«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Мәңгілік аңсарынан туған дүние

2116 0
Мәңгілік аңсарынан туған дүние
Профессор Т. Жұртбайдың «мәңгілік аңсарынан» туған ерекше табыстардың «бейнет сусынынан» дәм татқызып, «талқы» тағдырының ең шуақты сәттерін қиған, «ұранын» ұстаным етіп байлаған алтын қазынасы – Алаш

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Кітап тағдыры – қоғам тағдыры» атты халықаралық ғылыми-практикалық  конференция өтті.

Шара шеңберінде жазушы, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбайдың кітап басылымдарының таныстырылымы да өтетіні алдын ала хабарланды.

Өздеріңізге белгілі, алаштанушы ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы алаш тақырыбына бала кезден сусындап, қанып өскен. Ол өскен орта мен қоршаған адамдар Алаш арыстарымен тікелей және жанама қатынаста, байланыста болған жандар. Сегізінші сыныпта оқып жүрген шағында М. Әуезовтің «Абай жолындағы» Әзімхан образы жайлы оң пікірі қалыптасқан оқушы мектептен шығарылады, кейін комсомол қатарына жанашыр адамдардың арқасында қайта алынады. Осылайша әкесі Құдакелді арқылы, одан бұрынғы аталары арқылы жеткен Алаш тарихына деген адалдық оны өмір бойы болашаққа жетелеп отырды десек болады. Кейін жоғарғы оқу орындарында Р. Нұрғалиұлы, Қ. Бекқожин сынды тау тұлғалардың берген ақыл-кеңесімен бүгінгі күнге үлкен абыроймен жеткен ғылым дарабозы екені белгілі.

Айтулы шараға Т. Жұртбайдың рухани ағасы, Қазақстан Жазушылар одағының 1983-1991 жылдардағы төрағасы, ақын Олжас Сүлейменовтің қатысуы профессордың атақ-абыройын аспандатқаны анық. 1987 жылдың 13 қаңтарында Қазақстан Орталық партия комитетінің нұсқауымен Желтоқсан оқиғасын зерттеу жайында праволық комиссия құрылып, құрамына алынған ғалым, жазушы Т. Жұртбайдың бұл қоғамдық жұмысты кейін соңына дейін ыждағатпен зерттеп, асқан жауапкершілікпен атқарғанын О. Сүлейменов мырза жақсы айтып берді. Осылайша өз кезегінде кеш авторы Т. Жұртбай да отыз жылға созылған шығармашылық мехнатты жұмыстың соңғы нүктесі қойылып, ұйытқы болуына себепші О. Сүлейменовтің алдында қарызынан құтылғанын сөз етті. 1987 жылдарға ойша шегініс жасаған Т. Жұртбай: «Тергеу ісімен танысудың қысқаша тарихы мынадай: 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында. 2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында. 3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында маған Праволық комиссия құруды тапсырды. Ақпан айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі орынбасары, генерал-майор C.К. Әбдірахманов бастатқан 7 полковник Жазушылар одағына келіп, осы үш мәселе төңірегінде мағлұматтар берді.

Сөйтіп, аса бір қауырт та қыспақты жұмыстар басталып кетті. Саяси қудалау кезіндегі, яғни, отыз жеті-отыз сегізінші, қырық алты-елу үшінші жылдардағы жарияланымға тиым салынған шығармалар мен жекелеген авторлық құқықтар қалпына келтіріліп, «тәжірибе» жинақталған соң, ұлт көсемдерін ақтауға ұмтылыс басталды» деп еске алады.

Олжас Сүлейменовтың және бір баса айтқаны, ғалым-жазушының кез келген тақарыпты игеріп жазған іргелі зерттеу еңбектерінің қай-қайсысы да Мемлекеттік сыйлыққа лайық. Бір ғана Алаш саласына қатысты дүниелерінің өзін қазақ қауым іздеп жүріп оқыса, енді міне, ойлы орыс тілді оқырман қауымның да сұранысын өтейтін болады. Осы тұрғыда халықты рухани байытқан Т. Құдакелдіұлының шығармашылығы, ұсынылып отырған «Ұраным – Алаш» немесе «Боль моя, гордость моя – Алаш» трилогиясы (аударған Орынбай Жанайдаров) Мемлекеттік сыйлыққа лайық қана емес, керісінше осы еңбектерге Мемлекеттік сыйлық лайық.

Шара барысында Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың ұзақ жылдарға созылып, «мәңгілік аңсарынан» туған ерекше табыстардың «бейнет сусынынан» дәм татқызып, «сүре сөздерден» күреп жазып қазған кені, «талқы» тағдырының ең шуақты сәттерін қиған, «ұранын» ұстаным етіп байлаған алтын қазынасы – Алаш тақырыбындағы

  • «Боль моя, гордость моя – Алаш!» трилогиясы;
  • «Акинак»  әдеби-тарихи зерттеу;
  • «Алаш қозғалысы» материалдар жинағы тұсаукесер рәсімі де жоғары деңгейде өтті.

Ғылыми ортаға аса танымал Т. Жұртбайдың замандас ағалары С. Қасқабасов, Т. Әубәкіров, Ғ. Есім, С. Оразалин, Н. Оразалин, Қ. Сартқожаұлы, әріптес інілері Д. Қамзабекұлы, Ж. Артықбаев,  С. Аққұлы, А. Қашқымбаев, С. Жұмағұл, Д. Рамазан, Т. Кеңесбаев, достары Н. Айтұлы, С. Тұрғынбек, Н. Омашев, т.б. қатысып ілтипат сөздерін арнады.

Осының ішінде

«Біздің буыннан бірнеше ғылым докторының барлық еңбектерін қосқанда бір Тұрсынның шығармаларына жетпейді. Ғылыми тереңдігі жағынан да, қамтыған ауқымы жағынан да. Біз Тұрсынды ғұлама деп атап, ашық мойындаймыз»

деп ағынан жарылған профессор Намазалы Омашевтың сөзіне көпшілік дүркіретіп қол соқты.

Бір күндік іс-шараларды қамтитын бүгінгі жиынның соңына таман үш бірлікке: яғни кітап авторы Т. Жұртбайға, оның орыс тіліне аударушы О. Жанайдаровқа және басылым ретінде жарық көруіне атсалысқан С. Мыңбаевқа ЕҰУ ең жоғарғы марапаты – «Күлтегін» және «Гумилев» медальдары табысталды. Шара ақырында сөз сөйлеген құрметті Т. Жұртбай мырза бұндай жетістіктерге жету жолындағы өміріндегі өзгерістер сыры мен ықпал еткен тұлғаларға алғыс айтып, бас иетінін жеткізді.

«Сіздер, осы жиынға қатысушылар бүгін мені жазушы деп атап жатырсыздар ғой, егер осы сөздеріңізде жалғандық болмаса, рас айтып тұрғандықтарыңыз сезілсе, онда менің бастығым, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мырза да осы сөзге келіссе, онда мен шынымен де жазушымын» деген Т. Жұртбайдың күлкі шақырған сөзінен соң көпшілік разы көңілмен тарқасты.  

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English