«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қонаев маңындағы шырғалаңдар

2937 0
Қонаев маңындағы шырғалаңдар
1986 жылдың 15 желтоқсаны Мәскеуден Ульянов КОКП обкомының бұрынғы бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбин келеді

Абыржып қалған пленум қатысушылары 16 желтоқсанда аса танымал емес Колбиннің кандидатурасын үнсіздікпен құптайды.

Сырттағы жағдай қиындай түсті, келесі күні сағат 10-да ОК ғимараты алдына қолдарында «Әр халыққа өзінің көсемі» деген ұрандары бар жастар жинала бастайды. Адамдар легі жылдам өсе бастайды. Сағат 11-ге қарай Брежнев атындағы алаңға биліктің нұсқауы бойынша алматылық жоғары оқу орындарының басшылары мен оқытушылар келеді, бірақ соңғылары жастардың әрекеттерін барынша қолдап бақты.

Ереуілге шыққандардың басты бөлігі Алматы көшелерімен жүріп өтіп, оларға студенттік жатақханалардың тұрғындары қосылады. Олар алаңға қайтып келгенде биік мінберден Министрлер кеңесінің төрағасы Назарбаев, ішкі істер министрінің орынбасары Басаров пен республика прокуроры Елемесовтар диалог жүргізуге тырысып жатқан еді. Осы кезде телефон арқылы Колбинмен сөйлескен Горбачев жұрт алдына Қонаевтың шығуын талап еткен.

В. Калиниченконың айтуынша, Д.Қонаев сөз сөйлеуден бас тартқан, алайда, Дінмұхаммед Ахметұлы ол оқиғаларға басқаша түсінік береді:

17 желтоқсан сағат 11 кезінде ҚКП ОК екінші хатшысы О.С. Мирошхин маған телефон арқылы хабарласып, ОК-ге келуімді сұрады.

«Не болды? Мен зейнеттемін ғой!» деген сұрағыма ол: «Алаңға жастар тобы жиналып, кешегі өткен ОК пленумының шешімін түсіндіруді талап етуде. Сіз келіп, жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, істің мән-жайын түсіндіріп берсеңіз жақсы болар еді», – деп жауап берді. «Жақсы. Колбин келісе ме?» – деп сұрадым. Мирошхин телефон тұтқасын Колбинге берді. Ол ОК-ге келіп, жастардың алдында сөз сөйлеуімді сұрады.  Мен келістім.  

Осыдан соң мен дереу ОК-ге келіп, ОК бірінші хатшының кабинете кірдім, ол жерде Саяси бюроның барлық мүшелері жиналып отыр екен. Олар алаңға жиналғандарға не істеу керектігін ақылдасып жатыр екен. Колбин Назарбаев пен Камалиденовқа жастардың алдына шығып сөз сөйлеуді ұсынды. Маған ешқандай тапсырма берілген жоқ. Колбиннің кабинетінде екі сағаттан артық уақыт отырғаныма қарамастан, менің сөз сөйлеуім туралы сөз де болған жоқ. Содан соң Колбин Мәскеумен сөйлесе бастады да, біз оған кедергі келтірмес үшін Мирошхиннен басқамыз кабинеттен шығып кеттік.  

Шамалы уақыт өткеннен кейін Колбин ОК-нің барлық мүшелерін жинап, мені де шақырды. Маған қарата ол: «Сіз боссыз, демала беріңіз. Өзіміз қажетті шараларды қабылдап, тәртіп орнатамыз», – деді. Кетер алдында Мирошхиннен: «Неге шақырдыңдар және неге сөз сөйлетпедіңдер?» – деп сұрадым. Ол «Біз кеңесіп, сізге алаңда сөз сөйлеу керек емес деп шештік», – деп жауап берді».

Дегенмен де, деректің аты – дерек: Қонаев жиналғандардың алдында сөз сөйлеген жоқ. Кейін осы жәйт оны стихиялық тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар деп айыптауға себеп болады.

