«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Айбынды түрік армиясы

2781 0
Айбынды түрік армиясы
«Қазақтың әскери тарихы» жобасы байырғы түріктердің соғыс өнері мен тактикалары, қолбасшылары, қорғаныс жабдықтары мен қару-жарақтары жайында баяндайды

Дәуірлеген ғұндардан кейін тарих сахнасына түрік тайпалары шықты. Ғалым Н.А. Аристов «Түріктердің бастапқы шығу тегі мен олардын ата жұрты туралы» деген мәселеде: «Түріктердің негізгі үлкен тайпалары алғашында Алтайды мекендеген. Алтайдағы жер-су аттары көне түрік халық аңыздарына енуі бұған дәлел бола алады. Ежелгі түрік мемлекеті хұндар империясы болып есептеледі», – деп жазады.

Жекелеген түрік халықтары мен олардың тіршілік еткен мекені туралы алғашқы ақпараттарды ІХ-Х ғасырлардағы араб географиясынан кездестіруге болады. Географиялық әдебиеттерде «түрік» деген сөз халықтар тобы және олардың тілінің ортақ иесі ретінде көрсетілген. «Түрік» сөзі (қытайша: «тукюе») б.з. VI ғасырында бірінші рет (бір) көшпелі халықтың атауы ретінде пайда болды.

«Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам Бұмын қаған, Істемі қаған [таққа] отырған. [Таққа] отырып түрік халқына, еліне, төріне (билік) тұтқа болған, қалыптастырған» делінген Күлтегін тас жазбасында.

VІ-VІІІ ғасылдарда түріктер Монғолиядан және Қытайдың солтүстік шекарасынан Қара теңізге дейін созылып жатқан ұлы көшпелі империяның негізін қалады. Осы ұлан-ғайыр аумақты мекендеген түрік тілдес ашина (түрік), қырғыз, үйсін, қаңлы, қарлұқ, оғыз (теле), қыпшақ т.б. тайпалар Түрік қағандығының құрамына енді.

Түріктердің айбынды әскері қатал заң және мықты қалыптасқан әскери тәртіптен тұрды. Қытай жылнамасында көрсетілген көне түріктердің мемлекеттік заңында негізгі ірі-ірі бес бап жазылған:

1-бап. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы кесілсін (мемлекеттің бүтіндігін сақтау талабынан туған).

2-бап. Түрік будун (жұртының) мүддесін сатып елге опасыздық еткендер өлім жазасына кесілсін.

3-бап. Қағанат ішінде жазықсыз кісіні өлтіргендер өлім жазасына кесілсін.

4-бап. Сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын (Ат – қоғамның соғыс күші).

5-бап. Ұрланған бағалы мүлік үшін он есе артық айып төленсін.

Аз уақыт ішінде Түрік қағандығы мемлекетті сыртқы жаудан қорғай алатын тұрақты әскер құрды. Әскерге белгілі тәртіп бойынша ханның аға-інілері, балалары мұрагерлік жолмен басшылық етті. Мемлекетті негізінен ру-тайпа жіктері бойынша басқару жүйесі қалыптасты. «Байырғы түріктер әкімшілікке де, қосынға да ондық жүйені мықтап енгізді, – деп жазады ғалым Қ. Сартқожаұлы, – ондық жүйе қағанат ішіндегі байып дәулеттеніп бара жатқан феодалдар мен қоғамның жоғарғы сатыдағы лауазым иелерінің құқын қорғаумен қатар қол астындағыларды өкімет тарапынан қозғалтпай ұстап отыруға тым ілкімді болды. Сөйтіп, ондық жүйе бір жағынан әкімшілік, екінші жағынан қосындық функцияны қатар атқарып отырды».

Империя құрамындағы он ірі тайпаның әрқайсысының басқарушысы болды. Оны «Шал» деп атады. Бұл атау кейін Найман империясында сақталды. Он тайпа «оң қанат» және «сол қанат» деп екіге бөлінді. «Сол қанатқа» дулулардын бес тайпасы, «Оң қанатқа» көшпелілердің бес тайпасы кірді.

