«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«ҚАЗАҚТЫҢ ПЛЕВАКОСЫ» АЙДАРХАН ТҰРЛЫБАЕВ

2157 0
«ҚАЗАҚТЫҢ ПЛЕВАКОСЫ» АЙДАРХАН ТҰРЛЫБАЕВ
Алаш орданың көрнекті қайраткері, заңгер Айдархан Тұрлыбаевты, оның ақылы мен білімін, тәжірибесін көрсете отырып, «қазақтың Плевакосы» деп атаған

Қазақ қоғам қайраткерлерінің ішіндегі белсенді әрі беделділердің бірі, өз заманының білімді тұлғасы және ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының белсенді қатысушысы, жоғары білікті заңгер Айдархан Тұрлыбаев болған. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін А.Тұрлыбаев тұлғасы өте аз зерттелген және тіпті зерттеушілердің шағын ортасында да аты онша жайыла қоймаған. Біз осы ақтаңдақтың орнын мұрағаттардан алынған және оның замандастары мен ұрпақтарының сирек, құнды естеліктерімен толтырғанды жөн көрдік.

Айдархан Тұрлыбаев 1877 жылы 25 тамызда Ақмола облысы Көкшетау уезі Мезгіл болысының №1 ауылында өмірге келген. Бүгінгі күні бұл – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Талап ауылы. Айдарханның әкесі – Тұрлыбай, Арғын руының Қарауыл тобынан, баласының бойындағы оқуға деген ерекше қабылетін уақытында байқап, ауыл мектебінен білім алғаннан кейін оны Көкшетау қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектеп-интернатына береді. Қолда бар мұрағаттық құжаттарға қарағанда, 1889 жылы 11 жастағы Айдархан сол кездегі беделді оқу орны – Омбы классикалық гимназиясына оқуға түседі. Алаш қозғалысының негізін қалаушылардың әжептәуір бөлігі осы Омбыда оқу оқыған. Ол кезде, әрі қарай жоғары оқу орнына түсу мақсатында гимназия 8 жылдық оқу курсымен аяқталған орта білім беретін. Мұндай гимназиялар, элиталы мектептер ретінде, жергілікті тұрғындар арасында зор танымалдыққа ие еді. Үкімет жергілікті қазақтар арасынан кадрларды дайындауға мүдделі болды, сондықтан зайырлы білімнің артықшылығын насихаттайтын еді. Қыр адамдары бұндай білімді сәтті болашаққа жасаған қадам ретінде қарастырды, өйткені гимназия бітіргені туралы аттестаты барлар мемлекеттік мекемелердегі бос лауазымдарды иеленуге талаптануға мүмкіндіктері болатын және аттестат империяның жоғары оқу орындарына түсуге сенімді «жолдама» беретін. Гимназияда негізінен көне тілдерді – латын, грек, шіркеулік славян тілін оқумен орыс тілдерін оқуға, сонымен қатар шет тілдерін – француз және неміс тілдерін оқуға баса көңіл бөлінді. Гимназияда тілді тереңдетіп оқытудан басқа, логика, математика, математикалық геометрия, физика, география, тіпті әскери гимнастика да оқытылды. Гимназияда А.Тұрлыбаевпен бірге Райымжан Мәрсеков және Жақып Ақпаев оқыды. Олардың оқуы үшін төлемді облыстық әкімшілік төледі.

