«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақтың «Қазбек тауы». Ол кім?

1264 0
Қазақтың «Қазбек тауы». Ол кім?
Абақтының тірі тамұғынан аман шыққан Зікірия Мұқиұлы бұдан кейін де арпалыс-шайқастардың талайын бастан кешіреді

Кітап – ақпаратты сақтау, тасымалдау, ұсынудың сенімді құралы ретінде ғасырлар жүзінде адамзатқа қызмет етіп келеді. Сандық дәуірде де өз позициясын әзірге бере қойған жоқ. Идеялық өзегі компартиялық мұраттар жолына құрылған десек те, советтік дәуір дәурендеп тұрған кезеңде жарық көрген кітаптардың өзінде талай тарихтың, тағдырлардың сорабы жатыр. Біз мақаламызға солардың бірін арқау етпекпіз.

Белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» атты кітабының басты кейіпкері Мұқаметқалидың атынан баяндалатын мынадай жолдар бар: «Енді бір жолдасым – Зікірия Мұқиев. Бұл бір адамның алыбы. Отыз пұт теңді иығына салып жүре береді. Оның жолдастары арасындағы аты – «Қазбек гора». Тұлғасына қарап қойылған». Жарты тонна жүкті еш қиналмай иығына салып көтеріп жүре беретін алып қазақ Зікірияның «Қазбек тау» аталуы да бекерден бекер болмаған-ау, сірә! Бізді қызықтырғаны тек бұл ғана емес, Зікірия Мұқиев есімі Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», «Есею жылдары», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» қатарлы қалың оқырманға кеңінен таныс кітаптарында, сондай-ақ өзге де еңбектерде аталып жататындығы еді.

Ең әуелі «Қазыбек тау» деген лақапқа қатысты қысқаша тоқтала кетейік. Кавказдағы осетин халқынан шыққан әйгілі палуан Темірболат (Бола) Кануковты (1869-1922) замандастары 225 см бойы, 220 кг салмағына байланысты орысша «Казбек гора» деп атаған екен. Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» әңгімесіндегі:

Мартынов, Поддубный, Ганс Гаван, Қазыбек тау...

Бәрін де Қажымұқан жығып жүрді-ау, –

дейтін жолдардағы Қазбек тау – осы Кануков (суретте) екені анық. Кавказдың бұл алыбы да Қазақ даласының батыры Қажымұқанның тегеурініне төтеп бере алмаған екен.

Енді қазақ «Қазбек тауы» Зікірия Мұқиевке оралайық. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» мемуарлық еңбегінің екінші кітабында: «Сол кезде қалалық милиция начальнигі болып, Зікірия Мухеев деген адам қызмет атқаратын. Қызылжар уезінде туған, ержете Омбы пристанында жүкші болған, 1917 жылдан бастап совдеп ісіне араласқан, Колчак директориясы кезінде абақтыға алынып, 1919 жылдың басындағы Омбы жұмысшыларының, көтерілісінде қашып шыққан, зор денелі, көзі алақандай, бұл ақ бұжыр, кескінді жігіт те байларға, оларды қолдаушыларға мейлінше қатал да. Әбілхайыр Досов соның пәтеріне түскен екен. Мен ол күнгі кешті сол пәтерде өткіздім. Мені жақсы білетін Зікірия не қылған адам екенімді баяндап бергеннен кейін Әбілхайыр менімен ашық сөйлесіп, туысқан адамдардай бауырына тартты. Әңгіме үстінде байқасам, Әбілхайыр Зікірия сияқты жуан жұдырықтың адамы емес, сана-сезімнің адамы» деп жазады.

Оқыңыз: «Ұлпан» романындағы Торсан өмірде қандай адам болған?

Қазақтың сорпа бетіне шығар азаматтары Қазан төңкерісі толық жеңістік алған тұстан бастап өмірлік ұстанымы тұрғысында ерікті-еріксіз екі лагерьге бөлінгені аян. Зікірия Мұқиұлының бұл тұрғыдағы бағыты коммунистік болыпты.

