Жарияланымдар

Семей өңіріндегі тәркілеу саясаты

25 Қыркүйек 2018
1659
0
Семей өңіріндегі тәркілеу саясаты
Совет үкіметінің қазақ байларын тәркілеу саясаты ғасырлар бойы көшпелі мал шаруашылығын өмірінің мәні, тіршіліктің көзі деп есептеген қазақ халқы үшін аса ауыр зардаптардың бірі болды

1928 жылы 27 тамыздағы қаулыға дейін де ішінара кейбір аймақтарда байларды тәркілеу жүзеге асырылды. Атап айтсақ Семей уездік комитетінің 1928 жылғы маусымның 3-індегі «Уезде шаруашылық малдарын және түліктерді тәркілеуді жүргізу» туралы баяндамасында былай делінген: «Қазақ болыстарындағы байлардың мал-мүліктерін халықтық сот негізінде тәркілеуге Шаған, Қызылтаң, Қызыл Октябрь, Беген және Бесқарай болыстары жатады. Нұсқауды жоғарғы дәрежеде іске асыру үшін Шаған болысының сотына байлар көбірек тартылды, сот негізінде 14 байдың мал тәркіленді.

Мәліметтер бойынша байлардың малы тәркілеуге дейін сатылған.

Уездік атқару комитетінің 29 мамырдағы қорытындысы бойынша отырысының жылқының 40%-ы, қойдың 22%-ы, ірі қораның 55%-ы және түйенің 17%-ы талан-таражға түскен [1, 88].

Бұған қарап, тәркілеу дейінгі кезеңде бұйрықтың жарияланбай тұрып-ақ қазақ аулына лебі жеткенін байқаймыз. Бұған себеп: байлардың мал-мүліктерін жасырып қоюы, сатып жіберуі және т.б. әрекеттерге баруы.

Тағы да бір мұрағат дерегіне үңілсек. 1928 жылғы 8 мамырдағы Павлодар уездік комитетінің секретары Звонаревтің Семей губерниялық комитеті Павлодар ауданында тәркіленген малдың жалпы саны жөнінде жолдаған жеделхатында: «Жалпы тәркіленген малдың саны 19307, жылқы 5873, ірі қара 3013, қой 10005, түйе 316, малдың айтарлықтай бөлігі таратылмаған, Бекбатыровтың тексеруі бойынша, Павлодар өңіріндегі болыстағы бір негізгі тәркілеуде толықтай тәртіп орнатылып, мал колхоздағы өңкей кедейге таратылды, кездейсоқ ұрланған малды қайтарып алған жұмысшылар жоқ» делінген [2, 71].

Шындығында қазақ ауылы тәркілеудің сұмдығын қаулы қабылданбай жатып сезді. Бұған төмендегі дерек айғақ бола алады. 1928 жылғы мамыр айындағы Қазақ ОАК секретары Асылбековтың барлық аймақ комитеттерінің басшыларына жолдаған ірі байлардың және жартылай феодалдардың мүліктерін тәркілеу туралы заңын іске асыру жөніндегі жеделхатында: «Соңғы уақытта антисоветтік элементтер бірі шаруашылықтардың мүліктерін тәркілеуге байланысты арандатушылық дақпырт таратуда. Бұл дақпыртты анықтауымызша, халық малын, тіпті малшаруашылық қожалықтарын сатуда. Бұл ең алдымен өз қожалықтарын әлсіретіп, халық шаруашылығының қарыштап дамуына кедергі келтіреді. ҚазЦИК президиумы Қазақстанның барлық еңбекшілеріне хабарлауынша, бірі бай шаруашылықтардың мүлкін тәркілеу және жер аудару туралы заңын байланысты 1928 жылы сәуірдің 1-індегі жағдай бойынша, табыннан бірнеше жүз бас ірі қара қалған, бұл совет билігіне дұшпандықтың көрінісі болып табылады. Әсіресе бірінші кезекте ірі байлар мен бұрынғы хандардың, сұлтандардың тұқымдарына қатысты» деп атап айтылған [3, 87]. Яғни жоғарыдағы  мәліметтерден жаппай тіркілеу науқаны қарсаңында тәркілеуге дайындық жұмыстарының басталып кеткенін байқауға болады.

