«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Киелі жерлер: Таңбалы тас

7385 0
Киелі жерлер: Таңбалы тас
Қазақтың Бетпақдаласының солтүстік жағында «Таңбалы тас» деген қасиетті жерде алғаш рет мемлекет туын көтергенін кім біледі?

Білетіндер аз болуы керек, оның дәлелі Таңбалы тастың ешкімге ескерусіз, құлазып жатқаны. Егер білсе геологтар білетін болуы керек. Бетпақтың қырына орналасқан Таңбалы жақпар тасын динамитпен жарып жібермес пе еді? Мүмкін әдейілеп жарды ма екен деген де сұрақ туындайды.

Таңбалы тасқа қатысты деректер қазақтың шежіре-аңыздарында, тарихи жырларында ғана еміс-еміс кездесіп қалады. Ол нұсқалардан көшпелі ру қауымдарының мемлекет құрамыз деген талабы, қоғам және ұлт ынтымағы туралы түсінігі, жанкешті қимыл мен күресі көзге ұрғандай сезіліп тұрады.

Бұл жерде біре ескеретін мәселе: Тамғалы тас немесе Таңбалы тас атауымен қазақ жерінде бірнеше ескерткіш белгілі. Олардың бірі – ғылыми қауымға ХІХ ғасырдан (Шоқан және Пантусов зерттеулері) белгілі Жетісу жеріндегі ескерткіш. Көне заманның петроглифтерінен бастап «ерлік  дәуіріне»  дейінгі  уақытты  қамтитын бұл Тамғалы тас Алматы қаласынан 170 шақырымдай солтүстік батысқа қарай орналасқан. Ол жерді қазақтар Анырақай деп атайды. «Аңырақай аталса керек, сонымен қатар қазақ арасында ХVІІІ ғасырдың басындағы бір соғыста қазақ жеңіп, қалмақ аңырап, жылап қашқан екен-мыс» дейтін әңгіме бар. Бұл мәселенің анық-қанығын әлі де  зерделей түсу қажет деген пікірдеміз.

Біздің әңгімеміз – Бетпақдалада орналасқан, қазақтың мемлекет, ел болу тарихына алтын әріппен жазылған, шежіреден орын алған, ертеде ел басшылары мен көсемдері келіп тәуап ететін Таңбалы тас. Оның бетінде қазақтың рулық таңбалары, қазаққа дейін Орталық Азияны мекен еткен көне түркі тайпаларының ізі, жазулары сайрап жатыр. Бетпақдаладағы Таңбалы тастың қасиеті Сарыарқадағы Ұлытау, Жетісудағы Қозыбасы-Шу, Атыраудағы Сарайшықтан бір де кем емес, тек күтімі  нашар, оны білетін текті азамат аз.

Таңбалы тас ескерткішінің көне заман мұрағаты екені айрықша сезілетін аңыз М.Ж. Көпейұлы шежіресінің ішінде жүр: «Бетпақдалада «Таңбалы шұбар» деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Қазақтың таңбалары талас болса сол тастан барып қарасады. Алаша ханның тұсында басылған таңба деседі. Мұнан бұрын сағымнан пайда болған Шыңғыс хан да тоқсан екі баулы Қыпшаққа таңба үлестіріп, ұран қойып берген екен деседі.

Алаша ханның тамы Қаракеңгірде, өзеннің күн батысында. Ташкент, Түркістан ұсталары жасаған. Күйдірген кірпіштен салынған. Өзінен қалған нәсіл, тұқым жоқ», – дейді Мәшһүр Жүсіп.

Алаша хан тұлғасы көне дүниенің елесі есепті. Шамалап айтқанда Алаша хан қазақ даласында жылқыны қолға жаңа ғана үйрете бастаған неолит және энеолит дәуірлерімен қатарлас. Алаша сөзін тексере келсек үндіеуропа, орал, алтай тіл семьяларына ортақ  түсінік сияқты. Славян тіліндегі «лошадь», грек аңыздарындағы «пегас» (пеко) сияқты қанатты ат – осы Алаша сөзінің құбылмалы түрлері. Алашаға байланысты қазақ тілінде жиі қолданылатын – лашық (алашық), шалаш, аламан, алаш, алаша (тақыр кілем – өрмек), т.б. түсініктер бар. Олардың бәрі де көне заманнан бері өмір сүріп келе жатыр және біздің ата-бабаларымыздың көне ғұрыптарын, күнкөрісін, тұрмысын сипаттайды. Алаша ханға қатысты деректерді біздің зерттеу жұмыстарымыздан қарарсыздар.

