«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Маңғыстау сапары: Түпқараған таңғажайыптары

7876 0
Маңғыстау сапары: Түпқараған таңғажайыптары
«NDH» порталы мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өткен «Киелі мекен – Маңғыстау» экспедициясы Адайлардың бас қосатын жері Отпантаумен қоштасып, Түпқараған ауданын бетке алды

Маңғыстаудың тарихи-мәдени ескерткештерінің ішінде жерасты мешіттерінің үлесі өте көп. Олардың жасалу технологиялары да әр қилы. Сапар барысында ерекше үлгідегі жартасты шауып жасалған жерасты мешіттеріне тап боламыз.

Алдымызда Тұпқараған түбегінің солтүстік тілмесі бар. Бұл жерде теңіз жағалауында өте сирек кездесетін кешенді ғимараттар табылған. Олардың бірі – Сам құмы. Ол қола дәуіріндегі мәдениет іздерінің айғағы. 

Отпантаудан шыққан көлігіміз Жыңғылды ауылын басып өтіп Таушық ауылына жетті. Мұнайлы өлке ретінде танылған Маңғыстаудың әуел бастағы өңдірісі көмір игеруден басталған. Бұл деректі өмірімде алғаш рет естідім. Біз аялдаған Таушық ауылының айналасында екінші дүниежүзілік соғыс уақытында үлкенді-кішілі көмір шахталары жұмыс атқарған. Ол туралы алдағы уақытта жеке тоқталып өтермін.

Қасіретті соғыс аяқталған соң, Таушық шахталары 4-5 жыл жұмыс істеп, кейін жұмысын тоқтатқан. Ауыл іргесіндегі көне тұрғын-үйлердің қалдықтарын, қаңырап қалған өңдіріс ошақтарын көріп, осыдан 70 жылдай бұрын бұл маңда қызу еңбек майданы жүргенін бағамдайсыз. Өткен тарихта өңдірісті қалашық (Таушық кенті) болған Таушық қазір кішкентай ғана ауылға айналған. Жергілікті халықтың айтуынша кезінде Таушық аудан орталығы деңгейіндегі үлкен кент болған.

Таушықтықтар көмірді шикізат ретінде өндіруді қойғанымен, ғасырлар бойы ата-баба кәсібі болған мал шаруашылығын тастаған емес. Тіпті облыс бойынша мал саны көп ауылдардың бірі. Ертеде Таушықтың айналасында мыңдаған түйе мен жылқы ұстаған бай-бағландар болған екен. Кеңес үкіметі тұсында да түйе шаруашылығы қолға алынып, үлкен фермалық кешендер салынған. Қазір олардың бірінің де із қалмаса да, түйе мен жылқы ұстаған ауыл тұрғындарын көріп, ата кәсіптен нәпақасын айырып отырғандарын іштей сезесің. Таушықтықтармен қимай қоштасып, сапарымызды одан әрі жалғастырдық.

Таушықтан шыққан көлігіміз ақ тауларды жағалап, Түпқараған түбегіне ойыстап, Өңеже тауларын бетке алды. Өңеженің үстіне көтерілгенде Таушықтың көмірі жөнелтілген Сарытас шығанағындағы көне айлақты (пристань) көрдік. Өткен ғасырдың 50-нші жылдары, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бұл айлақ Кеңес үкіметі үшін үлкен қызмет атқарған. Өңеже тауының төңірегінде шағын ауылдар орналасқан. Қазір көбісі қаңырап бос қалған. Айлақ та істен шыққан. Оған келіп-кетіп жататын алып лайнерлі кемелерде де бұрын болмағандай, ізім-ғайым жоқ...  

Ғажайып жерасты мешіті – Шақпақ ата

Көлігіміз Сарытас шығанағын жағалай жүріп отырып, Өңеже тауында орналасқан Шақпақ ата жерасты мешітіне келіп жетті. Мазарат кешенінде жатқан бабаларымызға құран бағыштап, жерасты мешітін аралап көрдік. Қасиетті орын Тұпқараған ауданында орналасқан. Жоғарыда сөз еткен көмірлі өлке Таушық елді мекенінен 40 шақырым қашықтықта. Ел дерегіне қарағанда, Шақпақ ата мұсылманшылықты терең меңгерген, мешітте шәкірт тәрбиелеп, бала оқытқан. Сондықтан болар, Шақпақ атаны халық «ілімі мықты әулие» деп дәріптейді.