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Совет Халық Комиссариатының «Ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу және жер аудару туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыда: Қазақ республикасы өзінің құрамы жағынан мәдени артта қалған ұлт және революцияға дейінгі өзгермеген көшпелі-рулық қатынаста өмір сүреді. Қазақстандағы мүлік иелері мен бұрынғы әлеуметтік артықшылықтары бар топтар совет билігінің ауыл мен қышлақтарда жүргізіп отырған негізгі іс-шараларына кедергі келтіріп, арандатушылық үгіт-насихат таратып, ұлтаралық және рулық алауыздықты қоздыруда. Бұл ең алдымен кедейлерді экономикалық тәуелділікте ұстап, республиканың экономикалық және мәдени дамуына бөгет жасайды [4, 68] деп айтылған.

1928 жылы 30 тамызда ҚазАКСР ОАК мен Халық Комиссариатының 1928 жылы 27 тамыздағы байларды қолдануға нұсқау берілген. Ол төмендегідей: «ҚазАКСР ОАК және Халық Комиссариатының қаулысын жүзеге асыру барысында мүлкі тәркіленген ірі байлар, патриархалдық және рулық қатынасты сақтаушылар, өзінің мүлкімен ерекшеленетіндер және қоғамдық беделді пайдаланушылар, ауылды советтендіруге кедергі жасаушыларды жер аударуға шешім қабылданды.

Жер аударуға жататындар:

1) Көшпелі аудандарда 400-ден жоғары ірі қара малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар және отырықшы аудандарда 150 деп жоғары ірі қара малы барлар, сонымен қатар жергілікті тұрғындарға зиянынына тигізіп, өзінің рулық қатынаста ерекшелігін пайдаланып, экономикалық үстемдік орнататындар және ауылды советтендіру саясатына кедергі келтірушілер:

2) Ірі қараға шаққанда мал саны көрсетілген мөлшерден аз болса да, жергілікті билік өкілдері қоғамға зияны бар, әлеуметтік жағынан қауіпті деп шешкен адамдар;

3) Ерекше топқа жататындар: хан және сұлтан тұқымдары, бұрын болыс басқарушылары, патша үкіметінің ерекше марапатына ие болғандар, жеке және мұрагерлік атақтарға болған адамдар [5, 9].

Қаулы қабылданғаннна кейін Қазақстан үкіметінең шешімі бойынша Қарқаралы, Семей, Павлодар округтерінің байлары Қостанай, Сырдария, Ақтөбе өңірлеріне жер аударылды [6, 3].

1928 жылы 30 тамызда Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу туралы Қазақ АКСР-і ХКК-нің Қаулысы жарияланды. Онда Семей округінен жартылай көшпелі аудандарға: Шыңғыстау, Аягөз, Тарбағатай, Мақаншы, Қызылтас, Шыңғыстай, Бесқарағай, Қызылтаң, Ұлан аудандары жатқызылса, ал Павлодар округінен жартылай көшпелі аудандарға 5 аудан, Қарқаралы округінен 7 аудан кіреді. Отырықшы аудандар деп (Семей округінен) Марқакөл, Күршім, Зайсан, Жаңа Семей, Белағаш аудандары есептелінеді [7, 111].

Семей округінен қаулыға сәйкес шаруашылық тәркілеуге және жер аударуға ұшырады, оның ішінде жартылай феодалдарды 20-сы құраса, қалған 44-і ірі қожалық болды. Тәркіленген мал саны 2746, 59, қуғын-сүргінге ұшыраған байлар мен жартылай феодалдарға 871 бас мал қалдырылды. Бұл әрине жан басына шаққанда өте аздық етеді.

Семей округінің территориясында қаулыны 9 аудан қолдануға нұсқау берілді: Бесқарағай, Қызылтаң, Қызылтас, Шыңғыстау, Аягөз, Жарма, Ұлан, Тарбағатай, Күршім [8, 68]. Бұл аудандар негізінен жартылай көшпелі болып қалыптасқан болатын.  

Қазақстанның басым көпшілігі бұл жылдары жартылай көшпелі және көшпелі аудандарға жатқызылыпты. Қазақ халқының ғасырлар бойы дамып келе жатқан дәстүрлі мал шаруашылығы, негізінен, осы көшпелі және жартылай көшпелі аудандарға шоғырланған болатын.

Тәркілеу барысында Павлодар округі бойынша 45 қожалық тәркілеуге ұшырап, нәтижесінде 3120 бас мал алынады деп жоспарланған еді. Науқан қорытындысы бойынша 33 қожалық тәркіленіп, 2783 бас мал алынды. Қарқаралы округі бойынша 56 қожалық тәркілеуге түсіп, 12702 бас мал тәркіленген. Ал Семей округіне келсек, 66 қожалық тәркіленіп, 9113 бас мал алынды. Бұл – негізінен үш округ бойынша алынған мәліметтер [8, 104].

