«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Қара бауыр қасқалдақ»

3052 0
«Қара бауыр қасқалдақ»
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қолын артына ұстағанды жақсы көрген және ешқашан дауыс көтеріп сөйлемеген

Бәлкім, осы зиялылығы кадр таңдай білудегі тамаша қабілеті мен табиғи ақылын қоса алғанда оған Қазақстан ОК бірінші хатшысы лауазымын 24 жыл атқаруына септігін тигізген шығар. 

Д. Қонаевтың әкесі Меңліахмет Верный қаласының ауылшаруашылығы кәсіпорындарда жұмыс істеген, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеген, ал Қонаевтың шешесі Зәуре Баирқызы Шынболатова 1888 жылы шаруа отбасында Шілік ауданының Шілік ауылында дүниеге келген.

Дінмұхамед Қонаев 1912 жылдың 12 қаңтарында Верныйда өмір есігін ашты. Верныйдағы бірінші сатылы №19 Чернышевский атындағы мектепте және №14 мектепте оқып жүруімен қоса Қазақ республикалық жинақ кассасындағы жұмысын бірге қатар алып жүрген.

1931 жылы Мәскеу түсті металл және алтын институтына түскенге дейін жас Қонаев Қазақ мемлекеттік баспасында аудармашы және Қазақ АССР Халық комиссарлары кеңесі жанындағы Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының хатшы-статисті болып жұмыс істеген.

Қонаевтар отбасы, 1927 жыл. (Дінмұхамет Ахметұлы – жоғарыда, оң жақта)  

Д. Қонаев институтты 1936 жылдың шілдесінде бітіреді.институтты бітірісімен тау-кен инженері Қонаев Қоңырат-Балқаш құрылысына, Прибалхашстрой жұмысшы елді-мекеніне жіберіледі. Бұл жерде жас инженер үш жыл болады, десятник, бұрғылау цехы шеберінің міндетін атқарушы, бас инженер, ақырында Қоңырат кенішінің директоры болады.

Қонаевтың тікелей басшылық етуімен 1928 жылдың 24 қарашасында Балқаш маңы кеніштерінде алғаш рет балқаш мысы алынады, осы үшін Қонаев «За трудовое отличие» медалімен марапатталған.

1939 жылдың қыркүйегінде «Алтайполиметалл» комбинаты құрылады да, қарамағына Кенді Алтайдың барлық мамандандырылған кәсіпорындары кіреді, олардың ішінде Зырян, Глубокое және Риддер кеніштері де бар. Шығыс Қазақстанның кеніштерін игеру бойынша жоба құрылуына байланысты ОК бірінші хатшысы Скворцов жас маман Қонаевты осы кен басқармасына директорлыққа ұсынады.

1939 жылдың 9 қарашасы Қонаев Риддер кенішінің Лениногор кен басқармасының директоры болып тағайындалады. Қонаевтың жұмыс тәсілдері кеніштің өндіріс көлемін бірнеше есе өсіреді, ал Қонаевтың өзі 1939-1940 жылдары Риддер кен басқармасын басқарған, 1940 жылдан 1942 жылдың сәуіріне дейін Қонаев Лениногор тау-кен басқармасының директоры болған. 1942 жылдың сәуірінде Қонаев Алматыға келуі керектігі туралы Скворцовтан жеделхат алады.

Алматыда Қонаев Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына бекітілуі үшін Мәскеуге бару туралы жолдама алады. Жаңа лауазымында Дінмұхамед Ахметұлы металлургия кәсіпорындары, қорғаныс зауыттары, теміржол, электр стансаларына жауап береді.

1949 жылғы ақпанның аяғында Қазақстан коммунистерінің IV съездінде Д.Қонаев ҚКП ОК мүшелігіне сайланады, бірақ, Қызылорда облысында су бөгетінің (дамба) бұзылып, облысты су шайып кету қаупі тұрғандықтан, ол съезд жұмысына қатыса алмайды. Ташкент пен Алматыдан келген гидротехниктер, әскерилер мен теміржолшылар бұзылған жерді бітей алмай қояды. 

Осы жерде Қонаевқа бір қарт адам келіп: – Абыржымаңыз! Арнаның басын жабу үшін «қарабураны» қолданыңыз, – дейді.

– «Қарабура» деген не? – деп сұрадым мен.

Қарт кісі түсіндіре бастады: ол 15-20 метрлік арканың ұзындығын қатайту керек деді. Үстіне қамыс, сабан, топырақ және оларды айналдырып тығыз орап тастау керек. Сосын осы орамамен ашық жерлерді жабу керек. Бар болғаны осы.

