орденінің кавалерлері кейіннен қазақ мәдениеті мен өнерінің көрнекті қайраткерлеріне айналды. Олар: Әнуарбек Байжанбаев, ҚазССР телевидение және радиохабар тарату жөніндегі Мемлекеттік комитеттің дикторы, әнші (тенор) Бекен Жылысбаев, қазақстанның «Халық Қаһарманы» және жазушы Қасым Қайсенов (оң жақта) және суретші Айтымбай Молдабеков.

Отан соғысы біткеннен кейін орден иегерлерінің көбісі ғылым саласын таңдады. Олар: белгілі археолог, «Алтын Адамды» тапқан Кемал Ақышев, тарих ғылымдарының докторы Әбдрашит Ахметов, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы Мұхамеджан Ерлепесов, көмір шахталарындағы газбен күрес саласының маманы Мағауия Ермеков, тілші ғалым Әбуәли Қайдаров және азаматтық авиация терминдерінің тұңғыш орыс-қазақ сөздігінің авторы Қабдол Бектасов. Олардың бәрі де неміс басқыншыларына қарсы соғыста ССРО жеңісіне елеулі үлес қосты. 

 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English