«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Әбдеш ТӨЛЕУБАЕВ: Қазба жұмысын бастарда аруақтарға ас берем

2046 0
Әбдеш ТӨЛЕУБАЕВ: Қазба жұмысын бастарда аруақтарға ас берем
Былтыр тамыз айында Зайсан өңіріне жасаған сапарымызда атақты археолог Әбдеш Төлеубаевпен сұхбат құрған едік. 10 айдай уақыт өтіп кетсе де, айтары мол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз

– Әбдеш аға, алыс жолдан келе жатсаңыз да, жолсоқты болғаныңыз қарамай, сізге сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет айтамыз. Сіздің атыңыз Шіліктідегі Алтын Адамды табумен шықты. Бұл Шілікті қорғандарын сізге дейін кімдер зерттеді?

– Шілікті сонау 40 жылдарынан аяғынан бастап зерттеле бастады. Алғашқы түрен салған ғалым, ленинградтық профессор Сергей Сергеевич Черников еді. Бұл кісі 1949 жылдан бастап, кейін 1959, 1960, 1963 жылдары зерттеуді жалғастырды. Ең соңында 1970 жылдары тағы бір рет келіп көрді. Өз айтуына қарағанда ұзын-қысқасы 13 жыл қазба жұмыстарын жүргізген.  

– Алып жазықта нақты қанша оба бар?

– Шілікті даласында, орталығының өзінде Жалшиден бастап Тасбастауға дейінгі аумақта 200 оба бар. Оның ішінде 40 шақтысы ақсүйектердің, патшалардың моласы. Бұл обалардың аумағы өте үлкен.

Ал енді Шағаноба жақ және Кемпірбұлағы бар Маңырақ тауының бөктерін есептегенде қорғандар саны өте көп. Тек қана Шағанобаның өзінде 187 ескерткіш.

– Бұл қорған-обалардың барлығы сақ дәуіріне тән бе?

–Ерте сақтан бастап көне түркілерге дейін үлкен бір кезеңді құрайды. Таза сақтардың өзінің ескерткіштері біздің заманымызға дейін 8 ғасырдан бастап біздің заманымыздың 2 ғасырына дейін келеді. Яғни 600-500 жыл сол жерде сақтар емін-еркін өмір сүрген және сол жерде үлкен бір мәдениетін жасаған.

Одан кейін біз бұл жерден Үйсін ескерткіштерін таптық. Былай айтқанда, бұл жаңалық – археологияға, тарихқа қосылған үлес. Мұны елбасымен кездескен кезде де айттым. Осы үйсін ескерткіштерін Тарбағатайдың бөктерінде, Тарбағатайдың Ертіске дейінгі аумағында бар екендігін 1990 жылдардан бастап айтып жүргенмін. Өйткені сол кезең ескерткіштерін өзім көріп, Ақсуаттың аумағында қазғанмын. Енді, міне, Шілікті даласынан кездестіріп отырмыз.

Үйсін, көне үйсіндердің ескерткіштерін бұрын солтүстік шығыс шегі, Ыстықкөлмен Балқаш сызығы деп келген еді. Ал біз 1500 шақырымдай ұзарттық. Мұны таза археологиялық материалдар негізінде айтып жүрсек,  Қытайдың жазба деректерінде үйсіндер Тарбағатайдың шығысында, Ертіс-Қара Ертістің бойында біздің заманымызға дейін 2-3 ғасырда өмір сүрді деген деректер шықты. Бұл, енді, керемет қызықты дерек!

Тақырыпқа тұздық: Археологияға «Қаратал қорымы» термині енуі мүмкін

2013 жылы Синьхай түбегіне дейін, Тибетке дейін барып қайттым. Үйсіндердің көне мәдениетінің ең бастапқы бір нүктелері сол жерде болған. Содан бері қарай үйсіндер Іле бойымен, бір жолы екінші Тянь-Шань тауымен Еренқабырға арқылы, содан кейін Жеменей арқылы осы жаққа бір тобы келіп қоныстаған болуы керек. Үйсін мәдениетінің, көне өркениеттің осы жерде бар екендігін дәлелдедік.

– Бұл деректер Берден Байқошқаров пен Қаржаубай Сартқожаұлының үйсіндер жайлы еңбегінде бар ма?

