«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қалмұқан Исабаев айтқан екен...

1756 0
Қалмұқан Исабаев айтқан екен...
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, белгілі жазушы Қалмұқан Исабаевтың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Исабаев Қалмұқан – қазақтың белгілі қаламгері, майдангер. Павлодар облысындағы Баянауылда туған. Екінші Жаһандық соғысқа қатысқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университетін бітірген. Республикалық газет-журналдарда қызмет атқарған.

Қ. Исабаевтің «Баян» атты алғашқы әңгімесі «Жұлдыз» журналында 1954 жылы жарық көрді. Өмірінің он жылдан астам уақытын Ертіс-Қарағанды каналы құрылысының басы-қасында өткеріп, «Арман арнасымен», «По руслу мечты», «Подвик в степи», «Сұңқар самғауы» сияқты кітаптар жазды. Жазушының бастамасымен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі мәрмәр тасқа қашалып, Гетенің Германиядағы Габелбах мұражайына қойылды. Германия газеттері Тюрингияда шырқалатын Абай әнін жыл сайын 60 мыңдай адамның тыңдайтынын жазған. Қ. Исабаевтің бастамасымен Берлиннің бір көшесіне Абай  аты берілген.

 

* * *

1981 жылы Қазақстан Жазушыларының Қарағандыдағы күні өтеді.

Қарағандыға келген жазушылар екі топқа бөлінеді. Бір топты Шерхан Мұртазаев бастап Абай, Шахтинск қалаларын аралайтын болады да, екінші топты Қалтай Мұхаметжанов бастап Қарқаралыға жүрмек болады.

Қалтай мен Қалмұқан Исабай құрдас, батырып ойнай береді.

Шерхан тобына Қалмұқан Исабай, Оралхан Бөкей, Темірхан Медетбек сияқты ақын-жазушылар іліксе керек. Сонда Қалмұқан: «Шерхан, Оралхан, Темірхан, Қалмұхан сияқты өңкей хандар Абай қаласына барамыз, ал Қалтай, балтай-шалтайлар Қарқаралыға бара жатыр» дейтін көрінеді.

Сонда Қалтай: «Өй, қу таз, өй, қу таз!» дегеннен басқа сөз айта алмапты дейді.

 

* * *

1982 жылы Қазақстан әдебиеті  мен өнерінің РСФСР-дағы күндері өтіп жатады. Москвада Қазақстан жазушыларымен кездесу болады. Сахнаға Олжас Сүлейменов пен Қалмұқан Исабаев қатар шығады. Сірә, Олжас сөз сөйлеуге, Қалмұқан сый-сияпат тапсыруға шықса керек.

Олжас әдеттегідей тапқыр сөздердің тиегін ағытып тұрып «Қалмұқан  екеуміздің  бітіміміз  бүгінгі қазақ совет әдебиетінің диаграммасы сияқты» десе керек /Олжас сорайған ұзын да, Қалмұқан  оның  белінен ғана келеді ғой/. Сонда Қалмұқан ойланбастан: «Онысы рас, тек бір анықтай келетін жағдай, Олжасты әдебиетіміздің – саны, мені – сапасы деп қабылдасаңыздар қателеспейсіздер!» депті.

Ұтқыр әзілге москвалықтар ризалқпен қол соғады.

 

* * *

Жазушы Қалмұқан Исабаев Ертіс туралы романын бітіріп, «Жазушы» баспасының директоры  Әбілмәжін Жұмабаевқа алып келіпті.

Әбілмәжін қомақты қолжазбаны қарап отырып:

– Көлемі біраз бар екен, суы көп емес пе? – депті.

Сонда Қалмұқан:

– Бәрекелді, Әбеке-ау, романның өзі су туралы болған соң  сусыз болмайды ғой! – деген екен.

 

* * *

Жазушы Әнуар Әлімжанов көп жылдар бойы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының  төрағасы болып істеген. Содан бұл қызметінен ауысқанда орнына бұрын сауда саласында жұмыстар атқарған бір азамат келеді.

Арада бірер ай өткенде Әнуар қоғамда істеп жүрген Қалмұқан Исабаевқа жолығып:

– Хал қалай? – депті.

Сонда Қалмұқан:

– Түркістан мазарын өзбектерге сатып жібере ме деп қорғап отырмыз ғой! – деген екен.

 

* * *

Бір жерде топтасып тұрған кісілерге Қалмұқан жақындап келіп сәлем берсе, ішіндегі біреуі:

– Сіздің қолыңызды алу үлкен бақыт қой! – деп құшырлана амандасыпты.

Сонда Қалмұқан:

– Сені бақытыңнан айырып қайтейін, ұстай тұруыңа болады, – деп, қолын тартып алуға асықпапты дейді.

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English