1897 жылы 19 жасар Айдархан Омбы Ерлер гимназиясын сәтті бітіріп шығады. Гимназия бітірген соң ол Р.Мәрсековпен бірге өз облыстарының стипендиаттары ретінде Санкт-Петербург императорлық университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Сол заманның көреген қазақтары балаларын Ресейдің,тіпті шетелдердің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберген. Олар өздерінің қысым көрген құқықтарын қорғаудың ең үздік әрі сенімді тәсілі білім алуда екендігін көре білді. Қазақ жастарының көпшілігінің заң факультеттерін таңдауы кездейсоқтық емес. Мысалы, XIX – XX ғасырлар аралығында тек бір ғана Қазанда (Императорлық Қазан университеті, Қазан малдәрігерлік институты, Қазан мұғалімдер семинариясы) 100-ге жуық қазақ студенттері оқыған. Қырдан шыққан көптеген жастар Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов, Киев, Каир, Бомбей, Стамбул және Варшаваның университеттерінде білім алған. Мысалы, М.Шоқай - Санкт-Петербург университетінің заң факультетін, Санкт-Петербург Орман институтын – Ә. Бөкейхан, Санкт-Петербург әскери медицина академиясын – С. Асфендияров, Томск университетінің медицина факультетін – А. Сеитов, Тарту университетінің заң факультетін - Ж. Досмұхамедұлы, Каир университетін – М. Ғабдулғазиұлы, Бомбей университетін – О. Тұрмаганбетұлы, Киев университетінің заң факультетін – Х. Нұржанов, Қазан университетінің заң факультетін – А. Бірімжан, А. Аманжолов, У. Танашев және басқалары алтын медальға тәмамдаған. А. Тұрлыбаев мұсылман дінінде: 1897 жылғы 9 қыркүйекте А.Тұрлыбаевтың жазған өтініші сақталған, онда, ол ешбір құпия қауымдастықтарға кірмеуге және ешбір ақша жинаумен айналыспауға міндеттелетінін көрсеткен. Заң факультетінде оқып жүрген кезінде сол кездегі көрнекті пофессорлар И.Я. Фойницкий (Жазалау туралы ілім, Қылмыстық сот ісін жүргізу), француздан шыққан профессор Н.Л. Дювернуа (Азаматтық құқық), В.А. Лебедев (Қаржылық құқық), В.В. Ефимов (Рим құқығының догмасы), Ф.Ф. Мартенесъ (Халықаралық құқық), И.А. Ивановский (Орыс мемлекеттік құқығы), И.И. Кауфман (Статистика) және басқалардан дәріс алады. А. Тұрлыбаев Санкт-Петербургте оқып жүрген кезінде бірнеше мекен-жайлар бойынша тұрған, бірақ ең ұзақ университет маңындағы Васильев аралы, Пучков көшесі №4 үй, 16-шы пәтерде тұрған.

Бір кездерде ол «Алаш» қозғалысының болашақ белсенді қатысушыларының бірі – Жақып Ақпаевпен бірге тұрған. Орыс ақыны Александр Блок оның курстасы болған. Оқу барысында А.Тұрлыбаев мақсаткерлігімен, білуге құмарлығымен, сапалы білім алуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол университет ректоры Гольмстеннің жетекшілік етуімен «Қырғыздардың некелесу құқығы» («Брачное право киргиз») тақырыбында дипломдық жұмысын тамаша қорғап шығады. 1902 жылы ол университеттегі оқуын бітіріп, Омбыға оралады, Омбы сот палатасы аға төрағасының бұйрығымен Омбы сот палатасының сот лауазымына тағайындалады. Іскерлік және кәсіби қабылеттерін көрсете отырып, ол өзінің ұзақ қызметтік мансабын бастайды. 1903 жылы Палатаның Азаматтық істер департаменті хатшысының көмекшісі болып тағайындалады. 1905 жылы Тобыл Округі Сотының Есіл уезінің 6-шы учаскесінің Бітістіруші Судьясы болып тағайындалады. 1910 жылы А. Тұрлыбаев Есіл уезінің алқабиі міндетін атқарған. 1912 жылы сол кездегі Сарай кеңесшісі деген жоғары лауазымға көтерілген. Құжаттар бойынша Тұрлыбаев осы кезде екінші некедегі әйелімен тұрған. Әйелі - Сағида Мұхамед-Рахимова Қарабалина 1888 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Бұл некеден төрт баласы болған. Шет тілдерін өте жақсы білген ол, балаларына да сапалы білім беруге тырысқан. Балалары шет тілдерін білуі үшін 1914 жылы неміс тілінің мұғалімі Мария Генриховна Гронды үйде сабақ беретін оқытушы ретінде шақыртады. Немересі Алдан Берденовтың естелігі бойынша: «Менің анам, сіңлісі және олардың ағалары неміс тілін жетік (анам-аздап французша) білген». Замандастарының айтулары бойынша, сол кездегі зиялылар оны «қазақтың Плевакосы» деп атапты. Айдархан Тұрлыбаевтың жемісті қызметі туралы сол кездегі жалпыұлттық «Қазақ» газеті былай деп жазды: «Айдархан Тұрлыбаев – присяжный поверенный, заң ғылымын жетік меңгерген, іскер адам... Айдархан І және ІІ МемДумаға Ақмола облысы атынан депутат болып сайлануға лайықты еді». Адвокаттық қызметімен қатар Тұрлыбаев өлкенің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Бұл туралы белгілі қазақ профессоры К.Әбуов былай деп жазады: «Айдархан 1902 жылы оралған соң, ұлттың әрі қарайғы тағдыры бойынша жергілікті интеллигенциямен қызметтес болады». Оны «Киргизская степная газета» штатына корреспондент ретінде қабылданады. Бұл газетпен Тұрлыбаевтан басқа да белгілі қазақ қоғам қайраткерлері қызметтес болған. А. Тұрлыбаев саяси өмірге 1917 жылғы ақпан оқиғаларынан соң белсенді түрде кіріседі, өйткені ол, барлық қазақ зиялылары сияқты, бұл оқиғамен ірі саяси және экономикалық өзгерістердің болатынына үміт артады.

