«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Шығысты археологиялық зерттеу

2361 0
Шығысты археологиялық зерттеу
Шығыс Қазақстан территориясы – Еуразия даласындағы археологиялық зерттелу тарихы 200 жылды қамтитын бірден-бір бірегей аймақ

Өлкенің табиғит зонасы, аса бай фаунасы мен флорасы, ірі су магистралы Ертіс өзенінің бойы көне заманнан адамзат баласы үшін қолайлы қоныс саналған.

Аталмыш аймақтың зерттелу тарихы өз бастауын ХVІІІ ғасырдан, нақтырақ айтсақ, қазақ даласына ұйымдастырылған Академиялық экспедиция мәліметтерінен алады.

Қазақстан мен Сібір даласының тарихи-географиясын біршама қамтыған дерек 1701 жылы жазылған С.У. Ремезовтың «Сібірдің сызба кітабы» деп аталатын еңбегі. Бұл атласта Торғай, Есіл, Сарысу өзені бойларындағы көне қалашықтар мен құрылыстар жайында, Ертіс өзені алабының Қабылғасұн алқабындағы мешіт, Қара Ертіс алқабы мен Тарбағатай тауларындағы жазбалар қамтылған.

ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде Қазақстан мен Сібірге бірнеше экспедициялар ұйымдастырылды.Олар: А. Бекович-Черкаскийдің (1714-1717) Хиуаға, Ф. Беновеннің (1719-1725) Бұхараға, И.Д. Бухгольцтің (1715-1716) және И.М. Лихаревтің (1720) Ертістің жоғарғы жағына және И.С. Унковсийдің Жоңғар Алатауына жасаған сапарлары және т.б. Осы сапарлар барысында жиналған ақпараттар І Петрді көне жәдігерлерді жинауға және зерттеуге итермеледі. Алтындарды, моладан табылған зергерлік бұйымдарды жинап, Берг-коллегияға немесе Москва мен Петербургке жіберуге бұйрық берді [1, с. 14].

1718 жылға дейін І Петр екі үкім шығарып, көне жәдігерлерді қорғауға назар аударды. Үкімдерде обалардан алынған ежелгі адам қаңқасы үшін 1000 рубль, бас сүйегі үшін 500 рубль  сыйақы берілетіндігі жөнінде тармақтар кездеседі. Осы жарлықтың шығуымен Сібір мен Қазақстандағы археологиялық ескерткіштер аясыз тонауға ұшырады. Патшалық Үкіметтің қолдауына суйенген жергілікті аймақтардағы әкімшілік билеушілер оба қазуды байлық көзіне айналдырды. Бұл І Петрдің Қазақстан мен Сібірдің мәдени ескерткіштеріне ден қоя бастағаны болатын. Осылайша І Петр ертедегі құнды ескерткіштерді құрып кетуден сақтау үшін қатаң түрде біраз шаралар қолданды. Бұл жөнінде Кеңес археологы А.П. Уманский: «Алайда ешқандай жарлық та, қатаң бұйрық та тонаушылықты тоқтата алмады, оба қазушылар өздерінің қылмыстық әрекеттерін жалғастыра берді. Нәтижесінде ХҮІІІ ғасырдың 20 жылдарының басында Алтай өлкесінде қазылмаған оба қалмады» [2, с. 97] деп шындықты ашып айтқан еді.

І Петр 1719 жылы Д.Г. Мессершмидтті көне жәдігерлерді жинау мақсатында Сібірге жібереді. 1719 жылы Тобылға келіп, онда 1721 жылдың жаз айларына дейін тұрды. Ол мұнда ғылымда Страленберг деген фамилиямен белгілі болған швед тұтқыны Таббертпен танысты. Тобылда Мессершмидт Страленбергтің қатысуымен Батыс Сібір мен Солтүстік-шығыс Қазақстан аймақтарына сапар шегіп, зерттеулер нәтижесін Петербургке хабарлап отырды [3, 136-137 б.]. 1721 жылы 25 мамырдағы жазбасында: «Есілде тұратын орыстар молалардан алтын мен күміс іздеуді кәсіп еткен» деген мәлімет келтіреді [4, с. 10]. Мессершмидтке жүктелген міндет түркілік зергерлік өнер туындыларын жинастыру еді. Бұл жағынан алғанда Коллекция заттары басқалар ойлағанннан әлдеқайда асып түсті. Мессершмидт басқарған экспедиция жұмысының нәтижесін Страленберг 1723жылы Швецияға қайтқаннан кейін, өзінің кітабында жариялады [5, с. 83]. 1722 жылы артиллерия капитаны Н. Унковсий аса құпия дипломатиялық жұмыспен Жоңғар қонтайшысы Севан Раптанға бара жатып, Ертіс бойында қазылып қалған көптеген қорғанның орнын көрген. Сол жағдайды күнделігіне: «И тако оные, яко погреба раскрытые по всей степи видны» [6, 101 б.] жазған екен.

