«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ленин ордені және қазақтар

2583 0
Ленин ордені және қазақтар
Советтік ордендердің кезектілігіне сәйкес Ленин ордені ССРО-ның ең жоғарғы ерекшелік белгісі саналды. Ленин ордені жалпы 431 418 рет берілген

Сол кезде ССРО-дағы жалғыз ғана ерекшелік белгісі – Қызыл Ту орденінің төрт мәрте иегерлері пайда болғаннан кейін жаңа награда белгілеу туралы алғашқы әңгімелер шыға бастады.

Азамат соғысы кезінде бірнеше рет наградталған байырғы солдаттармен қатар жас революционерлер де ерлік үлгілерін көрсетіп жатты. Кейбір әскербасылар толастамаған соғыс жағдайында екі-үш айдың ішінде кезекті Қызыл Ту орденінің кавалері болып жатты. Мысалы, 2-Приамурье атқыштар дивизиясы командирінің көмекшісі болып қызмет атқарған Степан Вострецов 1923 жылдың 9 тамызы мен 18 қазаны аралығында сол кездегі жалғыз орден – Қызыл Ту орденімен екі рет марапатталған.

Осындай жағдайлар 501-атқыштар полкінің командирі Ян Фабрициуспен (1920 жылғы 13 қазан мен 1921 жылғы 23 наурыз арасында екі рет марапатталған), 187-атқыштар бригадасының командирі Иван Федькомен (1921 жылғы 24 сәуір мен 5 маусым аралығында екі рет) және көптеген басқалармен де болған.

Қалыптасқан жағдайларға байланысты Жұмысшы-шаруа қызыл армиясының корпус командирі Василий Левичев басқарған Бас басқармасы 1926 жылғы 8 шілдеде жаңа орден, яғни «Ильич орденін» жасауға бастама ұсынады. Бастапқы болжам бойынша бұл орден Қызыл Ту орденінің төрт мәрте иегерлеріне ерен еңбегі үшін берілетін ең жоғарғы жауынгерлік ерекшелік белгісі болуы керек болған.

ССРО халық комиссарлары кеңесі жаңа награданың маңызын бағалағанымен, жобаны әрі қарай жалғастыруға 1930 жылдың басына дейін жол берілмей келген. Жаңа награданы жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін Мәскеудің «Гознак» зауытының суретшілері орденнің сырт бейнесін жасауға кіріседі, онда Владимир Ильичтің бейнесі болу керек болды.

Орденнің негізіне Мәскеудегі Коминтерннің ІІ Конгресінде фотограф Виктор Булланың авторлығындағы Лениннің сол жақ профильдегі (суретте сол жақта) суреті таңдалып алынады. Айта кетерлігі, осы фотографтың ательесінде ІІ Николайдың патшалық дәурені құлдырап бара жатқан кезде Мемлекеттік Дума депутаттары: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменов, Давид-Ноян Тундутов, Шаймерден Қосшығұлов, Сәлімгерей Жантөрин және басқалар суретке түскен.

1930 жылы жұмыстың эскизі мүсіншілер Иван Шадра мен Петр Таежныйға беріліп, олар орденнің макетін жасау бойынша жұмысқа кіріседі. 1930 жылғы 6 сәуірде ССРО ОАК орденнің жасалуын бекітіп, бір айдан соң, 1930 жылғы 5 мамырда, оның жарғысы дайын болады. Жылдың аяғына қарай алғашқы Ленин ордендері жасалып шығарылады.

Жарғы

1. Ленин ордені революциялық қозғалыста, еңбекте, социалистік Отанды қорғауда, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықта, бейбітшілікті нығайтуда және Совет мемлекеті мен қоғамы алдындағы ерекше сіңірген еңбегіне берілетін ССРО-ның ең жоғарғы наградасы.

2. Ленин орденімен ССРО азаматтары, кәсіпорындар, мекемелер, әскери бөлімдер, әскери кемелер, құрамалар мен бірлестіктер, одақтас және автономиялық республикалар, өлкелер, облыстар, автономиялық облыстар, автономиялық округтер, аудандар, қалалар және басқа да елді-мекендер марапатталады. Ленин орденімен ССРО азаматтары емес тұлғалар да, сонымен қоса шетелдік мемлекеттердің кәсіпорындары, мекемелері, ұйымдары, елді-мекендері де марапаттала алады.

3. Ленин орденімен ССРО халықтарының туысқандық достығын, Совет мемлекетінің қуатын нығайтудағы ерен еңбегі үшін, советтік қоғамның экономика, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-мәдени саласындағы ерекше жетістіктері мен табыстарындағы ерен еңбегі үшін;

* ССР Одағының қорғаныс қабілетін нығайтудағы, Социалистік Отанды қорғаудағы ерекше маңызды еңбегі үшін; ерекше революциялық, мемлекеттік және қоғамдық саяси қызметі үшін;

* Совет Одағы мен басқа мемлекеттер халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы ерен еңбегі үшін;

* социалистік ынтымақтастықты нығайтудағы, халықаралық коммунистік, жұмысшы және ұлт-азаттық қозғалысты дамытудағы, бейбітшілік, демократия мен әлеуметтік прогресс үшін күрестегі ерен еңбегі үшін;

* Совет мемлекеті мен қоғамы алдындағы басқа да ерен еңбегі үшін марапаттау жүргізіледі.

4. Ленин орденімен марапаттауға, әдетте, жанкешті еңбегі басқа ордендермен марапатталған тұлғалар ұсынылады.

5. Ленин ордені Совет Одағының Батыры, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған тұлғаларға, сонымен қатар «Батыр Қала», «Батыр Бекініс» атақтары берілген қалалар мен бекіністерге беріледі.