Осы науқан барысында байлардың малдарын сатып жіберуі, жасырып қалуы және тәркілеуге жатпайтын шаруашылықтарға өткізіп жіберуі жиі кездесті. Бұл жағдай қаулы шықпай тұрып-ақ орын алған еді. 1928 жылдың көктемінен бастап байлар малын жаппай сата бастаған. Осы жылдың бас кезінде Семей өңіріндегі байлар 2317 бас малды сатып жіберген [9, 9]. Бұл жағдайлар – Қазақстанның барлық аймақтарында кездескен құбылыстар. Бұған қарап байлардың ертерек қамданғанын байқаймыз.

Тәркілеу барысында науқанға кедергі келтірушілер, заңды белден басып мол-мүлкін жасырғандар қылмыстық жауапқа тартылатын болып шешілді.

1928 жылы 13 қыркүйекте Қазақ ОАК мен ХКК-нің «Ірі және жартылай феодалдарды тәркілеуге және жер аударуға қарсылық білдірушілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту» туралы қаулы қабылданады. Қаулыда: 1928 ж. 27 тамыздағы қаулыда көрсетілген ережелерге қарсылық көрсеткендер және қарсылық ұйымдастырушылар, советтік іс-шараларға басқа да қарсылықтың түрін жасағандар – байлар, бұрынғы атақ-абыройымен белгілі тұлғалар және басқа да кінәсі барлар қатаң түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады және Қазақстаннан шет аймақтарға жер аударылады [8, 80] деп атап көрсетілген болатын. Сол кездері, яғни тәркілеу науқанын жүргізу барысында советтік қызметкерлер арасында байларға түсіністікпен қарап, көмектескендері де болған. Бірақ тәркілеу ісіне немқұрайлы қарады, байлармен сыбайлас болды, жиналыстарда байларды жақтап сөйледі деген желеумен оларды жергілікті бастылық жауапқа тартып отырды. Осындай жағдай Семей өңірінде де көрінес беріп, тәркілеу ісіндегі 44 қызметкер қылмысты деп жауапқа тартылған [10, 45]. Мұндай жауапқа тарту тәркілеу науқанында көп кездескен. Оның себебі – советтік биліктің ауылда берік негізінің қаланбауы. Коммунистердің, «Қосшы одағы» мүшелерінің арасында халық жағына шығып, қиын жағдайларда халықпен бірге болғандар да кездескен.

Тәркілеу кезінде орташалардың да ілініп кеткені көрініс береді.

БК(б)ПVI Бүкілқазақстандық партия конференциясында «Ауыл орташасы туралы» жасаған баяндамасында Ф. Голошекиннің өзі де растап, «Біздегі орташа шешуші рөл атқармайды және ауылда басты тұлға да болып табылмайды» деген болатын [11, 33]. Міне, сола бола тұрса да сол кездегі осыған қатысты көптеген ерекшеліктер ескерілмей, ауылдың көбі орташалар еді деген қате пікір қалыптастырылды. Орташалардың тізімге ілініп кетуі Семей өңірде де кездескен. Осындай жағдайға байланысты Қызылтаң ауданының тұрғыны Қазақ Орталық комитетіне былай деп жеделхат жібереді: «Мен осыдан жиырма жыл бұрын Қарқаралы округінен кедейлігіме байланысты Семей оуругіне қоныс аударған едім. Төңкеріске дейін орыс казактарының қол астында жұмыс істеп, төңкерістен кейін жер алып, егіншілікпен айналыстым. Қазір 91 қой, 33 жылқы, 19 сиыр және 2 түйе ұстап отырмын. Қызылтаңдағы комиссия мені бай деп мүлкімді тәркілеуге және жер аударуға шешім шығарды. Мені бай санатына қосқанды дұрыс емес деп санаймын, өздеріңізден қабылданған шешімді өзгертулеріңізді сұраймын. Доғалақов Мергенбай» [12, 123]. Осылай заңды белден басушылықтар көп кездескен.

1928 жылғы 28 қарашасында Күршім ауданындағы байлардың мал-мүлкін тәркілеу туралы былай деп берілген: Барлық 8 қожалықтан 730 мал тәркіленген, оның ішінде Нұғыманов Мәулеханнан 81 бас мал алынып, декрет бойынша 11 бас мал өзіне қалдырылған.

