«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Астанада ханшайым Сүйінбике көшесі ашылды

3961 0
Астанада ханшайым Сүйінбике көшесі ашылды
Астанада бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға Сүйінбике ханшайымның құрметіне көше ашылды

Белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенова түркінің сұлу ханшайымы әрі батыр қызы Сүйінбике жайлы жобалардың бастамашысы болып, игі жұмыстар атқарды.

Жазушы алдымен «Ұлы Дала арулары» сериясының «Сүйінбике» атты жаңа кітабын жұртшылыққа таныстырған болатын. Онда Қазан хандығын отаршылардың сұқ қолынан қорғау үшін жан аямай қарсы тұрған патшайымның шыққан тегі, өскен ортасы, жалпы өмірі жайлы тың деректер қамтылған.

Осы жұмыстардың бір парасы – Астанада «Ханшайым Сүйінбике» көшесінің ашылуы. Сүйінбикедей аты аңызға айналған тариxи тұлға атына көше берілуін сұрап, жазушы Шәрбану Бейсенова 2012 жылы ономастикалық комиссияға ұсыныс білдірген екен. Ономастикалық мәселелерде Астана қаласының жұмыстары озық, естеріңізде болса, осыдан біраз жылдар бұрын қаланың сол жағалауында орналасқан Қараөткел кентінде қазақтың қайраткер қыздарының есімдеріне көшелер берілген болатын. Тұмар ханым, Домалақ ана, Қарашаш, Айша бибі, Қыз Жібек, Ұлбике, ақын Сара, Айғаным секілді аналардың есімін құрметтеу шаралары «Ханшайым Сүйінбике» атты жаңа көшемен жалғасып жатыр.

Айтулы тұлғаның атындағы көше «Family village» коттедж қалашығында орналасқан. Салтанатты ашу шарасына қатысқан құрметті қонақтардың арасында Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, т.б. болды.

Сүйінбике ханшайым – Қазан хандығының ең соңғы ханы Сапагерейдің адал жары, ел билеушісі Жүсіп бидің қызы және өмірі трагедиямен аяқталған Өтемісгерейдің анасы.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English