«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны – әскер

2671 0
Мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны – әскер
Өзінің дербес әскерін құруға заңды құқығын еліміз 1992 жылғы 7 мамырда ел Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шығуымен іске асырды.

100 жыл бұрын алаш қайраткерлері ұлттық әскер құрып, қуатты мемлекетке айналу идеясын қалыптастырды. Демек, Алаш зиялылары мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны – әскер екенін жүзеге асырған құрылымға да ғасыр болды деген сөз. Осынау қос айтулы мерейтой аясында ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-тарихи музейінде Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы және Алаш Орданың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала: әскери мұра» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Конференция жұмысына белгілі алаштанушы ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері,  ҚР Мәжіліс депутаттары, әскери тарихыпта тың зерттеулер жасап жүрген тарихшылар, жас зерттеушілер, ҚР Қарулы Күштерінің сарбаздары және жастар қатысты.

Шара Президент Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында баяндалған тарихи сананы қалыптастыру идеясымен ұштасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі әскери-патриоттық, ғылыми-мәдени тәрбие мәселелеріне ерекше мән береді.  Соның көрінісі осы конференция.  

Іс-шара мақсаты – Қазақстан Республикасының әскери тарихының, ғылым мен білім беру жүйесінің даму жолын, қазақстандық әскери-тарихи үдерістерді талқылау; әскери тарих аясындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту, осы саладағы ортақ ғылыми ізденістерді жетілдіру.

Салтанатты шараның ашылуында сөз алған ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлұлы халықаралық конференцияның Алаш автономиясының 100 жылдығына, ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдық мерейтойларына сәйкес келгенін айтып,  еліміздің алғашқы әскери құрылымын қалыптастырған алаш зиялылары екенін баса айтты.

«Бүгінгі маңызды шара Алаш орданың құрылғанына 100 жылдығына орай, Қарулы күштеріміздің 25 жылдығына сәйкес келіп отыр.  Алаш зиялылары және бабалар армандаған мақсатқа жету жолында қарулы күштеріміз құрылды. Еліміздің әскери құрылымын алғаш жасақтағандардың қатарына алаш зиялыларының кезеңін айтамыз. Сол кезеңнен ел тарихында  әскер құрылған болатын. Олардың барлығының да аңсағаны осы тәуелсіздік болатын. Сондықтан да бүгінгі ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-тарихи музейіндегі керемет бір іс-шара шын мәніндегі маңызды рухани шара. Біз әрқашан тәуелсіздік жолында жанкештілікпен өмірлерін аямаған бабаларымыздың асыл арманын аялап, ерлігін, елдігін дәріптеп жүруіміз қажет. Бұл ұрпақтар сабақтастығының үлгісі», - деді Б.Смағұлұлы.

Аталған конференция аясында саясаттану ғылымдарының кандидаты, алаштанушы, «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлының «Войско Алаш. Казахские части в составе Белой армии (1918-1920 гг.)»,  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Тұрғанбек Алланиязовтың «Военное дело кочевников Казахстана: опыт и проблемы изучения», өлкетанушы, оюшы, қолөнер шебері Шөптібай Байділдиннің «Кейкі батыр» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Түске дейін жалғасқан пленарлық отырыс барысында «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, алаштанушы Сұлтан-хан Аққұлұлы «Алаш автономиясы - қазіргі Қазақстанның іргетасы» деген баяндамасын қорғап, конференцияға қатысушыларды бір серпілтіп тастады. Өткір шешімдер мен өзекті ойларды ортаға салып, «Әлиxан Бөкейxан: Қазақ жерінің жоқтаушысы» атты 3 тілде жарық көрген кітабын оқырман қауымға таныстырды. 

«ҚР Қорғаныс Министрлігінің Әскери-тарихи мұражайында Алаш автономиясының 100 жылдығы мен ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына орай өтіп жатқан халықаралық конференция барысында өзімнің қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жазып шыққан кітабымның тұсаукесері болып өтті. «Әлихан Бөкейхан: Қазақ жерінің жоқшысы»,-деп аталатын кітап. Қазақстанның қазіргі территориясын осыдан 100 жыл бұрын алаш қозғалысының, алаш партиясының, алаш автономиясының қайраткерлері сақтап қалды. Ендеше Қазақ елінің алғашқы әскери құрылымы осыдан 100 жыл бұрын қалыптасты. Өткен ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылыста халық сарбаздарын құру ісі бүгінгі қазақ әскерінің қалыптасуының алғышарты. Міне біз бүгін, Қорғаныс министрлігінің әскери-тарихи мұражайы өткізіп отырған рухани шара Алаштың 100 жылдығын тойлаудың қорытынды шарасымен тұспа-тұс келіп отыр»,-деді алаштанушы С.Аққұлұлы.  

Пленарлық баяндамалар қатарында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, түркітанушы Қаржаубай «Байырғы ғұн түріктерінің соғыс тактикасы» атты баяндамасы да қызықты деректерімен суретті инфографикаларымен тұщымды болды. Әскери этнограф, қару-жарақ зерттеуші ғалым Ахметжанов Қалиолла «Қазақ қоғамындағы батыршылдық институты», археолог ғалым Зейнолла Самашев «Сяньби қару-жарақ кешені мәдени контексте» атты баяндамалары қызықты да, тың зерттеулерге құрылған.  

Конференция түстен кейінде жалғасын тауып, секциялық жұмыстар бойынша отырыс өткізді. Сонымен қатар Әскери-тарихи музейдің экспозициялары бойынша экскурсия ұйымдастырылады.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English