«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Брежневтің Қазақстандағы қызметі

3331 0
Брежневтің Қазақстандағы қызметі
Леонид Ильичтің өмірі туралы бәрі белгілі сияқты болып көрінуі мүмкін: оның өмірге деген шексіз махаббаты, КОКП ОК 18 жылдан аса «уақытша» басқаруы және дімкәс денсаулығы

Алайда, оның саяси мансабының плацдармы болған қазақстандық кезең туралы білетініміз аз.

1906 жылдың 6 желтоқсаны Екатеринославский губерниясының Каменское селосында металлургиялық зауыттың қарапайым жұмысшылары Илья Брежнев пен Наталья Мазалованың отбасында Леонид есімді ұл бала дүниеге келеді. 1921 жылы Леонид классикалық гимназияны бітіріп, Курск май зауытында  жұмыс істеп бастайды.

1923 жылы комсомолға өтіп, Курск жерге орналастыру-мелиорация техникумына оқуға түседі, оны бітірген соң 1927 жылы Курск губерниясы мен Белорус ССР-де жер өлшеуші болып жұмыс істейді. 1927 жылы Леонид Брежнев Виктория Денисоваға үйленіп, өмірге Юрий және Галина атты балалары дүниеге келеді. 

Л.И. Брежнев әйелі Виктория Денисовамен

1930 жылдың қыркүйегінде Брежнев Мәскеу машинақұрылысы институтына оқуға түсіп, бір жылдан соң Арсеничев атындағы Каменский металлургия институтының кешкі факультетіне ауысады.

1931 жылдың 24 қазаны Леонид Ильич БКП (б) мүшелігіне өтеді. Жұмысшы факультетін бітіріп Брежнев инженер мамандығына ие болады. Дзержинск атындағы зауытта аз-кем жұмыс істеген соң оны армияға шақыртып, лейтенант атағын береді.

Соғыстың алдында Брежнев Украина компартиясының Днепропетровск обкомының үгіт-насихат және қорғаныс өнеркәсібі мәселелерін басқарған. Соғыс басталысымен Леонид Ильич өнеркәсіпті эвакуациялаумен айналысады және 4-ші Украин майданы 18 армияның саяси бөлімін басқарады.   Барвенков-Лозов операциясына және Новоросийскті азат етуге қатысқаны үшін Брежнев І дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Ту ордендерімен наградталады.

18-ші армияның саяси бөлімінің бастығы полковник Леонид Ильич Брежнев Кіші жерге қырық рет жүзіп барып-келген, ал бұл өте қауіпті, өйткені кейбір кемелер жолда минаға түсіп және снаряд пен әуе бомбаларының түсуінен жарылып жатқан еді.

С.А. Борзенко, «Правда», 1943 жыл

Соғыс біткеннен кейін Леонид Брежнев біршама уақыт саяси басқармаларда қызмет еткен: алдымен 4-ші Украин майданында, Прикарпатск әскери округінде. 1946 жылдың 13 маусымы генерал-майор Брежнев Украина БКП (б) ОК қарамағына жіберіледі. Ол жерде ол Запорожье обкомының бірінші хатшысы лауазымына тағайындалып, қираған өндірісті қалпына келтірумен айналыса бастайды. 1950 жылдың 16 маусымы Брежнев БКП (б) ОК-ге инспекторлікке жіберіледі.

Днепропетров КП (б) обкомының бірінші хатшысы. Украина ССР-і. 1946 жыл.  

1951 жылғы 2 сәуірде Леонид Ильич Молдавия ОК бірінші хатшысы болып сайланады. СОКП ХІХ съезінде Сталинмен жеке кездесуі Брежневтің әрі қарай өсуіне қатты әсер етті. Көп уақыт өтпей ол ОК мүшесі, ОК хатшысы және ОК Президиумына мүшелікке үміткер болады. Алайда, «халықтар көсемінің» өлімі кері әсерін тигізіп, Брежнев СОКП Орталық комитетіндегі барлық лауазымдарынан айырылады.

Сол кезде, 1953 жылдың 3 мамыры, Брежнев өзін Украинаға жіберуді сұрайды. Бірақ оны ССРО Қорғаныс министрлігінің Бас саяси басқармасы бастығының орынбасары етіп тағайындайды да, 1953 жылдың 26 маусымында Брежнев Л. Берияны тұтқындауға қатысады.

1954 жылғы 6 ақпанда Н. Хрущев Қазақстан ОК бірінші хатшысы лауазымына Пантелеймон Пономаренконы тағайындап, ал 19 ақпанда ОК екінші хатшысы лауазымына Л. Брежневтің кандидатурасын ұсынады. Екінші хатшы лауазымында Л. Брежнев тың және тыңайған жерлерді игеру және халық тұтынатын бұйымдарды өндіру жөніндегі «Хрущев реформаларын» іске асырады.