Алаша ханға арналған күмбез Қазақ хандығы жаңа орнығып жатқанда қасқа жолды Касым хан тұсында салынғанымен, аңыздың өзі көшпелілердің ұлттық идеясы ретінде ықылым заманнан бері өмір сүріп келеді. XV-XVI ғғ. басында Казақ мемлекетінің рухани негізі, мықты этникалық және саяси құрылым үлгісі ретінде Алаша хан аңызы қайта жаңғырып, туыстыққа сүйенген қоғамдық құрылыстың іргетасына айналды. Сол қым-қуыт заманда ел іргесін біріктірер мықты идеяны тауып, оны сүйеніш қылған, оның құрметіне ғажап күмбез тұрғысынан бабаларымыздың ісіне таң қаласыз.

Егер де Таңбалы тастың тарихы Алаша хан заманымен қатысты деген М.Ж. Көпейұлы пікірін қабылдасақ, Таңбалы тас бетіндегі жазбалар мен таңбалардың төркіні көне замандарға, соның ішінде тас дәуірінің соңғы кезеңіне кетеді. Неолит пен энеолит замандарында б.э.д. ІV-III мыңжылдықтарда Ертіс пен Түркістан арасындағы кең-байтақ сахараны игере бастаған жылқышы тайпалар Таңбалы тас бетіндегі өрнектердің алғашқы авторлары болып шығады. Көшпелі мал шаруашылығы жылқышы тайпаларды тек Арқаның көкорай шалғын даласын ғана емес, Бетпақтың шөлін де игеруге жетеледі. Мүмкін ол кезеңде Бетпақта бедірейген шөл болмаған шығар. Бетпақдаланың әр жерінде кездесетін көне қорымдар мен қоныстар, тас  және қола қарулар бұл өлкенің адамзат баласына ерте дәуірде қоныс болғанын дәлелдейді.

Ә.Х. Марғұлан жазуына қарағанда, Таңбалы тасты алғаш зерттеген ресейлік ғалым А.И. Шренк оның тарихын исламға дейінгі дәуірмен байланыстырады: «Қазақтардың қария сөздері бойынша ислам дәуірі басталатын кезде бұл жердің көп тайпалары осы арада бас қосып, ұлы мереке жасаған. Барлық тайпалардың ұлыс басқаратын адамдары, атақты билері, асқан ерлері жиналып, кеңес құрып, қай тайпа қай жерді қоныс ету мәселесін шешкен. Әрбір тайпаның өзіне арнап таңба беріп, ол таңбаның суретін осы тасқа жазып түсірген». Өкінішке қарай, біздің қолымызда А.И. Шренктің жазбалары жоқ. 1842-1843 жылдары ботаник А.И. Шренк Бетпақдаланы аралап жүргенде, әрине, Таңбалы тас та орнында, оның сырын, тарихын білетін ақсақал-қариялар да ел ішінде еді. Тілін тауып сұраса, қазақ қарияларының қадым заманның тарихын тасқа басқан шежіредей ақтаратыны кімге де болса аян.

Сонымен А.И. Шренк пікіріне қарағанда, Таңбалы тастың тарихы тек Алаша хан заманына ғана емес, одан берідегі Оғыз хан (Уыз хан) заманына да қатысты болып шығады. Сақ (саһа), одан кейін Ғұн, оның соңын ала Түрік тайпалары, осы алқапта мемлекет туын көтеріп, көшпелі рулардың басын біріктіріп, ұлы жорықтарға дем беріп отырады. Қазақ қарияларының әңгімелері шығыстың ұлы тарихшылары Рашид-ад-дин мин Әбілғазы кітаптарымен де дәлелденіп, толығып жатады. Түріктің ұлы жорықтары жөнінде Рашид-ад-дин былай жазады: «Огуз завоевал все страны Ирана, Турана, Сирии, Египта, Малой Азии, франкские и другие; после того, как все  это было завоевано, он возвратился в Ортак и Казтак, которые были его коренным обиталищем (юрт)». Бұл жерде әңгіме Бетпақдалаға солтүстіктен қапталдасып келетін Ортау мен Түндік өзендерінің екі қапталындағы Қазылық (Үш Қазылық, Бес Қазылық, Он екі Қазылық) таулары туралы.

