«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Энциклопедияға бергісіз еңбек

2690 0
Энциклопедияға бергісіз еңбек
Ұлттық этнографияға арналған «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық жарық көріп, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада тұсаукесер рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды

Этнографиялық сыр-сұхбатқа негізделген «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдықтың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,   «Дәстүр» журналының бас редакторы, ақын Қасымхан Бегманов. Бұл көлемді де құнды еңбек  халық этнографиясының көрнекті өкілі Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арналып отыр. 

Жаһандану дендеген қазіргі таңда ұлттық құндылықтарға айырықша басымдықтар берілуде. Ұлттың ұлт болып сақталуы да ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің қаншалықты  сақталуына байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық еңбегінде: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деуі де сондықтан. 

Аталмыш төрт томдық Қасымхан Бегмановтың (осыдан жеті жыл бұрын жарық көрген Жағда Бабалықұлымен халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы сыр-сұхбатқа құрылған) «Этнографпен әңгіме» кітабының заңды жалғасы.  

Бұл жоба сегіз жылдан бері шығып келе жатқан республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының хат қоржынына келіп түскен мыңға жуық сұрақтарға жауап беру мақсатында қолға алынған болатын.

Кітаптың  бірінші томында Мекемтас Мырзахметұлы, Уақап Қыдырханұлы, Өмірзақ Айтбайұлы, Құбығұл Жарықбаев, Сұлтан Сартаев, Сәбит Оразбай, Совет-Хан Ғаббасов, Әбсаттар Дербісәлі, Сатыбалды Нарымбетов,  Шөптібай Байділдин, Ұлықпан Сыдықов, Оразалы Сәбден, Жарқын Шәкәрім, Ержан қажы Малғажыұлы, Сабыргүл Асанова, Дәнеш Ахметұлы, Сәрсенбек Бекмұратұлы,   Ғалия Қайдауылқызы, Күләш Меңғалиева, Шәкен Бөкетайұлы, Болат Бопайұлы сынды ғылым-білім, дін, мәдениет және өнер қайраткерлерімен болған толымды да, толайым сұхбаттар топтастырылған. Бұл сұхбаттарда қазақ энографиясы мен тарихы, оқу-білім, мәдениет және өнер, ұлттық қадір-қасиеттер мен тәлім-тәрбие, ар-намыс, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар, ырымдар мен тыйымдар туралы кең көлемде әңгіме болып, нақты талдаулар жасалып, жан-жақты сараланады. Аттары аталған дара тұлғалар өз саласы бойынша жүйелі сөз, келелі әңгіме қозғап, жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктер жайында өз ойларын ортаға салады. Шешімін күткен көкейкесті мәселелер мен түйінді проблемалар туралы да сөз етіліп, оларды шешу жолдарына да тоқталып, дұрыс бағыт-бағдар сілтеді.

Екінші томға  қазақ этнография ғылымына алғаш түрен салған ірі ғалым –  тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академияларының академигі, Қазақстан мен Қарақалпақстан Республикаларына еңбек сіңірген ғылым қайраткері Уахит Хамзаұлы Шәлекенов, қазақтың негізгі шығу тегін, басқа халықтармен қан құрамы, бас, тіл құрылыстары, алақан таңбалары және көз, шаш, тері түстері арқылы салыстырып зерттеп жүрген қазақтың тұңғыш антропологы, Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Оразақ Смағұлов, халық фольклорын түбегейлі зерттеуді өзінің өмірлік мұратына айналдырған ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сейіт Қасқабасов, халық этнографиясының ірі өкілі Жағда Бабалықұлының мұраларын көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан тарихшы-ғалым Әлімғазы Дәулетханмен және сонау жылдардан бері салт-дәстүрді бүгінгі той-томалақтарда қалай дамытуымыз керек деген өзекті тақырыпты терең зерттеп-зерделеп жүрген ерлі-зайыпты қаламгер-журналистер – Марат Тоқашбаев және Раушан Каршаловамен жүргізілген сыр-сұхбаттар берілген.

Кітаптың үшінші томында қазақ  этнографиясы, халқымыздың мұсылмандыққа дейінгі және одан кейінгі салт-дәстүрлері, қазақ шежіресі, әліпбиі және бүгінгі отбасылық мәселелер,   дәстүрлі ас-тағам мәдениетіміз бен табиғи тағамдардың шипалық һәм дәрумендік қасиеті, көне түркі дәуірінің этномәдениеті, ұлттық мұражайдың тарихы, қалыптасу кезеңі және ондағы құндылықтар жөнінде, қазақтың зергерлік әрі ұсталық өнері, әшекей бұйымдардың қадір-қасиеті мен ер қаруы – бес қару туралы жан-жақты әңгіме қозғалып, салиқалы ойлар сарапқа салынып, салмақты пікірлер айтылады. Бұл тақырыптардағы сұрақтарға   Серік Әжіғали, Жамбыл Артықбаев, Әлімхан Жүнісбек, Шайзада Тоқтабаева, Дандай Ысқақұлы, Қалиолла Ахметжан, Ахмет Тоқтабаев, Әбдеш Төлеубаев, Аманжол Қалыш, Бибизия Қалшабаева, Нұрсан Әлімбай, Мақсат Алпысбес,  Досымбек Қатыран, Омар Жәлел, Нәпіл Базылхан, Өнерхан Сансызбай сынды атақты ғалымдар мен өз салаларының білгір мамандарымен сұхбаттасу арқылы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың ұстану жолы, күнделікті өмірімізге ену тарихы мен мән-маңызы және бүгінгі күнгі жай-жапсары туралы кеңінен толғап, оқырманның көңілін күпті еткен түйткілді сауалдарға толыққанды жауап берілген.

Төрт  томдық кітаптың төртінші томына автордың Қарағанды, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Моңғолия, Өзбекстан, Қарақалпақстан сапарлары негізінде жазылған жолжазбалары, көзбен көріп, көңілге түйгендері, музейлер мен архивтер туралы деректері, өңірлердегі өлкетанушылар, ғалымдар, тарихшылар, ақын-жазушылар, этнографтармен сұхбаттары енген. Сонымен қатар еліміздегі емшілер, суретшілер, қолөнершілер одақтарының басшыларымен, ұлттық күрес, ұлттық туризм саласының мамандарымен, көп жылдардан бері бүркітшілікті дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан «Қыран» Федерациясының  директорымен жүргізілген  сыр-сұхбаттар топтастырылған.

Бұл еңбекте еліміздің барлық өңірлеріндегі этнографтар жергілікті салт-дәстүр ерекшеліктерін айшықтап, салт-дәстүрге қатысы бар одақтар мен ұйым басшылары, қолөнер шеберлері, яғни негізінен әр саланың өз мамандары  сөз алып, ой-пікірлерін ашық білдірген.

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English