– Жоқ, ешкімде жоқ. Үйсіндердің Тарбағатай жотасында, Тарбағатайдың терістігінде өмір сүргендігі жөнінде, олардың мәдениет қалдырғаны жөнінде бұған дейін ешкім шығарған емес. Бірақ кезінде Хенников деген ғалым осы біздің Ертістің бойындағы, Алтайдың оңтүстік батыс жағындағы кейбір ескерткіштерді үйсін мәдениетіне ұқсатқан. Бірақ үйсіндердікі деп нақтылап айтпаған.

– Үйсіндер мәдениеті сақтардан қалай ажыратылады?

– Үйсін ескерткіштерінің сыртқы белгісі мынадай: орташа обалар 2 метрге дейін, диаметрі 35 метрге дейін боп келеді. Олардың көптеген обаларының диаметрі 15-18 арасындағы метр аралығында, ал биіктігі 1 метрге дейін жетеді. Олардың бір ерекшелігі: дөңгелек обаның айналасында ені 1 метрдей малта тастардан қоршау болады. Малта тастардан, кейде жақпар тастар құралады. Бұл өзі бір-екі қабат, қоршау. Содан кейін ортасында қабірхананы, үйсіндердің қабірі көбінесе тік шұңқыр болып келеді де, солтүстік жағынан арнайы лақат сияқты қазылады. Лақаттың ауызын кәдімгі білектей немесе бір диаметрі 10-15 см ағаш сырықтарымен жабады да, шұңқырды топырақпен толтырып тастайды. Басын оңтүстік батысқа қаратады.

Үйсіндерде міндетті түрде малдың, әсіресе қойдың құйрығын бірге көмген. Және бәкі де сонда қалдырып отыратын дәстүрі болған. Бұл деректер толығымен осы жерде де анықталды.

Біздің Елбасы жалпы осы археологиялық зерттеуге қатты мән береді. Ол кісі «Әбдеш, мынау мен сендердің жалпы жұмыстарыңа қадағалап жүрмін.  Үйсін Қытаймен теңдес мемлекет болған ғой» деді.

Үйсіндердің Қытаймен саяси, экономикалық, әр түрлі отбасылық одақ құрып, қыз алып, қыз беріскені жайлы тарихтан белгілі.  

Біздің Шіліктіден тапқан ең асыл қазынамыз, басты көзіріміз – Алтын Адам. Бұл Алтын Адам оған дейінгі табылған Алтын Адамдарға қарағанда жақсы бағаланған, насихатталған. Есіктен табылған алғашқы Алтын Адам жөнінде бір кітап шықты, 4-5 үлкен мақала шықты.

– Алғашқы Алтын Адамды сақтар дәуірінен шығарып тастап, Үйсін мәдениетіне теліп жүргендер бар.

– Қазір осындай «жаңалық» айтып жүрген азаматтарды білемін. Ол – тап-таза сақ, өйткені мүрдені алтын киімге киіндіріп қою, алтынға орап қою тек сақтардың дәстүрі. Бұған көзім әбден жетті. Үйсіндерде ондай болмаған.

Мысалы біз тапқан Алтын Адам 8-7 ғасырларға кіреді. Ол дәуірде киімге таққан алтын, әшекей бұйымдардың 90 пайызы құйма, сом алтыннан. Алтын арқарда, таутекеде, самұрық, бүркітте, қасқыр құнжық деп жүрміз, барыс деп жүрміз – солардың барлығыда құйма. Ал сол сақтардың кейінгі заманында, 5 ғасырында қаңылдыр алтындар пайдаланылған. Есіктікі қаңылдыр алтын, себебі ол 4 ғасыр кейінгі дәуірдікі. Одан кейін, бергі 1-2 ғасырларда тіпті фольга, шайдың алтын қағазындай өте жұқа фольга сияқты алтын. Ағаш мүсіндердің немесе тері мүсіндердің бетіне жаңағы өте жұқа фольганы жабыстырған. Ал үйсіндерде алтынмен аптап жерлеу дәстүрі болмаған. Сондықтан Есіктен табылған Алтын Адамы сақ дәуірінікі деп тұжырымдаудан басқа жол жоқ.

