«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Халел Ғаббасұлы есімі ұлықталған күн

5167 0
Халел Ғаббасұлы есімі ұлықталған күн
Алаштың саяси қайраткері, көрнекті тұлға, Алаш Орда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасұлының қызметі мен өміріне арналған кітаптың беташар рәсімі өтті

Алаш Орда үкіметінің құрылғанына тура 100 жыл толған күні, яғни 13 желтоқсанда «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Алаштың саяси қайраткері, көрнекті тұлға, Алаш Орда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасұлының қызметі мен өміріне арналған кітаптың беташар рәсімі өтті.

Университет проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы аталған іс-шараның маңызы жайлы айта келіп, биылғы Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылуына 100 жыл толу қарсаңында жағымды жаңалықтар болғанын айтты. Астана қаласында бес бірдей мектепке Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Мұстафа Шоқайдың есімдері берілетінін сүйіншілей хабарлады.

Бұдан кейін алаштанушы ғалым нақты шара жайында Халел Ғаббасұлының әдеби-көркем мұрасы жайлы кандидаттық диссертация негізінде жазылған жас ғалым Раиса Садықованың еңбегін таныстырды. Айтуынша, алаштың көрнекті тұлғасы, аласапыран жылдарда ерлікке тән іс-қимылымен көзге түскен Халел Ғаббасұлының мұрасы, қызметінің қырлары толық ашылмаған. Осы олқылықты толтыру мақсатында жас ғалымға тақырып ұсынып, зерттеудің бағытына жөн сілтеген. 

Халел Ғаббасұлы кім болған?

Халел Ғаббасұлы – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері. 1888 жылы Семей топырағында дүниеге келген. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін алтын медальмен бітірген. 1911-1912 жылдары Семейдегі семинария шәкірттерімен бірге отырып түскен топтық суретте оның жастық шағының жарқын көріністері бар еді. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың архивінен шыққан тарихи жәдігерде оның кейінгі жылдары түсірілген санаулы суреттеріндег бейнесіне ұқсастығы көп.

 

Алаштың 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезіне қатынасып, онда Бүкілресейлік құрылтайға депутат болып ұсынылған. Осы жылы 8-15 қазанда Том қаласында Сібір автономиясын талқылаған жалпысібір съезі өткенде, қайраткер Сібір кеңесі құрамына енеді. Бұл да – елеулі бір тактикалық жол болатын. Сол жылы желтоқсанның 5-13 күндері Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша баяндама жасап, Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесінің құрамына Семейдің атынан мүше болып сайланады.

 

Алаш қозғалысы кітабынан.

Еліміздегі Диссертациялық кеңестер толықтай жабылған 2010 жылдары Раиса Садықова жазылып біткен ғылыми еңбегін қорғап үлгермесе де, зерттеу тақырыбынан қол үзбеген. 2016 жылы Дихан Қамзабекұлымен қайта байланысқа түскен ол зерттеу жұмысына қажетті кейіпкерді, яғни Халел Ғаббасұлының жақын туысы Берікбол Әділхасенұлы Баязитовпен танысады.

Осылайша кандидаттық диссертация тақырыбына қатысты жаңа деректер жиналып, оны кітап етіп бастыру идеясы туады. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шара Алаштың 100 жылдығына тура келуі соның айғағы болатындай.

«Алаш бекзаты» атты бұл кітап Р. Садықованың «ХХ ғасыр басындағы семейлік әдеби орта және Халел Ғаббасұлының әдеби-көсемсөздік мұрасы» атты зерттеу жұмысының негізінде шықты. Диссертациялық еңбек екі бөлімнен: біріншісі – «Семейлік әдеби ортаның ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-саяси, әдеби-мәдени үдерістегі орны» деп аталса, екіншісі «Халел Ғаббасұлының қайраткерлік, әдеби-көсемсөздік мұрасы» делінген. Азаттық қозғалысының тарихи негіздері, әдеби-мәдени ортаның қалыптасуындағы Абай тағылымы, аласапыран жылдардағы баспасөздің ағартушылық, күрескерлік қызметі сараланып, Халел Ғаббасовтай ірі тұлға өмірінің қазақ қоғамындағы ролі, қайраткерлік қыры, сан алуан жанрдағы жазба жұмыстары зерттеледі.