Байлардың 8 жанұясы 8 қарашада Семейге қатаң күзетпен жөнілтілді, олардың ішінде байлар Байқанов Сүйген, мен ұлы Қабқасар және Нұғыманов Мәулехан жасырынып қалған, іздеп табу мүмкін болмады. Мәліметтер бойынша отбасымен бірге шекара асып кеткенге ұқсайды» [13, 185-186].

Бұған ең басты себеп Күршім ауданының Қытаймен шекаралас болуы ықпал етті. Тәркілеуден қашқан байлар малын айдан Қытайға өтіп кетіп отырған. Бұл байлар үшін ең тиімді жолдарды бірі болып саналды. Тәркіленген малдың санақ бойынша түгел болмауының себептерінің бірі де осы жағдай.

Тәркілеу науқаны қазақ қоғамын қатты күйзеліске ұшыратты. Бұл науқаннан Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі аудандары деп танылған барлық аймақтары шет қалмады. Меймандостыққа, қонақжайлыққа негізделген қазақ қоғамы осы саясаттың құрбаны болды. Ақылымен, абыройымен елге танылған текті әулеттің ұрпақтары да сұрқия саясаттың шеңгеліне ілінді. Бұл науқан кешегі Құнанбай-Абай ұрпақтарын да айналып өтпеді. Солардың бірі Тұрағұл Құнанбаев болатын.

Семей округі Шыңғыстау ауданының тұрғыны Турағұл Ибрагимовтың мал-мүлкін тәркілеу және жер аудару 1928 жылдың 23 қарашасында басталған ісінде былай делінген: Ибрагимов Турағұл танымал және беделді рубасшысы, патша билігі тұсында болыс басқарушысы және бай болған. Алаш Орда үкіметі орнаған кезде олардың белсенді жақтастары болып Қолчак үкіметімен бірігіп, совет билігіне қарсы күресті, ауылда рулық үстемдігін жүргізді, ауылды советтендіруге кедергі жасады. Сондықтан кедей-батырақтардың ауылдық жиналысының және аудандық конференцияның шешімімен Турағұл Ибрагимовты жер аудару тізіме кіргізіп, 1928 жылғы 27 тамыздағы қаулыға сәйкес ІІ топқа жатқызылған. Шыңғыстау ауданынан жер аударылғандар тізіміне 1. Халел Ғаббасов, 2. Турағұл Ибрагимов, 3. Мұсатай Молдабаев кіргізілді. Бұлар Сібір өлкесінің Рубцовск округіне жер аударылды [14, 230]. Турағұлдан 36 бас мал тәркіленген. Алайда сол кездің жүйесі бойынша байдың қатарына жатқызылған. Халел Ғаббасұлы Алаш Орданың мүшесі жоғары білімді азамат, қазақ интеллигенциясының көшбасшыларының қатарынан табылған. Ұлттық интеллигенцияның көпшілік бөлігі жұпыны тұрып, ой еңбегімен айналысса да, қоғамға қауіпті деп танылып ІІ топқа жатқызылды.

Сол кезді ақындар өз өлеңдерінде былай суреттеген. Қазақтың белгілі ақыны Сәбит Дөнентаевтың «Екі баста» өлеңін еске түсірейік:

Күн ашық: Танадай бұлт аспанда жоқ.

Өткен күн алты қырдан ассаң да жоқ.

Су ішіп өрген жылқы, шулаған қой,

Көзіңді бақырайтып атсаң да жоқ.

Қотанда ақ таяқты ақсақалды

Көруге бар ақшаңды шашсаң да жоқ.

Бас қосқан көгал жерге мәжілістер,

Ентелеп аяғыңды бассаң да жоқ.

Аухаулап сиыр сауған әйел даусы,

Дәл бүгін атсаң да жоқ, шапсаң да жоқ.

Ал Бесқарағай ауданы тумасы, халық ақыны Баймұратов Нұрлыбек былай деген екен:

Айналайын Кеңесім

Теріден шалбар кигізген.

Отыз тиын тарыны.

Отыз сомда жегізген.

Сауын кетіп шелектен,

Ку қазыққа ілгізген.

Байын құртып қазақтың,

Көтін жерге тигізген.

Ат-арығын қаңғыртып,

Жан-жұртқа басын игізген.

 

Осы өлеңдері үшін қуғынға да ұшыраған [14, 199].

