«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Торсан болыстың ұрпақтары қайда жүр?

2340 0
Торсан болыстың ұрпақтары қайда жүр?
Торсан Тілемісұлының шөбересі Мағауия Хамитұлы Новосібір милиция институтын бітіріп, кейін РФ Түмен облысы Салық полициясының бастығы болып қызмет еткен

Ендігі сөзімізді Торсан балаларына арнасақ. «Анадан ала да, құла да туады» дегендей, Торсанның бес баласының әрқайсысы әр түрлі мінезге ие болса керек.

Шақан. Әке жолын қуып болыс болған. Бет-әлпеті де өзге бауырларынан басқаша болыпты дейді. «Со кезде жасы қырықтарды алқымдаған Шақанның шоқша ғана қара-сары сақалы, сапарын құлағына қыстырып қоятын қалың қара-сары мұрты бар. Ол кавказдық елдердің адамы сияқты, үлкен мұрынды және үлкен қара көзді, беті де сол кавказдықтарға тартқан қушықтау, аса кескінді кісі», – деп жазады С. Мұқанов.

Шақанның Мағауия деген баласы 1942 жылы қайтыс болған.

Шери. Бұл да болыс. Ұрлық-қарлыққа жақындау, маңайындағы ұлылармен  сыбайласып, алыс-жақыннан мал алатын баукеспе болғанға ұқсайды. Малды жекелеп алғанымен қоймай, үйірлеп те көбейтіпті, онымен тынбай адам ұрлауды да шығарған. Адам ұрлаған Шери дауының соңы үлкен жанжалға ұласқан. Балта керей руынан шыққан Жүсіптің қызы Ұмсындай сұлуды алып қашып, оны көк долы бәйбішесі болуы себепті үйіне түсіре алмай, маңайдағы орыс ауылға жеткізгені жайында «115 жыл бұрын Александрияда білім алған қазақ қызы» атты мақаламызда жазған болатынбыз. Азан шақырып қойылған есімі Шериаздан болатын сол Шериіміз.

Шериден – Хамит, Рақым, Қажымхан, Мұрат, Меткiр. Хамиттан – Мағауия. Одан – Диас. Қажымханнан – Сансызбай, Кенесары. Кенесарыдан – Саян, Азамат. Мұраттан – Марат, Жанат, Қанат. Мараттан – Ерлан.

Арап. Көзін көрген жұртты айтуынша, Торсан балаларының ішіндегі момыны саналады. Азан айтып қойған есімі Ғабду-әл-Ғараб болғанымен, кейін ел-жұрт Арап деп атап кетіпті. С. Мұқанов Араптың да аға-бауырларынан өзгеше болғанын айтады: «Торсанның өзі де, өзге балалары да ақ кескінді екенін біз білеміз, ал мына Арап дәл негрдей болмағанымен, Миссопотамиядағы арабтардан кем емес. Бұл да сол арабтардай арық денелі, ұзын кескінді, сопақ басты, томпақ көзді, тек олардын мұның айырмасы мұрыны тым қоңқақ. Торсанның өзге балалары азды-көпті орысша оқығанда бұл Арап тек қана мұсылманша оқыған. Онда да бар оқуы түркілік».

Араптан – Әнуарбек. Одан – Төлеген, одан – Қаршыға, Бүркiт. Қаршығадан – Асқар.

Болыс Торсан Тілемісұлы ►

Бәкен. Торсанның бұл баласы саудагерлікті машық қылған. Лау қылып, араға ат ауыстырып жететін айшылық, апталық жолды қысқарта білген әке өнері осы балаға жұғысты болыпты. «Өмір мектебінде» «ел атынан өтірік приговормен Колчак үкіметінен кооперация деп алады екен де, сонымен сауда қылады екен» деген сөз Бәкенге арналады.

Бәкеннен – Күләмай, Біләл, Есләмбек, Сүният. Біләлдан– Арыстанбек, одан – Торсан. Есләмбектен – Мағауия. Сүнияттан – Әнуар. Одан – Асқар, Арқат.

Қази. Өз заманының көзі ашық, саяси сауатты баласы осы Қази. Алашордашылармен бірге жүрген ол кейін Алашорданың Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болып сайланады. Сәбит Мұқанов Қазидың алашордашылармен байланысып, бірге қоян-қолтық жұмыс істегені туралы қызықты деректер жазады: «...Біздің естуімізше, Алаш оқығандарының бастылары: бұл жұмысқа Орынбордан әдейілеп келген, Алашорданың орталық комитетінің мүшесі Міржақып Дулатов, Омбыдағы облыстық Алашорда комитетінен келген Ережеп Итпаев, Айдархан Тұрлыбаев, Қызылжардың ояздық комитетінен Салмақпай Күсемісов, Жұмағали Тілеулин, Көкшетау Алашордасынан келген Ерқосай Мұқышев, тағы басқалар. Осылардың ішінде Торсанның Қазиы да жүр. Алашордашыл оқығандардың жалпы саны – шамасы жүздей адам...»