Таңбалы тас бетіндегі ХІХ ғасырдың соңында Ақмоланың екі қарапайым азаматы: дәрігер Кузнецов пен тілмаш Бекхожин қағазға түсірген 500-ден астам таңба біздің этникалық тарихымыздың ең жарқын деректері деп білеміз. Таңбалы таста бір ғажайып тарих бар екенін сезіп, ол кезде қат фотоаппарат пен қалам-қағазын алып барып ескерткішті бізге дерек етіп қалдырғанына таң қаламын.

Таңбалы тасқа қатысты қызықты деректер қазақ шежіресінің тамаша білгірі Шал Кұлекеұлы (1748-1819 жж.)  айтты делінетін жырларда кездеседі. Бұл кісі – қазақ шежіресін өлеңмен өрнектеген адам. Шоқан өз жазбаларыңда Шалдың шежіре-нұсқасын қолына түсіре алмағанын өкінішпен сипаттайды. Шал үлгісін жалғастырушы Нұржан Наушабайұлы шежіресі (Манзумат қазақия) де Таңбалы тасты атап өтеді. Екі ақынға да ортақ тақырып Таңбалы тастың өзбек пен қазақ бір-бірінен бөлінген «ел айырылған» заманына қатыстылығы:

Тоқсан баулы айтайын төр өзбекті,

Заманында мал біткен зор өзбекті.

Пайғамбардың батасы тиген дейді,

Соның үшін байыған сол өзбекті.

Өзбексіз ел бар ма тәмәм елде,

Өзбектің өскені осы бір белде,

Тоқсан баулы өзбек айрылыпты

Таңбалының моласы деген жерде.

Иә, кейде бұл өлкені Таңбалының моласы деп те атайды. Шамасы мола сөзі ерте дәуірде  биік құрылысқа, әсіресе қарауыл мұнараларына, қатысты қолданылды ма екен деген болжамымыз бар. Неге Нұра мен Есіл арасындағы Тайтөбе басындағы Ғұн дәуірінен қалған құрылыс «Ақмола» атанды? Тай деген сөздің өзі Қарауыл қарайтын жер, не үй үстіне орнатылған құрылыс дегенді білдіреді. Байырғы түрік тілінде «тай тұтқа бек» деген ұғым бар, мағынасы: қарауыл қызметінің басшысы. Шежіреде кейде Таңбалы нұра делінеді, яғни Таңбалының жары. Қалай болғанда да қасиет қонған жер екені аңыздардан белгілі.

Таңбалы тас Бетпақдаладағы шағын оазис сияқты. Ташкент сапарына аттанған атаман Телятников 1796 жылдың май айында Семияр форпостынан бастаған жолында осы жерде болған екен. Таңбалы тастың қай жерде орналасқанын, оған қалай жетіуге болатынын күнделіктен аңғаруға болады. Түндік өзенін өрлеген елшілер Қарқаралыға, одан әрі Ботақара тауларына жетеді. Осы жерде Нұра өзенінің бойында орыстар Бөкей сұлтанға (Қырық сан Барақ ханның ұлы) жолығып, бірнеше күн солармен бірге көшіп жүреді. Елшілерге Бетпақтан өткізетін  жолбасшы керек еді, оның үстіне жолда әр түрлі қатер де аз емес. Ақыры Сібір басшысы Штрандман араласып, Бөкей елшілікке қосып өзінің ұлы Есімді және сенімді екі төлеңгітін беретін болды. Ботақара маңында бірнеше күн қонған Телятниковтың тау мен көл туралы, оның жағасындағы көне ескерткіштер, оның ішіңде қола дәуірінің жез шығарған кен орындары туралы жазбалары өте қызықты.

