«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Азаттықтың айқын белгісі

2099 0
Азаттықтың айқын белгісі
Еліміз жыл сайын маусым айында Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтеді. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – ол оның егемендігі мен тәуелсіздігінің, халық пен билік арасындағы бірліктің дәлелі

Олар қазақстандық мемлекеттіліктің, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылып, шоғырлану идеясын білдіреді. Мемлекеттік рәміздердің мақсаты, бір жағынан, мемлекеттілік идеясының негізгі басымдықтарын: тұтастықты, тәуелсіздікті, ел азаматтарының санасындағы бірлікті бекіту болса, екінші жағынан, халықаралық деңгейде Қазақстанның бейбітшілікті сүйетін, ізгі көршілестікті жақтаушы ретіндегі беделінің қалыптасуына септігін тигізеді. мемлекеттік рәміздерде қазақ философиясының негізгі қасиеттері, ұрпақтардың тарихи сабақтастығын сақтауға көмектесетін іргелі ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар айшықты бейнелен­ген.

Сонымен бірге Мемлекеттік рәміздер ұлттық мемлекеттілік идеологиясының сыртқы пішіндері де болып табылады. Бір-бірлерін өзара толықтыра отырып, олар Қазақстан Республи­касы азаматтарының және халықаралық қоғамдастықтың санасында республиканың және президенттік биліктің бұлжымастығы негіздері ретінде, біртұтас қалпында қабылданады.

Президент Н.Ә. Назарбаев 1992 жылғы маусымның 4-інде: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойды. Ал маусымның 6-сында Алматыдағы Абай атындағы Опера және Балет театры ғимаратында республикамыздың мемлекеттік рәміздеріне арналған салтанатты жиын өтті. Сол күні Қазақстан Республикасы Президенті резиденциясының және Жоғарғы Кеңесі ғимаратының үстінен Мемлекеттік ту желбіреп, Мемлекеттік елтаңба орнатылды. Ал 1992 жылғы желтоқсанның 11-інде Мемлекеттік әрұранның мәтіні бекітілді. Кейіннен мемлекеттік рәміздер туралы ережелер Қазақстан Президентінің Конституциялық заң күші бар, 1996 жылы қаңтардың 24-інде шыққан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» арнаулы жарлығында бір жүйеге келтірілді. Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңба үлгілері Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында сақтаулы. Олар Алматыдан жаңа елордамыз – Астанаға құрметті күзетпен бірге арнаулы көлікпен жеткізілді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының 2006 жылғы қаңтардың 6-сында өткен бірлескен отырысында еліміздің жаңа әнұраны туралы мәселе қаралды. Елдің жоғарғы заң шығарушы органының күн тәртібіне республика үкіметі «Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері туралы» заң күші бар жарлығына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарауды ұсынды.  

Заң жобасын талқылау барысында  депутаттар «менің Қазақстаным» атты жаңа әнұранның авторлары құрамына Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевты ресми түрде енгізу туралы ұсыныс жасады. Мәжіліс пен Сенат депутат­тары жаңа әнұран мәтінінің авторлары ретінде Ж. Нәжімеденов пен Н.Ә. Назарбаевты бірауыздан қолдады.

2006 жылғы қаңтардың 10-ы Қазақстан тарихына елдің жаңа әнұранының туған күні болып енді. Жаңа ресми музыкалық-поэзиялық нышан – Әнұран алғаш рет Астананың Ақорда резиденциясында кезекті президент сайлауындағы жеңісінен кейінгі ұлықталуы кезінде шырқалды. Ел әнұранының таныстырылуына әлемнің жетпіс елінен келген қонақтар куә болды. Олардың арасында бұл салтанатты мерекеге: президенттер, премьер­-министрлер, министрлер мен елшілер, халықаралық ұйымдардың бас­шылары мен өкілдері де келді. Ресми салтанаттарда әнұран орындалған кезде, қатысушылар орындарынан тұрып, оң қолдарының алақанын кеуделерінің сол жақ тұсына қояды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны мәтінінің мазмұны және жігерлі де әсерлі әуені адамдардың жүректерінде отаншылдық сезімін оятады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» деп айтқан болатын. Ендеше, Мемлекеттік рәміздер күні Отанымыз үшін патриоттық пен намыстың мерекесі! Себебі, әрбір азаматтың жүрегінде патриоттық сезімдерін қалыптастыруда мемлекеттік рәміздердің маңызы зор. Оның үстіне биылғы жылы бұл мереке Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында атап өткізілуде. Сондықтан барша жұртшылықты осы мерекемен құттықтай отырып, Отанымызға тынышытық, жанұяларымызға құт-береке береке тілегім келеді. Тойға той ұласып, мерейлі күндер көбейе берсін!

 

Талғатбек ӘМИНОВ,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының  

аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English