«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Советтік ордендерді таққан қазақтар

1783 0
Советтік ордендерді таққан қазақтар
Қызыл Ту ордені – ССРО-ның ең жоғарғы ордендерінің бірі, сонымен қатар ол Совет Одағында бекітілген тұңғыш орден болып саналады

Бұл орден РСФСР Әскери және теңіз істері жөніндегі халық комиссариаты Коллегиясының мүшесі Николай Подвойскийдің бастамасы болған. Билікті озбырлықпен басып алғаннан кейін, патша отбасын тұтқындаудың аз-ақ алдында коммунист-большевиктер патша кезінде болған барлық наградалар мен ерекшелік белгілерін жоюға арнайы декрет шығарады.

Осылайша, большевиктер өз азаматтарының құқықтарын теңестіруге тырысты. Революционерлер алғашқы уақытта халықты атаулы сыйлықтармен (сағат, портсигар, револьверлер) ынталандыруға тырысты, алайда, көп уақыт өтпей мемлекеттік наградалар қайтып оралды, патша заманынан бері алғашқы болып орден емес Революциялық құрметті Қызыл Ту енгізілді, ол жауынгерлік ерен ерлігі және батылдығы үшін Жұмысшы-шаруа Қызыл армиясының әскери құралымдарына берілді.

Алғаш салтанатты түрде Революциялық құрметті Қызыл Ту алғаш рет 1917 жылы берілгендігі көрсетіледі, алайда жауынгерлік марапаттың бұл түрі 1918 жылдың 3 тамызында бекітілген. Бастапқы ниет бойынша ту ерекше көзге түскен әскери бөлімдерге (артиллериялық батареялар, кавалерия эскадрондары, батальондар, дивизиондар, полктар және т.б.) берілу көзделген еді.

1918 жылғы 20 тамызда марапатталған 5-ші Земгалдық латыш атқыштар полкі бірінші награда кавалерлері болды. Осының аз алдында жауынгерлік награда жасаудың бастамашысы Николай Подвойский БОАК (ВЦИК) төрағасы Яков Свердловқа Қызыл Армияның әскери қызметшілері үшін жекелеген наградалар жасаудың қажеттігі туралы жазады.

Осылайша, 2 қыркүйекте жекелеген награда жобаларын жасау үшін арнайы комиссия құруды тапсырады. Комиссия награда атауының екі нұсқасын таңдайды – «Қызыл Ту» және «Қызыл қалампыр», ақырында алғашқы нұсқаны құптайды. Орден эскизін жасау суретші-символист Василий Денисовқа тапсырылады, бірақ ауыр науқасы салдарынан оның жұмысын суретші ұлы жалғастырады. В.В. Денисов алты нұсқа жасайды, соның біреуі қабылданады. Орден мынадай болатын: биіктігі 4 см, жалпақтығы – 3,6 см.  

Орден күмістен жасалды, ортасы ақ эмальмен боялып, оған орақ пен балғаның суреті салынды. Сәл төменірек – теріс аударылған қызыл жұлдыз оның астына айқастырыла балға, соқа, сүңгі мен қызыл ту салынып: «Барлық елдердің пролетариаты бірігіңдер!» деген жазу жазылған. Орден әдетте қызыл бантқа тағылған. Айтқандай, бұл орденді тағудың өзіндік ерекшеліктері де болған: Қызыл Ту ордені сол жақ кеудеге тағылатын. Егер орден кавалерінде Ленин немесе Октябрь революциясы ордендері болса, онда Қызыл Ту ордені солардан кейін тағылатын. Орден штифтке немесе асқышқа бекітілетін.

1918 жылғы 16 қыркүйекте Қызыл Ту орденінің құқықтық акті (статут) қабылданды: Ерекшелік белгісі тікелей жауынгерлік қызмет кезінде ерекше қайсарлық пен батылдық көрсеткен РСФСР-дың барлық азаматтарына беріледі. Жайылған, бүктелген немесе үшбұрыш түрінде ықшамдалған Қызыл Ту салынған Қызыл Ту ордені ерекшелік белгісі болып бекітіледі. Қызыл Ту орденімен бірге РСФСР азаматтарына мынадай мәтін жазылған ерекше грамота беріледі:

«Всероссийский Центральный Исполнительный Комитет Советов Рабочих, Крестьянских, Казачьих и Красноармейских депутатов в ознаменование исполнения гражданином (таким-то) своего долга перед социалистическим отечеством в бою против его врагов (там-то и при таких-то обстоятельствах) вручает ему знак ордена Красное Знамя — символ Мировой социалистической Революции. Знак ордена Красное Знамя гражданин (такой-то) имеет право носить на груди. Право утверждения и присуждения принадлежит только Всероссийскому Центральному Исполнительному Комитету. Правом представления на награды пользуются все командиры и комиссары отдельных частей Красной Армии, Флота и добровольческих отрядов».