Далалық генерал-губернаторлығының әкімшілік орталығы – Омбы қаласында 1917 жылғы 2 наурызда Қалалық дума мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің бірлескен отырысы өтеді, онда биліктің жаңа органын құру туралы мәселе қарастырылады. Бұл жерде Омбы коалициялық комитетін құру туралы шешім қабылданады. Оған 15 адам сайланады. Жаңадан құрылған комитеттің қазақ бөлімінің жетекшісі болып А.Тұрлыбаев тағайындалады. Осы кезде құқықты табыстаумен 10 адамнан тұратын Омбы облыстық қазақ комитеті құрылады. Тұрлыбаев 1917 жылдың 24 сәуірінен 7 мамырға дейін Омбыда өткен Ақмола облысының қазақ съездін ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысады. Съезд жұмысына әр болыстан екі адамнан 114 делегат келеді. Съезд мынадай резолюция қабылдайды: 8-12 жасқа дейін ауыл мектептерінде ана тілінде жалпыға бірдей білім беру, мұғалімдер дайындау, мұсылмандық орта оқу орындары үшін 50 шәкіртақы және орыс орта оқу орындары үшін 5 шәкіртақы қарастыру, әйелдер теңдігін енгізу. Көздеген мақсатты жүзеге асыру үшін делегаттар Айдархан Тұрлыбаевтың төрағалығымен ерекше Ақмола облыстық қазақ атқарушы комитетін құру туралы ұсыныс білдіреді. Орынбасарлары - А. Сейітов, С. Жанайдаров, мүшесі – М. Жұмабаев болады. Съездің ұйымдастырушыларының мақсаты – Ақпан революциясынан кейінгі жаңа үкімет - «Алаш» партиясы мен Омбы коалициялық комитетін қолдау. 1917 жылы А. Тұрлыбаев І Жалпықазақ съездін ұйымдастыру мен өткізуге белсене қатысады, онда «Алаш» партиясы құрылады (1917 ж. 21–28 шілдесі). 23-27 қыркүйек аралығында Омбыда (Облыстық шаруашылық комитеті үй-жайында) Ақмола облысының уездік қырғыз атқарушылары өкілдерінің съезді өтеді. Съезде А. Тұрлыбаев пен А. Сейітов төрағалық етеді. Қылмыспен күресу үшін съезд бірауыздан болыстық халық сотын сайлау туралы шешім қабылдайды. Сібір облыстық комитетіне Ақмола облысы атынан Тұрлыбаев сайланады.

1917 жылғы 31 қазанда Омбыда Ә.Бөкейханның қатысуымен Алаштың құрылтайшылық жиналысы өтеді, ал 1917 жылдың 18 желтоқсанында «Қазақ» газеті Омбы комитетінің құрамын жариялайды: А. Сейітов, М. Жұмабаев, М. Саматов, А. Тұрлыбаев (төраға), Б. Серкебаев, Е. Мұкышев, Е. Итпаев, Д. Әділов, К. Кемеңгеров, М. Сейітов, Ж. Тлеулин, О. Ахметов, Х. Қожамберлин, К. Какенов. Тұрлыбаев Алаш Орда жалпықырғыз халық кеңесінің мүшесі болып сайланады. Оның кандидатурасы Алаш-Орда төрағасы лауазымына ұсынылады, сонымен қатар Әлихан Бөкейханұлы, Бақыткерей Құлманов та ұсынылады. Нақтылауды қажет ететін кейбір деректер бойынша, Әлихан Бөкейханға 40 депутат дауыс берген, қарсы – 18, Бақыткерей Құлмановқа – 19, қарсы – 39, Айдарханға – 20, қарсы – 18 дауыс берілген. Осылайша делегаттар демократиялық құндылықтарға бейілділіктерін білдіреді. Және беделі бойынша Айдархан Тұрлыбаев тек шыңғысхан ұрпағы Ә.Бөкейханұлына ғана жол берген. Сонымен қатар, ол «Алаш» халық милициясын ұйымдастыруға да белсене ат салысқан (Х. Ғаббасов, М. Тынышбаев, Б. Маметовтермен бірге).