Қ. Сартқожаұлының зерттеуінше, түріктер тайпалық құрылымды бұзбаған. «Бір тайпаның ішінде бірнеше жүздік ұйымдастырғанда толмай қалған кезде екінші бір тайпаның адамдарын алып келіп қоспады. Тайпалық құрамды қатаң ұстады. Оның себебі түрік әлемінде тайпалық, рулық құрлым қоғамдық биоәлеуметтік жүйесі. Бұл мемлекет тұғырының тұрақтылығын сақтап, елді, ұлтты тұтастықта ұстайтын саяси жүйе болып қалыптасқан».

Қағанның атты сарбаздар қолы бумынға, түменге топтастырылған. Тасқа жазылған тарихи жазбаларды оқыған ғалымдарға сенсек, оларды ішінен жүздіктерге бөліп, жүз басына сенгүрдерді тағайындаған.

Мемлекетте қалыптасқан жүйе бойынша әрбір сарбаз бейбіт уақытта отбасын асырап, шаруасын жасап, салығын төлеумен халық қазынасын молайтуға атсалысқан. Егер ел шетіне жау тисе немесе басқа қағанатқа соғыс жарияласа, әскери-әкімшілік жүйесі белгілі бір тәртіп бойынша тура әскери қосынға автоматты түрде айналатын болған.

Түріктерде еркек кіндіктілер 14-15 жастан бастап сарбаз атануға құқылы. Күш-қуаты, ептілігі, бейімділігіне орай «ер сарбаз» атақ беретін болған. Сарбаз болған азамат нағыз азамат аталады.

Байырғы түріктердің тұрақты қолының әскери шендері төмендегідей болған. Онда: ер (сарбаз, қатардағы жауынгер), сеңүн (жүзбасы), ұрұңу (ақлақшы = старшина), тұтұқ (қарамағына алған жат жұрттықтардың үстінен тұрақты басшылық етушілерге берілетін әскери атақ), күлүг ерен (сеңүн, ұрұңудан – үлкен әскери шен), ышбара (әскери жоғарғы шен), тархан (әскери жоғарғы шен және ерекше құқық), чігси ақунчы (әскери иерархиялық атақ), бойла (была) баға тархан (әскери және әкімшілік жоғарғы шен), іч- бұйрұқ (қаған ордасын қорғайтын қолдың бас қолбасшысына берілетін шен), ұлұғ бұйрұқ (бас қолбасшы). Әскери қорғаныс күшінің басында қаған тұрды.

Түрік армиясының Ұлы даланы дүбірлеп өтуінің екі негізгі факторы бар: біріншісі, этникалық түбірі бір текті мал шаруашылығы болса, екіншісі темір өндіру индустриясының дамуы. Әлі жеке қағанат құрмай, жужандардың тепкісінде жүрген түріктердің темір өндіру шаруашылығымен айналысып, кейін оны шарықтау шегіне жеткізгені жайлы деректер сақталған. Ортағасырлық араб тарихшысы әл-Джахиз: «Түріктер қару өндіреді, оқтар, ерлер, қылшандар, найзалар жасайды» деген жазба қалдырыпты.

Түріктер адамзаттың соғыс өнеріне түрік садағын алып келді. «Садақтың адырнасында екі басының қос сүйегі, доға немесе трапеция пішінді белінің екі қыр және жіңішке төрт бұрышты бір ортаңғы сүйегі болды. Бірақ бұл садақтың ғұндар садағынан айырмашылығы – оның иінің екі бетіне сүйек салынып, сүйектің табиғи серпінді күшін қолданылуында» деп жазады қару-жарақ этнографы Қ. Ахметжан.

