«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Маңғаз да мәрт Мекайыл

2232 0
Маңғаз да мәрт Мекайыл
Ұлы жазушының өзі де Абай балаларымен, атап айтқанда, Турағұл, Мекайыл, Ізкайыл, Кәмилә мен Ақылбайлармен қатар өсті

Өткен ғасырдың жүзі ауғалы Абай ұрпақтарының көрмеген қорлығы, тартпаған тақсіреті жоқ. Келешек өмірінің шырағы болған үмітті ұлдарының мезгілсіз қазасы хакім Абайды ойсыратып кеткенін, бірінен соң бірі келген қайғының соңы Алып Бәйтеректің өзін алып жыққанын М. Әуезов талай толғады-ау [1]. Задында Абай өнегесі – тек ақындықтың, әдебиеттің маңайы ғана емес, ұлт тағдыры сынға түскен ұлы мұрат – азаттық пен теңдіктің де ғибратты аңсары еді. Сондықтан ұлы Абай дүние салғаннан соңғы бір жылдан кейін қазақ топырағында «Алаш» ұлт-азаттық күресінің алғашқы үні басталды. Алаштың өзегінде Абай аманаты жатыр.

Абай балаларының ішінде Алаш мүддесі жолында тік тұрып қызмет қылған ерекше тұлға Турағұл Ибраһимов болса, оның туған інісі, данышпанның Әйгерімнен туған екінші ұлы Мекайыл туралы осы жолы сөз қозғамақпыз.

Туыстары «Мекеш» деп атаған Мекайыл 1884 жылы 11 маусым күні Шыңғыстау бөктеріндегі Ақшоқы өңірінде дүние есігін ашқан. Абайдың өзі сүйіп алған Әйгерімнің Турағұлдан кейінгі көрген ұлы. Жаңа туған шақалаққа «Мекайыл» есімі беріледі: араб тілінен аударғанда «адамға ырыздық жеткізуші», «несібе таратушы періште» деген мағынаны білдіреді.

Сәл шегініс жасайық: 1875 жылы Мұқыр болысы атанған отыз жастағы Абай Әйгерімді сол жылдары кезіктіреді. Сайлаусыз, тағайындаумен бекітілген жас болыс Ербол досымен Ақшоқыдан 25 шақырымдай жердегі Орда тауында аң аулап жүріп, Бекей есімді кісінің ауылына қона жастанады. Үй иесінің қызы Абайды бір көргеннен ғашық қылғанға ұқсайды. Кейін ауылына оралып, Бекейдің аталас туысы Мұсаға кісі салып, Шүкіманды (Шүкіраман) айттыру жайын ақылдасады да, дәстүр жолымен ұзатып алады. Осылайша Шүкіманға қолы жеткен Абай есімін Әйгерім атандырып, ұрпақ сүйіп, ғұмыр жалғастырады.

Алғашында Әйгерім отауы Жидебайды бір жыл қыстайды, келер жылы Абай оған арнап Бөрілі деген жерден үй салады. «Бұл жер оқу-білім іздеп Семейге жиі қатынай бастаған Абай үшін өте қолайлы мекен болды. Сол маңда Тышқан деген бұлақ, тұмалар бастау алатын едәуір биік таутөбе бар. Оған отау көтерген баласы Ақылбай қыстау салады» дейді абайтанушы А. Омаров [2].

Мекештің кіндік қаны тамған жер де осы Тышқан. Бұл жердің Абай өмірінде маңызы зор екені белгілі. 1884 жылы Абай өмірі мен шығармашылығында үлкен өзгерістер мен жаңалықтарға толы болды. 1878 жылдан басталған тергеу, сот шырғалаңы Абайдың жеті жыл уақытын алды. 1884 жылы 27 тамызда Семейдің уездік соты Маковецкий Абайдың «қылмысты» ісін қысқартады. Бұл кезде Абай ауыр ой еңбегіне ауысып, білім мен ғылымның сырына үңілуді тереңдетті. «1884 жылы жаз айында, ел жайлауға шыққанда Абай ағам ауылына Гросс келді, ол кісінің мамандық қызметі халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын зерттеу екен» деген Кәкітай Ысқақұлының дерегінше, сот сергелдеңінен құтылған Абай үшін бұл жаңалық жақсылық жаршысындай еді.

