«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Верный бекінісіне 165 жыл

1465 0
Верный бекінісіне 165 жыл
«Алматым – ару қалам-ау, Жаныма дәру бола ма-ау, бұл көркің?» деп Алматының сұлулығына қалам тарпаған ақын кемде-кем

Бүгінде мың жылдық тарихы бар Алматы шахараның тарихы тереңде жатыр десек болады. Ендеше, тарих қойнауын бір ақтарып көрелік.

Алғаш Алматы б.з.д. VII ғ. сақ, үйсін сияқты тайпалардың тұрғылықты жері болған. Осы кезеңнен көптеген қорғандар мен қоныстардың орындары қалған. Ерекшелеп айтатын Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», Қарғалы диадемасы, жетісулық «көркемдік қоласы» - шамдар, құрбандық шалатын орны, қазан және т.б.

X-XIV ғасырларда Алматы аумағы Ұлы Жібек жолы арқылы саудагерлер сауда-саттық жасайтын орталықтардың біріне айналды.  Өңірлерге келушілер саны көбейді. Бұған дәлел – осы жерде табылған ХІІІ ғасырдың 2 күміс дирхейі. Кейінен XV-XVIII ғғ. Ұлы Жібек жолының ыдырауына байланысты қала өмірі күрт төмендей бастайды.

XVI ғасырдың соңына қарай Алматы қаласы кішкене ауыл кейпінде қалып қойды. Себебі, бұл уақыттарда Алматы қаласы Қазақстанның тарихына әсер еткен саяси үрдістерге толы болды. Бұл өңірлер – қазақ даласына жоңғар шапқыншылығымен шайқасып, ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында жанын қиған батыр бабаларымыздың ізі жатқан өлке.

Іле Алатауының баурайында жатқан Алматы қаласының жаңа тарихы 1854 жылы құрылысы біткен Ресей империясының әскери қамалы «Верный бекінісінен» басталады.

1854 жылы «Кіші Алматы» өзенінің  жағасында бекініс құрылысы басталып кетті. Бастапқыда «Заилийнский» деп аталған бекініс кейіннен «Верный» деп өзгертілді. Жаз айында басталған бекініс құрылысын бастаған майор М.Д. Перемышльскийдің қарамағында 470 адамнан тұратын тұратын отряд болды. Өңірді жақсылап зерттеп шыққан М.Д. Перемышльский мынандай мәлімдеме жасайды:

«Инженер офицер Александровскиймен бірінші және екінші Алматыны қарап шығып, олардың арасынан ағаш дайындауға қолайлы орманды алқа, ірі көлемде арықтар мен бөлінген өте жақсы егістік жер таптық, мұнан асып түсетін… және  шабындық жерлер Есік пен Талғар шатқалдарында жетерлік, сондықтан біз  Алматыны келешектегі елді мекен ретінде болжам жасаймыз».

1858 жылғы картада Верное бекінісінің орны көрсетілген

Верный бекінісі негізінен әскери нысан ретінде саналғанымен, бекіністе ешқашан шайқас болмаған. Бекіністің топырақтан тұрғызылған дуалдардың кей бөліктері біздің заманымызға дейін жеткен екен. Археологтардың зерттеуінің арқасында қару оқтары, ат тағалары табылған екен.

1855 жылы Верный қаласына қоныс аударушылар саны көбейді. Сол жылы казактардың бірінші тобы көшіп келді. Кейінен 1856 жылы орыс шаруалары да келе бастады. Олар қамал жанынан салынған Үлкен Алматы орталығына қоныстанды.

Қоныс аударушылардың көбеюіне байланысты жаңа бекет пен көшелер, ғимараттар пайда бола бастады. Құрылыс жұмыстарына инженер Л. Александровский жетекшілік жүргізді, ал құрылысты басқарған әскери-инженер Ц. Гумницкий болды. 1859 жылы қоныс аударушылардың саны 5 мыңға дейін жетті.