Кешке қарай Мәскеу Қазақ КСР астанасына КСРО ІІМ мен МҚК жоғары лауазымды қызметкерлерінен тұратын топты жіберуге дайындығы туралы хабарлайды. Бұл уақытқа қарай дағдарыс орталығы құрылып, онда Орта Азия әскери округінің қолбасшысы Лобовтың қатысуымен жиналыстар өтіп жатты. Өрт сөндіру автомашиналары 10 градустық аязда ереуілшілерді суық сумен атқылап тоқтатпақшы болады. Ереуілге шыққандарды тарату үшін Алматы жоғары әскери училищесінің шекарашы-курсанттарын пайдалануға шешім қабылданады.

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі

Екі күннің ішінде тәртіпсіздіктердің бетін қайтарады. Жағдайды талдау нәтижесінде Қонаевқа жақын адамдар лауазымдарынан айырылады. Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежановқа, ОК іс басқарушысы Статенинге және Министрлер кеңесінің ісін басқарушы Лысыхқа қарсы қылмыстық іс қозғалуына Колбин мұрындық болады.

Желтоқсан оқиғаларымен бірге Караваевтың ісі де соңына жеткен еді. Бұрынғы министрдің әйелі прокуратураға жоспарлы келу кезінде сотталардың аз алдында комиссиялық дүкен арқылы сатылған магнитофон туралы айтып қалады. Тергеу барысында ол магнитофонды пара ретінде Шымкент автомобиль басқармасының басшысы Дмитриевтен алғанын мойындайды. Дмитриевті КСРО Прокуратурасына шақырады, ол Шымкенттегі жемқорлықтың ауқымы Қарағандыдан әлдеқайда кең екенін айтады.

Одақтас прокуратура қызметкерлерінің келуі өңірде үрей туғызады. Жергілікті жемқорлар құнды бұйымдары мен ақшаларын жеңіл көліктер мен жүк көліктеріне тиеп облыстың алыс ауылдарына жөнелте бастайды. Абай аудандық комитетінің бірінші хатшысы Мұстафаев тұтқындалады, бірақ тінтулер мен тергеулер нәтиже бермейді.

Келесісі Шардара аудандық комитетінің бірінші хатшысы Лесбек Бекжанов болды. Осы кезде ҚКП ОК-ге Колбин атына Оңтүстік Қазақстан обкомының бірінші хатшысы Рысбек Мырзашевтің жемқорлық схемасын ашатын аноним хаттар келе бастайды. Шағымшы Л. Бекжанов болып шығады. Авторлықты растау үшін прокуратураға Бекжановтың жазу машинкасы қажет болады. Тінту кезінде тергеушілер Л. Бекжановтан 1,5 миллион рубль, құнды заттар мен бұйымдарды табады. Ол жергілікті милиция бастығы Қуандық Ақмырзаевпен бірлесе әрекет етіп, ауданның барлық басшы қызметкерлеріне әшкерелейтін материалдар іздегендері кейін белгілі болды.

«Менің аудандық партия комитетінің хатшысы лауазымым менен тапсырмаларды бұлжытпай орындауды, өз басшыма бағынуды талап етті. Бұл жерде партиялық тәртіп әрекет етеді. Өмір сүру керек. Балаларды тәрбиелеу керек, ол үшін еңбек ету керек, ал жұмыс істеу үшін пара беру керек. Пара беруді мен ойлап тапқан жоқпын. Мен оған кірген кезде, ол жүйе болып құрылған кез еді, яғни, ол мен партия жұмысына келерден көп бұрын құрылған еді. Өз ісіме жаныммен келіспей тұрсам да, мен бар болғаны жоғары тұрған басшымның озбырлығының құрбанымын... Мен істегенім үшін жауапкершіліктен бас тартпаймын, бірақ мен басқы себеп емеспін, тек менен жоғары тұрған орган басшысы құрған қорқыныштың салдары ғанамын», –

деп жауап береді.

Бекжановты тергеу кезінде Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың аты аталады. А. Асқаров 27 жыл бойы Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының партия комитеттерін басқарған, Ұлттар кеңесінің Жастар ісі жөніндегі комиссиясына төрағалық еткен кезінен бері Горбачевпен таныс болған, оның үстіне ол Дінмұхаммед Ахметұлымен туыстық қатынастарда болған (А. Асқаровтың қызы Жанна Д. Қонаевтың жиені Эльдардың әйелі болған).

