Жарияланымдар

Ұлы даланың рухани мұрасы жаңғырған күн

21 Маусым 2017
2124
0
Ұлы даланың рухани мұрасы жаңғырған күн
Бүгін Астанада «Ұлы Даланың рухани мұрасы: өткені мен бүгіні» атты халықаралық ғылыми конференция өтуде

Маңызды халықаралық шараны ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры мен ҚР Білім және Ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы бірлесіп ұйымдастырып отыр. 

Конференцияға Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінің танымал сарапшылары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мемлекет тарихы институтының ғалымдары мен жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары, докторанттар мен магистранттар, БАҚ өкілдері қатысты. 

Конференцияның ашылу салтанаты тарихи кітаптардың тұсаукесерімен басталды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында әзірленген «Ұлы Даланың қорғаушылары» кітабы мен оның электрондық нұсқасы таныстырылды. «Бүгінгі халықаралық ғылыми конференцияны бірнеше тағылымды кітаптың тұсаукесерімен бастап отырмыз. Бұл кітаптардың алғашқысы  «Ұлы Даланың қорғаушылары» деп аталады. Онда Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу мен жалпыұлттық қасиетті жерлерге құрмет рухта тәрбиелеу міндеттері көзделген. Екінші оқулық «Қазақстан тарихы» оқулығының электронды нұсқасы даярланды. Сондай-ақ елімізге белгілі тарихшы Қадыржан Әбуевтің «Қазақ-орыс қатынастары контексіндегі Сібір хандығы», «Шоқан Уәлиханов» кітаптарының таныстырылымдары өтті. Шетел ғалымдарын бекер шақырып отырған жоқпыз. ҚР Президентінің «Келешекке бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша бүгінгі тарихшылары қауымы не істеу керек? Бұл тарих ғылымы аясында қандай көкжиектер ашылып жатыр? Және біз осы көрші елдердің тарихшылары мен бірге қандай жобалар бастауымыз керек деген сауалдарға конференция барысында жауап аламыз деген ойдамыз»,-деді шараның ашылу салтанатында сөз алған Мемлекет тарихы инстутының директоры Бүркіт Аяған. 

Конференцияға қатысушылар «Тарих контексіндегі Қазақстанның жаңғырту әлеуеті», «Қазақстандықтардың қоғамдық санасын жаңғырту жағдайындағы тарихи сана» тақырыптарындағы секция жұмыстарына қатысуда. Салтанатты жиынды Мемлекет тарихы инстутының басшысы Бүркіт Аяған жүргізді.

Пленарлық мәжіліс аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, РҒА Жалпы тарих институтының директоры Михаил Ляпкин (Ресей), Қырғыз-Ресей славян университетінің профессоры Зайниддин Курманов (Қырғызстан), Әзірбайжан Милли Меджилис депутаты, тарих ғылымдарының докторы Муса Гасымлы (Әзірбайжан) сөз алып, Елбасы мақаласының жарқын тұстарын, қазіргі кезеңдегі тарихи зерттеулер мәселесі, отандық тарихты дәуірлеу проблемалары, т.б тақырыптар аясында сөз қозғады. 

Әмірхан Рахымжанов, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы бас директорының орынбасары:

«Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономикалық, құқықтық және әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асыруда еліміз біраз қиындықтарды бастан кешірді. Соған қарамастан елдегі бірлік пен келісімнің, ұлтаралық татулықтың сақталуы аз уақыттың ішінде ел экономикасы мен демократиялық әлеуметтік процестің серпінді дамуына үлкен ықпал етті. Біздің ойымызша, қазақстандық қоғамдағы  жаңғыртудың басты қозғаушысы қоғамдағы  келісім, жағымды бәтуа, Ұлы даланың руханияты болып табылады. Қазақстандықтар мен әлемдік қоғамдастықтың санасындағы Қазақстан  Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мақсаттылығымен және сындарлы саясатымен халықтың бірлігін, мемлекеттік аумағының тұтастығын, Конституцияның мызғымастығын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қауіпсіздігін қамтамасыз  ететін Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып саналады. Оны Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында анық көрсетеді».

Бір ерекшелігі пленарлық отырыста тұңғыш рет «Қазақстан тарихы» оқулығының электрондық нұсқасы таныстырылды. Электронды оқулық «Ерте дәуірден тәуелсіздікке дейінгі Қазақстан тарихы», «Қазіргі Қазақстан тарихы» атты Қазақстан тарихынан екі базалық оқулықтан тұрады. Сондай-ақ оқулықтардың қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі электронды үлгісі, интерактивті нұсқасы мен хрестоматиялары да жарық көрді.  

Түстен кейін секциялық жұмыстар басталып, онда Қазақстандағы тарихы ғылымының қазіргі міндеттері, қоғамдық сананы жаңғырту негізіндегі ұлттық код және өлкетанудың гуманитарлық ғылым саласындағы рөлі мәселелері талқыланды. Сондай-ақ конференция аясында Ресей Ғылым академиясының Жалпы тарих институты, Қырғыз-Ресей славян университеттері ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтымен әріптестік байланыс орнатып, екі жақты меморандумдарға қол қойды. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

«Болашақ» бағдарламасына 25 жыл толды. Бұл бағдарламаға қатысыңыз бар ма?