Жарияланымдар

Мәңгілік сағыныш иесімен кездесу

04 Қыркүйек 2017
1286
0
Мәңгілік сағыныш иесімен кездесу
«Қадірлі Галочка! Сенің хатың мен суретіңді алдым. Маған деген қамқорлығыңа өте ризамын. Менің достық кеңесім – көп уайымдама және ойланба

Жақын арада біздің жағдайымыз өзгеретініне нақты сенуіңе болады. Жақсы жағына дегенім ғой. Бұған негіз, біздің үкіметіміздің рақымшылдық жөніндегі актысы. Сабырлылық пен шыдамдылық – ұлы іс. Мен өз басым арымның алдында, біздің ертеңгі болашағымызға батылдықпен тура қараймын және мен адал еңбекқор адам ретінде, қайтадан өзімнің Отанымның игілігі үшін күшімді еселей жұмыс жасайтын боламын...

Сағынышпен балаларым мен сені ойлаймын. Бірақ, біз нәзік жандар еместігімізді білемін, біз бәріне төзуге қабілеттіміз.

 

Сүйдім және қатты құштым, сені сүюші Ермұхан».

Бұл хатты тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов сүйікті жары – Халимаға, 1953 жылдың 22 сәуірінде Сібірдегі Бодайбодан жолдаған болатын. Иә, бірде отбасына батылдық ұялатса, енді бірде елдің хабарын айтып жиі-жиі хат жазуын өтінеді. Бір кем дүние.

Жақында танымал тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмахановтың зайыбы Халима Адамқызымен кездесіп сұхбаттасудың сәті түсті. Көптен ойда жүрген соң, кездесуге арнайы Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері ғалымның тұрған үйіне ат басын бұрды. Ғұмырындағы жастық шағын қазақ ертегі-аңыздары мен батырлар жырынан бастаған әйгілі тарихшы, өз халқының төл тарихын зерттеуде өшпес із қалдырды. Қазақ хандары мен батырлары өмір сүрген және ұлт азаттық көтерілістері болған кезең оның зерттеу нысанына айналған-ды. Осыдан да болу керек, халық көңіліне жақын, оның отбасы мен аяулы жарының көңіл-күйі ешкімді бей-жай қалдырмайды. Ауыр тағдырының қиын кезеңдерін бірге бөліскен жан, оның зайыбы Халима Адамқызы Бекмұхамедова-Бекмаханова соңғы 40 жылдан аса уақыт бойы ғалымның мұрасын шашау шығармай жинақтап отыруды әдетке айналдырған.

Міне, алдымызда – қайсар да қажырлы Халима Адамқызы. Жүзінде қуаныш пен биязылық байқалады. Ғалымның қызы Қарлығаш Ермұханқызы да бойындағы тектілік жөніменен амандасып, қауышқан соң, төрге шақырды. Үй ішіне енген сәттен: – Сіз, Бүркітбай Аяған, тарих институтының директоры боласыз ғой? – деп өзінің біз туралы хабары барын білдірді. – Өте жақсы, жоғарлатыңыздар.

Дәл осы сәтте Ермұхан Бекмахановтың кезінде хал үстінде қатты ауырып жатып, жарының кандидаттық жұмысын қорғауына барынша қолдау танытқан сәттері еріксіз ойымызға оралды. Бұл – ғалымның көрегендігі еді. Сол сәтті дәл қазір Халима Адамқызы да сағынышпен толғап отыр. Ал, біз ғалымның артынан ерген ұрпағына бас-көз болып, орнын жоқтатпай отырған жанға ризашылықпен қарап отырмыз. Әрине, айтуға оңай.

Кезінде Зайсанның саудагері Пидахметтің қызы болған Халима Адамқызының анасы – Айша алашордашы Адамбек Бекмұхамедовке тұрмысқа шығады. Жолдасы қайтыс болған соң, «байдың қызы, алашордашының әйелі» ретінде қуғынға ұшырайды да, ақыры қолындағы Халима қызын алып, Семейден Өзбекстанға қашады. Бұл жерде қызы екеуі 16 жыл мекендейді. Айша орыс гимназиясын бітірген жоғары дәрежелі білімі бар, қатарынан бес тілді (қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, татар) меңгерген маман болатын. Дәл осы қабілеті қиын-қыстау күндері отбасын ұстап қалуға негіз болды. Халима Адамқызы анасының Ерекең екеуінің мақалалары мен өзінің диссертациясын да басып бергенін айтады. Сол сияқты немерелерін тәрбиелеуге зор үлес қосқан бірегей жан.

Мән берсеңіз, Ермұхан Бекмахановқа кездеспей тұрып та өмірдің ащы дәмін татып үлгірген бойжеткен болатын. Одан кейін де тағдыр сынына шыдас берген қайсар жан екендігі жанарынан көрініп тұр.

Әсіресе, қуғын-сүргін зардабын көзімен көрген 90-нан асқан кейуананың өмірге деген құлшынысы мен сергектігі таң қалдырады. Мұның өзі – өнеге.