Маңғыстау жерінде орналасқан жерасты мешіттері, ғибадат орындары халықтың зиярат ететін орны ғана емес, мұсылман халықтарының өмірінде үлкен міндеттер атқаратын қасиетті орын саналады. Бұл ғажайыптарды көру үшін шетелден, көршілес Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжаннан туристер жылда ағылып келеді. Оларға мешіттердің өзіндік реконструкциялық құрылысы, жасалу технологиялары, кешен орналасқан орынның табиғаты қызықты.

Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, жерасты мешіттері бар қасиеттері жерлер Қожа Ахмет Яссауидың түбекке ағылған ізбасарлары мен шәкірттерінің қызметіне тікелей байланысты болған. Біз тоқтаған әулиелердің көбісі – Яссауи ілімінің негізін жалғастырушы, сопылық дінді уағыздаушы қайраткерлер. Шақпақ ата да сопылық діннің мирасқоры. Жартасты ойып жасалған бабаның 4 бөлмеден тұратын мешітінің жасалу технологиясы өзге мешіттерден өзгеше. Бағаналарындағы тіреуіштер әсемделіп, оюланған. Жартасты ғимараттың қабырғаларында 250-ге жуық арабографикалық жазбалар мен сурет галереялары  жазылған. Сыртындағы ойықтамаларды көріп, қасиетті жердің теңіз асты болғанын бағамдайсыз. 

Шақпақ ата қыпшақ-ноғайлы дәуірінің XIV-XVI ғасырында өмір сүрген делінеді. Бұл уақыт мұсылман дінінің Маңғыстау өңірінде қалыптасқан мезгілі. Шақпақ ата мазаратында көп аялдамадық. Өңежені жағалай жер жолмен жүріп, Сұлтан Үпі мазаратын іздеп келеміз. Жолай көлік ішінен жер бедері қатты тілімделген әсем табиғатты, опырылған жартастарды, терең ой-шұңқырларды тамашалауда болдық. 

Тұпқараған түбегінің жер бедері толқынды-жонды болып келеді. Каспий теңізінің сұғына кіріп тұрған керемет өлке. Түбектің жағалаулары тік жарлы, құламалы. Солтүстік жағаларында теңіз бетіне шығып жатқан тастар кеңінен таралған. Ал батыс, оңтүстік жағаларында теңіз астындағы, кей жерлерде теңіз бетіндегі тастар айқын байқалады. Түбектің көтеріңкі орталық бөліктері юра және бор кезеңдерінің құмтас, әктастарынан түзілген. Осындай жарасымды кереметтің бәрін түбекті кезіп жүрсеңіз көре аласыз.

Судың пірі болған – Сұлтан Үпі

Әсем табиғи жаратылысқа көз тастай отырып,  Сұлтан Үпі мазаратына да келіп жеткенімізді білмей қалдық. Мазарат кешеніндегі бабаларға құран бағыштап, Сұлтан Үпі жерасты мешітіне қарай аяңдадық. Алдымен алдымыздан жар қабақтың қасында орналасқан Сұлтан Үпі құдығы кезікті. Құдыққа шелек тастап, төмендегі ілмекті тостағанға су құйып, шөліміз қанғанша іштік. Жар қабақтың төменгі ойында Сұлтан Үпі бұлағы ағып жатыр. Оған жетеміз дегенше қас қараятын болғандықтан түспедік. Жар қабақтың үстінде үлкенді-кішілі әр түрлі пішіндегі қой тастар орналасқан. Оларды қаулап қарағандар өскен. Құдықтың қасынан 70-80 метрдей жерде Сұлтан Үпі мешіті бар.

Сұлтан Үпі жерасты мешіті – діни сәулет өнері ескерткіші. Форт-Шевченко қаласының солтүстік-шығыс бетінде 57 шақырым жерде, Сарытас шығанағына таяу, Сұлтан Үпі сайының жоғарғы жағында орналасқан. Сарытас шығанағына таяу сай жиегінде орналасқан мешіт шамамен XI-XII ғасырларда салынған. Мешіт ғимараты бір-біріне жалғасқан 11 бөлмеден тұрады. Бөлмелердің ең соңғысы – қылует. Тарлығына байланысты кей тұстарда бөлмеден бөлмеге өту үшін еңбектеуге тура келеді. Жалпы алғанда, құрылыстың сәулеті мен желдету, жарықтандыру жүйесі өз заманының үздік үлгісі бойынша салынған.