Шығыс Қазақстанның ежелгі мәдениетін зерттеуде 1733-1743 жылдары Г.Ф. Миллердің басшылығымен ұйымдастырылған І Академиялық экспедицияның орны ерекше.Экспедиция Ертіс өзенін бойлай Тобылдан Өскемен бекінісіне дейін және Барнаул арқылы Томскіге жетеді. Г.Ф. Миллер кең көлемде Ертіс өзенінің жағалауына, Үлбі өзеніне, Өскеменнің маңына археологиялық барлау жасап, алғаш рет Қазақстан территориясының қола дәуірі мен ерте темір ғасырының қорған-қоршауларына қазба жұмысын жүргізді.Бұл академиялық экспедицияның Шығыс Қазақстан археологиясына қатысты деректері Г.Ф. Миллердің «Изъяснения о некоторых древностях, в могилах найденных» шығармасында топтастырылған. Бұл еңбектің біз зерттеп отырған тақырып үшін құнды болатын себебі қазба жүргізіліп, табылған заттарға ғылыми сипаттама берілген. Ғалымның айтуы бойынша, қорғандарды қазу себебін: «қабірдің ішкі құрылысын және сүйектердің қалай жатқызылғанын байқау үшін» деп түсіндіреді. Нәтижесінде молалардың әлдеқашан тоналғандығы анықталды. Алайда Г.Ф. Миллер Ертіс, Тобыл, Объ, Еділ өзендері алқаптарындағы обалардың саыл заттарға бай екенін атап өткен. Сібір мен Қазақстанның ескерткіштерін зерттеген академик Г.Ф.Миллер Петербургке аталмыш өңірлер жайында орасан зор мәтіндік және графикалық материалдар апарды. Г.Ф.Миллер сонымен бірге Колыван-Воскресенск зауытынан ежелгі обалардан табылған бірнеше алтын заттарды сатып алып, Императорлық Кунсткамераға өткізген. Қабірлерден таза алтын заттар сирек кездескен, ал күмісте әпқашан мыс қоспасы кездесіп отырған [7, с. 517-518]. Бұл деректер Шығыс Қазақстан өңірінде қола дәуірі мәдениеті кең таралғандығын айғақтаса керек.

Миллер басқарған І Академиялық экспедиция құрамында Сібір мен Қазақстан өңірін зерттеуге қатысқан сол кезеңнің ірі ғалымдары И. Гмелин, Л. Делакроер, геодезистер А. Красильников, А. Иванов, Н. Чекин, М. Ушаков, және Сібірдің көрнекті тарихшысы И. Фишер болды. Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін зерттеген И. Гмелин өзінің төрт томдық еңбегінде көрсетілгендей, археологиялық ескерткіштер туралы айтарлықтай материалдар жинап, ескерткіштердің суретін салып, оларға сипаттама беріп, ежелгі жазбалардың жартастағы суреттердің санын анықтап, ежелгі құрылыстарды зерттеген. Г.Ф. Миллер Фишерге Ертіс бойындағы қоныстар мен құрылыстарды, ежелгі кен орындарын, қорытпа пештерін зерттеуді, Ертістің батыс жағында орналасқан ескерткіштерді қорғау мәселесін қоюды, обалар мен басқа да ескерткіштердің сыртқы формасын анықтауды, қазба әдісіне кеңес беруді, табылған заттарды хабарлап тұруды міндеттеді...

Қазақстан археологиясын зерттеуде 1768-1774 жылдары Орал, Еділ бойы, Қазақстан, Сібір халықтарының тарихын, этнографиясын, географиясын зерттеу мақсатында ұйымдастырылған ІІ Академиялық экспедиция айтарлықтай жұмытар атқарды. Экспедицияға көрнекті ғалымдар П.С.Паллас, И.П.Фальк, И.Г.Георги, П.И.Рычков, Х.Барданес және т.б. қатысты. П.С.Паллас Н.Витзен, Ф.Старленберг, И.Гмелин, Г.Миллер жазған ескерткіштерге тарихи-мәдени талдау жасап, нақты сипаттама берді [1, с.17-19]. Паллас Алтай тауындағы кен орындарына да сипаттама берген. Зерттеу барысында: «Олар Ертіс бойындағы молалардан алтын, мыс заттар табады. Мұнда молалар тас үйінді, төбешік түрінде көп кездеседі. Әсіресе Колыван тауында осындай молалар аз емес. Бұл төбешіктер Енисей өзені алабында кең таралған. Мыстан жасалған еңбек құралдары, қару-жарақтар мен тұрмыстық заттардың Енисей мен Ертіс Өзені алабындағы обалардан көптеп табылып жатқандығына қарап, осы екі өзен аралығында бай кен орындарының болғанын, кен орындарының көнелігі игерілуінің көнелігі ерте кезде ерте кезден-ақ бұл аймақта халықтар мекендегенін айғақтаса керек» [8, с. 151] деп қорытынды жасаған.

