«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қалмақтар Еділ бойына қалай келді?

2878 0
Қалмақтар Еділ бойына қалай келді?
Егер Еділдің бергі бетіндегі торғауыттар көшпегенде, кім біледі, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтау біздің қолға қарайтын ба еді, жоқ па?! Тәңірдің жазғаны осы

Қалмақ келгенге дейін

Мәскеу кінәздігі, кешегі Алтын Орданың жұрнақтары – Ноғай, Қазақ, Қырым хандықтарының арасындағы ауызбіршіліктің жоқтығын пайдаланып 1552 жылы Қазанды, көп өтпей Астраханды жаулап алады. Басып алған аумағына жаппай деревня соғып, енді жұтқалы жатқанда саяси жағдай өзгеріп сала берді. Кеше ғана «бір-біріне әдірем қал» деп отырған татар хандықтары татуласып, енді айырылып ағайынын құтқармаққа талпына бастады. Шығыстан қазақ жұрты ақырын жақындап, ал батыстан қырымлықтар бері қарай жылыстап, орыс кінәздігін қыса бастады. Қырым ханы Иван Грозныйға «татар» қалаларын қайтарып бер» деп ақырды. Үлкен шығынмен, әупірімдеп жүріп алған Қазан шаһарын орыс патшасы қайтарып бергісі келмеді. Ханның шабармандарына солай айтты да.

Сол-ақ екен, Қырымның қарақұрым әскері, Мәскеуді бетке ап, жорыққа жүріп кетті. Жолай жауды тоқтатпақ боп, орыс қолбасшылары шеп құрған болды. Бірақ бәрі бекер. Орыс полктеріне қырымлық атты әскер тақап келеді де, әне-міне соғады деп көз жұмып күтіп тұрғанда, шыр көбелек айнала бастайды. Осы сәтті «өлім дөңгелегі» дейді.

Сарбаздар айнала жүріп, оқ боратады. Дамыл жоқ, тыным жоқ. Орыстың сарышаш жігіттері бірінен кейін бірі жерге гүрс-гүрс құлай береді. Қолдағы мылтықтан қайран жоқ. Ары кетсе 80 метрге түкіреді. Ал қырым жауынгерлері жүз метр жақындамай, жебесін зулатып жатыр. Садақшыларды түріп тастау үшін орыстар ауыр кавалерия шығаратын. Қашқан көшпелілерді қуам деп, 3-4 шақырымнан соң, қақпанға түсетін, тірі қалғанын зулаған оқ жалмап, быт-шыты шығатын.

Не керек, осындай нәтижесіз 2-3 шайқастан соң, орыстың армиясы таусылып, 1571 жылы Дәулет Керей Мәскеу шаһарына емін-еркін кіріп, өртеп кетті. Грозный патша қалшылдап Еуропа жаққа қашты. Жаудың астанасын қиратқасын Қырым ханы Қазан мен Астраханды қайтармақ боп, тағы да үлкен жорыққа дайындалады. Бұл бастаманы Ноғай мырзаларымен қолдап, Осман империясына янычарлар корпусымен көмектесті. Арғы беттен қазақтың ханы Хақназар аламандарымен бері келе жатыр еді. Мәскеу кінәздігі «татар» қалаларынан айырылғанына іштей көніп қойды.

Шығыстағы шырғалаң

«Не было счастье, да несчастье помогло» дейтін тәмсіл бар орыс жұртында. Мәскеуге көмек ойда-жоқта Шығыстан келді. Кім келді? Не себепті келді? Ол кезде шығыста моңғол жұрты арасында итжығыс күрес, азаматтық соғыс жүріп жатқан. Бірде торғауыт күш алып, моңғолдың бар тайпасының басын біріктірсе, көп өтпей басқа бір ру күшейіп, әлгіні құлатып тастайтын.