Дулатов бастаған алашордашылар ел аралап жүріп, Торсан бай ауылына жетеді. Ондағы олардың мақсаты – Алаш әскеріне ат сұрау, ел ағаларынан жылу жинау болатын. «...Дулатов артынан тағы біреулер оны жақтап қысқаша сөйлеп жатты. Солардың бірі – Торсанның Қазиы. Ол осы елді өзімсінген боп, сөзінің аяғын:

– Уа, бес болыс Керей, Уақтың баласы кіндіктес қарындастарым, туған туысқандарым, төскейде мал, төсекте бас қосылған ағайындарым, мына алаш азаматтарына еріп, мен де кеп отырмын. Сонда мен өзгеден бұрын Керей, Уақтың баласы саған сеніп келіп отырмын. Мұндайда бастаушы керек. Ол табылса қостаушы табылады. Бұл қонақтар Керей, Уақтың баласы, ең алдымен сенің қотаныңа келіп түсіп отыр. «Тас түскен жеріне ауыр» депті аталарымыз. Келген құрметті қонақтарыңды қуантып не ренжітіп қайтару тетігі, Керей, Уақтың баласы, ең алдымен сенде. Алаштың азаматтарын да, олардың бірі мені де жерге қаратпас деп сенемін, – деп бітірді». 

Ал Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешуінде» әңгімелесуші екі адам «– Уа, шіркін, «Алашорда!» Колчакқа екі қасқырды ұстап әкеп беріп, шапан киген екен ғой! Ұстап әкелушілер «Алаштың» қандай азаматтары? – дедік.

– Ұстауға қуып барғанның бірі – біздің Торсанның Қазиы, – деді» деп өзара сөйлеседі.  

Қазидың Алашордаға қатысы жайлы бірден-бір дерек көзі осы «Тар жол тайғақ кешуде» жатыр.  «Қази Торсанұлы деген – біздің Жұмабайдың ағайыны. Торсан деген Қызылжар уезінің жалмауызы. Жиырма бес жыл болыс болған. Николайдың өзінен мақтау алған көкжал. Енді оның баласы Қази — Ақмоланың облыстық «Алаш комитетінің» мүшесі», – деп жазады С. Сейфуллин.

Қази азамат соғысы кезiнде қаза тапқан. Ұрпақ қалмаған.

Автор: Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» романында Торсан би және оның ұлдары туралы біраз әңгімелер айтады. Сәбит білгенді Ғабит білмеді дегенге келісесіз бе?

Мағауия Хамитұлы: Сәбит Мұқанов туралы айтатын болсақ, ол кісі жетім болған және менің арғы атамның үйінде тәрбиеленген. Менің марқұм әкем Хамит екеуі бірге өскен. Сондықтан Сәбит Мұқановтың Торсан туралы көбірек білуге қақы бар.  Сәбит сыбан керей руынан, ал біз уақ шайгөзбіз. Менің арғы атам Торсан  уақ және сыбан руының болысы болған және біз сыбандармен ағайынбыз. Бірақ Ғабит Мүсірепов атам туралы аз білген шығар және өзінің туысқандығына жығылғандай ұқсайды. Әсіресе ол өзінің арғы атасы Мүсірепті асыра суреттеген. Соғыс тұтқыны бола тұра, өзінің қолында тұрған соң атасын көтермелеп жазған, әйтпесе ол біздің нағашы атамыздың кеңесшісі ғана болатын.  

Қазақ әдебиетінің классик жазушылары: Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов

Ғабит Мүсіреповке қайта айналып келетін болсақ, 1964 жылы мені әкем 8-інші сыныпты аяқтаған соң Алматыға жіберді. Мен Сүният Бәкенов деген көкемнің мекен-жайын алу үшін әкемнің айтуымен Ғабит Мүсіреповтың үйіне бардым. Бір апта ішінде мен Ғабит Мүсіреповтың үйін тауып алып, оларға бардым. Есікті Роза Мүсірепова ашты, мен орысша амандастым, көкемнің мекен-жайын сұрадым. Ғабит үйде болмады, ал Роза Мүсірепова: «Біз ондай адамды танымаймыз, бұл жерден тайып тұр, балақай», – деді. Мен сөйтіп қайтып кеттім.