Ел аузында Сұлтан Үпі «судың пірі» болып есептеледі. Солардың бірінде бағзы заманда сәтсіздікке ұшыраған балықшыларды бір жас жігіт құтқарып қалғаны туралы айтылады. Содан бері әлі күнге дейін теңізге кезген балықшылар дауылға қалып қойса, Сұлтан Үпі көмекке келеді деседі. Сұлтан Үпі мазаратының қасында бес балықшы қорымы жатыр. Ол да Сұлтан Үпі қорғаған балықшылардың қорымы. Аңыз деректері бойынша Сұлтан Үпінің әкесі Хакім ата Сүлеймен Бақырғани – Қожа Ахмет Яссауидың шәкірті делінеді. Ал ғалымдар бұл жай ғана мешіт емес, сопылық ордені (қауымы) болуы мүмкін деп санайды. Тағы бір аңыздарда Сұлтан Үпі әкесіне өкпелеп, Маңғыстау жеріне келеді. Осында шәкірт тәрбиелеп, сопылық дінді уағыздайды.

Сұлтан Үпі мазаратынан соң қасындағы түнеуханаға бардық. Бабаның басындағы шырақшысына жолықтық. Сапарымыздың мақсатын айттық. Сұлтан Үпі бабамыз туралы деректерді сұрап білдік. Олардың барлығын алдағы уақытта Сұлтан Үпіге жеке мақала арнап, жариялайтын болдық. Сонымен бүгіндік сапарымыздың соңғы нүктесі – Кенті баба мазараты аталатын жер.

Кенті Баба мазараты

Кенті Баба – көне бейіттердің бірі. Сұлтан Үпі жерасты мешітінен екі шақырым жерде орналасқан. Бұл көне мазаратты да Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық қызметкерлері қорғауға алған. Олардың дерегінше, Кенті Бабада ежелгі заманда (X-XVI ғасырлар) жерленген 120-дан астам адамның зираты бар. Тарихи ескерткіш аумағында үлкен үш мавлозей және таспен қоршалған дала мешіті қорымның басты нысандары.

Мавзолейдің ішінде тар өткел мен жоғары көтерілетін баспалдақ бар. Ол жерде шағын алаң орналасқан. Жоғары көтерілгеннен кейін жалғыз тұрып, намаз оқуға болады. Егер қолыңды жайып, тілек тілесең, Алла қабыл етеді деп саналады. Туристерге Кенті Баба дүниеден озған адамдардың «киелі» қаласы ретінде таныстырылады. Жергілікті өлкентанушылардың дерегінше, мұнда үлкен айқастан кейін қаза тапқан ер адамдар көмілген деген жорамалдар айтылады. Қорымның қабырғасында арқарлар, жылқылар, түйелер, үшбұрыштар (тұмар), өрнектер, сондай-ақ киелі орынды зұлым күштерден сақтайды деген сеніммен адамның жайылған алақаны бейнеленген. Халықтық сәулетшілік ескерткіштер мемлекет қамқорлығына алынған. Кенті Баба ескерткіштеріндегі құлпытастарды фотоға түсіріп, аздаған видеокадр жинап, тарихи, айлақты қала Форт-Шевченкоға жолға шықтық.

Кеш бата алты мыңға жуық тұрғыны бар Форт-Шевченко қаласына жеттік. Қонақ үйге тоқтап, ертеңгі жоспарымызды белгіледік. Ертеңінде таң сәрісімен ерте оянып, Форт-Шевченко қаласының іргесіндегі Баутина елді мекеніне келдік. Бұл жерде теңіз порты мен түрлі мұнай өңдейтін шетел компанияларының бас кеңселері орналасқан. Баутинаның көктөбесіне шығып, осы аттас шығанақты көрдік. Форт-Шевченконың табиғатына тамсандық. Үлкенді-кішілі лайнерлер мен кемелердің, қайықтың бәрі шығанақтың жағасында жүр.

Баутинаның көктөбесінен соң, сағат тілі таңғы 9.00-де алғашқы нысан – Тамшалыға қарай жолға шықтық. Тамшалы сайына барар жолдың жамандығы алдын ала сөз етілген. Біздің көлігіміз бұл сапарға шыдамайтындықтан, басқа көлікпен баруға туралы келді. Форт-Шевченко қаласының әкімі Мұратбек Досжанов көлік жағын қамтамасыз етіп, Тамшалы сайы мен Қараған бекінісіне барып қайтуға жағдай жасады. Тамшалыға барар жолда да біраз әулиелі мекендерді көріп отырдық. Оларға бұрылып соғуға да уақыт жағы аз болды. Әкімдік жағы бөлген «Уазик» көлігімен Мерет сайына да келдік. Бұл жерде Маңғыстаудың мақтанышына айналған Тамшалы сайы орналасқан.