Осындай аласапыран уақытта, мәнжүр жұрты Қытайды жаулап алады да, «енді күллі моңғолды билеймін» деген амбициямен ауырып, Қарақорымға экспансия жасайды. Біз қалмақ деп жүрген жұрт 1609 жылдары мәнжүр қысымына шыдамай алдымен Ертістің оң жағасымен жылжып, солтүстікке қарай бас сауғалайды. Шамамен қазіргі Семей маңына келгенде сол жерде «Дархан-цорджи» ғибадатханасын салады. Бұл дегенің бір тыныстап, ары қарайғы аймақты жаулап алудың нышаны еді. Әрмен қарай Сібірге ентелей ене бергенде орыс басқыншыларымен кез болады. Мәскеу кінәздігі, әуелде қалмақтарға байланысты не амал қолдануды білмей, дал болады. Кері қайтармақ болған әрекеті сәтсіз аяқталып, бірнеше бекініс-острог отқа оранады. Қараса, қалмақтарың да тұп-тура қазақ, қырымлы жұрты сияқты көшпенділердің стилінде соғысады екен. Жауға жақын келеді де, шыр көбелек айнала жүріп, оқ боратады. Егер жау бірінші боп бұларға «өлім дөңгелегін» пайдаланса, садақпен қаруланған, ұзын найзаны иыққа ілген шерік шығарады. Олар дұшпан садақшыларына оқ боратып, жеткен бетте найзамен шаншып, түріп қуып тастайтын. Орыс патшалығы қырымлы мен қазақ, ноғайға осы қалмақты қарсы қоймақ болады.

Сөйтіп, Сібірдегі ойрат-торғауыт тайпаларына қыруар қаржы беріп, Еділ бойындағы ен жазықты мәңгіге сыйға тартам деп, бері шақырады. Ауыр қол ұсынысты мақұл алып, Арқаны баса-көктеп, Еділ дариясына қарай жылжиды. Төбеден түскендей ойда-жоқта пайда болған қалың қалмаққа қазақ жұрты қарсылық көрсете алмай, Сыр бойына ығысып кетеді. Ол заманды біздің әдебиетте «бастапқы ақтабан» деп атайды. Қалмақ даланы жай кесіп өткен жоқ, құмалақтағандай етіп, ауылдарын қалдырып отырды. Осылайша жүз жылдай қалмақпен «жақын көрші» болдық. Олардың саны аз еді, бірақ жауынгер болды.

Қазақ шежіресінде Сарыарқаның қалмағын «кіші қара қалмақ», шығыстағы қалмақты «қара қалмақ», батыстағы торғауытты «құба қалмақ» дейді.

Еділді келіп алғаны...

1600 жылдар. Сібірден шыққан торғауыт тайпалары қырымлы мен қазақ-ноғайдың арасын біріктіріп тұрған  коридор – Еділ даласына басып алады. Осының кесірінен көшпелі түрік жұртының бір-бірімен байланысы шарт үзіліп қалды. Келімсектерді қуып тастап, дәлізді қайта тірілтпек болған ноғайлар сұмдық жеңіліске ұшырады. Әдеттегідей жау шебіне шауып барып, айнала ата бастағаны сол еді, қалмақтар темір сауытқа оранған ұзын найза ұстаған қолды шығарды. Оқ әлгілердің кіреукесінен тайқып, еш дарымай қойды. Жаудың ауыр кавалериясы ноғайдың жігіттерін қуалап жүріп, піскілеп өлтірді. Бөтен жұрт, қырымлы армиясын да талқандап тастады. Мәскеумен соғыс сәтсіз аяқталса, татарлар далаға тарыдай шашылып қашушы еді. Ол тәсілді пайдалануға мүмкіндік бермеді. Себебі, ойраттың да мінгені аты – көшпенділердің шыдамды, қарабайыры еді.  Ол орыстың тұлпары сияқты 3-4 шақырымнан соң шаршап қалмайды, қуа береді, қуа береді. 

Қысқасы, қалмақтың қуатты армиясы қырымлы жұртын түбекке дейін қуып, қазақты Сырдарияға дейін түріп тастап, Еділ бойында өз хандығын орнатты.  

«Ақ патшаның» жендеттері

Патша үкіметі қалмақтың қолымен, даланы түріктен тазарта бастады. Қалмақ қазақты қуып тастайды. Босаған жерге орыс келіп, бекініс салып алады. Не керек, ақырын бірақ анық осылай дала «игеріле» берді. Патша жаңадан жаулап алынған аумақты жәукемдеп жатқанда, қалмақ оның оңтүстік ауданынын жаудан да, достан да қорғауға міндетті болды. Шибөрі мен құзғынның одағы дерсің?! Айтпақшы, «захолустье» деген сөз, қалмақтың «заха улус» яғни шекарадағы адамдар, шеттегі ұлыс мағынасын береді.