Қызыл Ту ордені жеке жалғыз награда болғандықтан, оны беруге себеп болған әскерилердің ерліктері де аса нақтыланған жоқ. Ақгвардияшылармен аяусыз шайқасқан Челябинск ревкомының төрағасы Василий Блюхер Қызыл Ту орденінің тұңғыш кавалері атанды. В. Блюхер бұл награданы төрт рет алғанымен, 1938 жылғы сталиндік репрессиядан құтыла алмады.

Ұлы Отан соғысы басталғаннан және 1958 жылға дейін бұл награда кеңес әскерінде 20, 30 және 40 жыл қызмет еткен байырғы қызметкерлерге беріледі. Совет Одағы тарихында бұл орден 500 мың рет берілген, алайда, бұл орденмен бір адамды үш, төрт, бес рет марапатталған кездері де болған. Орден тарихында бұл марапатқа жеті рет иеленген адамдар да болған (Бурцев, Голубев, Горелов, Еншин, Заварухин, Зырянов, Кожанов, Кожедуб, Мелехин, Петров, Пстыго и Черепанов).

Қазақтар да бұл орденмен жиі марапатталған. Осы орденмен марапатталған қазақ иегерлері: Михаил Абдолов, Уахит Абдуллин, Төлеуғали Әбдібеков, Чапай Абуталипов, Жархан Айталиев, Сейітқасым Әшіров, Әбілқайыр Баймолдин, Мәлік Ғабдуллин, Тәңірберген Жалмағамбетов, Төле Кенжетаев, Борис Керімбаев, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Көрпебаев, Кәрім Мыңбаев, Ерденбек Нетқалиев, Құмаш Нұрғалиев, Мұқажан Нұркеев, Жолдыбай Нұрлыбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Сұлтан Сегізбаев, Қасым Сүлейменов және т.б.

Қызыл Ту орденінің кавалері атанған қазақтардың көпшілігі Ұлы Отан соғысының қатысушылары болған. Мысалы, аға сержант М. Абдолов (суретте оң жақта) 12 неміс солдатын тұтқындағаны үшін, мерген Т. Әбдібеков 397 жаудың көзін жойғаны үшін, сержант Әшіров 7 немісті тұтқындап, қарсыластың 7 минометін және екі тартқышын жойғаны үшін, А. Баймолдин мен Ж. Нұрлыбаев ССРО-ның батыс өңірлерін азат еткендері үшін, Т. Кенжебаев Днепрдегі шайқас үшін, Р. Қошқарбаев Рейхстагқа ту тіккені үшін, Е. Нетқалиев бірнеше рет ерлік көрсеткені үшін марапатталған. Сонымен қатар, борденді жауынгерлік емес ерліктері үшін де берген.

Осылайша, қой шаруашылығының индустриаландыруға бағыт алғанын ғылыми дәлелдеген В. Абдуллин, геолог Ж. Айталиев, филология ғылымдарының докторы М. Ғабдуллин, биология ғылымдарының докторы К. Мыңбаев, ССРО Халық мұғалімі Қ. Нұрғалиевтер де осы орденмен марапатталған. Партия игілігі үшін қызмет еткен НКВД қызметкері Т. Жалмағамбетов, «Қарағандыкөмір» шахтасының бастығы К. Көрпебаев, саяси қайраткерлер М. Нұркеев, Ч. Әбуталіпов, К. Сүлейменов, С. Сегізбаев және көптеген басқалар да марапатталған.

Бүкілресейлік Қызыл Ту ордені бекітілгенге дейін бірқатар одақтас республикаларда оның баламасы болған. Бүкілодақтық орден бекітілгеннен кейін одақтас республикалар өз ордендерін беру құқығынан айырылған, бірақ орден бекітілгенге дейін берілгендері өз күштерін жоғалтпаған.

Әзірбайжан ССР, Армян ССР, Грузин ССР және Хорезм ХСР ордендері

ССРО ыдырағаннан кейін қызыл Ту ордені де өз күшін жоғалтты.


 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English