Маңғыстау мақтанышы – Тамшалы

Тамшалының басты кереметі – сайдың қабырғасымен жартылай дөңгелек түрінде қалыптасқан шағын үңгірдің төбесіндегі сулы сазды қабатының ашық қалуы. Тұщы су жартасты кемерден тамшылап, үш метр биіктіктен ағады. Аққан тамшылар құдды бір жаңбыр жауып тұрғандай тырсылдайды. Қыстыгүні су ағыстарын мұз басса да, төмен қарай қарқынды ағуын тоқтатпайды. Мұз бағаналары тілімденіп, қуыстар арқылы төмен қарай құлдырайтын жан-жақты су ағыстарының сарқырауы мен тамшылар сылдыры түрлі дыбыстарға ұласады. Осы судың арқасында айналадағы бірнеше шақырым жер жасыл желекке айналған. Шатқал маңы қалың өскен хош иісті жалбыз бен жаужапыраққа толы. Әсіресе, жаздың кезі Тамшалыға жергілікті халық пен өңір қонақтары көптеп келеді. Зерттеушілердің айтуынша, адамдар бұл жерге орта ғасырдан бері қоныстанған. Оның бірден бір дәлелі, Тамшалының жоғары жағында орналасқан Қараған бекінісінің орны болып отыр.

Экспедициямыз Тамшалыдан кейін Маңғыстау тарихи ескерткіштерінің арасында ерекше орын алатын Форт-Шевченкодағы этнографиялық  мұражайға соқты.  Мұндай музей Қазақстанда  тек екеу ғана. Біріншісі Өскемен қаласында орналасса, екіншісі осы Форт-Шевченкода.

Форт-Шевченко – тарихи, шежірелі қала. Ерте кезде бұл қаланың орнында Кетік қалашығы болған. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық қызметкерлерінің айтуынша, Кетік қалашығы Еуропа мен Азияны жалғаған сауда экономикалық дәлізі рөлін атқарған. Үлкен теңіз айлағы болған. Кейін төңірекке 1716 жылы Ресей патшасы Петр І нұсқауымен А. Бекович-Черкаский басқарған экспедиция келеді. 1746 жылы штаб-капитан Иваниннің басшылығымен Новопетровск бекінісі бой көтереді. 1857 жылдан бекініс маңында пайда болған Форт-Александовск кенті құрылады. 1939 жылдан Форт-Шевченко деп аталған. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында көптеген орыс шаруалары келіп қоныстанды. Олар балық шаруашылығымен айналысты. Балық аулау мен итбалық соғу – Каспий теңізінің шығыс жағалауын мекендеген түрікпен және қазақ тайпаларының ежелгі кәсіптерінің бірі болған. Балығы көп Форт-Шевченкодан қызыл балықтың етінен ішке ел қондырып,  сапарымыздың тәмамдап, Ақтауды бетке алдық...

Соңғы түйін. National Digital History порталының қасиетті де, киелі Маңғыстау жеріне жасаған тарихи-мәдени экспедициясы мәресіне жетті. Маңғыстау облысының әкімдігінің қолдауымен өңірдің 4 ауданында болып, тарихи жерлер мен киелі орындардың бірсыпырасын аралады. Ұзын-саны екі мыңға жуық шақырым жол жүрді. Ендігі мақсаты – «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» шытырман оқиғаға толы өңірдің тарихын портал бетінде жарқыратып көрсету. Маңғыстау сапары жайындағы жолжазбамызды аяқтадық. Ендігі жерде жекелей тарихи нысандарға тоқталып, олар туралы аз-кем аңыз-әңгімелерді оқырман назарына ұсынамыз. Тарихшы, өлкетанушы мамандармен әзірлеген сұхбаттарымызды жариялаймыз. Маңғыстаудың киелі жерлері мен тарихи мекендері туралы #ehistorykz порталы жиі оқи отырыңыздар. Алдағы уақытта Маңғыстау сапарынан қызықты мақалалар мен фоторепортаждар жариялап отырамыз. «Киелі мекен – Маңғыстау» экспедициясының күндерінен топтама мақалалар сериясын көре аласыздар.

Мақаланы әзірлеуде қол үшін созған Маңғыстау облыстық әкімдігі мен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени  қорық мекемесіне алғыс білдіреміз. 

Таушық-Форт-Шевченко-Тамшалы-Ақтау-Астана

 

МАҢҒЫСТАУ САПАРЫ: ҚАРТ КАСПИЙДЕН ОҒЛАНДЫ ТАУЫНА ДЕЙІН

МАҢҒЫСТАУ САПАРЫ: ШЕРҚАЛА МЕН ОТПАНТАУ АРАСЫ...

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English