«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Нұрсерік Жолбарыс: Қазақ Хандығының монетасын сақтап жүрмін

2353 0
 Нұрсерік Жолбарыс: Қазақ Хандығының монетасын сақтап жүрмін
1993 жылғы 15 қараша күні Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен ұлттық валюта енгізілді. Ұлттық нышанымыздың болуы басқа елдер арасындағы ерекшелікті көрсетеді

Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті. Осы еліміз үшін мерейлі күні – музеолог Нұрсерік Жолбарыстан монетаның қалыптасу тарихы мен заманауи ақшаның сапасын сұрадық.  

– Əлемде көптеген коллекционерлер кездеседі. Біреулері автокөлік жинаса, бірі  ескі телефондар, кітаптар, картиналар… Ал тиын жинайтындар туралы жақында ғана естідім. Тиындарда адам қызығарлықтай не болуы мүмкін?

– Батыс Еуропадағы алғашқы музейлердің қалыптасуына коллекциялар өзінің зор ықпалын тигізді. Бұл үрдіс XVIII-XIX ғасырларда  Шығыс Еуропаға да жетіп, қазіргі күні әлемге танымал музейлер жеке коллекциялардың негізінде қалыптасқан еді (Медичидің коллекциясы, Третьяков коллекциясы). Осыдан-ақ, коллекциялаудың маңызын білуге болады. Коллекционердің мақсаты әр түрлі болғанымен, мен оларды мәдени құндылықтарды сақтаушылардың қатарына қосамын. Дәл солардың жанкештілігі мен түрлі мақсаттағы қызығушылығының нәтижесінде көптеген құнды дүниелер музейлердің қорына алынып, топтастырылды, сұрыпталды, паспортталды, ғылыми айналымға енгізілді.  Коллекционерлердің арасында ең көп таралған түрі – нумизматтар мен бонисттер десе болады. Алғашқысы металлдан жасалған ақшаны жинаса, кейінгісі қағаз банкноттарды жинайды.  Коллекция жинаймын деп ниеттенген адамға ең қолжетімдісі ақша (ол қағаз немесе металл түрінде болуы мүмкін). Сондықтан да бұл бағыттағы коллекционерлердің көп болуы заңды. Нумизматикамен айналысатындардың көбі тарихи монеталармен қатар, шетелдің қолданыстағы монеталарын жинаумен де айналысады. Сіз айтқандай «тиында адам қызығатын» дүниенің болуы немесе болмауы әр адамға байланысты. Соңғы кезде нумизматикамен айналысатындардың арасында оны табыс көзіне айналдырғандарды байқаймын. Ал, мен үшін нумизматика - тарихи маңызды құндылық.

– Ғылыми нумизматикның негізін салушы Вена нумизматы Иоганн Эккель тарихта қалды.  Бізде осы Эккель тәрізді тарихта қалатын нумизматтар бар ма?

– Иә, нумизматиканы ғылыми айналымға енгізген Эккель. Ол коллекцияларға ғылыми тұрғыда талдау жасап, тарихи анықтама берді. Соның нәтижесін әлі күнге дейін пайдаланып келеміз. Бізде коллекциясы бай нумизматтар жеткілікті. Бірақ, Эккель тәрізді нумизматиканы ғылыми айналымға түсіргендері кездеспейді.  Бүгінгі күні нумизматика тарих, музей ісі мамандықтарында оқитын студенттер үшін «Қосалқы тарихи пәндер» курсының аясында оқытылады. Дәл осы курсты меңгеру кезінде студенттердің нумизматика бағытында бейінін қалыптастыруға мүмкіндік туады. Егер осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білсе, бәлкім алдағы уақытта бізден де Эккельдер шығар?!

– Музей ісінде монеталардың орны қандай? Монета арқылы келушілерді қызықтыру үшін коллекционерлер мен нумизматтар музеймен байланыса ма?

– Музей ісінде монеталардың орны қандай маңызды екені айтпаса да түсінікті. Монеталар жөнінен қоры бай музейлерге Отырар қорық-музейін айтуға болады. Қорының жеткілікті болғаны сонша, таяуда Алматы музейімен бірлесіп, «Қазақстан аумағындағы ақша айналымы: көне заманнан бүгінге дейін» атты көрме ұйымдастырды. Мұндай көрмелерді ұйымдастыру үшін нумизматикалық қорының жеткілікті дәрежеде болуы және ғылыми зерттеу жұмыстарының жүргізілуі талап етіледі. Отырар қорық-музейі бұл талаптарға сай жұмыс істегенін байқауға болады.

Жеке өзімнің қызығушылығымды тудырған музейлік нумизматикалық қорлардың қатарында Теміртау қалалық тарихи-өлкентану музейінің нумизматикалық қоры бар. Бұл музейде нумизматикалық қор экспозицияға шығарылған. Мен осы қорды тамашалау үшін Теміртауға жол түскен сайын тарихи-өлкетану музейіне міндетті түрде барамын.

