«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ұлы Дала – планетадағы ең алғаш металл қорытқан жер

1827 0
Ұлы Дала – планетадағы ең алғаш металл қорытқан жер
Ең алғаш боп қай жерде металл табылды? Кімдер бірінші болып металл балқытты, өңдеді?! Ойланып жатырсыз...

Мұқабасында көне Пальмира шаһарының қирандысы бедерленген әлгі «ДҮНИЕЖҮЗІ ТАРИХЫ» не деп еді өзі? Грек жері, әлде Месопатамия? Осы екеуінің біреуі болуы кәдік. Иә, тарихқа қатысты кітаптың түгелі, сізге дүниенің тарихын, сол Жерорта теңізінің айналасынан тараған деп оқытқан. Сондықтан ғой, сіздің сол маңды сипалап кеткеніңіз. Алайда, ең алғаш металл – Эллада емес, Ұлы Далада табылған, өңделген.

Жапон ғалымы Ясуюки Мураками: «Ұлы дала – адамзаттың ең алғаш металлмен танысқан мекені» деген байлам айтып отыр. Осылай болуға тарихи жайт та, физикалық-географиялық жағдайлар да себепкер болған. География дегенде былай ғой. Күллі әлем бойынша, тек Қазақ даласында ғана құрамында металлы көп тастар, жер бетіне тым жақын жатыр. Дәл осы факті – көне заман адамдарының металлмен ойда-жоқта танысуына өте бір қолайлы жағдай туғызды.

Сонымен тас ғасырындағы далалық жылыну үшін, яки соғып алған аңын қақтап жеу үшін, қыр-төбе басында шашылып жатқан, жасыл-қызғылт түсті тастарды жинап, ошақ қалады. От қойды. Қатты қызған кезде кейбір тастардан қызыл-қошқыл балқыма аққанын көрді. Суығасын әлгі қоймалжың қайтадан қатты боп қалғанын байқады. Не керек, еріген тасты қолға алған далалық енді әдейілеп тастарды отқа қоя бастады. Осылайша, Ұлы Далада алғашқы металлург өмірге келді.

«Жібек жолынан» бұрын «Ұлы мыс жолы» болған...

Ошақтың қызуына бірінші боп балқыған металл – мыс еді. Себебі, мыс-жез үшін, оттың ыстығы 650 градустан асса, аздап қоймалжыңданады. Сондықтан бұл жұмсақ металды әуелде кәдімгі ошақтарда ерітіп жүрді. Бірақ, қарапайым ошақтан шыққан жез ьжөнді балқымай, құрамында қож көп қалдыратын болыпты. Уақыт өте пешке ауа үрлесе, ошақтың ішіндегі градус 1000 температураға дейін көтерілетінін, сөйтіп мыс су секілді сақылдап қайнайтынын көрді. Міне, осыдан соң далалықтар арнайы көрік-пештерді ойлап тапты. Ақырын-ақырын Сарыарқада, жез-мысты өндіру-өңдеу ісін өмірлік кәсіп еткен адамдар легі пайда болды. Бір шоғыр емес, бұл іске күллі тайпалар тартылды. Бұған дәлел: Жезқазған төңірегінен бұдан 40 ғасыр бұрынғы, бір сәтте 10 мың адам жұмыс істеген металлургтер қонысының табылуы. Ойлаңызшы, 10 мың металлург! Бұл дегенің – ежелгі дәуірде-ақ біздің жерде Балқаш, Теміртау секілді металлургиялық корпорациялар жұмыс істеген деген сөз емес пе?!

Айтпақшы, сол көне металлургтердің қоныстарынан күйдірілген құмыралар табылып жатыр. Зерттей келсе, түгелі Үндістанда дайындалған, Иран жерінен әкелінген бұйымдар боп шықты. Бұл дегенің, осыдан 5 мың жыл бұрын сол өлкенің көпестері Сарыарқадағы металлургтерге келіп, айырбас сауда жүргізді деген сөз. Мысты руда күйде, құйма түрінде Орталық Қазақстаннан алып кеткен саудагерлер Жерорта теңізі маңындағы елдерге апарған. Неміс ғалымдары, грек қалаларының орнынан тапқан мыс ыдыстарға спектрлік анализ жасап, бұйымның металы осы Жезқазғанның рудасына 100 пайыз келетінін дәлелдеп отыр. Қысқасы, қазақтың Сарыарқасы – ең бірінші рет металл табылған, сол жұмсақ металды әлемге «Ұлы Мыс жолы» арқылы пұлдаған мекен.