«Өмір мектебінің» бұл үзіндісінен біз Зікірия Мұқиевтің Қызылжар уезінен екен аңғарамыз және жазушы Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» кітабында алдыңғы мәліметке сарындас былайша жазған екен: «Досов (суретте) көрсеткен адреске ертеңінде барсам, Қызылжардың қалалық милициясының начальнигі Зікірия Мүкеевтің (Мұқи) пәтері екен. Әбілқайыр сол пәтерге түсіпті. Мүкеевті мен біраз уақыттан бері білемін. Негізі, Қызылжар уезінің «Саырайғыр» болысынан. Кедей семьядан. Негізі 1892 жылы туған болуы керек. Бала жігіт кезінде жұмыс іздеп Омбыдағы жасырын ұйымына қатысады да, 1917 жылы Омбыдағы Совдепті құрушылардың бірі болады».

Қызылжар уезінің «Сарыайғыр» болыстығына қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының жері, Аралағаш аулының төңірегіндегі жерлер енген екен. Бұл өңір ежелден Жолдыөзек атаныпты. Негізінен он екі ата атығайдың бір бөлімі Қойлы атығайдың Есенаман атасынан тараған ұрпақтар Есіл бойындағы мекендеріне қарашекпендер қаптаған тұста ХІХ ғасырда осы араға келіп орныққан екен.

Зікірия Мұқиұлы – осы елдің адамы (сөз арасында айта кетерлігі, қазақ киносының жаңа жұлдызы Самал Есләмова да осы топырақтан, Аралағаш ауылынан).

Біздің қолымызға Аралағаш аулының тумасы, жергілікті өлкетанушы Молдахмет Сұрағанұлының «Ауылым – алтын бесігім» атты кітабы түсті. Мұнда Зікірия Мұқиұлы туралы мынадай дерек бар: «Зікірияның әкесі Мұқи – сіңірі шыққан кедей, шаруашылығында бір ат, бір сиыры ғана болған. Ержетіп қалған Зікірия әке-шешесіне көмектеспек ниетпен кәсіп іздеп Қызылжар қаласына келеді».

Міне, осылай ертерек қала өміріне араласқан ауыл баласының өмірі бұдан былай асау дарияның адуын ағысына ұрынған ескексіз қайықтай зымыраған екен. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» кітабында былай дейді: «...Лагерь ішінде асхананың қайнаған су алатын жерінде бір күні су ала келген көп жолдастардың арасында тұрған Зікірия Мүкейұлын көрдім. Амандасып, сөйлесіп қалдық. «Сен баракта жоқ едің ғой...» десем, Зікірия лагерьдің ішіндегі бір берік бөлмеде (карцерде) жатыр екен.

Біз лагерьге келмей тұрғанда, баракта жатып жүрген кезінде, Зікірия бір күні асханаға су ала келген бетінде, қашуға ыңғайланыпты. Оны күзетші чехословактар сезіп қалып, Зікірияны ұстапты. Жауап алғанда Зікірия ештеңе білмейтін мылқау болып сөйлепті. Содан соң Зікірияны барактарға қоймай, лагерьдің ішіндегі бірен-саран жазалыларды қамайтын берік бөлмеге жауып тастайтын болыпты. Берік бөлмеден Зікірияны көп шығармайды екен. Біздің оны көрмей жүргеніміз сол екен».

Оқыңыз: «Бандыны қуған Хамит» – Тәңкібаев емес, Тоқин

Бұл Сәкеннің атаман Анненковтың азап вагонындағы қиындықтарды бастан кешіп, жазалау лагеріне қамалған кезі еді. Зікірия Мұқиевтің бұған дейінгі іс-әрекеті туралы Сәкен Сейфуллин былайша баяндайды: «Омбыдағы қазақ жұмыскерлерінің біразы жаяу отрядта болған. Біразы атты отрядта болған. Жаяу отрядта қазақ жігіттерінің ішіндегі басшылары: Мұқаметқали Тәтімұлы, Шөкейұлы, Жұмабай Төленбайұлы, отрядтың ішіндегі басшылары: Угар (Мұқатай) Жәнібекұлы (суретте), Зікірия Мүкейұлы».

Аталған кітапта Зікірия Мұқиев қатарлы қазақ жігіттерінің ақ чехословактармен Омбы маңындағы қиян-кескі шайқасы туралы мынадай дерек бар: «Куломзино станциясында чехословактармен тағы да қып-қызыл соғыс болады. Тағы да қырғын болады. Адамның қаны тағы да судай ағады. Куломзино станциясында адам қаны тамбаған жер қалмайды. Ақырында жау Куломзиноны да алып, Омбыға кіреді. Куломзинода соғысқан жиырма бес қазақ жұмыскерлерінің жиырмадайы оққа ұшады, тірідей қолға түскендерін чехословактар тілгілеп өлтіріп, бастарын мыжғылап ағашқа асып кетеді. Бұл соғыстағы қазақ жігіттерінен Зікірия Мүкейұлы қолға түсіп, аман қалады».