Елшілік бұдан әрі Нұра өзенімен жүріп отырып Жауыр, Қоянды сияқты тауларды, Қоржынкөлді басып, Қараағашқа шығады. Осылай ақырын жылжыған елшілік  шілде айының 25-інде, ми қайнайтын ыстықта Сарысу жағасына жетеді. Бұдан әрі Кеңдірлік жолымен Сарысуды жағалап келе жатқан елшілер Қоңырат руының бір-екі адамына жолығып, солардың ақылымен Жетіқоңырдың құмымен Таңбалыға шығады. 3-інші тамызда елшілік Таңбалы тасқа келді: «В сей день окончились пески. Поход был ZW 25о до половины дня, а с половины ZW 75о до урочища Тамгалы, из коего истекает ключ пресной воды. По тракту местоположение песчаное, солонцов весьма много, также во многих местах мелких горок,  охренное железо содержащих, довольно,  лесов нет. Близ сего ключа имели ночлег (55 в.). Близ  сего места у казака пала лошадь…»

Шалдың жырына оралайық. Бұл жерде «өзбек» аталып отырған ел – Алтын Орда заманында қазақтың ұлы сахарасын мекендеген көшпелі түркі-маңғол тайпаларының одағы. Өзбек хан заманында Жошы ұлысы аталатын қалың ел (Алаш жұрты) өзбек атана бастаған. Жошы тұқымынан тараған сұлтандардың, өз би-батырларының соңынан ерген көшпелі ел Еуропа мен Таяу Шығысқа, сонау Африканың солтүстігіне, Кытайға да барып қалған еді.

1360-1377 жылдары бүкіл Дәшті-Қыпшақты билеген Орыс хан (шежіреде – Орманбет хан), 1428-1468 жылдары Орталық Азияда билік құрған қаһарлы Әбілқайыр (Шайбан тұқымынан) ең алдымен өзбек  ұлысының басшысы делінеді. Қазақ тарихи фольклорының деректеріне сүйенсек, «өзбек» алдымен «ноғайлы» атанған елдің саяси атауы сияқты, яғни заманында Өзбек ханға бағынған ел.  Қазақ тайпаларының өзі Шығыс  деректерінде бұл кезде «өзбек-қазақ» атанады. Тоқсан екі баулы өзбектің айырылуы ХV ғасырдың ортасында болған ауыр оқиғалардың салдары: көшпелілердің бір бөлігінің Мәуреннахр ауып көшіп, бір бөлігінің Моғолстан, бір бөлігінің Жайықтан асып көшуі. Тоқсан екі баулы өзбек саяси  одағы ыдырауына байланысты Алаш ұранымен жүрген көшпелі ел қазақ, өзбек, ноғай, қырғыз, т.б. атана бастады.  Олай болса «Таңбалы тас» осынау аласапыран оқиғалардың куәсі.

«Тоқсан екі баулы» термині алдымен қыпшақ суперэтносына қатысты да кездеседі. Алтын Орда дәуірінде құрылған «өзбек одағы» кезінде қыпшақ, одан кейін ноғайлы  аталған рулардан құралған.

Мына сәйкестікті қараңыз. «Таңбалы тасқа» алғаш назар аударған ғалымдардың ішінде Қазақ Ғылым академиясының негізін салған академик К.И. Сәтбаевтың атын ерекше атап өту ләзім. «Жезқазған ауданының көне ескерткіштері» деген мақаласында (1941 ж.) Қ.И. Сәтбаев аңыздарға сүйеніп қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері осы Таңбалы тас өңірі деп атап көрсетеді: «Народное предание гласит, что именно здесь, у ключа Тасбулак, происходило первое историческое совещание родов об организации новой народности «казах», решение которого будто бы зафиксировано на утесе родовыми знаками всех племен, участвовавших в совещании. Тот факт, что основной костяк новых обитателей казахской степи происходил с юга, т.е. из пределов Великого Могола, свидетельствует о некоторой исторической достоверности этого предания».