Әке мен бала арасындағы байланыста ұлы ақынның бала тәрбиесіне көңіл бөлуі, ұрпақ тәліміне қатысты әдістері, көңіл күй ауанын бұзған баланы тәртіпке салуы жайлы әке сырын бүкпесіз жазып қалдырған Турағұлдың естелігіне жүгінеміз. «Көңіліне билеткіштігі сондайлық, жас баланы әлпештеп шақырғанда ұмтылып келсе, қатты қуанып, қаны тартып біліп тұр деуші еді, егер келмесе, жатырқап қашса өкпелеп, ашуланып қалушы еді. Мысалы, біздің үйіміз бөлек ауыл болған соң, әкеміз көбінесе қала-далада болып, үйде болғанда мол дәулетті бай-бәйбішесіндікіндегі топта болып, біздің үйге сирегірек келгендігінен Мекайл деген менің інім, бір келгенінде шақырғанына бармаса, көтін жаңа басып отырған жас баланың үстіне су құйып, ұрып еді» дейді [3].

Әке Абай мен бала Мекайыл арасындағы қатынасты білдіретін жалқы жазба, сыңар сыр осы ғана. Мұнда әке үшін баланың балдай қылығын қызықтап, оған түрлі сипаттама беріп, көңіл күйінің сан алуандығын айшықтайтын шынайы сезім сыры жатыр.

Мекайыл жас кезінде Абай ауылының өзге балалары секілді алдымен мұсылманша, кейіннен орысша сауат ашқан. Әрхайым Ысқақұлының естелігінде «Тобықты ортасында Абайдан бұрын орысша оқи білетін, сөйлей білетін адамдар болған жоқ... Абай ауылында болып, орысша сөйлей, оқи, жаза білетұғын мынадай адамдар болды: Абайдың өз інісі Ысқақ, Оспан, Шәкәрім, Кәкітай, балалары Турағұл, Мекайл, көршілері Хабидолла, Сүлеймен, Махмет, Мүрсейіт, Солтабайдың Ысқағы, Ырсайдың Ысқағы» деп санаулы ғана адамдардың есімін атайды [4].

Мекайылдың үйленуі туралы бір қызық дерек бар: ол «Ақылбай әнінің» тарихымен тікелей байланысты. Көрші Матай елінен қалындық (есімі Дәмежан) айттырып, соны ұзатып алып келуге Абай шәкірттерінің бірі, әнші Әлмағамбет бас болып, құдалыққа аттанады. Жолай Ақылбайдың үйіне соғып: «Матайлар – өнерпаз ел. Абай әндерін олар да жатқа біледі. Оларға естімеген жаңа ән керек. Соны сізден қолқалай келдік. Абай атамның кенже ұлының үйлену тойына базарлық болсын» деп өтініш білдіреді. Сонда Ақылбайдың табан астында ән шығарады, кейін бұл ән «Ақылбай әні» деген атпен қазақ даласына кеңінен тараған. Бұдан біздің байқайтынымыз: Тобықты-Матай елі ұзақ жылдар бойы көршілес, іргелес қоныс теуіп, қыз айттырып, құдалық аттандырып отыратын  ауылы аралас, қойы қоралас жұрт екенін аңғарамыз. Қаһарлы Құнанбайдың анасы Зере шешенің елі Матай екенін ескерсек, бұдан сабақтастық дәстүрінің үзілмей, жалғасып отырғаны білінеді [5].