Пономаренко-Брежнев дуэті басқарып тұрған кезде Қазақстан ОК қызметкерлерінің саны 19%-ға азаяды. Тіпті бұрынғы бірінші хатшы, сол кезде Оңтүстік Қазақстан партия обкомының бірінші хатшысы болып тұрған Жұмабай Шаяхметовты да айналып өтпеді:

«Барлық күш-жігерді осыған жұмсау керек еді, бұқараның күш-жігерін көтеру керек еді. Өзіңіз де жанып, бұқараны да жандыруыңыз керек еді. Ал сіз ауылшаруашылығы озаттарының слетін шақырдыңыз, тіпті сөз де сөйлемедіңіз, отырып-отырып, кетіп қалдыңыз. Ал енді пленумда сөз сөйлеп, ОК, аппаратты сынайсыз».

Леонид Ильич Фурманов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы шағын ғана үйде тұрған. Замандастарының естеліктері бойынша Брежнев тың облыстарына іссапарға барғанды жаны сүйген, Леонид Ильич аң аулау мен балық аулаумен де әуестенген.

1955 жылдың тамызынан бастап Брежнев ҚазССР ОК Компартиясын өзі басқарған. Республика алдына 6,4 млн тың жерлерді игеру мақсаты қойылады. Бұл үшін көп адам күші де керек еді. Мәскеудің тапсырмасы бойынша Қазақстанға комсомолдар, жас мамандар Совет Одағының барлық түкпір-түкпірінен ағылып келе бастады. 360 мыңнан астам ғана  тек механизаторлар келді, ал жалпыодақтық түбегейлі салымдар 6 млрд рубльді құрады (бұл 1946-1950 жж. төрт есе көп).

Қазақстанның интеллектуалдық элитасын қудалауға қатысты Леонид Ильич бірмәнді емес позицияны ұстанды. Мысалы, Бекмахановты қудалауды Леонид Ильич құптамады және де оған докторлық диссертациясын қайтадан қорғауға рұқсат етті, бірақ сонымен қоса университет ректоры Дарқанбаевты сынға алды.

Кейін, СОКП ОК басшысы болып тұрған кезінде қазақ жазушы Олжас Сүлейменовтың тағдырына қатысады. Интеллигенцияны қудалаудың бастамашысы «сұр кардинал» Михаил Суслов О. Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабын сатылымнан тартып алып, авторды «ұлтшыл», «түркішіл», «әдістемелік қателіктер жіберген» деп айыптайды. Тек Д. Қонаевтың кітапты оқып, оған баға беруін сұрап СОКП ОК бас хатшысы Л. Брежневке өтініш жасауы ғана авторды құтқарып қалады. «Бұл кітапта ешқандай да ұлтшылдық жоқ» деген қысқа, бірақ аса құнды рецензиядан кейін жазушы «қатаң сөгіспен» құтылады.

Леонид Ильич Брежнев пен Дінмұхамед Қонаев

Брежневтің басқаруындағы бірінші жыл аса сәтті бола қойған жоқ, бірақ келесі жылы тың жерлерден миллиард пұт астық жиналды. Бұдан басқа, Брежнев «Байқоңыр» ғарыш айлағын салу мәселесін шешуге қатысқан. Ол жылдары ол «№5 Ғылыми-зерттеу сынақ полигоны» деген атпен белгілі болды. Ғарыш айлағын орналастыратын жер таңдаған кезде екі нұсқа болған: қазақстандық және кавказдық.

«Біртіндеп өзімде де негізделген шешім қалыптаса бастады. Орталық Комитет бірінші нұсқаны – қазақстандықты қолдады. Осы шешімнің дұрыстығын және жөнділігін өмірдің өзі дәлелдеп берді: Солтүстік кавказдың жері ауылшаруашылығына сақталып қалды, ал Байқоңыр елдің тағы бір ауданын көркейтті» деп еске алады кейіннен Брежневтің өзі. 

Қазақстаннан 1956 жылдың наурызында кеткеннен кейін Л. Брежнев ОК-нің қорғаныс өнеркәсібі құрылымында қызмет етеді, Н.С. Хрущевті орнынан алуға тікелей қатысады. Хрущевтің отставка туралы өтінішін қолдаған Пленум СОКП ОК бірінші хатшысы етіп Л.И. Брежневты сайлайды.

Брежнев басқарған алғашқы жылдар «алтын» бесжылдық ретінде есте қалды: халықтың тұрмысы түзелді, көпшіліктің тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш машина сатып алуға қолы жете бастайды, ел бескүндік жұмыс аптасына ауысады.

Өз билігін орнатқаннан кейін Леонид Ильич 1967 жылы әйгілі «дамыған социализм» реформасын қабылдайды. Сол кезден бастап оның денсаулығы сыр бере бастайды.1973 жылға дейін Брежнев бірнеше жүрек талмасын, ал 1976 жылы клиникалық өлімді басынан кешіреді. Осыдан соң денсаулығы қалпына келмей, жыл өткен сайын нашарлай түседі.

Леонид Ильич Брежнев 1982 жылдың 10 қарашасында «Заречье-6» мемлекеттік саяжайында қайтыс болады. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша ол кенеттен жүрегі тоқтағаннан ана дүниеге жүріп кеткен.  

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English