Шеттегі ұлыс аталғанымен, Еділ бойындағы қалмақтар әлемдік саясатқа әсер етіп отырды. Мысалға, орыстың шведпен, түрікпен болған соғыстарында, қалмақтар жеңісті жұлып әперіп жүрді. Мәскеу кінәздігі сол уақытта әскери қуаты алапат саналып, 100-130 мың солдат ұстаса, қалмақ ұлысы 70-75 мың жігітті атқа қондыра алатын. Енді көшпелілердің шамасын бағалай беріңіз.

Орыстармен соғысқан еуропалықтар «армияның тең жартысы қалмақтардан тұратын еді» деп естелік қалдырыпты. Орыс тек қалмақтың күшін пайдаланып қана қоймай, қалмақша соғысуды да үйрене бастады. Мысалға, ұзын найзамен жауға лап қоюды, дұшпан қапелімде қуып жетсе, астыңдағы атты бауыздап жіберіп, жанды қамал жасау әдісін казактар өз тактикасына көшіріп алды. Айтпақшы, «ура» деп жауға шабатын ұран, осы қалмақтың уралан, яғни «алға» сөзінен алынған дейді.

Мәскеу қалмақ армиясын тек сыртпен соғыста ғана емес, іштегі бүлік, көтерілісті басып-жаншуға да көп пайдаланды. Мысалға, 1663 жылы қалмақ ханы Мончак жігіттерін украин көтерілісшілерін жазалауға жіберді. 1705 жылы Мәскеу осы қалмақтың қолымен башқұрттардың ұлт-азаттық соғысын талқандады.

«Шаңды жорық»

Шаңды жорық десе, көз алдымызға лек-лек салтәскердің тұяғынан көтерілген шаң елестейді ғой. Жоқ, жорық шаң-шаң болғаны үшін, олай аталған жоқ.

Цинь империясы Жоңғар хандығын талқандап, халқын қырып-жойғаннан кейін Еділ қалмақтарына ата-бабаларының жері қаңырап, иесіз қалды деген лақап тарады. Онсызда жаугершіліктен шаршаған, орыстың қысымы күн сайын күшейіп бара жатқанын көріп, уайымдап отырған жұрт туған өлкеге қайтайық деген ұсынысқа дүр көтерілді.

1771 жылы 5 қаңтарда Еділдің бергі бетіндегі қалың қалмақ көшті бастады. Арғы беттегі қалмақтар мұздың әлсіздігінен қарсы жағаға өте алмай, қалып қойды. Атамекеніне бет алған қалмақтың ұзын-саны 30 мың отбасы немесе шамамен 170-180 мың адам еді. Осыншама халық қазақ жері арқылы өтуге бет алды. Міне, осы арада «шаңды жорық» деген сөздің мәні ашылады. Бұрын көшпелілер арасында, қандай да бір ру басқа бір тайпаның жерін басып өтетін болса, «шаңбасар» дейтін салық төлеген. Енді жайылым жердің көп бөлігін өтіп бара жатқан мал жеп қояды емес пе? Қазақтың жасақтары шығысқа бет алған нөпірден осы «шаңбасар» сұрап, титықтата берді. Салық кейде ашық тонау, қарақшылыққа ұласып жатты. Қалмақтың кейбір тайпалары басынуға көнбей, қақтығысып қалып жүрді. Арты ұрысқа ұласып, тарихта «шаңбасар» салығы үшін қалмақпен соңғы ұлы соғыс басталады.

Көштің артында қалған қаза тапқан адамдардың мәйіттері, әлсіреген адамдар күн сайын көбейе берді. Қазақтар көштің жүрісін қадағалап отырды және толассыз шабуылдар ұйымдастырып, мол олжаға кенелді. Наурыз айынан бастап жаздың ортасына дейін төрт айдай уақыт бойы қалмақтар қазақ жасақтарын қиындықпен тойтарып, аялдамастан ілгері жылжыды.

Ең соңында 5 мың шамасында жұрт әуперімдеп жүріп Жоңғарияға ілігеді. Бұл жерде атамекен құшағын жайған жоқ, қытай құлдық қамытты арқалай шығып еді. Цин әкімшілігі оларды жекелеген ұсақ ауылдарға бөлшектеп, жоңғар ұлты әлемнен жойылып кетті. Ал Жайықтан өте алмай Ресейде кідірген 50-60 мың адам аман қалып қазір Қалмақ Республикасын құрап отыр.

Егер Еділдің бергі бетіндегі торғауыттар көшпегенде, кім біледі, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтау біздің қолға қарайтын ба еді, жоқ па?! Тәңірдің жазғаны осы.

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English