Ән-жыр демекші, Мекайыл әкесі Абайдың өлеңдерін түгелдей дерлік жатқа білген. Домбыра тартып, ән айтып, әкесінің құнды мұрасын насихаттады. Оның Абай туралы әңгімелерін Мұхтар Әуезов жас шағында көп естіген. Ұлы жазушының өзі де  Абай балаларымен, атап айтқанда, Турағұл, Мекайыл, Ізкайыл, Кәмилә мен Ақылбайлармен қатар өсті. Бозбалалық, жастық шағында дала саздары оның жан-дүниесін сүйіспеншілік сезімімен кернейді. Айды түндегі алтыбақан әндері, ақсүйек ойындары, алғашқы махаббат... алғашқы сезімдер... 21 жастағы Мұхтар егде тартқан Әйгерім әжені алдырып, Ойқұдықта «Еңлік-Кебек» қойылымын қояды, ондағы адамдар ролін ойнау үшін Абай балаларының көмегіне жүгінеді. Демек, қазақ әдебиетінің болашақ бас романы «Абай жолы» эпопеясының жазылуында да Мекайылдың азды-көпті үлесі болғаны аңдалады.

Қазақ тарихының ғана емес, аспан айналып жерге түскен әлемнің алағай да бұлағай заманы – 1917 жылды меңзейді. Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласы мен елді мекендерінде қазақ жастарының ұйымдары құрыла бастады. Оқыған алаш арыстарының сапында іргелі істерге бет бұрған аға Турағұл жолымен інісі де жүрді. «Қазақ автономия болсын» деген сөз 1917 жылдың көктемінде алғашқы съезде айтылған. Ол жиында Турағұл да, Мекайыл да болған. Яғни басқа жиындарда осы идея сөз бола бастайды. Абайдың балаларын алаш қайраткерлері өте қатты құрметтеген», – деген белгілі зерттеуші Болат Мүрсәлім Алаш автономиясы құрылғаннан кейін Орынбордан Міржақыпты, Турағұлды, Әзімхан Кенесаринді, Бақтыкерей Құлмановты Түркістан автономиясымен келіссөз жүргізуге жіберу қатысты деректі келтіреді [6].

1917 жылы көктем және жаз айларында құрылған ұйымдардың қатарында Шыңғастауда ту көтерген «Талап» ұйымы да бар еді. «Жанар», «Бірлік», басқа да қозғалыстар секілді бұл ұйым алдына халық арасына газет-журналдар тарату, халықтың сауатын ашуға көмектесу, қазақ теңдігі үшін үгіт жүргізу міндеттерін атқарды. Негізінен ұлттық бағдарламаларды ұстанып, Алаш Орда ұлттық кеңесімен тығыз байланыста болды. «Мекайыл Абайұлы қазақ жастарының «Талап» атты мәдени-ағарту ұйымын құрып, төрағасы болды» деген жалғыз-жарым дерек осыны айғақтайды. Мекайыл осы ұйым арқылы Бүкілресейлік Құрылтай жиылысына сайлау науқанында Алаш партиясын қолдау үшін халық арасында үгіт-насихат жүргізді, Семейде «Абай» журналын шығаруға қаржылай демеушілік жасады.

Семей облыстық қазақ соты құрылғанда Абайдың немере інісі, Мекайылдың ағасы Шәкерім қазы, сот болып сайланады. Ол бұл уақытта қазақ арасында болатын дауларды қарап, бір жылда мыңға жуық сотқа үкім шығарған деген дерек бар. Туған ағасы Турағұл Алаштың атты әскерін құруға атсалысып, әскербасы болып большевиктерді Алаш қаласынан Рубцовкаға дейін қуып барған ерлігі қазір бізге белгілі.  