1918 жылғы 28 маусымда Сібір үкіметінің Батыс-Сібір Комиссариатының бұйрығымен Ақмола облыстық комиссариатына тағайындалады. 1918 жылғы 25 шілдеде А.Тұрлыбаев Омбыдан Семейге көшетіні туралы өтініш жазып, комиссариаттан кетеді. Алайда ол, өтінішіне қарамастан, Семейге кетпейді, Омбыда присяжный поверенный болып қызметін жалғастыра береді.

1919 жылы 11 ақпанда Омбы қаласында Колчак үкіметінің ішкі істер министрінің орынбасары П.Ф.Коропачинскийдің төрағалық етуімен «Қазақ халқының әкімшілік-шаруашылық құрылымы туралы мәселе» жөніндегі ведомствоаралық алдын ала жиналыс өткізілді. Жиналысқа Ішкі істер және Сыртқы істер, Әділет, Қаржы министрліктерінің өкілдері, сонымен қатар Алашорда төрағасы Ә.Бөкейхан және оның мүшелері У.Танашев пен А.Тұрлыбаев қатысады. Қазақстанда Азамат соғысы аяқталған соң 1920 жылы БОАК және РСФСР ХКК «Қырғыз Автономиялық Социалистік Советтік Республикасын құру туралы» декрет қабылдайды. Омбы облысының аумағында сол кезде ҚырАССР өкілдігі құрылып, 1923 жылға дейін қызмет еткен, ал оны Уәкілетті Өкіл А.Тұрлыбаев басқарған. Уәкілеттік басқа мәселелермен қатар, Омбыда оқитын студенттерге оқуға қаражат құралдарын бөлумен де айналысты. 1922 жылы Тұрлыбаев ҚырАССР БОАК студенттерге 500 пұт ұн және 200 пұт ет бөлу туралы жазады. 1921 жылы қазіргі Қазақстан аумағында аштық басталады да, ҚырАССР Омбыдағы уәкілеттілігі РСФСР Омбы уезінің қазақтарына азық-түлікпен көмек көрсету туралы үндеу жариялайды. Бұл көмек жуық арада көрсетіледі. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басына дейін А.Тұрлыбаев облыстық тұтынушылар одағында юрисконсульт болып жұмыс істейді: 1931 жылға дейін Омбы қаласында, одан соң 1934 жылдың қазанына дейін Возвышенка бидай совхозында. 1934 жылдың қазанынан 1935 жылдың сәуіріне дейін Ақмола қаласындағы Казжелезнодорстрой Басқармасы жанында қызмет етеді. 1937 жылғы 4 шілдеде 60 жастағы А.Тұрлыбаев НКВД (ІІХК) органдарымен тұтқындалады. Келесі күні оған келесідей айып тағылады: «белсенді алашордашы болғандықтан, Сібірдегі Колчак реакциясы кезінде ақгвардияшыларға совет үкіметіне жаны ашитындарды ұстап берген. Совет үкіметіне қарсы күресу үшін жігіттерді жасақтаған. Сібірде ақгвардияшылардың тас-талқаны шығарылған соң да, совет үкіметіне қарсы бағытталған ұлтшылдық іспен және пантүркілік мемлекет құрумен айналысуын жалғастырған. Басқа да тұлғалармен бірлесіп, әскери шиеленістер кезінде көтеріліске көтеру үшін к-р кадрлар даярлаған». Тағылған айыптардың бірде-бір тармағы бойынша А.Тұрлыбаев өзін кәнілімін деп мойындамады. 1937 жылдың 17 қарашасында НКВД (ІІХК) МҚБ органдары «ату» жазасын жариялайды. 23 қарашада А. Тұрлыбаев атылады. Тек 1957 жылдың 13 тамызында Сібір әскери округінің әскери трибуналымен ісінде қылмыстық құрам болмауына байланысты А.Тұрлыбаевтың аты толығымен ақталды. Балаларының тағдары түрліше болды. София Айдарханқызы Тұрлыбаева (Берденова) (1909-1985) 1909 жылы 15 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында дүниеге келеді. 1928 ж. Омбыдағы тоғыз жылдық мектепті бітіріп, Омбы облысының Азово ауылының 4 жылдық мектебіне мұғалім болып жолданады. 1929 жылдың қыркүйегінен бастап Петропавлдағы № 3 бастауыш мектепте жұмыс істейді. 1930 жылы Тайжан Берденовке тұрмысқа шығады. 1937 жылдың желтоқсанында Т.Берденов тұтқындалады, ал 1938 жылдың ақпанында София да тұтқындалып, 8 жыл АДЖИР-де жазасын өтейді. 1985 жылы Алматыда қайтыс болды.

