«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Су сұлтаны – Сәрсембаев

1875 0
Су сұлтаны – Сәрсембаев
Сұлтан Момынұлы Сәрсембаевтың туғанына 90 жыл

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген гидротехнигі Сұлтан Момынұлы Сәрсембаев 1928 жылдың 15 наурызында қасиетті Баянауыл өңірінде дүниеге келген.

Осынау өңір тұрғындарының негізгі бөлігі ертеден көзі ашық, сауатты адамдар болғаны, солардың ықпалымен кейінгі буын да білімді, өнерлі азаматтар болып қалыптасқаны баршаға аян. Мұқым елге есімдері әйгілі Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан, Ә. Бектұров, Ш. Шөкин, Ә. Сағынов, С. Бейсенбаев, Ж. Ержанов, Қ. Жұматов, З. Дүйсенбеков сияқты академиктер мен Д. Әбілев, З. Шашкин, З. Ақышев, Қ. Исабаев, О. Сүлейменов   тәрізді көрнекті жазушылардың өмірбаяндары әлі де жастарға үлгі.

1951 жылы Сұлтан Момынұлы Баянауылдың тумасы, Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары Әбішев Айтыбай мен аса көрнекті ғалым Шапық Шөкиннің  ақыл-кеңесімен Қазақстан Ауылшаруашылығы институтына оқуға түсіп, су-мелиорация  факультетін тамамдайды.  

Еңбек жолын Павлодар облысы су шаруашылығы басқармасында аға инженерліктен бастаған ол Қазақстан Республикасы Мелиорация және су шаруашылығы министрі қызметіне дейін өседі. Сөйтіп, Баянауыл өңірінен шыққан алғашқы министр атанған.  

Павлодар облысы аумағында Ертіс сияқты аса ірі арналы өзен мен Шідерті, Ащысу, Түндік, Өлеңті сияқты дала өзендерінің ағатынына   қарамастан 1950 жылдардың бас кезіне  дейін жерді қолдан суарып игеру көлемі 350 гектар алқаптан аспаған. Кейін  инженерлер С. Сәрсембаев, М.С. Зозуля, Н.Г. Сагитдиновалар Ертіс суы арқылы жаңа учаскелерді қолдан суарып игеру және Баянауыл ауданындағы дала өзендері арқылы жерді жайып суландыру жобасын жасауға кіріскен. Олар Ертіс жағалауындағы жерлерге суды механикалық тәсілмен көтеріп шығаруды  ұсынады. Соның нәтижесінде, 1965 жылы Чернояр су жүйесі құрылып,  облыстағы 5 мың гектар жерді суландыруға мүмкіндік туған.  Осылайша, Павлодар, Екібастұз, Ақсу секілді өндірісті қалаларының тұрғындарын көкөніс және сүт өнімдерімен, азық-түліктің басқа түрлерімен қамтамасыз ету жақсарды.

1960 жылы  жайылымдарды кешенді түрде суландыру бағдарламасын іске асыру қолға алынып,  Ертістің сол жағындағы далалық өңірлердегі жерлер  Ащысу, Шідерті, Өлеңті өзендерінің  суларын  жаю арқылы  игеріле бастады.

С.Сәрсембаев Қазақ ССР Министерлер Кеңесі жанындағы су шаруашылығы басқармасында істеп жүрген шағында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөлде (Бетпақ далада) мақта өсіру алқаптарының көлемін 100 мың гектарға жеткізу мақсаты көзделіп,  Киров магистральды каналын қайта жасау мен басқа да  ірі шаруаларды жүргізу ісін тікелей басқарды.

Уақыт өте келе Сұлтан Момынұлы КСРО Ауылшаруашылығы және азық-түлік дайындау министрлігінің Талдықорған облысаралық машина-экскаватор стациясына директор болып тағайындалады. С. Сәрсембаев басқарған уақытта Қаратал күріш өсіру жүйесі қайта жасақталды, Күрті су қоймасы жасалды және Алматы облысындағы жерді қолдан суарып игеру көлемі 15 мың гектарға дейін жеткізілді және  алыстағы мал жайылымдарында мал азығының тұрақты базасын жасауға арналған «Тасқұтан» тоспасы салынды.  С. Сәрсембаев басқарған станция осы сияқты құрылыстарды жүргізудің нәтижесінде Одақтың ауыспалы  туын жыл сайын жеңіп алып отырған.

