«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қонаев пара алған ба?

4978 0
Қонаев пара алған ба?
А. Асқаров тұтқындалғаннан кейін де тергеу жалғаса берді. Түрмеде болған төрт жыл оның коммунизмге деген сенімін шайқалта алмады, тергеушілердің абыройы сақталды

В. Калиниченко жемқорлық жүйесінің басқа екі қатысушысы туралы басқа пікірде болған. Оның пікірінше, болашақ партия функционері орыс тілін нашар білген, сол себепті ол диссертация қорғап, Оңтүстік Қазақстан облысының білімі мен ғылымын басқармақ түгілі, институтқа да түсе алмас еді. В. Калиниченко Т.Ахметовтың 1954 жылғы 22 сәуірде деканның атына орыс тілінде жазылған түсініктемесін басшылыққа алады.  

Лесбек Бекжанов туралы да В. Калиниченконың естелігінен білдік. Оның айтуынша, Л. Бекжанов өзінің шыққан тегін жасыру үшін (әкесі болыс старостасы болған) сауалнамада туған күні мен туған жерін өзгерткен. Сотта Лесбек әкем қиын-қыстау 30-шы жылдары бір қап алтын қалдырған, соны 70-ші жылдары кеңес рубліне ауыстырдым деп дәлелдеп баққан. Оның сөздерін куәгерлер де растаған. Д. Қонаевқа келер болсақ, отставкаға кеткеннен кейін Қазақ ССР-нің бұрынғы бірінші хатшысы саяси салмағын тез жоғалтты.

1988 жылғы 6 маусымда Қазақстан ОК-нің XII пленумында сөйлеген сөзінде мемлекеттік кәсіподақ төрағасы А.Д. Бородин кезінде мықты болған партия қайраткеріне де тоқталды:

«1980 жылы Горький көшесі бойындағы сауда үйін реставрациялауға қатысты бірсыпыра сөз болды. Оның өңделгені соншалық, тіпті, көпестің өзі көріп таңғалар еді. Республика мен қалалық атқару комитетінің бюджетінен бұл үйге 700 мың рубльге жуық ақша жұмсалды, не үшін? Себебі, революцияға дейін бұл сауда үйінде Қазақстан Компартиясы ОК-нің бұрынғы бірінші хатшысының әкесі тәуір-ақ коммерциялық шаруасын жүргізген, ал Д. Бекжановтың (Д. Қонаевтың көмекшісі) қайын енесі бір кездері сол сауда үйінің директоры болған. Немесе басқа факт. 1919 жылы Ақмолада колчак әкімшілігі қалалық дума басшысына сайлау өткізеді. Оның құрамына көпестердің, дүмді азаматтар атынан, кеңес үкіметінің қас дұшпаны Шәріп Ялымов кіреді.

Ал, 1973 жылы Целиноград облысындағы Атбасар қалалық зиратында оған ескерткіш орнатылады. Ескерткіш қою рәсімінде ас беріліп, сый-сияпат таратылады, соған қатысқандардың көпшілігінің бұл рәсімнің Совет үкіметі үшін күрескендерді аяусыз қырған, олардың ішінде қазақ әдебиетінің классигі С. Сейфуллин де бар, Советтерді басып-жаншыған бұрынғы ақ гвардияшыға құрмет көрсету екендігін білмеулері мүмкін емес. Алайда, адамдардың білетіні: Ялымов – Қонаевтың қайын атасы».

Бірақ, ол кезде қалаға белгілі көпестің ұлы, ақ гвардияшының күйеу баласы Дінмұхаммед Ахметұлы дербес зейнеткер мәртебесіне ие еді. Ол өз республикасы үшін көп іс жасады: әсем Алматыны салды, шетсіз-шексіз даланы игеріп, тыңды көтерді және бұның бәрін ол тоқырау кезінде істеді. Жұрт Қонаевты құрметтеп, жақсы көрді.