– Бастық, маған 10-20 солдат берсең болды, барлығын өзім істеп тастаймын.

Ашық жерлер 1 күннің ішінде «қарабурамен» жабылады. Айтқандай мұндай тәсіл Әмір Темір заманында өзендерді, бөгеттерді жабуға қолданған екен.

Апат болған орын тез арада жөнделіп, Маленковқа хабарландырды. Қазіргі заманауи техниканың күшіне, инженерлік ойға қарамай, бір оқымаған дала қазағы ақсақал басымен тұтас бір батальоннан және ондаған қызметкерден озып кетті.

ХКК Төрағасының орынбасары лауазымында Қонаев Скворцов, Борков және Шаяхметов сынды Қазақстан ОК бірінші хатшылары мансабының куәсі болды. Айта кету керек,  Шаяхметов 1951 жылы Қонаевты Қаныш Сәтпаевтың орнына Қазақ ССР Ғылым академиясын басқаруға шақырады. Қазақ ССР Ғылым академиясын басқарып тұрған кезінде ол Мұхтар Әуезовты құтқарып қалған.

Сол кезде, партияның XIX съезінен кейін Бекмаханов сотталып кеткен, дәл сондай тағдыр Әуезовты да күтіп тұрған еді, бұл туралы Қонаевқа Шаяхметов тұспалдап жеткізген болатын. Қанша қиын болса да, Қонаев Әуезовты құтқара алды. 1955 жылдың наурызында ССРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы алдында Қонаев сол кезде ҚазССР Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы лауазымын атқарып отырған Пономаренкомен кездеседі, әңгіме барысында Пономаренко Қонаевтан Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымына отыруын қадала сұрайды.

1955 жылдың 31 наурызында Дінмұхаммед Қонаев Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымына бекітіледі. Қонаев Үкімет басында 1960 жылдың 19 қаңтарына дейін болады.

Оның тікелей басшылығымен республикада Түсті металлургия министрлігі, Құрылыс-монтаж жұмыстары министрлігі, Геология министрлігі, кейінірек – Энергетика министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі құрылды. Жаңа лауазымдағы алғашқы жылдың өзінде-ақ 250 жаңа совхозды құру тапсырмасы тұрды, бірақ олар үшін кадрлар жетіспейтін еді. Қонаевтың басты қызметі тың Қазақстанды игеру жөніндегі Хрущевтің жоспарына бағындырылған болатын.

Сонымен қатар, 1955 жылы Қазақстанға жоғары мәртебелі қонақтар келген еді: алдымен Үндістанның премьер-министрі Джавахарлал Неру қызы Индирамен, кейін – Бирманың премьер-министрі У Ну.  1956 жылдың 31 шілдесі ССРО парламент делегациясы құрамында Қонаев Англияға барады, Букингем сарайындағы іс-шарада Уинстон Черчилльмен және королева ІІ Елизаветамен кездеседі.

1960 жылғы 19 қаңтарда ОК Пленумы болып, онда Теміртаудағы көтеріліс кезінде іс-әрекет етпегені үшін Беляев қызметінен алынып, оның орнына Дінмұхаммед Қонаев тағайындалады.

Жаңа лауазымында Қонаев 1960 жылдың қаңтар-ақпанында советтік миссия құрамында АҚШ-та болып, губернатор, миллиардер, судьялармен кездеседі. Жұмыс сапары аяқталар алдында 18 ақпанда делегацияны АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр қабылдайды. Бұл іссапардың мақсаты – державалар арасында ауылшаруашылығы саласында екі жақты қарым-қатынасты орнату. Алматыға келгеннен кейін Қонаев Қазақстанның барлық аумағында өнеркәсіп нысандарын салуға бар күшін сала кіріседі.

1960 жылғы шілденің басында Қарағанды металлургия комбинатында алғашқы домна пеші жасалды, кейіннен осы жерде алғашқы қазақстандық кокстық батарея алынды, ал тамызда Бұқтырма ГРЭС-інің алғашқы агрегаты қатарға қосылды.

1961 жылдың 12 наурызында тың игерудің қалай дамып жатқанын өз көзімен көру үшін Ақмолаға Хрущев өзі келеді. Осы кезде Хрущевтің басына қаланың атын өзгерту туралы идея келеді: «Ақмолада, Хрущевтің жанында болмай қалған сәттердің бірінде, ол қаланың атын қазақ тілінен аударып беруді сұрайды. Республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Шәріпов қаланың атын дұрыс аудармай «ақ мола (зират)» депті.