Орыстың атақты саяхатшысы – Семенов Тянь-Шаньский алғаш рет Верный бекінісіне 1856 жылы келген. Ол алғаш келгенде құрылысшылардың асығыстан тұрғызылған шағын үйлері болғанын, ал кейінен 1857 жылы келген кездегі Верный бекінісінің анағұрлым әдемірек болып өзгергені туралы көрінісін былай сипаттайды:

«Жаңа бекіністің барлық үйлері салынып бітіп қалыпты, Ұлы жүз приставы үйінің жанында жаңадан бақ отырғызылған; бұл қазір гүлденіп, жасыл желек жамылып тұрған Верный қаласы орналасқан тау бөктеріндегі алғашқы ағаштар еді».

1857 жылы Семеновпен бірге экспедиция құрамында суретші Павел Кошаров та болған. Ол салған суреттердің бірі «Верный бекінісіндегі алаң» деп аталады.

Соңғы рет  Верный бекінісін қолданысқа 1941 жылы жаз айында жаңадан құрылған 316-атқыштар дивизиясы құрамының жауынгерлер мен командирлер қабылдау жүргізу үшін қолданады. Қазіргі таңда бұрынғы бекініс орнында құлаған дуалдар мен үйірілген топырақ қана бар.

Верныйдің тұрғындары аумақтың гүлденуіне өздерінің үлестерін аянбай қосты. Соның арқасында аумақта кітапхана, музей, театр және әдебиет орталықтарлы салынды. Ал, 1867 жылдың 11 сәуір айында Верный өңіріне қала статусы беріліп, Түркістан генерал-губернаторығының құрамындағы Жетісу аймағының орталығы болып бекітілді. 1877 жылдың 13 қараша айында Верный қаласының тұңғыш әкімі тағайындалды. Бірінші әкім Павел Зенков қаланың архитектурасына, оның ішкі саясатына, мәдениетіне көп көңіл аударып, қаланың гүлденуіне көп көмек тесті. 

Қаланың ең алғашқы архитекторы Г.Н. Серебренников еді. Оның жобасына бойынша қалада ең алғашқы ғимарат «Дева Мария Заступница» шіркеуі пайда болды. Ал, қазіргі уақытта шіркеу орнында Амангелді Иманов саябағы бар.

Г.Н. Серебренниковтан кейін қаланың жандануына үлкен үлес қосқан француз архитекторы Пол Горде. П. Горде Верный қаласының алғашқы елтаңбасын жасап, Жетісу өңірінің географиялық картасын сызды. Париж қаласында өткен көрмеде француз архитекторы дәл осы картаны қала жұртшылығына таныстырды. Пол Горте Верный қаласының жандануы үшін біраз еңбек атқарған. Сәулетшіге қаланың құрметті азаматы атағы берілген.

Өкінішке қарай 1887 жылы 28 мамыр айында болған күшті жер сілкінісі нәтижесінде бүкіл қаланы қиратты. Әсіресе, кірпіштен қаланған үйлер жермен-жексен болды. Қаланың ең әдемі ғимараттары: губернатор үйі, 4 мектеп, архиеписоп үйі, Дева Мария шіркеуі, т.б. қала үстінен жоқ болып кетті.  Профессор И.В. Мушкетов бастаған комиссия зілзаланың алдын алу мақсатында біраз шешімдер шығарды. Жетісу ауданы губернаторының бұйрығымен бұдан былай Верный қаласында тек бір қабаттан тұратын және ағаш немесе саманнан үйлер тұрғызылатын болды.

Қаланы қалпына келтіру мәселесінде үлкен үлес қосқан архитектор А.П. Зенков болды. Ол ең алғашқы болып жер сілкінісіне қарсы жоспарды жасаған.

1913 жылы Верный қаласында тұратын халық саны 41 мыңды құрады. Өнеркәсіп орындары 59-ға дейін жетті. Ал 1921 жылы қала аты Верный Алма-ата деп өзгертілді.

Жалғасы бар...

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English