Жоғарыда мен атап өткен Отырар қорық-музейінің нумизматикалық қоры қазба жұмыстарының нәтижесінде жинақталған. Ал, Теміртау музейіндегі қор музейге тарту, жеке коллекциялардан алу жолдарымен жиналған. Теміртаудағы музейдің бір ерекшелігі - 1500 түрлі бірегей коллекциясы мен арнайы нумизматика залы бар.

Нумизматтар мен өзге де коллекционерлер музейлермен байланыс жасап тұрады. Музейлер көлемді көрме өткізу кезінде келушілерді қызықтыра түсу үшін коллекционерлердің қорын пайдаланатын кездері де болады. Кейбір коллекционерлер жинағандарының арасынан монеталарды, қағаз ақшаларды музей қорына өткізіп жатады. Бірақ көп емес.

– Өзіңіздің қорыңызда монеталар бар ма? Болса ол қандай монеталар? Оған қалай қол жеткіздіңіз?

– Мен белгілі бір заттарды жинаумен ғана шектелмеймін. Тарихи құндылығы бар бұйымдарды қорыма қоса беремін. Олардың арасында монеталармен қатар, ыдыстар, көне кітаптар, аксессуарлар, билеттер, киімдер, сиясауыттар, дәптерлер, соғыс кезінде жазылған хаттар, латын әліпбиімен қазақ тілінде жазылған қолжазбалар,  кестелер, шежіре жазуға арналған кестелер, тұрмыстық бұйымдар, төсбелгілер  де бар. Бұлардың жартысынан көбін менің әжем жинаған. Сондықтан мен мұны мұраға қалған заттар десем де болады. Монеталардың арасындағы ең көнесі - Қазақ хандығы тұсына жататын монета. Кейінгілері - Ресей империясы, Совет одағы, Тәуелсіз Қазақстанның заманауи монеталары.  Көбісі сыйға келген. Кейбірін өзім сатып алдым.

– Есіңізде болуы керек, бізде алғашқы тиындар қағаз болып басылып шықты. 1 тиын қағаз ақша. Сіздің қоржыныңызда осы қағаз тиындар бар ма?

– Әрине, ол күндер есімде. Ауылдағы дүкенде «50 тиын» деген банкнотты ұсынған кезде қатты қызықтым. Ол кезде 3 сынып оқитын едім. Бірақ тиын есебінде қолданысқа енгізілген банкноттар айналымда көп болмады. Біраз уақыттан соң алынып тасталды. Кейін сол банкнота түріндегі тиындарды іздестіріп, бірнешеуін коллекцияма қостым.

Қазіргі тиындар темірден, 1-100 теңге арасын құрайды. Мұның сыртында мерекелік, атаулы монеталар бар. Бұрынғы мен жаңа монеталардың сапа айырмашылығы қандай?

Сапаны жасалған метталымен байланыстыратын болсақ, ескі монеталарда таза күміс, жез, мыс кездеседі. Қазіргі күні түрлі металлдың қоспасынан жасайды. Таза күмістен жасалатындары көбінесе атаулы күндер мен оқиғаларға арналған, аз ғана көлемде шығатын монета болып келеді. Металлдың құрамы сапаға әсер етеді. Сапасының жақсы болғандығынан, Қазақ хандығы тұсындағы көптеген  монета сынын кетірмей осы күнге жетті. Қазіргі айналымда жүрген қазақстандық монеталардың сапасы да жоғары. Коррозияға ұшырағанын байқамаппын.

– Төл теңгенің дизайнының өзгерісіне байланысты сын көп айтылады. 25 жыл бұрынғы алғашқы дизайн мен қазіргі бейнесінің алшақтауын қандай себептермен түсіндіруге болады?

– Өз басым өзгерісті қалайтындардың қатарынанмын. Сондықтан, осыдан 25 жыл бұрын шыққан теңгелерді өз миссиясын атқарып болды деп ойлаймын. Дәл сол уақытта, 1993 жылдары қазақ қоғамына тарихын, тұлғаларын, материалдық және рухани мұрасын насихаттау үшін, ортасына қайтару мақсатында алғашқы теңгелеріміз маңызды рөл атқарды. Теңгенің бедерінен тұлғаларымыздың бейнесінің көрінбей кеткеніне қоғамда біраз сын айтылғанын білемін. Теңгеде бейнеленген тұлғалардың атында қазіргі уақытта оқу орындары, территориялық-әкімшілік аумақтар, көшелер т.б бар.  Олардың орнын басқан теңгелеріміз де еш жаман болмады. Теңгенің қай номиналын алып қарасақ та, қазақ жерінің көркем мекендерін, тарихи нысандарын көруге болады. Осылайша, теңгенің бейнесі ауысып келеді.  Мұндай өзгерістерге өз басым түсіністікпен қараймын. Алдағы уақытта Ұлттық банк монета түріндегі ақшаларға Қазақ хандығы тұсындағы монеталарда кездесетін бейнелерді де бедерлесе деймін. Жаңғыру жолындағы еліміз үшін тарихты насихаттау мақсатында өте ұтымды болар еді. Қазақ даласында теңге соқтыратын сарай ұстаған хандарымыз да болды. Бүгінгі теңгеміз сол сарайларда соғылған теңгелердің заңды жалғасы.

– Рақмет!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English