«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Кенесары жастардың көзімен

1226 0
Кенесары жастардың көзімен
Биыл Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліске 180 жыл толады. Қазақ халқының бостандығы үшін ол өз өмірін құрбан етті, алайда осы уақытқа дейін Кенесары тұлғасы қажетті деңгейде зерделенбей келеді

Кеңес уақытында большевикшіл тарихшылар көтеріліске патриархалды-феодалдық деген қара жапты. Қазақ ғалымы, тарихшы Ермұхан Бекмаханов осы қозғалысқа объективті баға беруге тырысты, алайда коммунистік идеяға қарама-қайшы келетін көзқарас қылмыстан да артық саналып, сол үшін буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деп айыпталып, барлық марапаттарынан, дәрежелерінен, атақтарынан айырылып, 1952 жылдың 4 желтоқсаны РСФСР ҚК 58-10 тармағы бойынша 25 жылға бас бостандығынан айырылады.

NDH порталының қызметкерлері ҚазМЗУ-дің жалпы білім беру пәндері мектебінің студенттері қойған «Соңғы хан» атты театрландырылған қойылымында болып қайтты, қойылым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды және студенттердің ұлттық тарихты теорияда ғана емес, осындай ерекше тәсілмен де оқып-танысуы көңілге қуаныш ұялатады. Актер ретіндегі студенттердің ойыны көрермендер арасында керемет аншлаг туғызды. Қойылым Кенесары ханның патшаның өлкені отарлауына қарсы 1837-1847 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы ретіндегі тұлғасын сипаттайды. Актерлер болашақтағы тәуелсіздік үшін өмірлерін қиған ата-бабаларының дәуірінен сыр шертіп, өздерінің ғажайып ойындарымен көрермендердің жүрегінде сол кісілерге деген құрмет сезімін оята алды. Тек қана тарихи образдарды ғана жасап қоймай, сонымен қатар қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін де көрсете алғандарын айта кету керек.

Иран елшілігінің атташесі Махди Есфандиари спектакльдің құрметті қонағы болды. Ұлттық тарихтың толғандыратын сәттерінен сыр шерткен актерлердің ғажап ойынын ҚазМЗУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері, «Нұр Орда» және «Білім Инновация» лицейлерінің оқушылары тамашалады. ҚазМЗУ-дің Жалпы білім беру пәндері мектебінің профессоры Лепуда Кәрімқызы Мұқатаева спектакль идеясының қалай туғанын айтып берді.

– Бәрі рефлексиядан басталды: теориялық курстан кейін спектакль түрінде бірнеше кейстер жасап отырдық. Алдымен студенттер теориялық циклды оқиды, кейін Ұлытауға тарихи экскурсиялар жасаймыз. Оқу орнын өткен жылдары бітірген студенттер ортағасыр аңыздары – Түркістан, Тамғалы, Баянауыл, Көкшетау, Шарын, Тараздың мешіт, кесенелеріне баратын. Сол жерде олар сол заманның атмосферасына, сол ортаға бойлайтын. Біз көпке дейін Ұлытауға баратын команда жинай алмадық. Ұлытауға келгеннен кейін жастардың санасының түрленуін бақылау қызық болды: олар алдымен сәнденіп-баптанып, кесене фонында «селфи» жасайды. Келесі күні ойға батады. Үшінші күні экскурсия жетекшісін «Ал бұл неге былай, ал мынау қалай?» деген сияқты сұрақтардың астына алады. Ұлытаудан кетіп бара жатқан төртінші күні: «Неге аз-ақ болдық? Бұл жер қазақ халқының бесігі екен ғой»,-деп жатты. 

– Біртіндеп барып сезінді ме?

- Ия. Осылайша жан-тәнімен сезінді. Астанаға оралған соң, спектакль дайындай бастадық, бүгін соның шарықтау шегі. Ұлытаудан оралған соң олар: «Мектепте, университетте оқығанымды енді ғана жете түсіндім. Ханның неге бұлай жасағанын түсіндім»,-деді. Спектакль дайындауды ұсынғанда, олар оны зор құлшыныспен қабыл алды. Спектакльге қатысу үшін кастинг болып, кейбіреулер тіпті ренжіді де.

– Осындай эпикалық қойылымды қалай жасадыңыздар?

- Бұл бірлесе жасалған жұмыс. Кейде студенттер репетициядан қашқақтаған кезде, біз олардың тарихқа ортақтас екендерін естеріне салып отырдық. Ұлытауға жасаған сапардан соң, студенттер эссе жазды. «Теректі Әулие» тауында тұрып, балаларым өскен кезде осы жерге әкеліп, бәрін өзім айтып беремін деп серт бердім», деп жазыпты бір жігіт. Әсел деген қыз: «Мен осыларды білмей, өз тарихымызға бойламай қалай өмір сүргенмін? Осы сапарды ұйымдастырған университетке алғысым шексіз»,-депті.

– Сіздер тек тарих пәнінің оқытушылары ғана емес, сонымен қатар сценарист қоюшысыздар ма?

– Бәрін де барлық тарихшы-оқытушылар ортақ күшпен істеді. Кей жерлерін жастар қосты. Реквизиттерді келісім арқылы алдық, кейбіреулерін өзіміз жасадық. Қараңыз, мына киізде ханды көтереді. Бірақ, режиссер ретінде Медешева Изатхан Белқожақызы бәрін бір қолда ұстады. ҚазМЗУ музейінің директоры Медешева Изатхан Белқожақызы:

- Тұңғыш рет «Кенесарыны» осыдан үш жыл бұрын қойдық. Биыл қойылымға 112 студент қатысты, олардың 55-і негізгі рөлдерді ойнады. Басты бейне – сұлтан Кенесарыны Жәнібек Рысбай сомдады. Жалпы білім беру пәндері мектебінің директоры Рахымбек Қуатбекұлы Жолаев студенттердің шығармашылық еңбегін жоғары бағалады.

– Біздің студенттеріміз ең талантты, ең дарынды, ең батыл, ең ержүрек! Олар бүгінгі қойылымға күні-түні ұйықтамай, акт залында 2-3 ай бойы дайындалды. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асып жатқаны бәрімізге белгілі, біздің бүгінгі іс-шарамыз да басты бағыттардың бірі – өткен тарихты жаңғыртуға арналып өткізілді.

Біз Қазақстан тарихы мен Рухани жаңғыру орталығын аштық, бұнда Қазақстан тарихын оқып-үйрену бойынша өзіндік тұжырымдама дайындалған. Біріншіден, студенттер тарихты теорияда оқиды, одан соң тарихи оқиғалар орын алған тарихи жерлерді көрсетеміз, нәтижесінде жастар осындай спектакль дайындайды. Біздің басты мақсатымыз – өткен тарихымызды мақтан тұтуы үшін оны өскелең ұрпаққа көрсету.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English