Сұлтан Сәрсембаев 1955 жылдан бастап Талдықорған облысы Су шаруашылығы басқармасының бастығы болып бірнеше жыл еңбек етті. Сол кезеңде  Талдықорған, Киров, Қаратал, Ақсу, Сарқанд, Алакөл, Панфилов аудандарында қант қызылшасының, жоңышқа, күріш, жүгері және басқа дақылдардың өнімділігін арттыру мақсаты туындады.  Сөйтіп, суландырылатын жерлер көлемін ұлғайта түсу үшін жобалау құжаттары жасалып, Көксу, Қаратал, Тентек, Үсек, Лепсі және басқа су көздеріне ірі-ірі тораптар мен каналдар салынды. Сонымен бірге Сарыесікатырау, Көлқұм шөлді алқаптарын суландыру және Балқаш, Алакөл аралығына құдықтар қазу сияқты үлкен кешенді жұмыстар жүргізілді. Шеңгелді қоймасынан бастау алатын, ұзындығы 86 километрлік,  малды автоматты тәсілмен суаратын пункттер бар  азбест-цемент құбыр да осы жылдары тартылған. Жаңа техникалық құралдар мол енгізілген, дүние жүзінде теңдесі жоқ осы объектіні салуға басшылық жасағаны үшін С.М. Сәрсембаев Халық шаруашылығы көрмесінің (ВДНХ) Үлкен алтын медалімен марапатталды.

Бұл уақытта Талдықорған облысында тың жерлерді игеруге байланысты жаңа совхоздар құрылып, олардың орталықтарын көркейту мәселелері қолға алынған еді. Әсіресе,  орталықтарды сумен қамтамасыз ету үшін С.М.Сәрсембаев құбырлар құрылысына ерекше мән берді. Оның осы еңбегі де ескеріліп, 1957 жылы «Ерекше енбегі үшін» медалімен марапатталды.С.М. Сәрсембаевтың Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы Су шаруашылығы Бас басқармасы аппаратындағы қызметінен бастап Қазақ КСР Су шаруашылығы министрі қызметтерін атқарған жылдар (1959-1974 жж.) – гидромелиоративтік жүйені техникамен одан әрі жабдықтай түсу, олардың жұмыстарын автоматты жолға қою, жерді қолдан суарып игеру жүйесі басқармасынын арнаулы базасын жасау, жерді суландырудың аса ірі жүйелерін салу және жерді су жайып игеру көлемін кеңейте түсу, жаңа тың совхоздарын сумен қамтамасыз ету мен жалпы мелиорацияны дамыту кезеңі болды.

КОКП ОК-нің 1966  жылғы мамыр Пленумы мелиорациялау халық шаруашылығындағы  аса маңызды мемлекеттік міндет деп жариялаған еді. Сол  жылы С.Я. Жук атындағы «Гидропроект» институты Қазақстанды сумен қамтамасыз етудің Бас сызбасын жасады. Бұл –   ауқымы жағынан   Кеңес Одағында ғана емес, дүние жүзілік практикада әлі қолға алынбаған кең құлашты шара болатын. Осы құжат ауылшаруашылығын мелиорациялау мен халық шаруашылығының барлық салаларын сумен қамтамасыз етудің ұзақ жылдарға арналған бағдарламасына айналды. Бағдарламаның бір ерекшелігі – онда елдің су және жер ресурстарын кешенді де тиімді пайдаланудың  жаңа бағыты көрсетілген.

Түркістан ауданында Арыс-Түркістан каналы мен Бөген су қоймасын қамтыған су таратқышы кешені салынды. Қызылорда және Алматы облыстарындағы күріш, Жамбыл, Талдықорған облыстарындағы қант қызылшасы мен жүгері өсіретін аудандар да осындай тәсілдермен дүниеге келген. Колхоздар мен совхоздар елді жүгері тұқымымен қамтитын негізгі шаруашылыққа айналды. Осы шаруашылықтардағы 10 мың гектар жерді қолдан суарылатын жүйені қайта құру С.М.Сәрсембаевтың тікелей басшылығымен іске асқанын ерекше айта кеткен жөн.

1972 жылы Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Көкшетау облыстарының 200-дей елді мекеніне су беретін ұзындыгы 1750 километрлік «Есіл» топтастырылған құбыр жүйесі дүниеге келді. Мұндай жүйе республиканың басқа аудандарында да жүргізілген.

Осы инженерлік құрылыстарды пайдалануға бергені үшін республика су шаруашылығы мамандарының үлкен тобы үкімет наградасына лайықты деп табылды, соның бәрін басқарып жүрген С.М. Сәрсембаев «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген гидротехник» құрметті атағымен марапатталды.

Ертіс-Қарағанды каналы республикадағы су шаруашылығы құрылыстары ішінде ерекше орын алады. Суды 418 метр биіктікке шығаратын ұзындыгы 458 километрлік гидротехникалық құрылыс Орталық Қазақстанның өндірісті аудандары мен ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз етуге арналған.