Сағындық Жауынбаев, тарихшы: Тас ғасырын ең бірінші боп тәмамдаған біздің бабалар еді. Олар, алғашқы металл – жезді игерудің жолын тапты. Олай болса, энолит яғни «мыс дәуірі» бізден басталған. Сондай-ақ, қазіргі біздер, 7-8 мың жыл бұрынғы алғашқы металлург бабалардың болжау қабілетінің дәлдігіне мәңгі рақмет айтуып өтуіміз керек. Себебі қазіргі Жезқазған, Балқаш маңындағы мыс, мырыш секілді металдардың кен орнын, 40-шы жылдары советтік геологтар ежелгі үйінділер мен шахталардың белгілеріне қарап отырып қана қайтадан «ашты».

Металл өңдеген бабаларымыз басқадан ұзағырақ өмір сүрді

Адамзат тас дәуірінен енді-енді мыс заманына өтіп жатқан тұста еркегінің де, әйелінің өмір ұзақтығы 30 жастың айналасы болыпты. Ал дәл осы мезетте Жезқазған өңірінен металл тауып, оны өндірістік масштабта өңдеп, пайдаланып бастаған бабаларымыздың өмір жасы 40-тан асатын болған... 

Металл өндірісі далалықтардың өмірін қалайша жақсартты, қайтіп ұзартты дейсіз ғой? 

Металл – көне заман үшін нағыз жаңа технология еді. Ал технологияны қолында ұстап отырған ұлттың өмір сапасы – қашанда басқадан жақсырақ, ұзағырақ болады. Бүгінгі жапондар дәлел емес пе? 

Көне дәуірде бабамыз өндірген бір қой тұяғындай ғана металына өзге жұрт отар  қойын беретін. Ал қазір жапонның қой тұяғындай ғана телефонына жарты байлығыңды бересің. Технология кімнің қолында, сол шалқып өмір сүреді деген осы ғой! Шалқып өмір сүрген тиісінше ұзақ ғұмыр да сүреді...

Қазақ тілі мыс дәуірінде қалыптасты

Адамзаттың ең алғаш таныған металы – жез. Енді мынау қызыққа қараңыз: римдіктер Кипр аралын жаулап алғанға дейін, әлемнің көне жұрты – гот, грек, ассириялықтар мысты «йез» деп атаған. Яғни жезді ең алғаш кім тапты, күллі әлем сол табушының қойған атымен (біз қойған атпен) айтып жүрген. Римдіктер Кипрді өзіне қаратқасын, мыстың мол қорын тауып, содан бастап жезді «купрум» дей бастады. Яғни «кипрлік» дегені ғой. 

Жез деп жатырмыз ғой. Әлем жұрты, бұл металдың бір ғана атын, түрін біледі. Ал қазақ - түрі, сапасына қатысты 3-ке бөледі. Сап-сарысы – жез. Қызылы – мыс. Қара-қошқылын бақыр атаған. 

Айтпақшы, қазіргі біз қолданып жүрген қазақтың тілі – адамзат ең алғашқы металл мысты өңдей бастаған дәуірде-ақ қалыптасты. Атақты ғалым Едіге Тұрсынов «Этногенез казахской бытовой сказки» деген кітабында бұған тыпыр еткізбес дәлелдер келтіреді. Бірер мысалын келтірсек: «Ер Төстік» ертегісінде Жезтырнақ Көлтаусар, Таусоғарларды жез сарайға қамап қоятыны бар емес пе?! Неге батырларды темірден емес, болаттан емес, жезден жасалған сарайға қамайды? Неге? Ол аз болса, жалмауызды жезтырнақ дейді. Болат-тырнақ, шойын-тырнақ демейді. Сонда, бұл аңыз-ертегі мыстан өзге қатты металл әлі жоқ кезде мыс-қола дәуірінде пайда болғаны анық! Олай болса, қазақ тілі де сонау қола дәуірінен тамыр тартады деген сөз. Сақтар Иран тілді деген өтірікті де осы металл тарихын зерттей берсек, әшкере ететін де шығармыз?