Абақтының тірі тамұғынан аман шыққан Зікірия Мұқиұлы бұдан кейін де арпалыс-шайқастардың талайын бастан кешіреді. 1921 жылы Орынбор жұмысшылар факультетін (рабфак) бітірген соң милицияда, губерниялық іздестіру басқармасында жұмыс істейді. 1924 жылы ҚазАССР Ішкі істер халкоматының (НКВД) халкомы (қазіргіше, министрі) болып тағайындалады. Осы қызметте бірнеше ай ғана жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұған себеп – өз атына түскен, ертеректе болған әлдебір оқиғаға қатысты арыз екен.

«Адырна» ұлттық порталында жарық көрген «Қазақстан Халком Кеңесі бұрынғы Төрағасы Сәкен Сейфуллиннің КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы И.В. Сталинге жазған баяндау хатында» Зікірия Мұқиевтің қызметтен кету себебі – сол кезде билікте ықпалды болған алашордашылар тарапынан ұйымдастырылған қадам еді деп атап көрсетеді: «...1917-18 жылдардың күрескерлері – жолдас Жәнібеков, Мүкеев, Байсалықов сынды, кезінде біз қолдау көрсетіп, уездер мен губерниялардан шығарып алып, басшы қызметтерге ұсынған жекелеген қазақ жұмысшыларын қолдарынан келгеннің бәрін істеп, қайткенде де бізден аластауға тырысып бақты. ...Мүкеевті Ішкі істер халық комиссары етіп, Байсалықовты ҚырОАК төрағасының орынбасарлығына тағайындады, тіпті ол ҚырОАК-нің төрағасы болады деген өсекті де таратып жіберді, ал ҚырОАК мүшесі Жәнібековты орта буын командирлер даярлайтын өлкелік милиция мектебінің бастығы етіп қойды. Өздері күшейіп алғаннан кейін, Омбыдан Мүкеевке қарсы, оны 1917 ж. бір омбылық көпестің дүкенін тонауға қатысты деп айыптайтын материал тапты (ол үшін Омбыға бір кісі арнайы барып келді)». Қалай болғанда да, осы бір атпал да аңғал азамат билік үшін күрестің ықпыл-жықпылында жолы болмағанға ұқсайды.

Оқыңыз: 1917 ж. Қазан төңкерісі және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері

Басы шырғалаңға ұрынған азамат бұдан кейін ішкі істер саласындағы жұмыстан аулақтайды. Дүкен меңгерушісі, рудник директоры, гараж меңгерушісі сияқты қызметтер атқарады. 1930 жылы Зікірия Мұқиев сол кездегі аса маңызды сала – маршал С.М. Буденныйдің өзі тікелей бақылап отырған жылқы шаруашылығына қызметке келеді. Әйгілі Қостанай жылқы зауытын басқаруға кіріседі. Арнайы іссапармен Қостанайға келген маршал С.М. Буденный Зікірия Мұқиевке зауыт жұмысын жақсы жолға қойғандығы үшін қылыш сыйлайды. Қостанай облыстық жылқы шаруашылығының басшысы қызметінде жүріп 1938 жылы тұтқындалады. Патша билігіне қарсы күрестен бергі ұзақ жылдық еңбегін «ескергені» бола, ату жазасынан аман қалады. Тұтқындар лагерінде 1942 жылы өмірден өтеді.

Міне, өз тұсында «қазақтың «Қазбек тауы» аталған атан жілік атпал азамат, патша билігін төңкеру, туған өлкені ақгвардияшылардан азат ету, ел ішінде тәртіп орнату жолында аянбай еңбек еткен қазақтың бір ұлының тағдыр тәлейі осылай болыпты. Дәуірлер тынысынан сыр шертетін кешегі кітаптарда есімі аталатын бір кейіпкер жайындағы мәліметтерді жиынтықтап ұсынуға ұмтылысымыздың нәтижесі осы болды. Кітап – дәуір шежіресі.

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ.

adebiportal.kz

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English