Тарихи деректерге сүйенсек, 1917 жылдан кейін уездік, облыстық қазақ комитеттері жұмыстарына араласып, қаржылай жәрдемдескен Ақкенже Аймағамбетұлы да Шыңғыстаудағы «Талап» ұйымының құрылтайшысы атанған [7]. Бұл қайраткер – жоғарыда айтып өткен М. Әуезов қойған «Еңлік-Кебек» спектаклінде Кебек рөлін сомдаған, Семейде құрылған Алаш Орда ұлттық әскерін көлікпен, қаржымен жабдықтауға ерен еңбек еткен бірегей тұлға. Қазақ халқының қайғы-қасіретіне бей-жай қарай алмаған ол большевиктерге қарсы жүргізілген шайқастарда қайсар мінезімен, ақкөз батырлығымен танылады. Оның Турағұлмен бірге Алаш қаласындағы большевиктерді Рубцовкаға дейін қуған атақты шайқас оқиғасы тарих бетінде өшпестей болып жазылды.

Алайда тарих тегершігі басқаша айналып, Совет үкіметі Семейге орнайды. Жер-жерде революциялық комитеттер құрылады. Алаш әскеріне жақтасып, әскер беріп, жігіт қосып, көлікпен жабдықтаған Абай ұрпақтарына жаңа үкімет қырын қарай бастайды. «Турағұл мен Мекайылдың Алаш қозғалысына қатысы совет үкіметі тарапынан түрлі айыптауларға негіз болды» дейді алаштанушы М. Кенемолдин.

«1920 жылы Семей губерниялық революциялық комитетіне Шаған болысынан әлдекімдер Т. Құнанбаев туралы:

Революция басталған кезде біздің Ресейде Шаған болысының кейбір қазақтарымен, атап айтқанда 1) Бейсенбай Ержігітов, 2) Турағұл мен Мекаил Ибрагимовтар, 3) Біләл Құнанбаев, 4) Өміртай Ақбердин, 5) Рақымжан Мақышев, 6) Сүлеймен Жиреншин, 7) Әубәкір Оспанов, 8) Нұрпейіс Ақылпейісов, 9) Сатыбалды Аллабердінов, 10) Тілеуғабыл Ормановтармен   қастық болды. Жоғарыда көрсетілген бұл 10 қазақ ақтардың кезінде болыстық лауазымдарда жұмыс атқарып, ақтарға ниеттестік білдірген. Былтыр олар кедейлердің малы мен салт аттарын зорлықпен тартып алып, ақтарға сыйлаған» деп арызданған» [8].

Қазақ даласына Совет үкіметі түпкілікті орнағаннан кейін Құнанбай әулетінің тағдыры қуғынға түсті. Тарихшы Еркін Рахметуллин «Семей өңіріндегі тәркілеу саясаты» мақаласында: «Тәркілеу науқаны қазақ қоғамын қатты күйзеліске ұшыратты. Бұл науқаннан Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі аудандары деп танылған барлық аймақтары шет қалмады. Меймандостыққа, қонақжайлыққа негізделген қазақ қоғамы осы саясаттың құрбаны болды. Ақылымен, абыройымен елге танылған текті әулеттің ұрпақтары да сұрқия саясаттың шеңгеліне ілінді. Бұл науқан кешегі Құнанбай-Абай ұрпақтарын да айналып өтпеді. Солардың бірі Тұрағұл Құнанбаев болатын» деп жазады [9].

