«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Милиция шаруалардан, пролетариаттан және қырғыздардың аздаған бөлігінен тұрды

1796 0
Милиция шаруалардан, пролетариаттан және қырғыздардың аздаған бөлігінен тұрды
23 маусымда Қазақстан полициясы 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. NDH порталы мұрағаттарға жүгініп, осыдан жүз жыл бұрын Совет үкіметі жылдарындағы милицияның қандай болғанын көрсетуді жөн санады

Совет үкіметінің алғашқы жылдарындағы милицияның қызметі осы уақытқа дейін жеткілікті зерттелмеген. Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатындағы 247-ші қорда Ақмола уезінің жұмысшы-шаруа милициясы – аз зерттелген істер қатарында сақтаулы. Олардың кейбіреуінде бірде-бір зерттеушінің аты-жөні жоқ. Ғалымдарға осы бір ғылыми мәселеге көңіл аудару керек сияқты. Совет үкіметінің орнауы мемлекеттік органдардың, оның ішінде советтік милицияның күшеюімен қатар жүрді. Колчак үкіметі құлағаннан кейін бірнеше күннен соң, 1919 жылдың 27 қарашасында жергілікті Гарнизон бастығының және Ақмола қалалық милициясы жанындағы Ақмола комендантының рұқсатымен кеңсе қызметкерлері мен милицияның сыртқы шендері штаты ұйымдастырылды. 1919 жылдың 4 желтоқсаны Ақмола уездік милициясының бастығы болып Афанасьев ж. тағайындалды.

Сибревкомның ерекше уәкілі Стрельцов жолдасқа жазған жазбасында 1920 жылғы сәуірде Ақмола уездік милициясының бастығы Афанасьев жұмысшы-шаруа милициясының алғашқы қадамдары туралы айтыпты. Ақмола қаласының коменданты мен гарнизон бастығының рұқсатымен Ақмола уездік және учаскелік милициясының кеңсе қызметкерлері мен сыртқы шендерінің штаты құрылған. Штат салыстырмалы түрде алғанда аса үлкен емес және ол келесі цифрларда көрінеді.

Уездік милиция: уездік милиция бастығы, оның көмекшісі, милиция кеңсесінің хатшысы, 2 іс жүргізуші, бухгалтер, тіркеуші, көшіріп жазушы, тұтқындар үйінің бақылаушысы, күзетші әйел, аға милиционер, 16 кіші жаяу милиция, 10 курьер. Барлығы 37 адам.

Қалалық милиция: қалалық милиция бастығы, іс жүргізуші, көшіріп жазушы, 6 милиция бқылаушысы, 24 жаяу милиционер, курьер, күзетші әйел. Барлығы 35 адам.

Учаскелік милиция: учаскелік милицияның 7 бастығы, 4 іс жүргізуші, 31 милиционер, 8 курьер. Барлығы 50 адам.

Ұйымдастырылған  милицияның төрт жарым ай ішіндегі (1919 жыл желтоқсан – 1920 жыл сәуір) тәжірибесі милицияның іс жүзінде өз күйіне әлі жетпегендігін дәлелдеді, себебі адам саны 554 мыңды құрайтын, 200 мың шаршы шақырымды алып жатқан Ақмола уезінің аумақтық кеңістігімен салыстырғанда милиция саны осынша аумаққа аз еді. Ақмола уезі 33 орыс болысынан, 49 қырғыз болысынан, бір казак станицасынан және Ақмола қаласынан тұрды. Шығыс жағынан Ақмола қаласынан бастап 250 шақырымға, батыс жағынан 600 шақырымға, солтүстік жағынан 185 шақырымға, оңтүстік жағынан 1050 шақырымға созылып жатыр.

