«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Шарль де Голль шарлаған із Байқоңырда жатыр

2141 0
Шарль де Голль шарлаған із Байқоңырда жатыр
Әйгілі француз генералы, Францияның негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті Шарль де Голльдің қазақ жерінде болғанын біреу білсе, біреу білмес

Бұл оқиға 1966 жылы болған еді. 25-26 маусымда Шарль де Голль Францияның Сыртқы істер министрі Кув де Мюрвилмен бірге «Байқоңыр» ғарыш айлағына ойламаған жерден кеп қалады. Франция елшісі Франсис Этьеннің айтуынша, Шарль де Голль – біздің ғарыш кешенінде болып қайтқан тұңғыш шетелдік қонақ.

Бұл тарихи оқиға осыдан 50 жылдан астам уақыт бұрын, 1966 жылдың 25 маусымында орын алды.  Жоғары лауазымды шенеуніктер «Восток-2М» зымыран-тасығыштан «Космос-122» метеорологиялық жерсерігінің ұшырылуын бақылады. Шарль де Голль біздің ғарыш кешеніне келген тұңғыш шетелдік қонақ болғанын айта кеткен жөн.

Француздық қонақтарды Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қарсы алды. Н.С. Хрущев бастаған советтік делегация 1960 жылдан бастап де Голльмен келіссөздер жүргізген еді. Францияда өткен кезекті кездесу кезінде екі елдің бір-бірімен жақындасуға талпынысы мен соғыстан кейінгі туындаған мәселелердің кейбір аспектілеріне ортақ көзқарас көрініс берді.  

1964 жылы Совет Одағы мен Бесінші республика арасында ұзақ мерзімді сауда келісімі жасалса, 1965 жылы атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану мен ғарышты зерттеудегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Екі елдің сыртқы істер министрлері екі елге сапар жасады. «Нью-Йорк таймс» газетінің Париждегі тілшісі Шарль де Голльдің сыртқы саяси міндеттерін былайша тұжырымдайды:

1) Францияның «ұлттық қауіпсіздігін», өзінің жеке ядролық тежеуші құралын және сыртқы саясат саласындағы іс-қимылына толық еркіндікті қамтамасыз ету;

2) АҚШ-тың Еуропаға әсерін жоя алмаса, онда оны әлсірету;

3) Еуропаның қақ ортасынан өтіп, оны екі блокқа бөліп тұрған «қырғи қабақ соғыстың» майдан шебін бұзу;

4) Атлантикадан бастап Оралға дейінгі тәуелсіз мемлекеттер экономика және саясат саласында ешбір саяси және әскери интеграциясыз тығыз ынтымақтастықта болатын  «Ұлы Еуропаны» жасауға негіз дайындау.

1966 жылдың 20 маусымы советтік реактивтік жойғыш ұшақтардың ілесіп жүруімен француз президентінің «Каравелла» ұшағы Внуково-2 аэропортына келіп қонды. Француз президентін, оның жұбайы Ивоннаны, ұлы Филиппті, сыртқы істер министрі Кув де Мюрвильді және басқа да ілесіп жүрген тұлғаларды ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Н.В. Подгорный мен ССРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н. Косыгин жылы шыраймен қарсы алды.

Француз лидерін қарсы алуға құрметті қарауыл тұрғызылып, екі елдің Мемлекеттік әнұрандары орындалды. Салюттен кейінгі салтанатты жиында Шарль де Голль келіссөздерге қатысты ешбір күдік білдірмей, «В моём лице французский народ приветствует великий советский народ!» деп орысша бірнеше сөз ғана қосып қойды.

Байқоңырға келердің алдында Шарль де Голль Мәскеу мен Новосібірде болып үлгерді. Жоғары лауазымды шенеуніктер отырған ұшақ 25 маусым ертемен Қазақстанға қарай бет алды.  

Осы ұшақтың соңынан бортына президент Шарль де Голль, оның ұлы – полковник Филипп де Голль, Кув де Мюрвиль, генералдың адъютанты, жеке дәрігері мен аудармашы мінген екінші экипаж да әуеге көтерілді. Бірнеше уақыттан кейін екінші ұшақтың борты аздаған ақауға байланысты және Франция президентінің қауіпсіздігі үшін аралық аэродромға қорнатындарын хабарлады.

Шын мәнінде, ұшақта ешбір ақау болған жоқ еді – ұшақ Байқоңырға бет алған болатын. Байқоңыр ғарыш айлағына келіп, ғарыш серігін орбитаға ұшыру кезінде болуға совет үкіметі рұқсат еткен тұңғыш шетелдік мемлекет басшысы Шарль де Голль болды.

Бұл үшін совет басшылығы «Пальма -1» арнайы операциясын әзірледі, операцияға стратегиялық мақсаттағы әскерлер қатысып, операцияға СОКП ОК Бас хатшысы Л.И. Брежневтің өзі басшылық етті.

Де Голль – НАТО елдері басшыларының ішінде «Қырғи-қабақ соғыстың» дәл қызып тұрған кезінде ССРО аумағындағы құпия нысанда болған жалғыз басшы. Бұл құпия нысанда советтік стратегиялық зымыранда ұшырылатын.

Байқоңыр кездесуге лайықты түрде дайындалды: «қалашықты жай ғана бояп қойған жоқ, толығымен сырланды, жолдарды әдеттегідей «жамап» қана қойған жоқ, толығымен жаңа асфальт төселді. Тіпті қалашықтың аты да өзгертілді: құлаққа үйреншікті болып кеткен «Ленинск» дегеннің орнына көгілдір қалқанға «Звездоград» деп жазылды.

Зымыран керемет ұшырылып, Франция президентін таңғалдырғаны соншалық, ол ғарыш кеңістігін зерделеу бойынша ұзақ мерзімді совет-француз келісіміне қол қоюға әзірлігін білдірді. Советтік ғарыш айлағынан естелік ретінде тура бақылау пунктінде Л.И. Брежнев Ш. де Голльге  «Космодром Байконур» төсбелгісін табыс етті.

«Кейбір тарихшылар «Пальма-1» операциясы стратегиялық зымырандардың көрсетілімді ұшырылуы бітісімен аяқталған жоқ, ол генерал де Голль билік басында қанша болса, сонша уақытқа дейін жалғаса берді деп санайды.

Ол Францияның НАТО әскери ұйымынан шығатындығын жариялап, 1967 жылғы 1 сәуірге қарай оның аумағынан 33 мың шетел солдаттары мен офицерлерінен тұратын барлық 29 шетелдік база шығарылды. Парижде орналасқан НАТО штаб-пәтері де шығарылды. Де Голль жасаған қадамдар «Пальма-1» жұмысының нәтижесі емес, оның мемлекет тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, Францияға бұрынғы асқақтығын, ал француз халқына – өркендеуін қайтаруға бағытталған саясатының жалғасы еді».

Кейбір мәселелердегі келіспеушіліктерге қарамастан, бұл сапардың нәтижесі жемісті болды. Осы сапарда, 30 маусымда, Бәсеңдету декларациясы деген атпен танымал болған совет-француз декларациясына қол қойылды.

Бұл декларацияда екі жақты қатынастардың даму қағидаттары айтылды, олардың екеуі кейін 1975 жылғы Хельсинки актісіне енгізілді: бұл – бір-бірінің ішкі істеріне араласпау және мемлекеттік егемендікті сыйлау.  

 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English