Жарияланымдар

Қожаберген батыр Әмірсананы жауға бермеді

19 Қазан 2018
1973
0
Қожаберген батыр Әмірсананы жауға бермеді
Қожаберген Жәнібекұлы – қазақ-жоңғар, қазақ-шүршіт соғыстарында ерлік көрсеткен батыр.

Астанада қазақ-жоңғар соғысында ел қорғаған батырлардың бірі, дала дипломаты, ту ұстаушы сардар Қожаберген батыр Жәнібекұлының 320 жылдығына орай «Ұлы Дала батырлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. 

Игілікті істің ұйытқысы: ҚР ҚК Әскери-тарихи музейі және «Қожаберген батыр» қоғамдық қоры мен «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры.

Бұған дейін порталымызда XVIII ғасырдағы қазақ сарбаздарының ту ұстаушыларының бірі болған Қожаберген Жәнібекұлының шапанын музейге қабылдау рәсімі өткенін сүйіншілеп, хабарлаған болатынбыз. Жыл басында өткен тағылымды шарада Қытай деректері бойынша жазылған Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» атты кітабының таныстырылымы да өткен болатын.

Батырдың 320 жылдық мерейтойына орай Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында ескерткіші ашылды. «Қожаберген батыр» қоғамдық қоры қаржы бөліп, биіктігі 7 метр болатын ескерткіш орнатты. Ескерткішке Өлгей қаласының әкімдігі арнайы жер телімін берді.

Биылғы жылдың наурыз айында Астанадан бастау алған Қожаберген Жәнібекұлының 320 жылдық мерейтойы Моңғолияда жалғасын тауып, шара соңы Астанада «Ұлы Дала батырлары» атты халықаралық конференциямен қорытындыланып отыр.

Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, зерттеуші ғалымдар, Қожаберген батырдың ұрпақтары қатысып отыр. Конференцияға қатысушылар Қожаберген батырдың 320 жылдығына арналған іс-шараға орай өз ойлары мен ұсыныстарын айтып, XVІІІ ғасырдағы қазақ батырларының өмір жолы туралы тың деректерді қозғады.

Конференцияны кіріспе сөз сөйлеп Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы ашты. Шараның екінші модераторы тізгінін тарих ғылымдарының докторы,  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов алды.

Алғаш болып баяндама мінберіне Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген батырдың ұрпағы, «Қожаберген батыр» қоғамдық қорының басшысы Қуанған Ұлықпанұлы сөз алды. Қожаберген батыр Жәнібекұлының 320 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып жатқанына ризашылығын білдіріп, Моңғолияда да батыр тойының мерейтойлық шаралары өткенін де баяндап өтті. Сөз соныңда ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінің басшысы Перизат Ақселеуқызы және «Қожаберген батыр» кітабының авторы Бақыт Еженханұлына Баян-Өлгей аймағы әкімінің қаулысымен бекітілген  «Құрмет» медальін табыстады. Музейге батырдың бейнесі бейнеленген сурет ескерткіш тапсырды.   

Алғашқы баяндамашылардың бірі болып, Түркітану және алтайтану институтының директоры, түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы сөз алды. Ғалым ағамыз Қожаберген батыр және XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне тереңірек тоқталды.  Зерттеу мақала Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» атты кітабының негізінде жазылған. Автор баяндамасында Манжу-Чин патшалығын орнатушылар кімдер, олардың ұстанған саясаты, Қазақ-Цинь қатынастары жайында аз-кем түсінік айтып өтті.

Қаржаубай ағамыздың тағылымды баяндамасынан соң, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев Қожаберген батыр жайындағы тың тақырыпты арқау еткен «Ұлы дала тарихында ізі сайраған Қожаберген батыр» атты баяндамасын оқыды.

«Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов «ерлік дәуірі» атаған XVIII ғасыр жүз жылдығында тарихи құжаттар мен елдің аузындағы әңгіме мысал болған бір ғана Қожаберген белгілі. Ол – он екі ата Абақ-Керейдің ішіндегі Шыбарайғыр руынан шыққан Қожаберген батыр. Басқа да Қожабергендер болған шығар, бірақ елдің есінде қалғаны, тарихи құжат бетіне іліккені бүгінгі біздің ұлықтап отырған батырымыз. Қожаберген батыр туралы жазба деректердің көпшілігі 1756-1757 жылдарда Ұлы даланы алапат өртке ораған қазақ-қытай соғыстарының ауыр кезеңіне қатысты» дейді зерттеуші ғалым Ж. Артықбаев.

Сондай-ақ Жамбыл Омарханұлы баяндамасының қорытынды тарауында Байтайлақ Бәйімбетұлы жайлы тарихи ақтаңдақты бірізділікке келтіру керектігін де айтты. Шығыста кесенесі орнатылып, Байтайлақ қорымы деп ел есінде жаңғырып келген жерде Қожаберген батырдың баласы Байтайлақ жерленгенінде тілге тиек етті.

«Шеруші Байтайлақ та Шыбарайғыр Қожаберген баласы Байтайлақ та бір-біріне бөтен емес. Бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында орнатылған ескерткіш Қожабергеннің ұлына қойылған кесене деп білуіміз керек. Ал, Шеруші Байтайлақ батырдың зираты Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының Талшық бойында екені анықталды. Ол мақсатта біз зерттеу жүргізіп,  «Байтайлақ батыр қорымы» экспедициясымен бірге жұмыс атқарғанбыз. Кесене әйгілі киелі мекен Қараой өңірінде екенін анықтадық. Сол сапарымызда Байтайлаққа қатысты аңыз әңгімелер мен зерттеуші өлкетанушылардың еңбегінде тыңдадық. Бүгінгі конференция жинағына Байтайлақ Бәйімбетұлына қатысты жазылған мақалам да кіргізіліпті» деді Жамбыл Омарханұлы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Қожаберген батырдың өмірі мен ерлік жолдары жөнінде деректер келтірді. Тарих ғылымдарының кандидаты, қару-жарақ зерттеушісі Қалиолла Ахметжан Қожаберген батыр ұрпағы – Тұманұлы Үмбет залыңнан қалған жәдігерлер жайында өз баяндамасында айтып өтті.

«Абақ Керейдің Шыбарайғыр руынан шыққан Қожаберген батыр ұрпақтарының бірі – батырдың шөпшегі, Үмбет залың Тұманұлынан қалған бірнеше жәдігерлерді – қызыл шашаққа орнатылған көк тас пен аға сауытқа салынған тауыс қауырсынын, арапша құран және қисса кітаптарын, кісе белдігі мен кісе қалтасын, көзәйнегін жақында шөбересі Қойшыбайұлы Жұлдызбек Әскери-тарихи музейге тапсырған болатын. Бұл заттардың ішінде қызыл жібек шашақты домалақ көк тас пен тауыс қауырсыны – Цин әулеті басқарған Қытай-манжур империясының әкімшілік жүйесінде қолданылған 9 дәрежелі әскери лауазым белгісі» деді Қ.Ахметжан.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қожаберген батырдың ғұмырнамасына қатысты деректер және батырдың өзі, ұрпақтары тұтынған жәдігерлері Әскери-тарихи музейге табысталған. Бүгінгі конференцияның аясында «Қожаберген батыр ізі» атты көрме салтанатты ашылып, құнды мұралар қонақтар мен көрермендерге ұсынылды.

Түстен кейін шара секциялық тақырыптар бойынша жұмыстарын жүргізеді. Салтанатты шараның қорытындысы Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі аспен қорытындыланады. 

Қожаберген Жәнібекұлы – қазақ-жоңғар, қазақ-шүршіт соғыстарында ерлік көрсеткен батыр. Жоңғар қалмақтарының соңғы көсемдерінің бірі Әмірсанамен жақсы қарым-қатынаста болып, қазақ-қытай қақтығысында шешуші рөл атқарған қолбасшы. Цин империясының басқыншылығына қарсы күрес бастаған Әмірсана Қожаберген батырды әкесіндей көріп, қамқорлығын көрген сардарлардың бірі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

«Болашақ» бағдарламасына 25 жыл толды. Бұл бағдарламаға қатысыңыз бар ма?