«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Әлемге әйгілі Мұстафа Өзтүрік

5897 0
Әлемге әйгілі Мұстафа Өзтүрік
1954 жылы Түркияның Қайсері қаласында туған, өз ұлтын өлердей сүйген ержүрек Мұстафа Өзтүрік есімін әлемдік таэквондо тарихында алтын әріппен жазып кетті

Даңқты спортшы, таэквондодан қара белбеу 6 дан иегері, ҚР таеквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы, талай чемпиондарды тәрбиелеген Мұстафа Өзтүріктің өмірінен қызықты деректі термелеп көрдік.

1. Мұстафа Өзтүрік – Түркия қазағы. Шығыс Түркістаннан қиын жылдары ауған жұрттың Анадолы жеріне аман жеткен санаулы отбасынан шықты. Оның әкелері қар жастанып, мұз төсеніп қарт Гималай асқан жанкешті адамдар болған, олар ел-жұртты дұрыс бастап Үндістанның Кашмир өлкесіне жетіп, содан Түркияға барған.

2. Өз әкесі Қабен қажы атақты балуан болғанға ұқсайды. Оның біліктілігіне қызыққан түріктер оны өзінің бауыры ретінде санаған. Қабен қажыға түріктер «Өзтүрік» деген есім береді.

3. Мұстафа Тайвань экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінде оқыған. Кәсіби мамандығы – журналист.

4. Кейбір деректерге қарағанда М. Өзтүрік атақты Брюс Лимен бір жаттығу залында дайындалған делінеді. Брюс Ли актерлік салаға мойын бұрса, Мұстафа таза спортқа келіп, еңбек етті.

5. М. Өзтүрік таэквондо спортынан 6 дан дәрежесіне дейін өскен алғашқы қазақ болды.

6. Германияда арнайы қарулы күштер мен полицейлерді жауынгерлік өнерге үйреткен.

7. Мұстафа Өзтүрік қазақ тілінен бөлек, түрік, неміс, жапон, қытай, корей тілдерін білген.

8. Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Ыстамбұл қаласында өзінің таэквондо мектебі бар. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы қаласында да мектеп ашады.

9. 1980 жылы Мұзтафа Өзтүрік жаттықтыратын Түркия құрамасы таэквондодан сенсация жасап, әлем чемпионатында екінші орынды иемденді. Оған дейін Түркия елінде бұл спорт түрінің аты аталмаған да еді.

10. Мұстафа Өзтүрік алты толықметражды фильмге түскен. Соның ішінде «Alatay» фильмінің сценариін өзі жазған. Фильмдердің көбісінде М. Өзтүрік басты кейіпкерді өзі сомдаған және қиын трюктерді орындаған.

11. 1990 жылдың көктем айында комсомол секретары Иманғали Тасмағанбетовтың шақыруы бойынша М.Өзтүрік атамекеніне аяқ басады.

12. Қазақстан келгендегі алғашқы сұхбатында: «– Ұшаққа отырған кезде қазақ тілінде сөйлейтін адамдар көрдім, бір кезде қоңыр домбыраның әуенін естідім. Мен тұратын жерде мұндай көріністі көрмейсің. Мен бұған дейін ешқашан мұндай толқу сезінген емеспін» дейді.

13. М. Өзтүріктің Қазақстандағы шәкірттері Америка, Италия, Англия, Түркия елдерінде жүлделі орындарды иеленіп жүрді.

14. 1994 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан Республикасы Парламент депутаттығына өзінің кандидатурасын ұсынды. Алайда белгісіз бір себептерге байланысты сайлаудан өтпеді.  

15. 1995 жылы 15 наурыз айында сағат 5.35 өткен уақытта, небәрі 41 жасында чемпиондардың чемпионы Мұстафа Өзтүрік дүниеден өтеді. Оған қастандық жасалған еді.

16. Мұстафа Өзтүрік жаназасы 17 наурыз айында Алматы қаласындағы Орталық мешітте өтті. Орталық мешіттен Алматы әуежайына дейін жиналған халық спортшының денесін көтеріп, 13 шақырым жаяу жүрді. Марқұм Ыстамбұл қаласында мәңгілік дамыл тапты.

17. Қазақстан бойынша тек Алматы қаласында Мұстафа Өзтүрік көшесі бар.

18. Ел оқырмандары М. Өзтүрікті белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев «Мұстафа» кітабы арқылы таныды. Документалист Халила Омаров ең алғашқылардың бірі болып Мұстафаның көзінің тірісінде деректі фильм түсірді.

19. 2014 жылы «КТК» арнасының тапсырысымен М. Өзтүрік жайлы «Алаштың айбоз ұлы» деректі фильмі түсірілді. «31» арнаның «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасы тарихи тұлға жайлы қызықты деректерді ұсынды.

20. Мұстафа Өзтүріктің жұбайы мен ұл-қыздары қазіргі уақытта Германияда тұрып жатыр.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English