В. Калиниченконың айтуынша, А. Асқаровтың есімі осындай тергеулер кезінде жиі кездесетін. Өзбек ССР-дегі мақта ұрлау бойынша қылмыстық істі тергеген кезде-ақ жемқорлықтың бір ұшы тергеушілерді Шымкентке әкелген болатын. Осы жерде сол кездегі ССРО ІІМ социалистік меншікті тонаумен күрес жөніндегі басқарманың жауапты қызметкерлері Ярцев пен Бакрадзе пара алу фактілерін және олардағы парткомдардың рөлін анықтаған. Оңтүстік Қазақстанға арнайы комиссия жіберіліп, ол Асқаровтың жұмысынан бірсыпыра кемшіліктер тауып, оны зейнетке шығарады. Асанбай Асқаровты тұтқындау үшін тергеушілерде жеткілікті негіз болған жоқ, ал жалғыз Л. Бекжановтың түсінігі жеткіліксіз еді. Сондықтан тергеушілер Асқаровқа жақын жақтастарын тергеу бойынша жұмысты бастайды.

Облыстық комитеттің бұрынғы бірінші хатшысының пара алу фактілерін облыстық комитеттің сауда-қаржы органдары бөлімінің меңгерушісі Көмекбаев, ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі Ахметов және Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Арғынбеков растайды.

Асанбай Асқарұлының жуықта тұтқындалатыны туралы ОК бірінші хатшысы Колбинге хабарланады, ал, ол өз кезегінде Горбачевпен сөйлеседі. Бас хатшы тұтқындауға келісім береді. 1987 жылғы 17 сәуірде Геннадий Колбин Шымкент облысына келеді. Облысты аралаған сапарында жанына Р. Мырзашев еріп жүреді. Келесі күні Рысбек Мырзашев өз пәтерінде асылып өледі.  

Асанбай Асқаров (сол жақта) және Рысбек Мырзашев (оң жақта)

Асқаровты тұтқындау жылдам өтеді. Тергеушілер Социалистік мүлікті тонаумен күрес бөлімінің қызметкерлерімен бірге Асанбай Асқарұлының пәтеріне келіп, оны ұстайды. Асқаров МҚК тергеу изоляторында бір күн болып, кейін денсаулығына шағым білдірген соң, әскери госпитальге ауыстырылады. Госпитальде А. Асқаров он күн жатады.

Асқаровтың 1987 жылғы 20 маусымда М.С. Горбачевтың атына жазған өтінішінен: 

«Құрметті Михаил Сергеевич, мені қызметтен босату туралы мәселе шешілген кезде, батылдық танытып, осы өтінішті Сізге сол кезде жазбағаныма қатты өкінемін. Мен тұтқындалып, пара алды деп айыпталғаныма, міне, үш ай болды. Өкінішке қарай, маған тағылған айыптың бәрі шын. Мен жүз мың рубльдеп саналатын паралар алдым. Көзбе-көз беттестіріліп, материалдар көрсетілгеннен кейін амалдың жоғын түсіндім».

Асанбай Асқаров төрт жылдан артық уақыт Фрунзенің тергеу изоляторлары мен түрмелерінде болды, ал 1991 жылы ақталды. Калиниченко Асқаровты былай сипаттайды:

«Ол жоғары интеллектуалды, жалпы дайындығы жоғары деңгейдегі ерекше адам еді, егер де оны бүлдірген осы бір жүйе болмағанда ол мүлде басқаша өмір сүруі мүмкін еді. Ол тіпті түрмеде отырып, пара алғанын мойындағанының өзінде де, коммунистік партияның ісі мен идеалдарына адалдығына ант ететін. Ол өзінің қайда отырғанын ұмытып кетіп, үстелді жұдырығымен бір қойып тергеушілерге: «Отырыңыз!» деп айғайлап жіберетін де, кейін оған қайда отырғанын түсіргеннен кейін жылап жіберетін. Асанбай Асқарұлы Асқаров осындай болған».  

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English