Революцияға дейінгі зерттеулерде өлкенің көне дәуір тарихына деген қызығушылықтар, зертеуге алғышарттар басталғанымен, Жоғарғы Ертістің далалық аудандарындағы қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу ақырын жүрді, қазба барысында жоғары ғылыми-әдістемелік деңгей жетіспеді, алынған материалдарды сақтау және ғылыми жұмыстар үшін толыққанды дерек реиінде пайдалану қиындықтар туғызды. Дегенмен алғашқы зерттеулер көрсеткендей, қола дәуірінде мекендеген Ертіс бойының тайпалар мәдениетіне байланысты құнды мәліметтер алынды.

Шығыс Қазақстанның қола дәуірін зерттеу В.В.Радловтың есімімен тығыз байланысты. В.В. Радлов 1862 жылы Семей маңында археологиялық зерттеулер жүргізіп, Шүлбі өзені бойынан мыс кенорындарының игерілген былай деп сипаттайды: «Мен Семей қаласы маңынан қола дәуірінің бес қорымын қаздым. Моладан қазба барысында басы шығысқа қаратылып жатқызылған адам қаңқасы  табылды. Қаңқаның жынысын анықтау мүмкін болмады. Адамның қатарына мыс пышақ қойылған.

Мыс пышақтар сонымен бірге Құлынды даласындағы бірнеше обалардан табылған.

Мыс кендері үшін жасалған қорытпа пештерінің қалдықтары Алтай және Саян тауларынан, әсіресе Қазақ даласының Шығыс бөлігінен көп кездеседі. Мысалы, Шүлбі, Ертіс өзендері мен Қарқаралы округі. Қорытпа пештері арқылы алынған металдар аймақтың әр түрлі бөліктеріне жіберілді [9, с 22-24.]. Бұған себеп іргелес аймақтардың көбінен балқытылған әр түрлі пішіндегі заттардың табылуы.

Семей облысы археологиялық  тұрғыдан өте аз зерттелген, бұл әрине ең басты түрде аймақтың мәдени орталықтардан алшақтығымен түсіндіріледі. Осындай зерттеуге  көмектесу үшін Статистикалық комитет  1900 жылы жеке тұлғалардан басқа облыстың барлық қазақ болыстарының  басшыларына, казак станицаларының атамандарына және ауылдық старшиналарға таратылған келесі бағдарлама бойынша археологиялық мәліметтерді жинауды жасады. Атап айтар болсақ, қорғандар, көне ғимараттар мен кен орындары, жартастағы жазулар, көне тас немесе металл құралдар, бас сүйектер мен қаңқалар туралы мәліметтер, олардың орналасқан орындарын анықтау тапсырылды.

Бұл мақала Комитеттің берілген бағдарлама бойынша қойылған сұрақтарына жауаптардың жинағы (сводка) болып келеді .Күмәнсіз,осында келтірілген мәліметтерді толық және дәл деп атауға келмейді ,бірақ дегенмен  сводка авторының ойынша олар бастапқы материал ретінде болашақта Семей аймағын археологиялық түрғыда зерттеумен айналысатындардың еңбегін маңызды түрде жеңілдете алады [10, с. 1-32].

В.П. Никитиннің зерттеулері бойынша қорғандар  үлкен көлемде  бүкіл Құлынды даласында, Қалба тауынан  Ертіс өзеніне дейін кездеседі .Бұл даладағы ең басты қорғандардың тобтары Үлкен және Кіші Бөкен ағымының әр түрлі жерлерінде және басқада кіші өзендер бойында орналасқан. Дәлрек айтсақ :  Преображенское  және Чалакзакское  ауылдарының  қасында қорғандар көп мөлшерде кездеседі ,бірақ тоналғандардың саны аз емес.

Кіші Бөкен  өзенінің жағасында, Буковское ауылынан Қаражал пикетіне жолдың жанында, Май-Төбе тауларынан (Қалба тобы)оңтүстікке қарай, Шығыр-Ашы сілемінде ақ тастармен себілген алты үлкен қорған бар [11, с. 103-111].                                         

ХХ ғасырдың бас кезінде Ф.Н. Педащенко, А.Н. және Б.Н. Белослюдовтар секілді зерттеушілер андронов тарихи-мәдени қауымдастығына жататын ескерткіштерді тауып зерттеді [12, 12-13 б.].