Ғалымның тағдыры бұралаңға түскенде оның отбасына Айша шешей мен Хадиша апайдың қолғабыс тигізіп, қамқорлық жасағанын да айта кету абзал. Енді бір сәтте алдымызда отырған Халима Адамқызының жанары жарқырай, өзінің ғалыммен болған өмірін елестете, мақтаныш сезіммен: «өмірлік жолдасының туған халқына бай ғылыми мұра қалдырған, нағыз қазақ жігіті» екенін, қандай жағдай болса да, өзінің бүкіл ғұмырын осындай айрықша жанға арнағанын және әйел ретінде де, ана ретінде де бақыт» деп санайтынын жеткізді:

– Ерекең дұшпанын да дос тұтқан бірегей жан еді. Артынан ерген алты баласынан алты немере және тоғыз шөбере тарады. Бірінші некеден Найля, Надия, Нурия болса, екінші некеден Ермұхан, Сермұхан, Қарлығаш дүниеге келді. Назым, Айнаш, Әйгерім, Айша, Әнуар, Бота сияқты немерелері бар. Әлі де үмітіміз алда. Олар да еліне адал қызмет атқаруда. Ерекеңнің балаларының барлығы мектепте өте жақсы оқыды. Найля, Ермұхан, Сермұхан мектепті медальмен бітірді. Бәрі де Мәскеу мен Алматының маңдайалды оқу орындарын тауысты. Балаларының ішінен Ерекең армандағандай, Найля, Надия және немересі Назым ғылым докторы атанды. Нурия, Сермұхан – ғылым кандидаттары, немересі Әнуар Лондонда магистратураны аяқтады. Өзі армандағандай немерелері қазақ мектебінен дәріс алды. Ұрпағының алды шетелдегі халықаралық ұйымда қызмет жасайды. Өздеріңізге мәлім: Найля Ермұханқызы әкесінің жолымен тарихшы-ғалым болып қалыптасты. Мәскеу қаласында тұрады. Ол өздеріңіздің және әріптестеріңіздің шақыруымен Қазақстанға жиі келіп тұрады.

Ерекеңді мен адалдығы үшін жақсы көрдім. Ол ашық, ештеңе жасырмайтын. Барлық уақытта ойымен бөлісетін. Ол өлім туралы ешуақытта айтқан емес, ұзақ өмір сүргісі келетін. Балаларының өсіп-жетілгенін көргісі келетін.

Менің жасым 92-ге келді. Тарихшы болмасам да Ерекеңнің қасында болған соң, көзім қарақты. Тарихшыларға қатысты көп нәрсені түсінемін. Республика тарихшылары ғалымның мерейтойларын атап өтіп, олардың аясында көптеген шаралар өткізіп тұрады. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ерекеңнің атындағы аудиторияның ашылуы және «Бекмаханов оқуларын» өткізу қазір дәстүрге айналды. Осы істердің басында алғашқы тәуелсіздік алған кезде Ерекеңнің шәкірті Әбу Тәкенов қолға алған, «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы қазақ тілінде жарық көрді. Профессор С.Ф. Мажитов пен жазушы М. Сәрсеке «Ермұхан Бекмаханов» атты кітап жазды. Ал 90 жылдығына орай, Керекудегі С. Торайғыров атындағы университет 7 томдық шығармалар жинағын шығарды. М. Тайжан қоры «Қазақ КСР» кітабын жарыққа шығарса, С. Нарымбетовтың «Аманат» фильмі де бір сергітіп тастады. Ғалым ретінде, Ерекеңнің тарихи мұрасы іздеусіз емес. Сондықтан да шүкір деймін».

Жарқын көңілмен Халима Адамқызы бізді қонақ бөлмесіне шақырып, дастархан басында сұхбатын  жалғастырды. Бұл кісіге сұрақ қоюдың өзі артықтау. Себебі кімді қандай мәселе толғандыратынын сезіп отыратын тәрізді. Жеңіл қимылдап, әңгімесін әзілге де араластыра сөйлеп отырды. Есте сақтау қабілеті сондай мықты. Бүкіл тарихшыларды сұрап немен айналысатынына қызығушылықпен қарайды. Десе де, әңгімесінің өзегіне Ермұхан Бекмахановты алып, оның тарих ғылымына шын берілген және тарихты ғана сүйген ғалым екенін айтудан жалықпайтынын білдірді. Бір сөзінде ғалымның кекшіл болмағанын, сталиндік қуғын-сүргіннен келгеннен кейін де қысым жасағандар туралы жамандық ойламағанын айтады. Ғалым: «бәрін уақыт ретке келтіретінін» жиі айтады екен. Ғалымның өмірдегі жақсы сырласы болғандардың арасында жазушы Ілияс Есенберлинмен достық қарым-қатынаста болғанын айтады: «Ол екеуі сол жерде (Абай атындағы опера және балет театр маңын қолымен нұсқап көрсете), сағаттап отырып түрлі тақырыптағы мәселелерді талқылайтын». Сәл толғаныстан кейін Халима Адамқызы көңілдене, ойын былайша түйіндеді:

– Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғанына қуанышым шексіз! Еркін өмір сүру қандай бақыт!

Халима Адамқызына Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетованың «Қалдырған ізі мәңгілік. Қазақтың тарих ғылымы. Анна Панкратова» кітабы табысталған болатын.  Кейуана Анна Панкратованың өмірі мен қызметіне қатысты монографияның шыққанына ризашылығын білдіріп, көңіл түкпіріндегі ойларын айтып отырды. Көкейдегі орындалмай жүрген мақсаттардың бірінің жүзеге асқанына ризашылығын білдірді. Кітап авторының үлкен іс тындырғанын және оны алып шығу оңай еместігін баса айтты: «Қазақ ғалымдарының Анна Панкратованы ұмытпағаны абзал болған. Ол Қазақ тарихы үшін де, Ермұхан үшін де көп еңбек сіңірді».  Өмірден көргені де, түйгені де жеткілікті кейуана ақ батасын беріп, шығарып салды. Біз де бір сәт, мейірімділік шуағын сезінгендей күй кештік. Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту да – парыз.

Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор                                                          

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

«Болашақ» бағдарламасына 25 жыл толды. Бұл бағдарламаға қатысыңыз бар ма?