Өз бағыныштыларының позициясын қолдай отырып, Афанасьев қарапайым милиционердің осындай қиын жағдайларда орындап жүрген еңбегі туралы жазады. Милиция күн-түні дамыл көрместен әскери жүктерді жедел тасымалдауға, ет өнімдерін, шикізатты, және басқа да қазыналық жүкті ждеткізу үшін ат-көліктерін сайлап отырды. Милиция тұрғындарды қоғамдық жұмыстарға, мысалы, лазарет тазалау, аумақты жинау, тіпті шолақ тондарды тігуге және пима басуға тартуды ұйымдастырумен де айналысты. Әрине, милиция қылмыспен де күресті, қашқындарды, рецидивист қылмыскерлерді және контрреволюционерлерді ұстаумен, түрлі қылмыстар мен теріс қылықтар бойынша өндіріс, ақтар тастап кеткен қару-жарақты, түрлі мүлікті, жалпы алғанда әртүрлі олжаны тұрғындардан жинап алумен, сонымен қатар шабармандар арқылы шұғыл пакеттерді болревкомдарға (болыстық революциялық комитеттер) жеткізумен айналысты.

Алғашқы уақыттарда уездік және қалалық милиция ат-көлік, жұмыс күші, қайтыс болғандарды жерлеу, әскери тұтқындарды және науқас қызыләскерлерді тылға және отандарына жіберу бойынша біршама ауыртпалықтарды, сөгулерді және қоқан-лоққыларды бастан кешірді.  Жоғ,арыда аталған жұмыстардың бәрін милиция шенділері ұқыпты, уақытында және дәл орындап отырған. Алайда, милицияға жүктелген барлық міндеттердің арасында орындалмайтындары да болатындығын  Афанасьев айтып өтеді. Және бұның басты себебі адам санының аз болуына байланысты милиция өзінен талап етілгендерді істеп үлгере алмайтын.  Милиция барлық жерде өзіне жүктелген міндеттерін орындап үлгеруі, ағымдағы саяси өмірді қатаң бақылау үшін контрреволюциялық бас көтерулерді түп-тамырымен басуға іс-шаралар қабылдайтын, жалпы алғанда милиция Қызыл армиямен қатарласа жүре отырып, Федеративті Совет республикасының мекемелері мен лауазымды тұлғаларының барлық өкімдерін орындайтын, елді қайта құрумен туындайтын мәселелерді шешу үшін Ақмола уездік милициясының бастығы милиция шендерінің штатын келесі құрамға дейін арттыруды сұраған.

Уездік милиция: уездік милиция бастығы, оның  көмекшісі - 2, хатшы, іс жүргізуші-2, іс жүргізушінің көмекшісі-2, бухгалтер, тіркеуші, машинистка, көшіріп жазушы-3, қырғыз тілінің аудармашысы, күзетші әйел, тұтқындар үйінің бақылаушысы-2, атты милиционер-20, аға жаяу милиционер-2, кіші жаяу милиционер-18, курьер-10. Барлығы - 68 адам.

Қалалық милиция: қалалық милиция бастығы, оның көмекшісі, іс жүргізуші, іс жүргізушінің көмекшісі, тіркеуші, көшіріп жазушы, машинистка, күзетші әйел, аға милиционер-2, учаскелік милиция бақылаушысы-6, атты милиционер-4, кіші жаяу милиционер-26, курьер-2. Барлығы – 48 адам.

Учаскелік милиция: учаскелік милиция бастығы-7, көмекшісі-6, іс жүргізуші-7, аға милиционер-7, кіші жаяу милиционер - 60 (орыс болыстарына -1 милиционер, 2 қазақ болысына – 1 милиционер және Спасск зауытына – 3 милиционер), курьер-25. Барлығы - 112 адам.

Құжаттарда милиция құрамы берілген. Шенділердің құрамы толықтай шаруалардан, пролетариаттардан және қырғыздардың аздаған бөлігнен тұрған.  Совет үкіметі патша полициясының бұрынғы шенділерін қызметке қабылдауға тыйым салғанымен, милиция шендерін ұйымдастырған кезде Колчак үкіметі кезіндегі қызметкерлер қызметке өтіп кеткен. Алайда оларды қызметке алмас бұрын олардың саяси сенімділігі туралы мәлімет жиналған және қызмет бойынша өткендері назарға алынған. Және оларды алмастыратын да адам жоқ еді. Біріншіден милицияда қызмет еткісі келетіндер аз болды, ал екіншіден, іс мүддесі тарапынан бұл тұлғалар тәжірибелі қызметкерлер және жалпы алғанда Ақмола уезінің халқымен таныс адамдар ретінде қандай да бір шұғыл тапсырмаларды және іссапарларды орындауға қажет болды. Бәлкім, Афанасьев қуланып тұрған шығар, айту қиын, бірақ милиция бастығы айтқандай «басқаруындағы сыртқы шендердің қызметі бойынша бұрыс әрекеттерге тұрғындардан арыз түскен жоқ».

