«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Рушылдықтың пайдасы

2071 0
Рушылдықтың пайдасы
Тақырыбын оқып ап, аһ, оңбаған, деп жатырсыз ба? Сәл сабыр қылыңыз. Негізі рушылдықты жақсы мағынасында қоздыра алсаң, экономиканы дамытып жіберуге, қазақты сапалы ұлтқа айналдыруға әбден болады

Ол қалай дейсіз бе? Қазір айтамыз.

Неге ұлтты жамандаса үндемейміз?

Рас қой. Ұлтты жамандап жатсаң, ешкім ләм-мим демеуі мүмкін. Бірақ, найманды немесе адайды тілдеп көрші, талқаныңды шығарады. Бұдан шығатын қорытынды: Ел ішінде «Қазақта-а-а-р!» деген ұранға ешкім елеңдемеуі мүмкін. Себебі, «Мен ғана қазақ емеспін. Басқа да қазақтар бар. Солар барсын» дейтін ақталма аргументі бар көпшіліктің. Ал, адрессатты нақтылап, дулаттар немесе арғындар десең, ұялғаннан жиналады. Осы қазақтың руы үшін ұялу, руы үшін намыстану дейтін қасиеті (кесірі), қытаймен соғыста үлкен көмек берген. Қалай дейсіз бе? Қазір айтамыз.

Рушылдықтың арқасында Қытайды жеңгенбіз

Ол оқиға 1756 жылы болып еді. Цин империясы жоңғардан соң, біздің де саудамызды бітіру үшін Хадах және Дарданг дейтін генералдарына 20 мың қолды бастатып, қазақ жеріне жұмсайды. Соғысқа кірісердің алдында Абылай әр рудың жігіттері сапырылысқан құрама армияны таратып, оның орнына кіл дулаттан тұратын, тек қыпшақтан құралған полктарды жасақтайды. Қарап тұрсаң, ең маңызды сәтте, бөлімдері ру-руына байланысты бөлу дұрыс емес сияқты ғой! Бірақ, сол ұрыста қытай армиясының талқанын шығарып жеңіппіз.

Бар мәселе мынада: Әртүрлі рудан құралған армия, жағдай қиындап кетсе, майданды тастап қашып кете алады екен. Ол кезде ешбір жауынгер өзін қор сезінбейді. Себебі, «мен ғана қашқам жоқ, бүкіл қазақ қашты» деп ақтала алады. Ал енді, Абылай хан әр рудан жеке-жеке полк жасағанда ешкім шегінбеді. Неге? Себебі дулаттардан құралған полк шегінсе, басқа рулар өмір бойы мазақ қылады. Сол үшін Бәйдікбектің ұрпағы қырылып жатса да, қашпады. 
Өз руының абыройына дақ түсірмеймін деген пидагерлікті тек соғыста ғана емес, елдің баюына, экономиканы өрлетуге пайдалануға да болады. Ол қалай дейсіз бе? Қазір айтамыз.

Корейлердің тәжірибесі

1950-нші жылдары Оңтүстік Кореяға бара қалсаңыз, тұп-тура қазақты көрер едіңіз. Кәрістер қорқақ десең, ештеме айтпауы мүмкін. Ал Ким немесе Сон руы жаман деп көр, қолыңда өлуге бар еді. Корея ол заманда, қатты рушыл, мешеу бір жұрт еді. 

Мешеу дегенде былай ғой. Корея екіге бөлінгенде көптеген кен, шахталар, солтүстіктегі коммунистердің территориясында қалып қойды. Ал, оңтүстіктің еншісіне тақыр кедейлер мен шовинистік деңгейдегі рушылдық қана бұйырды. Корейлерде руға қатты ұқсайтын әулеттік, фамилиялық бөліністер бар. Мысалға Ли әулеті, Фин әулеті, Сон әулеті деген сықылды... Онысын чеболь деп атайды. Дәл осы чеболь корея кереметіне себепкер болды. Қалай дейсіз бе?

Сол кездегі корейдің президенті Пак Чон Хи Абылайдың саясатына ұқсайтын қисынды қолданды. Елде енді-енді бой көтеріп келе жатқан, бірақ тек өз руластарын ғана көтермелейтін кәсіпкерлерді жеке-жеке қабылдады. Президент рушылдықты кесір деп санамады. Қайта олардың рушылдығын қоздыра түсті. «– Мә, саған ақша! Ихве руы саудаға өте бейім екенін дәлелде!» деп тапсырма берді. «Мықты инженерлер тек сенің ғана руыңнан шығуы керек» деп Ли жұртына шарт қойды. Бәске рудың абыройы қойылғасын, Ихве руы да, Ли руының адамдары да аянып қалмады. Не керек, рушылдық Кореяны дамыған елге айналдырды. Қазіргі Samsung, LG, Hyundai, Daewoo деген компаниялар – сол кешегі руаралық бәсекенің жемістері. Бұл кәсіпорындарды әлі күнге белгілі бір ру өкілдері ғана басқарады.

Бізге керегі – руластық

Соңғы кезде көлігіне Темеш, қалпағына Қарпық деп жазып алғыш мақтаншақтар көбейіп кетті. Иә, мақтанатын өзі ешбір тірлік жасай алмаған адам осылай руын бет-перде ететіні бар. Бұл – руымен мақтану емес. Руының абыройын күйттесе, арғын арасынан алаяқ шықпас еді. Найман жұрты ішкішін өзі-ақ түзеп алар еді. Дулат сұғанақтың қолын өзі шабар еді. Яғни, руының атауын көлігіне, мәшинесіне жапсыру – жай қырт тірлік. Осы арада рушылдық деген қалшылдаған ұғымды, руластық деген қылшылдаған жас, жасамыс атауға ауыстыру керек шығар? Рушылдық – бөлінудің көрінісі. Ал руластық – бірігудің басы. Қош, сонымен не істеу керек?

Әлгінде айтқан корейдің радикалды саясатын қазақ арасына ендіру керек. Тек оның алдында қоғамды дайындап алу қажет. Мысалға, «Қоңыраттар сөзге берік. Өтірік айтпайды» деген бренд қалыптасуы қажет. «Сіргелі – техникаға ең жақын ру» деген пайым қалыптастыру керек. «Сиқым пысық, саудагер» деген ұстаным ел арасында таралуы қажет. Осыдан кейін белгілі рудың өкілдерінің күшімен пайда болған концерн, корпорациялар да өмірге кеп қалар! Қысқасы, ұлт бойындағы кез-келген кемшілікті кеңшілікке, кертартпалықты ерекшелікке айналдыруға болады. Тек жолын табу керек.

Р.S. Айтпақшы, ел көп мақтаған жапон да рушылдығының арқасында өркендеген. Төмендегі суретте біздің руға ұқсас жапон чебольдары һәм олар құрған концерн, корпорациялар картасы.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English