«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Иса Байзақов айтқан екен...

2012 0
Иса Байзақов айтқан екен...
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған ақын, актер, композитор Иса Байзақовтың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Байзақов Иса – ақын, әнші, артист, домбырашы, композитор. Өнерпаздық өскен ортасынан, ұшқан ұясынан дарыған. Орынбордағы жұмысшы факультетін бітіріп, Қазақ халық ағарту институтында оқыған. Өлеңдері баспасөз бетінде 1924 жылдан бастап жариялана бастайды. Қызылорда қаласында 1926 жылы қазақтың тұңғыш ұлт театры ашылғанда, Иса соның іргетасын қалаушы артистердің бірі болып тағайындалады. Оның ақындық, әншілік, домбырашылдық өнері осы театр сахнасында жарқырай көрінеді.

 Заманның саяси-идеологиялық талғам-талаптарына орай Иса қазақтың қырыққа тарта әндерінің мәтінін қайта өңдеп жазып шыққан. Репертуарындағы мейлінше мол әндерді нотаға түсіртіп, ұлттың рухани игілігіне  айналуына елеулі үлес қосқан.

Исаның актерлік, әншілік, домбырашылық өнерінің сыртында оның ақындық өнері бір төбе. Ол жырлаған «Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Алтай аясында», «Кавказ», «Қырмызы-Жанай», «Ақбөпе» сияқты поэмалары өзінің  көркемдігімен де, адамгершілік асыл қасиеттерді паш ететін идеялық қуатымен де қазақ поэзиясында айырықша мәртебелі орынға ие.

 

* * *

Тоғыз жасар Иса Байзақовқа бірде апасы Зылиқа әзілдеп:

– Басыңда жұлма-жұлма ескі бөрік,

Ағаш та астыңдағы жансыз көлік.

Өн бойың құс түткендей, түрің мынау,

Қақсадың тумай жатып шешең өліп, – дейді. Сонда бала Иса табан астында:

– Кекілін кер бестінің түймедім бе,

Тал шыбық бұрайын деп имедім бе.

Несіне бөркімді айтып мазақтайсың,

Бөркіңді істеп берген кимедім бе?! – деген екен.

 

* * *

Ел аралай шыққан ақын-жазушылар – Сәбит Мұқанов, Иса Байзақов, Қасым Аманжолов үшеуі Қарағандыда болады. Оқырман жұртшылықпен кездескен қаламгерлерге кешінде қонақасы беріледі, айырықша ықылас көрсетіледі. Ертеңінде Ақтоғай ауданына жүрулері керек екен. Жол алыс болған соң, тойдың сарқытын мол етіп, Сәбеңнің көлемділеу сөмкесіне салады.

Содан алыс жолға ертелетіңкіреп шығады. Қарағандыдан біраз ұзаңқырайды. Қасым мен Исаның бастары түндегі ықыласы мол дастарханнан кейін мең-зең дейді. Ал, Сәбең болса ойында ештеңе жоқ, түк болмағандай, қайдағы-жайдағы әңгімені айтып келе жатады. Бір мезгілде, әбден шыдамы таусылған Қасым Исаның құлағына сыбырлап:

– Сәбеңнің сөмкесі сықаған арақ-шарап, бірдеңе десеңші, құрыс-тұрысымызды жазайық, өлеміз бе?! – дейді.

Сонда мең-зең болып келе жатқан Иса селт етіп көзін ашып:

– Ел қайда, Есіл қайда, Нұра қайда?

Коньяк, шампан менен сыра қайда?

Бас ауырып, балтырың сыздаса да,

Бұл Сәбең «Хал қалай?» деп сұрамайды, ә! – деген екен.

 

* * *

Бір мекеме басшысының қабылдау күнінде  есігінің алдында қара-құра болып біраз адам тұрса керек. Ішінде әскерден жаңа келген, әскери тәртіп пен мінезден арыла қоймаған композитор Бақытжан Байқадамов та болды.

Бір мезгілде жұпынылау киінген ақын Иса Байзақов келіп, кезекте тұрғандарды көзге де ілместен ілгері оза беріпті. Сонда Бақытжан басқадан бұрынырақ тіл қатып:

– Ау, мұндағылар да кірмекші, сол үшін кезекте тұрамыз, – дейді.

Иса болса бұрылып та қарамастан:

– Маған кезекте тұруды Тәңірім жазбаған! – деп нығарлай айтып, ілгері жүре береді. Қызуқанды жас Бақытжан бұл сөзге шыдай алмай, Исаның алдын бөгеп:

– Жоқ, мұныңыз жарамайды, жұрт сияқты кезекке тұрыңыз! – дейді.

Иса алара бір қарап алып:

– Мені бөгейтіндей сен бала, кімсің өзі! – деп жақтырмаған шырай танытады да, әлі де елей қоймаған қалыппен ішке кірмек болады.

– Мен – композитор Бақытжан Байқадамовпын, тәртіп бәрімізге ортақ, – деп Бақытжан кес-кестеген қалпы Исаны бөгей береді.

«Композитор»  деген сөзді естіген Иса елең етіп, Бақытжанға ошарыла бір қарап алды да:

–  Кіммін дейсің?! – деп таңырқай сұрайды.

− Композитор Бақытжан Байқадамовпын, мұнда еріккеннен тұрған ешкім жоқ! – дейді Бақытжан.

Сонда Иса Байзақов басын таңырқай бір шайқап қойып:

– Композитор Байқадамов дегенді естісем, құлағым керең болсын! – депті де, ішке кіріп кетіпті.

Сол жерде кезекте тұрғандардың бірі:

– Иса-ағаң халықтың еркесі де, серкесі де емес пе, бекер бөгедің ғой шырағым! – дейді.

Сонда Бақытжан құлағына дейін қызара ұялып әрі таңырқаған қалпы:

– Не дейді, Иса Байзақов осы кісі ме еді, қап! – деп, санын өкіне сарт  еткізіп, ұялғанынан кезегін күтпестен кетіп қалып еді дейді.

Әзірлеген: Заңғар Кәрімхан

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English