Бартоғай су қоймасы мен Шелек-Алматы каналының (Д.А. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының) салынуы және Іле өзенінің төменгі ағысындағы суармалы жердің игерілуі де осындай ұсыныстардың нәтижесі.

Сұлтан Момынұлы министрдің орынбасары болып жүрген шағының өзінде министрлік коллегиясының тапсыруымен республиканың  батысындағы облыстарда жерді қолдан суарып игеретін және жайып суландыратын Орал-Көшім (Батыс Қазақстан облысында), Аралтөбе, Бақсай, Шарон, Нарын (Атырау облысында) құрылыстарына тікелей басшылық етті. Бұл құрылыстар бойындағы тоспалар, жағаға су шығаратын құрылыстар және жүзбелі  станциялар  бүгінге дейін мүлтіксіз жұмыс істеуде.

Сондай-ақ С.М. Сәрсембаев Қызылорда облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Семей облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде де өзіне тән жинақылықпен, білімділікпен еңбек етті. Партия, кеңес салаларының қандай қызметін атқарса да өзінің инженер-гидротехник екенін әсте ұмытқан емес.

Қызылорда облысында партиялық міндеттерді атқарып жүргенінде де жерді қолдан суарып игеру мамандарын даярлау, күріш өсіру жүйесін қайта конструкциялау, әсіресе жерді мейлінше тиімді, суды барынша үнемді пайдалану мәселелері оның назарынан бір сәт тыс қалмаған.

С.М. Сәрсембаев Семей облаткомы төрағасының орынбасары қызметінде өзіне тән іскерлігін  танытып,  жаңбырлатқыш агрегаттарды іске қосуды тікелей басқарды. Сұлтан Момынұлының басқаруымен Семейдің кеме жасау зауыты мамандары Ертістен жағаға су шығаратын қуатты сорғыларды құрастырып, іске қосқан болатын. Семей обкомының бірінші хатшысы С.К.Кубашевтің бастамасымен, С.М.Сәрсембаевтың тікелей басшылығымен Абай, Шұбартау, Ақсуат, Мақаншы аудандарында аса ірі қой өсіру кешендері  салынды.

Семей обкомның бірінші хатшысы К.Б. Бозтаевтың тұсында республика басшылығының, одақтық органдардың қолдауымен  облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарта түсу жөнінде арнайы қаулы қабылданды. Сұлтан Момынұлының Қызылорда облысы бойынша керек-жарақты дайындағаны  және қаулы жобасын жасаудағы тәжірибесі ескеріліп, білікті маман ретінде Мәскеуге іс-сапарға жіберілген. Айта кететін жайт,  бұл жолы қаулы жобасын дайындауға Қазақ КСР Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары Е.А. Каменов, Жоспарлау комитетінің коллегия мүшесі К.Б. Есентаев көмектесіпті. Сөйтіп, өңірдің экономиксын көтеру мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған қаулы уақытында қабылданды. С.М. Сәрсембаев зейнеткерлікке шыққанға дейін сол қаулыда көрсетілген игі шаралардың іске асуын ұдайы  қадағалаумен болды.

Жобалау жұмыстарында мол тәжірибе жинақтаған Сұлтан Сәрсембаев «зейнеткермін» деп қол қусырып отырған жоқ. Арал, Каспий, Балқаштың экологиялық проблемаларын зерттеп, тиісті мекемелерге техникалық дәлелдемелер дайындайтын ғылыми-шығармашылық ұжым жасақталғанда оның құрамына  аса ірі гидротехник ретінде С. Сәрсембаев та шақырылған еді.

Сұлтан Момынұлының еңбегі жоғары бағаланып, Қазан революциясы және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту Ордендерімен, сонымен қатар көптеген медальдармен және құрмет грамоталармен марапатталды. Мұзафар Әлімбаевтың:

«Сендер барда ақ төсінде даламның,

Өзендер де өрге қарай ағады.

Нақ сендердей еңбегі мол адамның

Жер түгілі суда да ізі қалады»,  – деген жыр жолдары ірі қайраткер Сұлтан Момынұлы Сәрсембаевтың еліне сіңірген үлкен еңбегінің бір айғағы болса керек. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, ұрпақтарнан тағзым ретінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері С.М. Сәрсембаевтың аты туған жері Баянауылда агротехникалық колледжге және көшеге берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

 

Төлеген МҰҚАТАЙҰЛЫ,

Қазақстан су пайдаланушылары ассоциациясының мүшесі

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English