«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Археологияға «Қаратал қорымы» термині енуі мүмкін

9738 0
Археологияға «Қаратал қорымы» термині енуі мүмкін
NDH порталы шекара шебіндегі тарихи өлке – Зайсан ауданына тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастырып, аудан жерінде ашылып жатқан археологиялық қазбаларға барып қайтты

Зайсан қаласына таңғы 08.00-де жеткен портал қызметкері алдымен орналасып, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Серікбол Сиырбаев мырзамен телефон арқылы тілдескен соң, Зайсан тарихи-өлкетану музейіне барды. Онда оны мекеме директоры Қанағат Салахов күтіп алды.

Арнайы бөлінген автобуспен қаладан 30-дай шақырым жердегі Үлкен және Кіші Қаратал ауылдарының аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық экспедиция жұмыстарының басына жетті. Кіші Қаратал ауылының шығыс бетінде 4-5 шақырымдай аумақта барлығы 17 оба бар болып шықты. Мұның үшеуі қазылып, археологиялық жұмыстар басталып та кетіпті. Бір өкініштісі, мұндағы жұмыстардың жетекшісі, белгілі археолог Әбдеш Төлеубаевты кездестіре алмадық, себебі отбасылық тосын жағдайға байланысты ғалым таңғы 04.00. шамасында Алматыға сапар шегіп кеткен.

Қаратал қорымы ғылыми айналымға ене ме? 

«Қаратал қорымы» деп жаңаша атау берілген археологиялық қазба жұмыстарын қазіргі кезде Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен, Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен және Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінен, Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінен 27 жас археолог жүргізіп жатыр. Өз мамандықтарына құлай сүйген жас мамандар аптап ыстықтың астында асқан құштарлықпен жұмыс атқарып жатқанына куә болдық.

Қазылған үш қорымның да алғашқы қабаттарымен бізді таныстырған Л.  Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Қуаныш Ысқақов бұл қорымдардың ерте орта ғасырларға тән екенін айтты. Қазу жұмыстары қабірдің ең негізгі бөлігіне әлі жетпегендіктен, яғни қазба нәтижесінде шығатын құнды жәдігерлерді аршу қабатына енді жеткендіктен, ондағы көне ғасырдар мұрасы туралы нақты айтуды кейінге қалдырды. Алайда қорымның қабаттары жайында, ондағы жер жыныстары мен топырақ түзілістері, қиыршақ тастар мен қорған, бекініс іспетті шеңберлердің сырынан мағлұматтар берді. Айтуынша, қорымның 1-1,5 м шамасындағы қабаты кей обада таза топырақтан тұрса, кейбір обада жартылай тасты-топырақты болып келеді екен. Әзірге болжам бойынша мұнан табылатын мұралар көне үйсін дәуіріне жатады дегенді меңзеп отыр. Егер бұл кейінгі жұмыстар нәтижесінде дәлелденетін болса, шығыс аймақтан үйсін мұраларының табылуы археологиялық жаңалық болып қалмақ.

Айнабұлақ қорымынан қандай жаңалық бар? 

Еліміздің шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі университеттерінің археология мамандықтарының студенттері бұған дейін Айнабұлақ ауылының маңынан обалар санын  есептегенде 280-ге жуық қорымды тапқан. Ауылды жанап ағатын Айнабұлақ өзенінің бір жағында 100-ге жуық оба болса, екінші бетінің өзі екіге бөлініп, 50/30 шамасында қорым саны шыққан. Мұндағы қорымдардың көлемі әр түрлі, ең үлкені 25 диаметр шамасында болса, кішілері 8-10 диаметр көлемінде.

Тарихи-мәдени экспедиция барысында қазба жұмыстарына алғаш рет ат басын тіреген портал қызметкеріне жас археолог мамандар Айнабұлақ қорымдарын топографиялық карта түсіріп, ондағы қабаттардың аршылу техникасын егжей-тегжейлі түсіндірген соң, өздерінің тапқан ғылыми олжасын көрсетті. Бір қорымда ескі ғұрыппен қатар жерленген ер мен әйел мүрдесі, олардың тізелері түйісіп, бастары күнбатысқа қаратып жерленуі жайынан сөз етіп, сол мүрделердің жанынан жебе ұштары мен шырағдан, қоладан жасалған сырғалар мен сүйектен жасалған моншақтарды, сондай-ақ әр жерде шашылып қалған қыш құмыра сынықтарын көрсетіп таныстырды. «Шырағдан ер адамның аяғының төменгі жағында орналасса, қоладан жасалып, кейін жасыл түске айналған жебе ұштары әйелдің кеудесінде болған» дейді Жарқын есімді жас археолог.

Осылайша Зайсан өлкесіне жасаған апталық жұмыс сапарымыздың алғашқы күні қызықты өтті әрі жаңалыққа толы болды. Түс қайта жергілікті өлкентанушы Қалибек Алтыбаевпен танысқан соң, ол кісіден Алаш Орданың Зайсандағы штаб пәтері және оған қатысты бар тұлғалар жайлы деректер жинап қайтты.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English