Бұны Ақмола уездік атқару комитеті жанындағы Басқарма Бөлімінің бастығына жазылған жазбасы да қайталайды: «Қаншалықты қиын болса да, милиция мүмкіндігінше өз міндетін орындауда, және осы міндеттерді орындау кезінде ешбір қуғын-сүргін шараларын қолданған жоқ». Зор жауапкершілікке және милиция шендерінің өміріне қауіп төндіретін міндеттерге қарамастан, олардың жалақысы өте төмен болатын және ол ештеңеге жетпейтін. Мысалы, курьер айына 770 рубль алыпты. Отбасында бес адамның әрқайсысына күн көріс үшін айына 1200 рубль қажет болатын, бұл есепке аяқ киім мен киім-кешекті қоспағанда. Бұндай отбасы шала құрсақ өмір сүрді және бұндай отбасылар көп болатын. Губмилицияның Басқарма бөлімінің нұсқаулығында сыртқы милиция шендері тылдағы қызыл әскердің азық үлесін пайдаланулары керек болған, бірақ 1920 жылдың көктемінде бұл әлі болған жоқ және милиционерлер ешқандай азық үлесін алған жоқ. Азық-түлік үлесінің берілуі, милиция шендерінің материалдық жағдайын жақсартатыны сөзсіз еді, және Афанасьевтің айтуынша, «оларға борышты сезініп, халыққа қорыққаннан емес, ар тұрғысынан қызмет етуді ұғынуға мүмкіндік береді». Бірақ 1920 жылдың жазында жағдай әжептәуір жақсарды. Ақмола уездік атқару комитеті жанындағы Басқарма Бөлімінің бастығына 1920 жылғы 9 тамызда жазылған жазбада барлық милиционерлердің әскери сапқа тұруға үйреніп жүргендігі және көбіне төрт сызықты винтовкалармен,берданкалармен, қылыштармен және аздаған бөлігі үш сызықты винтовкалармен қаруланғандығы атап өтілген. Атты отряд үшсызықты винтовкалармен және қылыштармен, уездің комқұрамы түрлі жүйедегі револьверлермен және қылыштармен қаруланған. 

Милицияның барлық сыртқы шендері қызыл әскердің азық үлесін пайдаланған, кейбіреулеріне Омбыдан әкелінген қазыналық етіктер берілген. Атты отрядта 20 жылқы бар, оның 16-сы жер бөлімшесімен реквизицияланған, 3 жылқыны саясибюро жолдады, ал соңғысы ұрлыққа айыпталып ұсталғандардан тартып алынған.  14 ер-тоқым тұрғындардан алынды және шегініп бара жатып қалдырып кеткен ақгвардияшылардың ер-тоқымдары болды. Уездік милицияның кеңсесі бұрын болған орнында қалды және ақ милиция эвакуациясы кезінде қалған жабдықтармен жабдықталды. Кеңсе керек-жарақтарының жетіспейтіні байқалады. Әрине, милицияның қаржыландырылуы қызығушылық тудыратын мәселе. Жазбада көрсетілгендей, милицияны ұстау үшін 934745 рубль, кеңсе және шаруашылық шығындарға 86630 рубль,  атты отряды құруға және оны ұстауға 60000 рубль, тұтқындалғандардың азық-түлігіне 21000 рубль шығындалған.

Сол кезеңде қандай қылмыстар тіркелген екен? Уезде 131 оқиға: 25 ұрлық, 4 өзіне-өзі қол жұмсау, 6 суға бату, 8 өлтіру, 4 тұтқындардың қашуы, 6 өрт, 1 зорлау және т.б. тіркелген. 178 қылмыскер ұсталған. Осылайша, Ақмола Уездік советтік жұмысшы-шаруа милициясының бастығы бізге сонау 1920 жылғы Ақмола уезінің жұмысшы-шаруа милициясының күнделікті өмірінен сыр шертті. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English