«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Рухани жаңғыру және Алаш мұрасы

6407 0
Рухани жаңғыру және Алаш мұрасы
Астанада «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды

Ғылыми іс-шара Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жылдығына арналғаны белгілі, және бұл жыл қорытындысы ретінде ұйымдастырылған ауқымды жиын болды.

Конференция жұмысына елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, құзырлы орган басшылары, Парламент депутаттары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, алаштанушы ғалымдар мен интеллигенция өкілдері, Алаш ардақтыларының ұрпақтары мен республиканың түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Ұйымдастыру комитетінің мүшесі, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқымбаевтың айтуынша, конференция жұмысына 1600 адам делегат ретінде шақырылған. Ақ шаңқан сарайда бос орын болмағанына қарап, мұнда жиналған қауымның қарасы 1500 адам болғанын шамалауға болады.

Ғылыми жиынға қатысушыларды тіркеген соң, үлкен залға жиналған жұрт лық толды. Спикерлер қатарында төралқада ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіхалықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қ. Сұлтанов, Н. Оразалин, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Ә. Қара, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы төрағасы, тарихшы ғалым З. Курманов, т.б. отырды.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е. Сыдықов жүргізіп отырды. Жиынның ашылуымен Қр Президентінің құттықтау сөзін мелекеттік хатшы Г. Әбдіхалықова ханым оқып жеткізді. Онда: «Баршаңызды конференция жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Алаш қозғалысының 20 ғасырдың басындағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі елге қызмет етудің жарқын көріністерінің бірі болып табылады. Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді.

...Бүгінгі келелі жиында айтылатын тарихымыз бен бүгінгі тәуелсіз ел тарихының өмірі мен сабақтастығын ашып көрсететін дәйекті пікірлер, ғылыми ізденістердің нәтижелері жария етіледі деп кәміл сенемін. Конференцияның жұмысына табыс тілеймін» делінген.

Жиын барысында баяндамашы Қ. Сұлтанов үкімет пен билікке иек артпай, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтардың қажырлы еңбегін насихаттау ісі жолға қойылу керектігін мәселе етіп көтерсе, Н. Оразалин ұлт зиялыларының өнегеге толы өмірі бүгінгі ұрпақ бойынан табылуы тиіс шарттарды атап көрсетті.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиев Алаш қозғалысының ренесансстық құбылыс болғанын дәлелдеп берді. Тарихшы ғалымның пікірінше, советтік кезең идеясы бүгінгі көзқарастар тұрғысынан күйрей жеңілгенін, ал алаштықтардың мүддесі өміршең болғанына көз жетіп отырғанын айтты.

«Алаш қозғалысы бұл ешқандай да ретроградтық қозғалыс емес, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы болатын, деді М. Қойгелдиев. – Яғни кемел ақыл-ой тұрғысынан Алаш тақырыбы даулы тақырыпқа айналуы тиіс емес-тін. Өйткені, біріншіден, өз бағдарламаларына сәйкес алаштықтар поляктар немесе финдер секілді Ресейден бөлініп, дербес мемлекет құратынын мәлімдеген жоқ. Ресей Федерациялық құрылымға өтсе, оның құрамында автономия түрінде қалуды жобалады. Екіншіден, алаштықтар қоғамдық дамуда еуропалық жолды, яғни демократиялық және рыноктық құндылықтарды ұстанатындықтарын өз бағдарламаларында ашық жария етті. Үшіншіден, Ә. Бөкейхан мен оның серіктері өздерін ұлы орыс мәдениетіне жақын тұратындықтарын, тіптен осы жолда өздерін шәкірт санайтындықтарын ылғи да ескертіп отырды. Қазақ қоғамында орыс әдебиеті мен мәдениетінің озық үлгілерін насихаттау жолында тұрды».

NDH порталы тарихшы-академик М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы. Жүз жылдан соң...» мақаласын автордың рұқсатымен порталда жариялайтын болады.

Осылайша конференцияның пленарлық мәжілісі ХХ ғасыр басындағы әлемді сілкіндірген оқиғалар аясындағы Алаш қозғалысының қызметін ашып көрсеткен «1917 жылғы Ресей революциялары және Алаш Орда» және «Алаш Орда тұғырнамасының жаңашыл идеялары: дамуы мен жүзеге асуы» атты секциялық бас қосуларға ұласты. Жиын соңында ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу ісін Алаш мұраттарымен сабақтастыру мәселелері көрініс тапқан қарар қабылдау жоспарланған.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English