Қола дәуірі қазақ даласына «тәуелді» болды

Тау арасынан қазып алған мыс рудасынан, далалықтар ыдыс-табақ, қазан жасады. Ине, түйме секілді тұрмыстық бұйымдары да, осы жезден еді. Уақыт өте әлемге мыс сатып, одан қалды басқа халықтарға мысты табудың тәсілдерін, оны өңдеу технологиясын үйреткен прото-сақ тайпаларының байлығы артты. Енді сол байлықты қорғау керек болды. Бірақ, мыстан жасалған қылыш, семсер тым майысқақ болатын. Жезден жасалған жебе, ағаш қалқанды да тесе алмайтын еді. Күллі әлем жұрты, қолындағы металдың беріктігін арттыру үшін нешетүрлі қож, қоспаны араластыра бастады...

Осыдан 6 мың жыл бұрын, мысқа қалайыны қосып, өте берік қола дейтін қоспа алынды. Осылайша адамзат қола дәуіріне аяқ басты. Бірінші рет қоланы кім қорытып алғанын, ешкім дөп басып айта алмайды. Бір тарихшылар сол баяғы Таяу Шығысты нұсқайды, енді бірі – Грек металлургтерінің жемісі деседі. Бірақ, қалай дегенде де, қола дәуіріне көшкен адамзат бәрібір Ұлы Далаға тәуелді еді. Себебі, қоланың негізгі компоненті – қалайының өте үлкен кен орны, ол заманда тек Жезқазған өңірінде, Алтай етегінде ғана бар еді. Күллі әлем, қалайыны осы мекеннен ғана алып кетіп отырған.

Археолог Зайнолла Самашев Сарыарқадан күллі әлемге тарамдалатын бұл сауда жолын «Ұлы қалайы жолы» атайық деген ұсыныс айтып жүр.

Қола дәуіріндегі апокалипсис. Ұлы Даланың не қатысы бар?

Одиссей, Моисей дейтін кейіпкерлерді танисыз ба?! Әуелгісі қалың гректі ертіп әкеп, Трояны құлатты. Кейінгісі еврей жұртын Мысыр құлдығынан алып шығып, алғы Азиядағы біраз қалаларды жаулап алды. Қызығы, бұл екі оқиға да, қола дәуірінің апаты дейтін заманда өтіпті.

Осыдан 4 мың жыл бұрын, сол Одисей мен Моисей өмір сүрген өңірде ірі-ірі Мысыр, Хет, Минос деген империялар дүрілдеп тұрды. Бұл мемлекеттер өзара бірде тату, бірде қату болды. Сауда керемет жүрді. Көп қабатты үйлері бар шаһарлар пайда болды. Кемелер теңізде өріп жүрді.

Содан кейін осы кереметтің бәріне апат келді. Оны ғалымдар қола дәуірінің апокалипсисі дейді. Ол бәлекетке себепкер – қалайы металының жоғалып кетуі еді. Қалайының дефицитке айналуы, ол дәуірде қаншалықты катастрофа болғанын сезіну үшін, бүгінгі заманмен салыстырып көрейік. Мысалға елестетіңізші! Әлем бойынша, бір сәтте мұнай жоғалып кетті делік. Не болады? Машина жүрмей қалады. Кемелер портта қаңтарылып қалады. Бұл бер жағы... Осы мұнайдан пластмасса, май, резіңке өндіріледі емес пе? Олар жоғалса, шикізат жоқтығынан компьютер, нанотехнологиялар шығаратын зауыттар, фабрикалар жұмысын тоқтатады.

Ал енді қола дәуірінде қалайы жоғалып кеткенде, не болғанын елестеттіңіз бе? Ыдыс-аяқтан бастап, әскерінің қару-жарағына дейін қоламен құйып келген адамзат не істерін білмей қалды. Қоланың жоғалуы – Жерорта теңізіндегі империяларды тас ғасырына бір-ақ түсірді. Гректер алфавитін жоғалтты. Әріпті қойшы! Әлгі жырға қосып жүрген, өте ақылды, қу патша еді деп мақтап жүрген Одиссей сиыр-ешкілерімен бір үйде тұрған. Патшаның өзі осылай тұрса, кедейдің хәлін ойлай беріңіз. Патшалықтардан күш кетті деген сөз ғой бұл. Сол күш-қуаттан айырылғаны сонша, кезінде дүркіреп тұрған Мысыр өзінің құлақкесті құлы еврейлерге шамасы келмей, олар қашып кетеді. Осы кезде бай Троя өз байлығын қорғай алмай, отқа оранды...

Әлемдік катастрофаға не себеп болып еді? Қоланың негізгі элементі қалайы келмей қалды. Қайдан келуі керек еді? Ол заманда, қалайының жалғыз кен көзі Ұлы Дала, Жезқазған маңайы болатын. Өте қат қалайыны қазып ап, әлем елдеріне жеткізіп отырған Ұлы Дала ақ металл өндіруді неге  сап тыйды екен?!