Абыралы өңірінен шыққан атақты бай Атақозин Тәңірбергеннің тәркілеуге қарсы жазған арыз хатында былай деп айтылған:

«Менің бар мал-мүлкімді тәркілеп, жер аударуға шешім шығарды. Мен Атағозин Тәңірберген 48 жастамын, екі әйелім бар.

Патша заманында басқарушы, би, старшын болған еместіп. Ешқашан толық үстемдік жүргізген еместін. Хан-сұлтан тұқымына жатпаймын. Қарапайым малшымын. Еңбек күшін пайдаланған емеспін. Әлеуметтік қауіпті элемент деп танылатындай қоғамға ешқандай кедергі келтірмедім. Мен Атағозин, біріншіден кәрі адаммын, екіншіден, соқырмын, үшіншіден, аяғым ақсақ, ешқайда шыға алмаймын.

Мені тәркілеулеріне қарсы емеспін, алайда жер аудармай, қайтадан Қарқаралы округі Абыралы ауданына қайтарса екен.

Дегенмен, Атағозин Тәңірбергеннің бай, беделді, абырайлы, адам болғанын айғақтайтын деректер бар. Мұрағаттан табылған деректердің ішінде бұл адам байланысты төрт құжат бар. Біріншісі, 1885 жылы Шар қаласында, Қарамола съезінде алғашқы қазақ заңдарының ережесін бекіткен қазақ даласының беделді азаматтарының ішінде бұл кісінің де аты кездеседі. Екіншісі, қапжылыққа барғандар тізімінде аты-жөні жүр. Үшіншісі, қазақтардан солдат алатын 1916 жылы Қарқаралы уезінен 638 адам, көп қойған хат Дала Генерал-Губернаторлығына жіберілді. Солдаттыққа барды матиералдық көмек жасауға ауыстыруды ұсынды. Міне осындағы беделді азаматтардың ішінде Атағозиннің де аты аталады. Төртіншісі, тәркілеуге байланысты ісі [14, 203].

Расында қазақта мыңғырған төрт-түлігі сай байлар аз болмаған. Тәркілеу қарсаңындағы малынын толық болмау себептері ертерек қамданып, малын сатып жіберуі және де ЖЭС (жаңа экономикалық саясат) жылдарында ауылды әлеуметтік жағынан орташаландыруға көшкен тұстан малы тәркіленіп халыққа таратылған болатын.

Қазақстанның шығыс өңіріндегі тәркілеу науқанының сипаты осындай.

Тәркілеу қорытындысы жөніндегі БК(б)П Қазақ өкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф. Голощекиннің 1929 жылы 9-сәуірде құпия түрде жіберген «ҚАКСР бойынша аса ірі бай-жартылай феодалдардың мал-мүлкін тәркілеу және оларды жер аудару туралы» ақпарында Голощекин былай дейді: «...Алғашында біздер 226 мың бас мал аламыз деп ойлаған едік, бірақ таза көшпелі аудандарды тәркілеуге жататын қожалықтарға малын жасырып қоюы қиынға соқпайтынын ескерсек, біздің жоспардың осы (65%) орындалуының өзін қанағаттанарлық деп табуға болады» деген (Қазақстан бойынша барлыға 144.474 бас тал тәркіленді).

Тәркілеу қорытындысы (бойынша) жөніндегі хабарда Голощекин қазақтарда әлі де болса тәркіленуге ілікпеген біраз малдың қалып қойғандығын айтып, оның негізгі мақсаттарын ашып көрсетеді. Біріншісі, тәркілеу нысанының негізгі түрлі – мал болғандықтан, оны базарға сату оңайға түсті. Екінші, көшпелі советтік, сонымен (қатар) бірге көшпелі шаруашылықпен айналысатын жақын маңдағы Қытай провинициясына малды айдап кету мүмкіндігінің болуы. Үшінші, бұл шараны іске асыру құпия түрде жүргізілгенімен бәрібір байларға жетіп отырған. Советтік аппараттармен тығыз байланысы бар байлар оны білмей қалуы мүмкін емес еді, сондықтан байлар алдын-ала қамданған. Төртінші, сол кездің өзінде көптеген ауылдағы ұйымдар байдың жақтастары болып шықты, біз бұдан шын мәніне келгенде ауылда нағыз бастауыш ұйымның әзірге жоқ енендігін көрдік. Тәркілеу барысында ауылды советтендіруіміз керек. Сондықтан да біз алғашқы жобаның орындалуын қанағаттанарлық деп білеміз дейді.