Тақырыпқа тұздық: Шежіреге толы Шілікті

Шіліктіде биыл 16 обаны қаздық. Екі мың алтын шықты. Бірақ бұлар құйма алтын емес! Алдыңғы жылы Бәйгетөбеден табылған қонжық та бар, барыс пен екі таутеке бар, құйрығымен басы қосылып, иіліп жатқан пантера бар. Мұның барлығы да сол аңдық сюжетке жатады. Бәйгетөбенің бұл жәдігерлері құйма алтын қаңылдыр алтынға айналған 7 ғасырдың аяғына жататын кезең болуға тиіс.  болу да болуы мүмкін. Кәдімгі өрнекке салып жасалған алтындар. Бірақ түр-түсі, формасы құйма алтындарға өте ұқсас, жақын. Осы 16 обаны амандық болса, үстінен ғимарат салып музейлендіруді бастадық. Жоспар бойынша үстіне биіктеу етіп саркофаг салады. Оның біз зерттемеген қыр-сырын, құпия-жықпылын биыл георадар арқылы арнайы сканер жасап түсірдік.

– Әбдеш аға, сізге дейін Шіліктіге барып, ондағы ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп қайттым. Олар сіздің қазба жұмыстарыңызды тоқтатып қойғандарын айтты.

– Шілікті ауылындағы мәселе маған дейін талай болған, оны елемейтін де едім. Ол ауылға мен бөтен адам емеспін. Жалпы әр жыл барғанда үлкен шатыр құрып, жүзден аса адамды жинап, үлкендерге, дүниеден өткен аруақты адамдарға Құран оқытып, ас беремін. Қазақстанда олай жасайтын менен басқа археолог жоқ! Өзім бір жағынан этнографпын, дәстүрлі ортадан кіндігі ажырамаған, ауылда өскен азаматтың мұндайды жасауы міндеті деп ойлаймын.

Ауыл тұрғындарының талабы да орынсыз емес. Шілікті – аудан орталығы Зайсаннан ең алыс жатқан елді мекен. Шекараның тұсында тұр. Басқа ауылдармен салыстырғанда жолдың ең нашары осы Шіліктіде. Жергілікті және облыстық атқарушы билік тарапынан көңіл аударылса дейді. Үкіметтің жол салып береміз деген уәдесі бар.

– Болашақта мұражай болады дегені біраз жыл өтті.  

– Біраз жыл болған жоқ.

– Мұхтар Құл-Мұхаммед кезінде басталған әңгіме емес пе.

– 2003 жылы Мұхтар Құл-Мұхаммед «Мынау жерден болашақта мұражай салынады» деп қана айтты. Мемлекеттік адамдар жалпы халықтың рухын көтеру үшін кейде осылай айтуға қадамдар жасайды. Арнайы мұражайға айналдыру жөнінде 2006 жылы премьер-министрге ұсыныс түсірдім. Олар «Әбеке, тұра тұрыңыз, алдымен Берелді бітіріп алайық» деді. Сапарбаевтың әкімдігі тұсында ол кісіге бірнеше мәселе қойдым. «Берелді бітіріп алайық» деді ол да. Берелдің музейлендірілуіне 15 жылдай уақыт кетті! Қазірдің өзінде толық біткен жоқ, бірақ жобаға келіп қалды.

Біздегі музейлендіру ісі саркофагтан басталады деп отырғанбыз. Бірақ соңғы кезде министрлік мән беріп, музейге лайықты жер бөлу жөнінде менімен ақылдасты. 16 қорғанның маңайынан, Шілікті мен Тасбастаудың ортасы, жолдың шеті, барған халыққа да ыңғайлы, 10 гектар жер бөлінсе деп отырмын. Ортадағы үлкен обадағы саркофаг болашақ зәулім музейдің құрамдас бөлігіне айналады. Жоспар бойынша музеймен бірге лаборатория, туристтерге қонақ үй салады. Егер бөлінген қаржы уақытында жететін болса, онда жұмыс қарқынды жүріп, 2-3 жылда бір нәтижеге жетіп қалармыз деген ойдамын. Қазір саркофагқа 110 миллион теңге бөлінді. Барлық жобасы жасалып бітті. Амандық болса Шілікті аспан асты музейінің алғашқы нышандарын көріп қалармыз.

– Әбдеш аға, сұхбатыңыз үшін көп рақмет!

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English