«Темір дәуірі» біздің даладан басталды

Қазақ ғалымы Сағындық Жауынбаев, жапон зерттеушісі Ясуюки Муракамимен бірлесіп, Жезді, Ұлытау өңіріндегі көне металлургтердің қоныстарын зерттегені бар. Сол қазба жұмыстары кезінде, бүлінбей бізге жеткен металл балқытқан пеш табылды. Ошақ осыдан 4 мың жыл бұрын соғылған дейді. Бұл кезеңде Жерорта теңізі маңындағы өркениеттер «қола дәуірінің ақыретін» бастан өткеріп жатты емес пе?! Сол, алдыңғы Азиядағы катастрофаға осы ошақтың тікелей қатысы бар болып тұр ғой.

Жапон ғалымы, пештің қабырғаларын спектрлік анализ арқылы зерттегенде көп мөлшерде темірдің балқымасын тапты. Бұдан шығатын қорытынды: күллі әлем қола дәуірінде жүргенде далалықтар темір ғасырына өтіп кеткен. Адамзат өркениетінен тұп-тура 500 жыл бұрын, қазан-қасықтан бастап, қылышқа дейін темір металынан соға бастапты. Әне, қалайыны сап тыюдағы себепті дала жұртының қоланы тастап, темірге өтіп кеткенімен түсіндіруге болады.

Сағындық Жауынбаев, тарихшы: – Әзірге Жезді мен Ұлытау өңірінен, осыдан 3,5 мың жыл бұрынғы темір балқытқан екі-ақ пештің орны табылды. Амандық болса, ол өлкеден әлі жүз шақтысын табамыз деген ниет бар. Егер қола дәуірінде, темір балқытқан пештер, қоныстар тағы да табылса, дүние жүзіне айта аламыз: Міне, Орталық Қазақстан алғашқы темірді балқытқан, темірдің отаны деп.

Алтай мен Қарқаралы аймағында зерттеулер жүргізген жапон археологы Ясуюки Мураками Ұлы Дала темірдің отаны дегенге кәміл сенімді. Ғалым ежелгі металлургияның таралу, даму бағыттарының картасын жасап, енді әлемдік ғылымға «Ұлы темір жолы» деген термин енгізіп отыр.

Ясуюки Мураками, Көне шығыс азиялық темір мәдениетін зерттеу орталығының директоры: – Темір рудасын балқытатын пештер әлемде алғаш рет Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда салына бастағанын айғақтайтын бұлтартпас дәлелдерді тауып отырмыз. Алдағы уақтта осы Ұлы Даладан басталған темір өндірісі, қай заманда, қай жерге жетті, біз сол темір жолының картасын  жасамақпыз. Ол әйгілі Жібек жолынан маңыздырақ әрі ертерек басталған. Мысалға, көшпенділер осыдан 3 мың 500 жыл бұрын темірге көшсе, әлем 500 жыл кешігіп, темірге өтті. Ал Қытай 700 жыл кейін танысты. Темір өндірісінде, жапон жұрты 1 мың жыл кешікті. Көрдіңіз бе, темірдің жолы қалай тарамдалғанын көріп отырмыз.

Қорытынды орнына: Тарихқа еуроцентристік көз­қараспен қарайтындар «көш­пелілер бей-берекет көшіп-қонып жүрген, оларда өндіріс орындары болмаған» деген жаңсақ ұғым қалыптастыр­ған-ды. Ал, шынтуайтында, «біздің жері­міз – материалдық мәдениет­тің көптеген дүниелерінің пайда болған орны». Оның ішінде, алғаш металлургия ісі де осы ҰЛЫ ДАЛАда басталды. Бұған заттай дәлелден бөлек тілдік-морфологиялық фактілерді де алға тартуға болады. Мысалға: Қазақтың төл шаруашылығы дейтұғын мал бағу ісінде бөтен жұрттың жүзден астам сөзі бар. Қызық ә?! Ал енді металл атауы, металл балқыту ісінде сенесіз бе, бірде-бір араб, парсының термині жоқ. Алтын, мыс, мырыш, қалайы, темір, сынап, күміс... Қысқасы осындай металдардың, сол металдарды бір-бірімен араластырғаннан алған құймалардың 150-ге жуығының атауы тап-таза өзіміздің тілде. Бұл дегенің – қазақтың арғы атасы темірші болды, сол металдарды өзі ашты деген сөз. 
 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English