Турағұл да кәмпескеленіп, жер аударылғаннан кейін Абай ұрпағы ретінде Әубәкірдің басына қара бұлт үйіріледі. Құнанбай тұқымы түгел қуғын-сүргінге ұшырайды. Ел аштан өле бастайды. 1931 жылы Шәкерім Шыңғыстауда қызыл жендеттер қолынан опат болады. Шыңғыстаудан шыққан тобықты руының 70 адамы Семей түрмесіне қамалады. Осы түрмеде Шәкерімнің ұлы Ғафурмен бірге Мұхамедхан Сейітқұлұлы (ғұлама ғалым Қайымның әкесі) да болған. Бұдан тоқсан жылдай уақыт бұрынғы оқиғаны еске түсіріп, жаңғыртқан ұстаз Тұрсын Жұртбай адам жанын түршіктірер сұмдық оқиғаны қаз-қалпында былайша баяндап берген еді: «Ғафур өзіне қол жұмсамақ болғанда Мұхамедхан шақырып алып: «Әй, сен молдасың ғой, бәрін білесің. Мұныңды шариғат қостамайды ғой, неге өйтесің?» дегенде, Ғафур: «Мына жаппай ... түлек жаман келеді. Менің әкем де, шешем де, үрім-бұтақ, бала-шағам да... бір адам қалмай қырылады. Мен соны көргім келмейді. Бастаған сәтте өлгім келеді, сен мен өлгенде жаназамды шығарып бер» дейді. Сонда анау жерге Мұхамедханды тұрғызып қойып, мына жерде өзі шұңқыр қазып, өзін бауыздап, қанын шашыратпай бір орынға ағызып, әлгі орға құлаған, жаназасын Мұхамедхан шығарған» [10]. Сөйткен ғазиз Ғафур түрмеде бауыздалып өледі.

Сол «жетпістің» арасында Мекайыл де бар еді. Абаймен жауласып өтсе де құдалығы жарасқан Оразбай әулетінің ұл-немерелері де осы «жетпістің» құрамында опат болды. 1931 жылдың зобалаңында сақылдаған мылтық даусы Түйемойнақ аралын жетпіс адамның қызыл қанына бояды.

Түйемойнақ – алаштың айбары еді, ән думаны еді, жаз күлкісі еді, сауық-сайраны еді... Қасиетті жердің қадірін қашырды ғой.

Мекайылдың артында 1912 жылы туған Құзайыр және 1921 жылы туған Ғалышер деген екі ұлы қалған. Құзайыр бай тұқымы ретінде жер аударылып, елден қуылған. Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына барып, қара жұмыс істеген. Сол жерден әскерге алынып, майданда қаза болған. Арыстың кейінгі ұлы Ғалышер де 1942 жылы қан қасап қырғында ажал тапқан [11].

Маңғаз да мәрт Мекайыл...

Биязы да зиялы Мекайыл...

Анықтамалық кітаптар мен қалың энциклопедиялық басылымдарда небары үш пунктен тұратын Мекайыл Абайұлының өмірбаянын толықтыру – біздің міндетіміз. Бұл ізденісімізде ғалым Қайым Мұхамедханов архивінен табылған фотосуреттегі Мекайылдың биязы бейнесі, мүбарак жүзі қалам тартқызбай қоймады. Аяулы ақын Сұлтан Махмұтпен қатар отырып, қара тақия киіп, ай маңдайы жарқырай көрінген кейіпкеріміз аласапыран уақытқа дейін  суретке түсуге уақыт тапқан-ау деп ойға қалдық.

 

Әдебиеттер:

1. Әуезов М. Абай жолы. 4-кітап.

2. Омаров А. Абай: ашылмай келген қырлары. – Астана: Фолиант, 2015.

3. Тұрағұл Абайұлы: Әкем Абай туралы. // «Әдебиет порталы», 2017, 21 шілде

4. Ұлы Абайға адалдық // Әрхам Ысқақұлының естелігі. – Семей, 2005.

5. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 2011.

6. Мүрсәлім Б. Абай және Алаш. // «Қазақ әдебиеті». 25.08.2015.  

7. Алаш қозғалысы. Құр. Қамзабекұлы Д., Тілешев Е. – Алматы: Сардар, 2013.

8. Кенемолдин М. Турағұл Абайұлы және Алаш орда үкіметі. // «Абай әлемі»

9. Рахметуллин Е. Семей өңіріндегі тәркілеу саясаты. // «Қазақстан тарихы», 25.09.2018.

10. Жұртбай Т. Қайымның абақты азаптары немесе №14 камера. // «Қазақстан тарихы», 16.10.2016.

11. Абай ұрпақтары қалай қуғындалды? // «Ана тілі», 30.05.2013. 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English