Оның бұл тұжырымындағы мақсат қазақстардың мал-мүлкін тәркілеуді әлі де жүргізе беру қажеттігін дәлелдеу еді [15, 26-27].

1929 жылға қарай мал басының өсу қарқынының тежеле бастауын сол жылдардағы Қазақстан басшылығы мынадай себептерден іздеді:

Біріншіден, 1927-1928 жылдардағы құрғақшылық және жұт, шаруашылықтың экстенсивті түрі және жем-шөп қорының болмауы, негізінен аз қамтылған кедегі топтарында малдың бір бөлігінің жойылуына алып келген.

Екіншіден, 1928-1929 жылдардағы байларды тәркілеу барысында тәркілеуге түспеген, бірақ тәркілеуге ілігеміз деп қорыққан байдың бір бөлігінің өз тарапынан малды қасақана жоюы. Бұл айтылғандар біздіңше басты себептер емес еді. Ал басты себеп – Голащекиннің қитұрқы саясатының құралына айналған, қазақ халқының мал-мүлкінен айырудың беташары болған қазақ байларын тәркілеу саясаты еді [16, 18].   

Түйіндей келе, біріншіден қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру науқанының беташары, алғашқы баспалдағы іспетті болды.

Екіншіден, байларды тәркілеуден материалдық жағынан да, рухани жағынан да қазақ кедейлері ештеңе ұтқан жоқ.

Үшіншіден, мал шаруашылығын іскерлікпен ұйымдастырудың үлгісі ірі байлар қажалықтарын күйрету – Қазақстанғы мал шаруашылығының даму қарқынының тежелуіне, тауарлылығының күрт төмендеуіне себеп болды.  

Төртіншіден, қазақ байларын тәркілеу – Коммунистік партия мен совет өкіметінің дөрекі де қате саясаты болды. Байлар қожалықтарын күшпен тәркілемей-ақ, оларды салықпен, экономикалық әдістермен тежеп, солардың негізінде коопетаривтік, фермерлік, жеке немесе ұжымдық шаруашылықтар құруға болатын еді. Сонда Қазақстанның аса қуатты, тауарлылығы жоғары, халықаралық деңгейдегі ірі аграрлы республикаға айналуы берік негіз қаланатын еді.

Мұның артында қазақ халқын билікке қарсы наразылық, ашаршылық және бас сауғалап шекара асып босуы күтіп тұр еді. 

 

Әдебиеттер:

 

  1. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 1 қор. 2 тізбе. 1583 іс. – 88 б.
  2. ШҚО ҚЗТҚО 1 қор, тізім 1,  1583 іс, 71 б.
  3. ШҚО ҚЗТҚО 1 қор, тізім 1,  1583 іс, 87 б.
  4. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 3,  7 іс, 68 б.
  5. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 3,  5 іс, 9 б.
  6. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 3,  7 іс, 3 б.
  7. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 1а,  17 іс, 111 б.
  8. Нейзвестные страницы истории Семипалатинского Прииртышья (20 – 30 г.г ХХ в) Сборник документов. Семипалатинск. 2002 г. – 250 с.
  9. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 3,  36 іс, 9 б.
  10. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 3,  45 іс, 45 б.
  11. Қуандық Е.С. «Қазақстандағы «Кіші Октябрь» бағыты: бастауы, барысы және салдары /тарихи саяси талдау/». Тарих ғылымының докторының диссертациясы. Автореферат. Алматы, 2002 ж. – 56 б.
  12. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 3,  9 іс, 123 б.
  13. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 3,  8 іс, 185-186 б.
  14. Нәсенов Б. «Абыралы қанды жылдары (1905 – 1945)». Екінші бөлім. Құжаттар жинағы. Алматы – Новосибирск. 2006 ж. 644 б.
  15. Омарбеков Т. «Қазақ шаруаларын жеке меншік қожалықтарынан айыру және күштеп ұйымдастыру». Тарих ғылымының докторының диссертациясы. Автореферат. Алматы. 1994 ж.–35б.
  16. Сантаева К.Т. «Қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығының күйреуі және оның ауыр салдары». (Оңтүстік Қазақстан материалдары негізінде 1925 – 1935 ж.ж.) тарих ғылымының кандидаты диссертациясы. Автореферат. Алматы, 2001 ж. – 30 б.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

«Болашақ» бағдарламасына 25 жыл толды. Бұл бағдарламаға қатысыңыз бар ма?