1918 жылдың наурызында Оралдан Мәскеуге Алаш Орда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар аттанып, барған бетте Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы В.И. Ленинмен және ұлт істері бойынша халық комиссары И.В. Сталинмен кездесіп, оларға ІІ жалпықазақ-қырғыз сиезінің (Орынбор, 1917, желтоқсан) қаулысын табыс етеді. И. Сталин қаулымен танысқаннан соң, 19 наурыз күні Семейге телеграфпен хабарлап, Ә. Бөкейхан және оның орынбасары Х. Ғаббасовты телефон арқылы келіссөзге шақырды. Ертеңіне, яғни 20 наурыз күні Сталинмен телеграф арқылы келіссөзді Халел Ғаббасов жүргізді. Әңгіме советтік билік пен Алашорда үкіметінің өзара құқықтың қатынасы жөнінде болған еді.

 

Алаш қозғалысы кітабынан.

Алаш Орданың әскери қарулы күштерін құруда Ә. Бөкейхан, М. Тынышпаев, А. Тұрлыбаев, Жанша, Халел Досмұхамедовтар, У. Танашұлы секілді зор еңбек сіңіргендердің қатарында Халел Ғаббасұлы да болды. 1918 жылдың жазында ақ гвардияшылардың көмегімен Уақытша Сібір үкіметі орнағаннан кейін көп ұзамай Семейде совет үкіметі құлатылды. Осы жылдың маусым айында Алаш Орда үкіметі ресми түрде өз қызметін бастады. Алғашқы күннен-ақ Әскери кеңес құру туралы заң қабылдап, Алаш әскерін жасақтау мәселесін дереу қолға алды.

Алаш әскері негізінен атты қазақ әскері түрінде жасақталып, оның әскери басқару құрамына қазақтан шыққан әскери адамдармен бірге орыс офицерлері де тартылды. 1918 жылдың маусым айының аяғына қарай Семейдегі Алаш әскерінің саны 300-ден 500-ге дейін жетіп, оларға 35 орыс офицері соғыс тактикасын үйретумен айналысты. Ал 12 тамыз күні Алаш Орданың әскери бөлімінің бастығы Х. Тоқтамышев Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрінің атына жазған хатында 750 жауынгері мен 38 офицері бар Алаш полкінің құрылғанын баяндай келіп, Зайсанда қазақ милициясының 200 адамнан, Павлодарда 150, Қарқаралыда 250 және Өскеменде 250 адамнан тұратын әскери құрамалар жинақталғанын хабарлап, бірақ оларға қажетті қару-жарақ пен киім-кешектің жоқ екендігін, ақша тапшылығы орын алып отырғандығын мәлімдеді.

Халел Ғаббасұлының Алаш әскерінің алдында сөйледі деген сөзін келтірсек: «Бұрын «Сары Арқа жеріміз бар, Сары Арқада қазақ еліміз бар» деп, теңдікті құрғақ сөзден күтсек, қазірде қару-жарақты, қылышты, мылтықты қалпыңмен қаны бір, жан-тәніңнен жаралған Алаштың ардагерлері Жетісуда атаман Анненковпен тізе қосып, жауыңа қаһарын төгіп, Әлібек, Рүстем, Әлилер жүр. Олар соғыста жалғыз емес. Алашыңның атында Абылайдың ақ туын желбіреткен он полкің бар. Ертеңгі күні қосымша қылып төрт полкіңді жіберткелі отырсың. Бұлар кімдер? Еліңнің ерлері! Ел намысын қолына алған, ар-намысын сақтау үшін қан майданда қарсы тұрып, бостандықты күшпен алып, іргелі жұртшылықтың іргесін қалаушылар! Жасайды жұртың, көркейеді елің, өркендейді Алашың!».

Осылай халқы үшін жаны күйген есіл ердің бірі де бірегейі Халел Ғаббасұлының есімі ардақталған күн болды. Әлихан Бөкейхан секілді ұлт лидерімен қанаттаса қызмет етіп, үкімет төрағасының орынбасары ретінде Алаш Орда қаулыларына көсемнен кейінгі қол қойған тағдырлы тұлға да осы Халел Ғаббасұлы болды. Қалай болғанда да Алаштың 100 жылдығы мерекесі сәтінде оның есімі аталмай қалуы мүмкін емес еді.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English