«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі ақпараттық саясаты талқыланды

1590 0
Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі ақпараттық саясаты талқыланды
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универститетінде «Қазақстанның Ресейдегі ақпараттық үлесі – Қазақстандағы Ресей мәртебесі» атты дөңгелек үстел өтті

Шараға «Хабар» Агенттігі мен «Қазконтент» компаниясының өкілдері, YouTube-тің қазақстандық сегментінде танымал блогерлер және ресейлік саясаттанушылар мен тарихшылар қатысты.

Сарапшы мамандар  Қазақстанда Ресей туралы, ал Ресейде Қазақстан туралы көзқарас қалай қалыптасатынын және осы ретте диаспораның орны қандай екенін анықтауға тырысты. Сондай-ақ екі елдің журналистерінің ақпараттық саладағы әріптестік жайы талқыланды.

Дөңгелек үстелді М.В. Ломоносов атындағы ММУ Тарих факультеті деканының міндетін атқарушы Лев Белоусов ашып, екі елдің әріптестік байланысы ақпараттық саясатқа да тәуелді екенін айтты.

«Екі елдің арасын жақындатудағы, шынайы образын қалыптастырудағы ақпарат құралдарының рөлі орасан. Сондықтан, алдағы әріптестігіміздің келешегі осы ақпараттық саясатқа байланысты болады деп ойлаймын. Бұдан бөлек, қарапайым адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да баса мән беру қажет. Сол себепті, Ресейдің шекаралас аймақтарында Қазақстанның телеарналары да көрсетілуі керек», - деді Л.Белоусов.

Басқосуға қатысқан мамандардың айтуынша, екі елдің азаматтары бір-бірін дұрыс танып-білуі үшін Кеңес кезінен келе жатқан ескі стереотиптерден арылып, жаңаша зерттеуге кірісу керек. Екі ел арасында мәдени және тарихи шаралар көптеу өтуі тиіс.

Өркен Кенжебек, «Хабар» Агенттігі арнайы жобалар қызметінің шеф-редакторы: - Бүгінгі отырыста қазіргі жаңа Қазақстан, жаңа Ресей арасындағы стереотиптерді бұзып, көзілдірікті шешіп тастап, жаңа көзқарас қалыптастыру туралы айтылады. Бұған көмектесетін шаралар – мәдени шаралар. Өйткені кезінде Роза Бағланова апамыз «Ах, Самара-городок» әнін қалай айтқаны, не болмаса Димаш осы Ресей сахнасын қалай бағындырып жүр деген секілді. Менің ойымша, осы мәдени шаралар ынтымақтастыруы керек.

Ефим Пивовар, тарих ғылымдарының докторы, профессор (ММУ): Біздің мақсатымыз – бұл жас ұрпақты тәрбиелеу. Тәрбие тиімділігінің басты факторларының бірі – бұл бұқараға білім беру, ал біздің жағдайымызда Ресей мен Қазақстанда да сондай. Бұның құралдарының бірі – БАҚ, электрондық БАҚ. Ғылым, білім және БАҚ арасындағы ынтымақтастық маңызды болғандықтан біз ресейлік, қазақстандық қоғам мүддесі мен біздің халықтарымыздың өзара қарым-қатынасына зиян келтіретін жалған ақпараттан құтыла аламыз. Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас – еуразиялық кеңістіктегі негізгі қарым-қатынастардың маңызы, өйткені социумдар арасындағы ынтымақтастық осы жобаның жетістігі. Тарих, экономика, мәдениет, саясат, дін саласындағы нақты білімді қадағалау керек. Бұл тараптардың бірі ұсынған бастамаларға да қатысты. Айта кету керек, бұл жерде де ортақ параллельдер өте көп. Бұл Астаналық процесі де, Назарбаев Каспий Конституциясы деп атаған Каспий процесі де. Дипломаттардың, сарапшылардың күш сала еңбектенулерінің нәтижесінде екі жаққа тиімді шешімге, мәмілеге келдік. Бұл мәміле әлемдік қоғамдастық үшін де, біздің елдеріміз үшін де өте маңызды.

Іс-шараны Мәскеу Мемлекеттік университетінің қолдауымен Қазақстан-Ресей сарапшыларының ІQ-клубы, ақпараттық-аналитикалық "Урал-Еуразия" сараптамалық клубы бірлесіп ұйымдастырды.  

Шара аясында қазақстанның журналистері мен блогерлері Мәскеудегі қазақ тілі мен мәдениеті орталықтарында болып,  Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-гимназиясына, "Дон" бауырластар зиратында жерленген "Алаш" партиясының көсемі Әлихан Бөкейхан зиратына барды. "Жас тұлпар" жастар ұйымымен кездесті. Толығырақ сапар туралы материал сайттың алдағы санында жарық көреді. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English