1910 жылы Орта және Шығыс Азияны зерттейтін Орыс комитеті Ертістің жоғары жағына В.И.Каменский басқарған экспедицияны аттандырды. Құрамында Бобкова, Бокия, Пилетич және т.б. ғалымдар бар экспедиция Қызылсу өзенінің бойындағы Кіші Қойтастағы қола дәуірі қоршауларын қазып, бай мағлғматтар алды. ХІХ ғасырдың аяғында Семей қалалық мұражайында кездейсоқ табылған әр түрлі археологиялық заттар, негізінен керамиканың сынықтары мен қоладан жасалған бұйымдар шоғырланған болатын [13, 154 б.]. Керамикалар мен қыш ыдыстардың Андронов мәдениетіне жататын нұсқасы Қойтас қорымынан табылған заттар болатын. В.И.Каменский қазған обадан алынған заттардың ішінде өрнектелген алтын жапырақшалар, мыс пластиналар кездескен [14, с. 203]. Қыш ыдыстардағы өрнектер анологиялық жағынан алғанда қола дәуірі тұрғындарының тіршілік еткенін аңғартады. Және де табылған заттардың хронологиялық шеңберін анықтауда қыш ыдыстар айтарлықтай рөл атқарады.

Шығыс Қазақстанды арнайы археологиялық зерттеу 1911 жылы А.В. Адриановтың бастамасымен жүзеге асты. Ол бірнеше ерте көшпелілердің қорғандарын қазып, құнды жәдігерлер тапты. Өзінің сапарында ежелгі ескерткіштерге, тастағы жазуларға, тас мүсіндерге сипаттама берген [15, с. 8].

С.А. Теплоухов археологиялық материалдар негізінде, Евразия даласының Шығыс бөлігіндегі ескерткіштерге сүйене отырып, андронов мәдениетін, белгілерін сипаттай келіп, таралу аймағына байланысты Оралдан Енисейге дейінгі ауданды далалы және орманды далалы деп бөлген, андронов типіндегі ескерткіштердің мерзімделуін б.з.б. ІІ мыңжылдық деп анықтаған [16, с. 7].

Түйіндей келе айтарымыз, революцияға дейінгі археологиялық зерттеулерде көптеген проблемалар болды. Зерттеу жұмысының тар шеңберде жүруі, қазба әдістерінің төмендігі, кешенді экспедициялардың ұйымдастырылмауы зерттеуге кері әсерін тигізді. Алайда болашақтағы үлкен зерттеу жұмыстары үшін мол деректер қорын қалыптастырумен қатар, ғылыми бағыт-бағдар болғандығы да анық.

 

Әдебиеттер:

  1. Маргулан А.Х., Акишев А.К., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. – Алматы: Наука, 1966. – С. 24.
  2. Уманский А.П. Безмолвные стражи Алтайских степей // Алтай. – 1967. – №2. – С.97.
  3. Өтениязов С.К., Қарабалаев Е. Ертедегі түркілердің зергерлік өнерінің тағдыры. І Петрдің Сібір коллекциясы // Қазақстанның мәдени мұрасы: жаңалықтары, мәселелері, болашағы. Халықаралық конференцияның материалдары. – Алматы, 2005. – 134-141 бб.
  4. Радлов В.В. Сибирские древности. Т. І. – СПб., 1888. – С.10.
  5. Записки капитана Филиппа Иоганна Страленберга об истории и географии Российской империи Петр Великого: северная и восточная часть Европы и Азии. – М.–Л., 1986. – С.514.
  6. Имашев С., Өтениязов С. Ежелгі түркілер зергерлік бұйымдарының тағдыры және І Петрдің Сібір коллекциясы // Таңшолпан. – 2005. – 92-128 бб.
  7. Миллер Г.Ф. История Сибири. Т. І. – М., 2005. – С. 623.
  8. Российские академические экспедиции ХҮІІІ века об этнографии казахов. Т.25. – Астана: Алтын кітап,  2007. – С. 151.
  9. Радлов В.В. Сибирские древности. Т. І. – СПб., 1888. – С.22-24.
  10.  Коншин Н.Я. О памятниках старины в Семипалатинской области // Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического общества. – 1903. – Вып. 1. – С.1-32.
  11.  Никитин В.П. Краткое описание памятников древности Семипалатинской области // Известия археологической комиссии. – 1902. – Вып. 2. – С. 103-111.
  12. Құрманқұлов Ж.Қ., Байғұнақов Д.С. Қазақстанның қола дәуірі. – Алматы, 2008. – 12-13 бб.
  13. Оралбай Е. Шығыс Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштерінің зерттелу тарихы // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы. – 2003. –  № 1(28). – 154 б.
  14.  Грязнов М.П. Казаки. Антроплогические очерки. Вып. ІІ. – Л., 1927. – С.203.
  15. Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы. – Л., 1960. – С. 8.
  16.  Ткачева Н.А., Ткачев А.А. Эпоха бронзы Верхнего Прииртышья. – Новосибирск: Наука, 2008. –304 с.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English