Қазіргі күнге дейін шежіре білетін ақсақалдар Таңбалы тасты осы Қ.И. Сәтбаев жазған мазмұнда айтып келеді. Олардың айтуына қарағанда,  Алтын Орда ыдырап, оның құрамындағы елдер сергелдең жағдайда жүргенде алты алаш тобына кіретін елдер осы Таңбалы нұрада бас қосып, өздерінің жеке мемлекет болатынын жария еткен. Қазақтың «Таңбалы тасты» түп тамырдағы Алаша хан атымен байланыстыруы да осы себепті деп ойлаймыз.

Кәсіби тарихшылардың ішінен Таңбалы тас туралы аңыздарға академик Ә.Х. Марғұлан ғана көңіл қойған. Қазақ тарихшыларының ішінде Таңбалы тасқа қатысты алғашқы  зерттеу жұмысын жүргізген Ә.Х. Марғұлан аңыздарға сүйене отырып: «Бұл тасқа қазақтар әрқашан бас иіп,  таңбасын түсіріп, тайпаларының аттарын жазып жүрген. Таңбалы тастың ұлы атаққа ие болуының себебі: бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған екен» дейді. Әлкей Хақанұлы Таңбалы тас аңыздары туралы там-тұмдап әр түрлі зерттеулерінде келтіріп жазып отырады. Ғалым Таңбалы тас бетіндегі өрнектердің негізін Орыс хан заманымен байланыстыруды жөн көрген сияқты. Осы тақырыпқа арналған мақаласында ол Таңбалы тас бетінде Орыс ханның, оның баласы Құйыршықтың, оның баласы Барақ ханның аты жазылғандығын, Қадырәлі Жалайыридің қазақ мемлекетінің тарихын Орыс ханнан бері бастайтындығын  ерекше жарқын сипаттайды. Таңбалы тас бетіндегі «алты алаш» туралы жазуларды себеп қылып ғалым: «бұл ХІV-XV ғасырлар ішінде жазылған тілек сөзді қазақтар әр уақыт оқып шығып, «бұл жер қазақтардың бірігіп, ұран шақырып қосылған жері» деп аңызға айналдырған. Ол аңыз халықтың ойында да, эпикалық жырында да кездесіп отырады. Бұл аңыздың негізгі түбі – Алтын Орда мен Шағатай ұлысы тегісімен жойылып, оған кірген халықтар жеке-жеке әкімшілік құра бастаған кез. Ең соңғы бөлініс – қазақ пен өзбектердің, ноғайлардың бірінен-бірі бөлініп шығуы. Бұл кез қыпшақ ұлысын, өзбек-қазақ елдерін бірге, қосып билеп отырған Әбілқайыр ханның кезі еді» дейді. Біздің пікірімізше, «Таңбалы тасқа» қазақ боламыз деген елдің Орда Ежен тұқымы Керей мен Жәнібекті жығадай көтеріп келген уақыты Әбілқайырдың  Сығанақты билей бастаған уақыты болса керек, яғни 1440 жылдар. Мүмкін бұл оқиға Барақ хан өлгеннен кейін бірден болды ма екен?

Таңбалы тас туралы аңыздардың бір  нұсқалары көркем әдебиетте де көрініс береді.  І. Есенберлиннің «Көшпенділер» циклымен шыққан атақты «Алмас қылыш» романында Әз Жәнібек хан тұсында қазақ руларының Нұраның Қаратұзына жиналып, үш жүздің жүйесін жасап, ел болуымыздың белгісі деп Асан Қайғының ұйғарымымен, ақылымен таңба белгілегенін жазады. Заңғар жазушы да қазақтың өз дәстүрінен, яғни шежіресінен қол үзбеген заманда өмірге келді. Қолынан келгенше Таңбалы тасты оқырманының жадында сақтауға тырысты. Әбілқайырдан бөліне көшкен қазақ рулары Нұраның Қаратұзында /Таңбалы нұра/ Барақұлы Жәнібекті ақ киізге салып хан көтерген екен делінеді романда. Осы жиынға қатысқан қазақтың қырық руы өз таңбаларын тас бетіне қашап салған-мыс. І. Есенберлин шығармасындағы сипатталған осы оқиға жобасы қазақ аңыздарына негізделетіні айтпай-ақ түсінікті. Әрине, көркем шығарма болғандықтан автор тарапынан аздаған көркемдеу, бейнелеу болады.