Ғалымның зерттеуінше, VIIғасырдан көне түріктер семсермен қатар ат үстінде айқасуға ыңғайлы, сабы жүзіне қарай қисайта орналастырып соғылған, басы түзу, бір жүзді палаш қаруын пайдалана бастаған. Семсер, палаш секілді қарудың түрін көбейту мақсатында кейінгі ғасырларда олардың басы қайқыланып, сабы имек болып жасала бастады. Мұндай формалық өзгерістер қылыштың қолданыла бастауын жеделдетті.  Сонымен қатар түріктер соғыс кезінде қанжар, найза, балға секілді қаруларды да кеңінен пайдаланған.

Қорғаныс жарақтарының ішінде көбе сауытты түріктер көп пайдаланды. Ұзынша көбе пластинкаларды қайысбаумен астарсыз бекіті әдісімен жасалған сауыт кең таралған. Ал кіреуке сауыт, шығыршықты сауыт, қаттама сауыт, кираса типті сауыт та сапалы матадан бірнеше қабаттап сырып тігіліп, қыл, мақта, металл үзіктерін пайдалана жасалған жеңіл сауыт түрі түріктер дәуірлеген заманнан қалған ескерткіштер болатын.

Түріктер дәуірінен қалған петроглифтік таңбаларда олардың өздері ғана емес, соғыс аттары да ауыр сауытпен жарақталғанын көруге болады.

545 жылы Түрік қағанатын құрушы қаған – Бумын. Ол әскер санын жүз мың шерікке жеткізіп, күшейткеннен кейін ғана Түрік қағанатын орнатқан. Жүз мың қолмен жужандарды талқандағаны тарихи деректерде сақталған.

Қытайлар Тумынь деп атаған (түрік жазбасында «Бумын») империяның негізін қалаушы тұлға 552 жылы дүние салды, оның ағасы Істемі (қытайша Шедеми) батысты жаулап алған, 576 жылға дейін өмір сүрген. Бастапқыда ағалы-інілі екеуі бір-біріне тәуелсіз болған, қытайлар осыған сәйкес көшпелі империяларды солтүстік түріктердің мемлекеті және батыс түріктердің мемлекеті деп атаған.

Бумын қаған мен Қара қағанның мұрагері Мұқан қаған Оңтүстік-батыс Манчжуриядағы моңғолдын кидан тайпасы мен Енисейдегі қырғыздарды басып алу арқылы түрік елінің Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірдегі билігін түпкілікті етеді. Қытай жазбалары бойынша шекарадан тыс жаткан көршілерінің бәрін тітіркентеді.

691 жылы таққа Елтеріс марқұмның інісі Қапаған (Мочжо) қаған (691-716) отырып, Шығыс Түрік қағандығы әскери-саяси дамуы жағынан шарықтап өсті: Солтүстік Қытай армиясына қарсы бірнеше шабуылдар жасады, қидандарды талқандады (696-697), Туваны жеңді. Енисейлік қырғыздарды бағындырды (709-710). Қапаған бүкіл Орталық Азияны билеуге қол жеткізді. Түріктердің қытай әскерін жеңуі шамамен 702 жылы болған. Қытайлар тұтқындарды сатып алмағаны үшін жазалау жорығы 703 және 704 жылдары, қытайлықтармен жаңа шайқас 706 жылы болды. Сол жолы Ча-Ча Сенгупанын 80 мындық әскері талқандалған. Шатчжачунидін түріктерден жеңілісі 707 жылы, түріктердің батысқа жорықтары 709-713 жылдары болған.

Шығыс Түрік қағандығы кезінде түрік әскерінің даңқы асып, кағандық өзінің шырқау биігіне көтерілді: Елтеріс (Құтлығ), Мочжо (Капаған), Могилян (Білге) қағандар кезінде қуатты мемлекет болды. Байырғы түріктердің әскери басқару жүйесі Шыңғыс хан дәуірімен жалғасып, ғасырлар бойы сақталып келді.  

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English