«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Серке Қожамқұлов айтқан екен...

2641 0
Серке Қожамқұлов айтқан екен...
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым А. Сейдімбек құрастырған актер, халық артисі Серке Қожамқұловтың тапқыр сөздерін туған күніне орай назарларыңызға ұсынамыз

Қожамқұлов Серәлі – қазақ актері, ұлттық кәсіпқой театр өнерінің негізін салушылардың бірі. Қостанай облысының Қарабалық ауданында 1896 жылы туып, Алматы қаласында 1979  жылы дүние салған. Қазақстанның халық артисі.

Әкеден жастай жетім қалған Серкенің өнерге деген құштарлығын оятуға туған жездесі Жүсіп Темірбеков пен қазақтың әйгілі жазушысы Бейімбет Майлиннің шапағаты тиген. Серке 1913-1916 жылдары Троицкідегі «Уазифа» мектебінде, 1920-1922 жылдары Орынбордағы татардың халық ағарту институтында оқып білім алған. Осында оқып жүріп «Қызыл керуен» труппасының жұмысына белсене араласып, өзінің сахна өнеріне деген қабілет-қарымын байқатады. Орынборда С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Қ. Бадыров сияқты қазақ әдебиеті мен өнерінің белгілі тұлғаларымен танысып, өнерге деген ықыласы арта түседі. 1922 жылы М. Әуезовтың «Еңлік – Кебек» трагедиясы қойылып, осында Серке алғаш рет Еспембет рөлін сомдайды. Кейін 1925 жылы Қызылордада кәсіпқой Қазақ драма театры ұйымдастырылғанда Серке арнайы шақырылып, театрдың тұңғыш режиссері болып тағайындалды. Серке өзінің актерлік ұзақ өмірінде театр мен кинода ондаған рөлдерді сомдап, қайталанбас шеберлігімен жұртшылық ықыласына бөлене білді.

Серке Қожамқұлов ССРО Мемлекеттік сыйлығы мен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Еңбек Ері  атағын алған. Екі рет Ленин орденімен және Қазақ Революциясы орденімен марапатталған.

***

Қалыбек Қуанышбаев дүние салғанда, оның сүйегіне түсушілердің ішінде Серке де болыпты. Қалыбекті жуындырып, енді киіндіре бастайды. Сонда кеше ғана құлын-тайдай шұрқырасып жүрген аяулы достың жансыз денесін батыл ұстап, киіндіре қою кім-кімге болса да оңай соқпай, күйзеліс үстінде тұрғанда Серке:

«Бол тез,  қайын жұртыңа келгендей боп былқ-сылқ етпей, киін шапшаң!» – деп Қалыбектің киімін кигізе бастайды.

Көңілдері босап, бей-жай болып тұрғандар әлгі сөзді естігенде шынымен-ақ Қалыбек тірі жатқандай, еркелеп жатқандай сезімге бөленеді. Бұл, әрине, Серағаңның көпті көргендігіне қоса рухының беріктігі ғой.

***

Аз уақытта екі-үш күйеуге шығып үлгерген актриса бір күні театрға келіп, тағы да тұрмысқа шыққанын айтса керек. Әріптестері сыпайыгершілік жасап «құтты болсын!» айтады. Тек Серке Қожамқұлов қана томсарған  күйі үнсіз қалады.

– Сіз мені неге құттықтамайсыз? – дейді актриса.

– Сені құттықтай-құттықтай тіліміз жауыр болды ғой. Тіл байғұсты қашанғы қинай бермекпіз? – дейді Серағаң.

–  Сіз бар ғой, біртүрлі адамсыз осы, – дейді актриса ренжіп.

– Оның рас, біртүрлі адаммын. Бірнеше түрлі болу қолымнан келмейді. Сондықтан да өзің көрген жеңгеңмен әлі келем өзгермей, – деген екен Серағаң сонда күлімсіреп.

***

Елуінші жылдардың орта тұсында Қазақстан Жазушылар одағында драматургияның келелі мәселелері туралы жиналыс өтіп жатады. Бір мезгілде сөз кезегі халқымыздың  қадірменді өнерпазы, белгілі актер Серке Қожамқұловқа беріледі. Ұлы актер баппен басып, мінбеге көтеріледі. Жұртшылыққа қарап болар-болмас жымиып қояды. Сонан соң әр сөзін әдеттегідей шегелей сөйлеп кетеді. Сөз арасында:

– Баяғыда Николай Гоголь «Өлі жандар» атты романының екінші томын өз қолымен өртеп жіберіпті. Сөйтіп, өнердің парқына өлермендіктің парқын құрбан еткен ғой... Ал біздің Н. секілді драматургіміздің жазған пьесаларының үстіне бензин құйып өртесең де жанбайды. Себеп неге десеңіздер, себебі Гогольдің шығармалары тұп-тұтас май. Ал біздің сабаздікі – кілең су. Су отқа жанушы ма еді! – деген екен.

***

Бірде әйгілі актер Серке Қожамқұловты белгілі сатирик  Сейіт Кенжахметов қолтықтап келе жатса Серке ақсақал сүрініп кетіпті. Сол жерде Сейіт қалжыңдап:

– Өзіңіз қартаяйын дегенсіз бе? Аяғыңызды нық баспайсыз ба? – дейді ғой.

Сонда, Серағаң:

– Қайдағы қартайған, «Қазақфильм» кино түсіреміз, шалдың рөлін сомдайсың деген. Соған дайындалып жүргенім емес пе, – деген екен.

Әзірлеген Заңғар КӘРІМХАН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English