Бетпақдала ескерткіштеріне, керуен жолдарына, әр кезеңнің тарихи оқиғаларына қатысты аңыз-әңгімелер, қазіргі өлкетанушылардың да еңбектерінде кездеседі. Солардың бірі – С. Тәбірізұлының «Созақ өңірі» аталатын тарихи деректерден құралған шығармасы. Текті әулеттің өкілі, Созақтың қариясы, жарықтық С. Тәбірізұлы «Таңбалы тасқа деннің саулығында жеті рет келдім, басына тал ектім» деп маған хат жазып, суреттерін жіберген еді. Осы жолды жалғастыратын кім бар?

Автордың жазуына қарағанда, Таңбалы тастың қазақ тарихи фольклорына түскен уақыты өте ерте заман: «Аңыз деректерінің айтылуына қарағанда Той деген жерде Майқы би бастаған қазақтың үш жүзінің игі жақсылары жиналып ұлан-асыр думанды той жасап, Асқазан деген жерде қазан астырып, шүлен таратылады. Кейін Нұраның Қаратұзына барып үш жүздің таңбасын тасқа басып, бөліп берген екен дейді. Осыдан былай Нұраның Қаратұзын «Тамғалының тұзы», «Тамғалы Нұра», немесе «Тамғалы тас» деп атайтын болған. 

Бұл деректерді әлі де тексере, зерттей түскен дұрыс. Егер Таңбалы тасқа Майқы бидің қатысы болды десек, онда өте ерте заман деп есептеуіміз керек. Қазақ «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейді, онысы адамзат тілінің қалыптасуына да Майқы бидің әсері бар деген ишара. Қазақтың Алаша хан туралы аңыздарында Майқы би Алаша ханды тәрбиелеп өсірген, батасын берген қария-ақсақал ретінде суреттеледі. Кейбір кітаптарда айтылып жүргендей не Шыңғысқа, не бертінгі ел билеушілеріне түпкі Майқының қатысы жоқ. Казақтың Майқы туралы аңыздары кем дегенде энеолит-неолит дәуіріне тартады.

Аңызда айтылатын Той деген жер – Шу өзенінің жағасындағы өткел (Тойөткел). Бұл орта ғасырларда Орталық Азия өңіріне белгілі Созақ шаһарына таяу. Қазақ көшпелілері, оңтүстік пен солтүстік арасын жол қылған сауда керуендері Шуды бірнеше жерден кесіп өтеді. Егер Сарысу жолымен жүрсеңіз (Таңбалы тас жолы), онда Шуды Бесқұлан өткелінен, ал Кендірлік жолымен жүрсеңіз (Кендірлік құдықтары арқылы), онда жоғарыда айтылған Тойөткелден өтесіз. Бұл жағалауы қалың қамыс, көкорай шалғын, шағын оазис. Бетпақдаладан қажып, шөлдеп-шалдығып өткен керуен осы жерде ес жинап, жан шақырады. Ал Асқазан деген жер Кендірлік құдықтарынан Шуға қарай жақындағанда кездеседі. Бұл өзі қызықты жер – бір жағы жалпақ сор, жағалай тақыр, сордың дәл ортасында тұрған жалаңаш түбек. Шу мен екі орта жүз шақырымға жете қоймайды.

«Таңбалы тас» тасасында Еуразия халықтарының бірнеше мың жылдық тарихының сұлбасы көрінеді, себебі Бетпақдаладағы құз-жартасқа таңба салу құрметіне даланың ең ежелгі, ең мықты тайпалары ғана рұқсат алған. Бұл ескерткіш – қазақтың ұлттық бірлігінің ең тамаша айғағы және тарихымыздың қайнар бұлағы. Қазіргі әкімшілік-территориялық бөлініске қарасақ, Таңбалы тас ескерткіші Оңтүстік Қазақстан облысының аумағына кіреді, Қарағанды облысының шекарасына жақын. Аталған екі облыстың азаматтары Таңбалы тасты қайта жаңғыртуға, қазақтың ең маңызды жәдігерлігін тірілтуге барын салуы керек.  Елбасымыз нұсқаған  ұлттық сананы жаңғырту бағдарламасы жүрегі қазақ деп соққан әр азаматтан осыны талап етеді.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English