Хрущев қаланың атын ауыстыруды ұсынады. Кейін бұл «қасиетті жер) дегенді білдіреді деп қанша түсіндіруге тырыссам да, Хрущев: «Бұл моланың атын жойып, Целиноград деп атау керек!» деп бой бермей қойды» дейді Қонаев.

1962 жылы Хрущев пен Қонаев арасындағы қатынас шиеленісе түсті: Хрущев Қонаевтың Торғай облысын құру туралы сұранысын қолдамайды, бұған жауап ретінде Қонаев пен Микоян Хрущевтің Қарағандының көмір бассейндерін тың өлке құрамына беру туралы идеясына қарсылық білдіреді. Кейін Хрущев Маңғыстау түбегін Түркмен ССР-не беруді ұсынады, бұған да Қонаев шешімді қарсылық білдіреді.

1962 жылдың ортасында Хрущев Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беру туралы мәселені көтереді. Хрущевпен таласудың еш мәні жоқ еді. Қонаев Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы лауазымын Исмаил Юсуповқа өткізіп, өзі ҚазССР Министрлер Кеңесіне қайтып келеді. Қазақ ССР Министрлер Кеңесіне оралған соң Қонаев қой шаруашылығын дамыту үшін Шөл жерлерді игеруді бастайды, шопандардың тұрмыс жағдайларын жақсартады, Қожа Ахмет Яссауидың кесенесінің реставрациясымен айналысады.

1964 жылдың қазанында СОКП ОК Пленумында Никита Хрущевтің  орнына Леонид Брежнев келеді. Бір-екі айдан кейін, 1964 жылдың 7 желтоқсанында Брежнев Қонаевты қайтадан республика ОК бірінші хатшысы лауазымына бекітеді. Бұл лауазымды Қонаев жиырма екі жыл атқарды. Қонаевтың кезінде 1965 жылы Қызылордада целлюлоза-картон комбинаты, Қостанай облысы Жетіқара асбест комбинаты іске қосылып, Өзен мұнай-газ кен орнының құрылысы басталады.

Қонаевтың басшылығы кезінде республика Павлодар-Екібастұз жылу-энергетика комплексінің, Қарағанды ГРЭС-нің, Бұқтырма ГЭС-нің жұмысын көрді, көптеген өндірістік кәсіпорындар жасалып, теміржол құрылысына ерекше назар аударылады. Маңғыстау, Жезқазған және Торғай сынды жаңа облыстардың құрылуына байланысты Қазақстанның әкімшілік картасы түрлене түсті. Юсупов кезінде Өзбекстанға берілген Қазақстанның мақталы аудандарын Қонаев қайтадан қайтарып, Мәскеуге республикада неміс автономиясын құрғызбайды.

Қаланың заманауи кейпін қалыптастырған Алматының көптеген көрнекті ғимараттары Қонаевтың кезінде салынған: Республика сарайы, ҚазГУград Арасан, Медеу спорт кешені. Билікке 55 жасар Михаил Горбачев келісімен қайта құру басталды, оны бұрынғы партиялық кадрлармен жүзеге асыру қиын еді.  

1986 жылдың ақпан-наурызында Қонаев отставка шығу туралы өтініш білдіреді. Горбачев өтінішті қолдап, жылдың соңында, 1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан ОК Пленумы барысында Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев лауазымын сол кезде Ульянов обкомын басқарған Геннадий Колбинге босатып береді.

ҚазССР-індегі билік ауысуы тарихта «Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы» немесе «Желтоқсан-86» деген атпен қалған толқуларға әкеп соғады. Бейбіт шеруге қатысушылар бірінші хатшы лауазымына жергілікті ұлт өкілін қоюды талап етеді, алайда шеруді басуға әскери бөлімшелер жіберіледі.  

Қонаев қайтыс боларынан бір күн бұрын,  «Қапал-Арасан» санаториі, 21 тамыз 1993 жыл

Қонаевты шеруді ұйымдастырушы деп айыптап, тонау және мүлікті иелену істері бойынша тергейді, алайда, ештеңені дәлелдей алмайды. Отставкаға шыққаннан кейін Қонаев өзі туған Алматыда тұрады. 1993 жылдың 22 тамызында Алматы облысы Алакөл ауданының Ақши ауылында жүрек ұстамасынан қайтыс болады.

 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English