«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ат мінгізіп, шапан жабу – құрметтің ең үлкені

20042 0
Ат мінгізіп, шапан жабу – құрметтің ең үлкені
Ұлттың өзіндік мінез, өзіндік сана, өзіндік даналық қалыбын қалыптастыратын салт-дәстүрге ден қою археологиялық және этнографиялық зерттеулер арқасында бізге жетті

Қазақ тұрмысында шапанның маңызын көрсететін дәстүрдің бірі – шапан кигізу, иығына шапан жабу. Шапан қазақ халқының сыртқы киіміне жатады. Қазақтар шапанды аса бағалайды. Адамға шапан кигізу, иығына шапан жабу – үлкен құрмет болып саналады.

Бұрындары хандар батыр, билерге дәреже бергенде соның белгісі ретінде арнайы тіктірткен шапанды олардың иығына жапқан, түрлі мемлекеттік қатынастарды бекіту белгісі ретінде де шапан жіберетін болған.

Бай-шонжарлар ақын, серілердің өнері үшін шапан кигізген. Ханның өзі киген шапанын сыйға алу – қазақ халқында үлкен мәртебе. Қазақта ат мінгізіп, шапан жабу дәстүрі қазірде бар.

Шапан жабу – ұлттық мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің қадір-қасиетін көтере түсетін рәсім. Бұл дәстүр қазіргі күнде де жарасымды жалғасын тауып келеді. Жылқы – көшпенділердің байлығы. Қадірлі қонаққа, ауыл ақсақалына, би-төреге, елағасына ат мінгізу – қошеметтеудің озық үлгісі. 

Шапанның ел аралық ролі, маңызы зор, сонымен қатар ел ішіндегі аса құрметті қонаққа, айтулы ақынмен жүректі батырға, жығылмас палуанға және өзге де ардақты тұлғаларға да беріледі.

Қазақ тұрмысындағы салт-дәстүр маңызы жағынан екі жүйеге жіктеледі: 1) халықтың өміріне сіңіп кеткен, күнделікті тұрмыста кездесетін әдет-ғұрып; 2) халықтың рухани байлығы ретінде сақталған дәстүр.

Ата-баба дәстүрін халық жадынан қасақана ұмыттыру процесі жүрген отарлау кезеңдерінде де қазақ осынау игі рәсімінен айырылған жоқ. Себебі, келген қонақты қарсы алу, көңілін тауып күту, жылы қабақпен шығарып салу секілді шаруаларды атқаратын мейманжай қазақ дәстүрінде реті келіп тұрса, ат мінгізіп, шапан жабуда тұрған әбестік жоқ. Қазақ қанына сіңіп, бойы үйренген дәстүрді ХХІ ғасырда да жалғастырып келеді.

Ат мінгізіп, шапан жабудың екі себебі бар: бірі – құрмет көрсетіп, сый ретінде тарту, екіншісі – кінәлі болып қалған жағдайда айыбын өтеу, айыбын жуу мақсатында болған. Біздің сөздік қорымыздағы ат-шапан айып деген тіркес осыдан қалса керек. Одан басқа ежелгі қазақ қоғамында ат-шапан айып салу өкпе-реніштің өтеуі болған.

Жылқы – көшпенділердің байлығы, сондықтан қадірлі қонаққа, ауыл ақсақалына, елағасына, би-төреге көлденеңінен сәйгүлік тарту – қошеметтеудің ең зоры. Қазақтың байырғы қоғамында атты күн көрінгенге мінгізбеген. Сал-сері, ақын, батырдың жетегіне ат беріп, астына тұлпар мінгізу де үзілмеген ғұрып. Бұл салт әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ат мінгізіп, шапан жабудағы тағы бір ерекшелік, ол адамның жасы мен қоғамдағы мәртебесі, орнына ескеріледі, соған қарай ат та, шапан да таңдалады. Бүгінде бұл сөз тұрақты тіркеске айналып, бірге айтылады, демек екеуі қатар жүретін дәстүр, яғни ат мінгізсе, міндетті түрде шапан қоса жабады.

Тарихта жақсы жылқы мемлекетаралық қарым-қатынаста, еларалық айып, салықтың өтеуіне жүргені белгілі. Жылқыға байланысты салт-дәстүр, әдет-ғұрып өте көп. Біздің бүгінгі қозғап отырғанымыз соның біреуі ғана. Тарихи деректерде үйсін ханы Қытайдың Чин патшасына мол тарту-таралғы, арғымақ ат, сәйгүлік, жылқы сыйлаған деп айтылады. Содан кейін Үйсін мемлекеті мен Цинь патшалығы талай ғасыр тату тұрыпты дейді. Ерте ғасырларда кейбір қақтығыстар жылқы малынан туған дегенде дерек бар. Атты бай-қуатты немесе жомарт адам болмаса, кез келген адам арғымақ мінгізе алмайды. Ел ішіндегі әңгімелерде кедейге мал берген, жаяуға ат мінгізген байлар туралы көп айтылады, ондай жомарт жандар аз болмаған. Мәселен данышпан Абай Құнанбайұлының өзі ауылына келген сал-серіге ғана емес, жарлыға да ат мінгізіп, жылы тон кигізіп шығарып салатын болған.

Шапан жабудың да бірнеше түрі бар, мәселен құда-жегжаттық қарым-қатынаста екі жақ бір-біріне шапан жауып, жағалы киім кигізеді. Бұрынғы кезде ауыл арасына той-томалаққа барғанда аталарымызға оймақты шапан, апаларымызға оқалы тон кигізген. Демек, бүгінгі күні көне ғұрыптың этнографиялық мағынасы кішірейіп, құда түсу кезінде, той-думанда ғана кигізетін дәстүрге айналып отыр. 

Фотосуреттер интернеттен алынды.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English