«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қара тастан пайда болған Қарағанды

3123 0
Қара тастан пайда болған Қарағанды
Бүгін киесінен киік үркіп сүрінген кенді атырап, еліміздің индустриялық-өндірісті өлкесі Қарағандының қала мәртебесін алған күні. Керім далада бой түзеген кеншілер астанасы Сарыарқа төрінде орналасқан

Қарағанды қаласы – Орталық Қазақстан облысының орталығы. Индустриялды-өнеркәсіпті аймақ. Теміржол мен әуе жолының аса маңызды торабы. Ғылымы мен мәдениеті, спорты мен өнері дамыған қала. Көптеген туристік-экскурсиялық желістердің қайнаған ортасы. Өзінің экономикалық және ғылыми және мәдени әлеуеті бойынша Қарағанды Қазақстанның жетекші орындарын алатын өлке.

Қала 1934 жылы 10 ақпанда құрылған. Бірақ тарихы тереңде жатқан бұл қаланың қалалық мәртебеге қалай жеткені көп жағдайда елене бермейді. Мерейлі мерейтой қарсаңында, орайы келіп тұрғанда, осы жайлы жаза кетсек, артық етпес.

Қарағанды тарихы қарағанға қатысты ма?

Неліктен Қарағанды деген атау бұйырды деген сауал мазалайды кейде. Халық айтса, қалпы айтпас. Ел аузындағы аңыздарға сенсек, бұл өлкеде атына сай қараған өсімдігі мол өскен. Осыған орай бұл қаланың атауы Қарағанды болып аталған.

Қарағанды жұртшылығы үшін Аппақ Байжанов есімі ыстық естіледі қашан да. Ол – қарапайым отбасынан шыққан қойшы бала. Күнделікті әдетінше қой бағып жүріп от жағуға тырысады. Тұтатқан алауын сол маңнан тауып алған қара таспен ықтасын жасап қоршап қояды. Кейін сол тастардың жана бастағанын байқайды (Сол кезде бұл қара маржанның түгел қазақ жұрты түгіл, бүкіл әлемді жылытатынын білмеген, сірә?!). Тапқан қара тастың кереметін сезгендей, біршамасын аулына ала кетеді. Қарағанды көмір бассейнінің алғашқы маржаны адам пайдасына осылай жараған. Бұл – 1833 жылғы оқиға. Бір ғасырдан кейін осы өлкеде бой көтерген Қарағандыға қала статусы берілді.

250 сомға сатылған қала

Уақыт өте келе бұл кенді аймақты Арқа өңірінің Өтепов деген ауқатты азаматы орыстың белгілі кен кәсіпкері Н. Ушаковқа 250 сомға сатып жібереді. Ушаков шама-шарқы жеткенше кен қазбаларынан пайда түсіріп, кейін ағылшын инвесторларына сатып тынады. Осылай Арқа даласына алғашқы техникалар әкелініп, жаһандану аяқ алады. Салынған шахталар маңынан кенттер ашылып, тұрғындары сонда еңбек етті. Артынша халық санының артуына байланысты қалаға айналады. Міне, Қарағанды тарихы осындай.

Елу жылда ел жаңа

«Өткеніңді еске алсаң, өскеніңнің белгісі. Өткеніңді ұмытсаң, өшкеніңнің белгісі». Бұл – халық даналығы. Өткенімізді еске түсіріп, назар аударып шықтық. Сарыарқа төрінің  ұшы қиырсыз атырабында осыдан бір ғасыр бұрын иесіз өлке, жазық  дала болатын. Қазақтың киесі саналатын киелі мекенінің кереметіне осындайда куә боласың. Күндегі қаланың қаумалаған биік ғимараттары, кең  көшелермен шектелген алып кеңістік зәулім  шаһарға айналды. Қаңбағы қаңғырып, көшкенін сай білген қарағанның мекенінде бүгінде Қарағанды деген алып қала орнады.  Кешегі отызыншы жылдардың отты жылдарын бастан өткізген Қарағанды Кеңес үкіметінің басты назарына ілікті.

Қарағанды еліміздің өндірісі өрлеген, рухы төрлеген ірі қалаларының бірі. Бүгінгі  Қарағанды сексеннің үшеуіне шыға отыра, сенімді қадам қалыптастырған, Қазақстанның басқа аймақтарына үлгі болып отырған жайы бар. Елу жылда ел жаңа, Қарағандыны жан-жақты  дамыған деп айтуға әбден болады. Сонау кездегі шағын кенттер, қазір сәулетті қала болып, адам танымастай өзгерген. Әрине бұл қала бірден орнай салынған жоқ. Мұнда қаншама жандардың төгілген тері мен еткен еңбектерінің жемісі жатыр. Бұл – қаншама жылдар бойы жүріп өткен тарихтың таңбасы.

Бүгінгі Қарағанды қаласы

Қарағанды қаласы көз алдымызда құбылып, көркейіп барады. Келбеті келіскен, сәні жарасқан әсем ғимараттар сап түзеп бой көтеріп келеді. Әсіресе қаланың Оңтүстік-шығысындағы жаңа баспаналар мен құрылыс нысандары көздің жауын алады. Олардың қатарында бірнеше жылдың жүзінде есігін айқара ашқан жаңа «Теннис» орталығы, «Қарағанды-Арена» мұз айдыны, С. Сәпиев атындағы бокс залы, Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Магнум» сауда орталығы, «Қазыбек би» атындағы аудандық әкімдігінің ғимараты тағы басқа әсем ғимараттарды тізуге болады. Осы орайда айта кетуіміз керек Қарағанды өңірінің инфрақұрылымы ұлт көшбасышысының назарына жиі ілініп, ерекше қолдауға ие болып жүр. Қолдауға ие болатындай жөні бар. Өйткені Қарағанды һәм Теміртау  қалалары президентіміздің жастық шағы өткен өңір. Еңбек жолына бата берген абыз атырап. Бұл қалаларда  Елбасы  өмірінің алғашқы қадамындағы шешуші кезеңі, әрі үлкен бел-белесі болғаны айдай анық. Ол туралы біз жазбасақта болатын шығар...

Дегенмен де көп ұлтты Қарағанды елді мекенінің болашағы әлі алда. Бүгінгі Қарағанды шаһары мен кешегі  «Қарағанды» қаласының бір-бірімен салыстыруға да келмес. Бүгінгі Қарағанды алып шахталар мен ірі заводтардың ордасы ғана емес,  ірі индустриалды орталық. Білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен денсаулық салаларын да біршама дамытқан шаһар.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English