Ризахан Айдарханұлы Тұрлыбаев (1912-1940), жақын туыстарының естеліктері бойынша, геологиялық экспедицияға бара жатқан кезде, пойызда қайтыс болған.

Мұратхан Айдарханұлы Тұрлыбаев (1914-1970) әкесі тұтқындалған соң, халық жауының баласы ретінде Фрунзе атындағы Ленинград әскери-теңіз училищесінен шығарылады. М. Тұрлыбаев өте көп оқыған, табиғатынан дарынды, бірнеше шет тілін меңгерген, әсіресе неміс тілін жетік меңгерген жігіт, бірнеше музыкалық аспапта ойнады. Омбыдағы қысқамерзімді бухгалтерлер курсын бітіріп, солтүстікке кетеді. Соғыс басталғанда, бронь болуына қарамастан түрлі инстанцияларға майданға жіберуге өтініш жазады. 1942 жылы майданға аттанып, Теректе, «Малая земляда» шайқасып, соғысты Кенисбергте аяқтайды. Неміс тілінде сөйлеуімен жанындағыларды таң-тамаша ететін. Ол барлаушы болды, көптеген жауынгерлік наградалары болды. Соғыстан соң Мұрат Айдарханов Сивзауытта қаржы бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді, 1950 жылдан бастап - ГАТС бас бухгалтері. 1955-1956 жылдары - «Красный двигатель» зауытының бас бухгалтері . 1959 жылы – Алматыда Қаржы министрлігінің аға бақылаушы - ревизоры, 1960 жылдан бастап – Киров атындағы ҚазМУ бас бухгалтері. Лейла Айдарханқызы Тұрлыбаева (1923-2005) Мәскеуде Шет тілдерінің орталық сырттай курстарын бітірген. Неміс тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Алматыдағы шет тілдер институтын тәмамдап, Халық шаруашылығы институтында, ал кейін ҚазМУ-де неміс тілінен сабақ береді.

Айдарханның немерелері де атасының атына лайық болып ер жетті. Жалпы алғанда, Айдархан Тұрлыбаев өз халқына адал қызмет етіп, жарқын да оқиғаға толы өмір сүрді. Оның есімі Алаш қозғалысының негізін қалаушылар мен оның көшбасшылары - Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы және басқалары сияқты Ұлы елдің лайықты ұлдарының үздік аттарының қатарынан нық орын алады. Соңғы уақыттарға дейін оның есімі аз зерттеліп келді. Қазақстан азаматтарының қазіргі буыны осы кісілер сияқты көрнекті тұлғаларды мұқият зерделеуге көңіл бөлулері қажет.

Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жастары осы Айдархан сияқты тұлғаларға теңелуге тырысулары керек. Шыншыл. Парасатты. Білікті. Ұлтқа қызмет ету идеясына берілген. Елінің гүлденуін жан-тәнімен қалаған. Ұлы Қазақ елінің жарқын болашағына шүбәсіз сенген.

Зиябек КАБУЛЬДИНОВ, «Халықтар келісімі» ҚҚ директоры

Рауан БАЙДАЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторанты

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English