Оның орнына келген Колбин билікте көп болған жоқ. Ол кеткен соң, оның орнына Нұрсұлтан Назарбаев келді. Бірақ, кетерінің алдында Колбин дербес зейнеткер Дінмұхаммед Қонаевтың тексерілуінің бастамашысы болады. Тексеруге себеп – сол баяғы А. Асқаровтың 1987 жылғы 20 шілдеде Бас хатшы М.Горбачевтің атына жазған өтініші.

Өтініште былай делінген:

«Менің бар трагедиям Д.А. Қонаевтың атымен байланысты. Менен қомақты ақшаны талап ете отырып, соларды алуыма мені мәжбүрлеген дәл соның өзі. Ол ақша «қошқарға» керек деп айтты. Бұл жерде «қошқар» деп отырғаны – Брежнев. Кейін ол ақша «кароға» да керек деді, «каро» яғни «қара» деп – бұл жерде Черненконы айтқаны».

Бұл түсініктер туралы біліп қалған Колбин өзінің алдында болған Қонаевқа қиянат жасау мүмкіндігін құр жібермей, Қазақстанның билік эшелонындағы жемқорлық фактілері туралы Горбачевқа баяндайды. КОКП ОК Бас хатшысы тергеуге рұқсат береді.

Қонаевты тұтқындауға рұқсат алғанымен, В.Калиниченконың оны тұтқындауға батылы жетпеді. Қонаевтың барлық белгілі пара алушылары бұл кезде қайтыс болғанын, ал аңшылық мылтық, сағат, қобдиша түріндегі заттай дәлелдер басшылардың жеке өзімен емес, еңбек ұжымдарымен сыйға тартылғанын тергеу көрсетеді. Қонаевты тергеуді Владимир Иванович Калиниченконың өзі Димаш Ахметұлының үйінде жүргізеді.

В.Калиниченконың оны тұтқындайын деген ниеті болмаған. Әдемі жиһаз, керемет кітапхана, оттықтар мен сағаттардың топтамасы, қырыққа тарта аңшы пышағы – осының бәрі де Қонаевта болған және бұның бәрін де ол қызметінен босаған соң көп ұзамай ІІМ Шаруашылық басқармасына өткізген.

Асқаровтың жазған өтінішін ол толығымен ойдан құрастырылған деп, өзіне тағылған барлық айыптан бас тартқан. Калиниченконың естелігі бойынша, тергеу кезінде Қонаев қобалжулы болған, ал жеке дәрігері әр жарты сағат сайын келіп, ине салып тұрған. Димаш Ахметұлының әлсіз болғаны соншалық, Владимир Калиниченко ол сотқа дейін өліп кетеді деп қауіптеніп, оны сотқа тартпаған.

«Егер ол сотқа дейін жетпей, алдын ала тергеу барысында өліп кетсе, ол мәңгілік халық қаһарманы болып қалады. Бірақ та, ол өз елінің тарихында сондай қаһарман еді».

Ол параны алуы да мүмкін, бірақ басқаларынан көп емес. Тергеу соңында Қонаев хаттамаға қол қоюы керек болған. Сол кезде ол тергеушіге қарап: «Балам, мені шынымен тұтқындайсың ба?» деп сұрайды. Тергеуші Қонаевтың куәгер ретінде тергелгенін айтып береді. Қонаевты тұтқындамағанына В.Калиниченко өкінбеген.

«Мен оған таза адами жақындықпен қарадым. Жаралы адамды көрдім. Өте көп жақсылық, өте көп пайдалы іс істеген адамды көрдім... Үйінде ол бәріміз сияқты қарапайым адам болған».

Дінмұхаммед Ахметұлына қатысты оқиға осылай сәтті аяқталды. Ол өзінің туған қаласы Алматыда өмір сүріп, 1993 жылғы 22 тамызда Алматы облысы Алакөл ауданы Ақши ауылында жүрек ұстамасынан қайтыс болды.

Қонаевтың мансабы қалай аяқталды?

Қонаев маңындағы шырғалаңдар

 

Материалдар топтамасы Бас прокуратура жанындағы аса маңызды істер жөніндегі бұрынғы тергеуші В.И. Калиниченконың «Дело о 140 миллиардах, или 7060 дней из жизни следователя» кітабы бойынша жазылды

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English