6. Ленин ордені сол жақ кеудеде және ССРО-ның басқа ордендері болса, олардың алдында тағылады.

Орденнің сыртқы келбеті бірнеше рет өзгерген. Бұл вариацияларды негізгі төрт типке бөлі қалыптасқан. Ерекшелік белгісінің бірінші үлгісі (суретте – оң жақта) 1930 жылғы 23 мамырда қабылданған.

Бұл дөңгелек портрет-медальонның ортасында Ильичтің бейнесі салынған және оның  арт жағында индустриалдық пейзаждың барельефі бейнеленген. Орденнің айналасына алтын жиек бекітіліп, алдыңғы жағына рубин-қызыл түстес ойық жүргізілген. Алтын жиектің үстінен масақтардың суреті салынған. Медальонның алдыңғы бетінің үстіңгі жағында орақ пен балға бейнеленіп, астыңғы жағына «СССР» жазуы жазылған.

Орден 925 сынамалы күмістен жасалған. Орденнің биіктігі 3,8 см, жалпақтығы 3,75 см. Бұл күйінде орден 1932 жылғы ақпанға дейін болған. Осы уақыт аралығында небәрі 700 орден ғана шығарылыпты.  

Оның өндірістен алынуының басты себебі – елдің ең басты наградасы басқа медальдермен салыстырғанда түрлі-түсті эмальмен тым қарапайым боялғандығы. Орденнің 1934 жылғы 27 қыркүйектегі жаңа вариациясында (суретте – сол жақта) қызыл жұлдыз, қызыл ту және «СССР» жазуын алмастырған «Ленин» жазуы пайда болды. Бұған дейін орденнің жоғарғы жағында тұрған орақ пен балға енді төменгі жағына ауысады.

Пролетариаттың басты символдары (орақ пен балға, қызыл жұлдыз, қызыл ту) эмальмен боялады. Бұдан басқа, осыдан бастап орденді тек 750-ші сынамалы алтыннан ғана жасау туралы шешім қабылданады. Орденнің келесі түрі (суретте – астыңғы жақта) 1936 жылғы 11 маусымнан 1943 жылғы 19 маусымға дейін қолданыста болды. Бұл орденнің өзінің алдындағылардан ерекшелігі – қолданылатын материалдар сапасының арттырылуында. Енді Ленин бейнесі жеке орындалып, толығымен платинадан жасалды, ал орденнің өзі 950-сынамалы алтыннан істелді.

1943 жылғы орден үлгісі (суретте – астыңғы жақта) кеңес мемлекеті ыдырағанға дейін қолданыста болды. Ленин орденінің сырт бейнесі өзгеріске ұшыраған жоқ, бірақ оны тағып жүрудің жаңа ережелері қабылданды. Енді жұлдыз пішіндес барлық ордендер оң жақ кеудеге штифтке, ал дөңгелек пішіндес ордендер сол жақ кеудеге бесбұрышты негізге бекітілуі керек болды. Осыған байланысты басқа ордендермен бірге Ленин орденін де өзгерту керек болды.

Ленин орденінің алғашқы иегері «Комсомольская правда» газеті болды, ал шетел азаматтары ішінде бірінші болып бұл орденді иеленгендер: көмір өндіру жөніндегі неміс маманы Иоганн Георг Либхард және америкалық агрономдар, трактор техникасы мен автомеханика бойынша мамандар Джордж Горфилд Макдауэлл, Фрэнк Б. Хоней, Леон Э. Сважиан және Майк Т. Кадарьян.

Ленин орденімен советтік жоғары басшылар мен әскери қолбасшылардың түгелге дерлігі, көпшілігі бірнеше рет марапатталған. Ленин орденін ең көп иеленгендер: ССРО сыртқы сауда министрі Николай Патоличев пен КСРО Қорғаныс министрі Дмитрий Устинов (11 рет).

Барлық одақтас және автономиялық республикалар, 8 автономиялық облыс, барлық өлкелер мен 100-ден аса облыстар Ленин орденінің кавалерлері болған. Қазақ ССР-і бұл орденмен үш рет марапатталған, Қазақстанның Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Алматы (екі мәрте) облыстары да орденге ие болған.

Қазақ ғалымдарының, ақын-жазушыларының, сарбаздары мен мемлекеттік қайраткерлерінің ерен еңбектері еленіп, мыңнан астам Ленин орденімен марапатталған. Олардың ішінде соңғы кеңестік және тұңғыш қазақстандық ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, Ұлы Отан соғысының қатысушылары Қарақозы Әбдалиев, Нұркен Әбдіров, Шахан Арғынбаев, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Нарсұтбай Есеболатов, саяси қайраткерлер Исатай Әбдікәрімов, Жұмабай Шаяхметов, Дінмұхаммед Қонаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Жұмабек Тәшенев, Масымхан Бейсебаев, Фазыл Кәрібжанов, Сабыр Ниязбеков, ғалымдар Қаныш Сәтбаев, Асқар Қонаев, Шахмардан Есенов, Өмірзак Сұлтанғазин, Ақай Нүсіпбеков, Темірбай Дарқанбаев, Өмірзақ Жолдасбеков, Әлкей Марғұлан, Смет Кеңесбаев, ақын-жазушылар Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Кенен Әзірбаев, Ахмет Жұбанов, Мәлік Ғабдуллин, Қажым Жұмалиев, Спандияр Көбеев, Жұбан Молдағалиев, Ғабиден Мұстафин, әртістер Роза Жаманова, Елубай Өмірзақов, Бибігүл Төлегенова, Сералы Қожамқұлов, Күләш Байсейітова және басқалары.

Ленин орденімен ең соңғы рет марапаттау 1991 жылғы 21 желтоқсанда өткен.

 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English