«Ұлпан» романының соңы: Торсанның басқа әйел алып, онысы Ұлпанның туыстары мен таныстарына күн көрсетпей, тіпті ел анасы Ұлпанның өзіне мінез көрсетіп, ақырында үйіндегі дүние-мүлкін далағы шығарып тастап ел төрелерімен әңгіме құрысып тұрған Торсан бейнесі көз алдымызға елестейді. Бұл күнге дейін «апалап» келген ол ендігі жерде өзін «апай» деп әдейі атағанын Ұлпан білмеді емес – білді. Сосын авторлық түйіндеуде Торсан ұрпағының жан-жаққа бытырап, тіпті ұлдарының көз алдында қаза болғанын мысалға келтіреді. Үлкен ұл Шақан әкесінің шектен тыс зұлымдығын көріп, өзіне-өзі қастандық жасап өлген. Ал мырзаның біраз байлығы Шеридің жанжалында бәйбіше Ақлиманың төркіні Нұрқан болыс пен Ұмсын сұлудың жұрты Жүсіпке айып ретінде өтелді. 27-інші жылдардан кейінгі ауыр жылдарда балалары жан-жаққа босып, туған жерден амалсыз қоныс аударады.

Ал Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» Торсан әулетінің басынан бақ,  астынан тақ қайта бастаған кезеңді әдемі суреттейді. Онда жазушы Болатбай есімді кейіпкердің аузына «Шіркін, бір кезде Торсан үйі тасыды-ау! Өзгесін айтып неғылайын, әнеу бір қораның сыртында жүз елу, екі жүздей асыранды қаз жүрер еді. Қыстыгүні алдарына сұлыны қайықпен төгіп қояр еді. Семіз қаздар қораға жоламай, аязда күртіктің үстіне жатар еді. Ұры оларға болса, болмаса да тимейді, қасқырдан сақтау үшін күзетші қояр еді. Қаздарының қаңқылдаған дауысы қозыкөш жерден естіліп тұрар еді. Торсанның балалары мейманасы тасып тұрған кезде «қаздың етінен басқа ет ет пе» деп, сиыр еті былай тұрсын, қой мен жылқының етіне мұрындларын шүйірер еді. Соны істеген олар қазіргі күнде ұрлықтан келген мәстектің етін ата малының етіндей асайды деп естідім» деген сөздерді салу арқылы Торсан балаларының ендігі күйін аңғартып тұр.

Автор: Торсан ұрпақтары ата есімін жаңғырту мақсатында қандай жұмыстар атқарды? Әкеңіз кімдер туралы айтатын еді?

Мағауия Хамитұлы: Торсан тарихи тұлға ма деген сұраққа, мүмкін, жоқ деген жауап дұрыс болар. Қалай болғанда да ол өзінің айналасына ақылды, бай адам ретінде танылды. 

1965-ыншы жылы Қусарай аймағына атақты ақын Ахметжан Нұртазин барады. Ауылдарды аралап жүрген күндердің бірінде ол Айып Рыспайұлымен кездеседі. Сол кезде Айып оған атасы Рыспай қалдырған өлеңді табыстайды. Рыспай Торсан атамның күзетшісі, шабарманы болған адам екен. Төңкерістен кейінгі жылдары ол сол өлеңді 65 жыл бойы сақтаған.  Шағын ғана жырда атамыз өзінің өмірбаянын, өмірін сипаттайды, қандай қиындықтардан өткенін, қалай білім алғанын, кіммен араласқанын сыйдырып жазған.

Торсан байдан қалған жалғыз өлең

1986 жылы Алматыда Желтоқсан көтерілісі жүріп жатқанда біз Төлеу ағамыз екеуміз көтерілісшілерге қолдау көрсету үшін сол жаққа бардық. Ал 1987 жылдың ақпан айында Әртістер үйінде біз Сүният ағамызбен, Олжас Сүлейменовпен кездестік. Менің көкем Сүният оның (Олжастың) хатшысы екен.

1964 жылы Қазақстанның қуғын-сүргінге ұшыраған интеллигенциясы туралы кітабы жарық көрді. Ол кітапта жүзге жуық адам суретімен жарияланды. Бұл кітап бізге кездейсоқ табылды, біз ол кезде Қорған облысында тұрдық. Әкемнің айтуынша, Мағжан Жұмабаев – қазақтың атақты интеллигенті, жазушысы, ғалымы, ұлт мақтанышы. Ол маған Мағжанның көптеген өлеңдерін оқып беретін, мен ол кезде жас болатынмын және онша мән бермейтінмін. Мағжанға 100 жыл толғанда мен оның мерейтойына арнайы бардым. Әкем Сәкен Сейфуллин туралы да, онымен 1927 жылға дейін кездескені туралы айтатын.

Болыстың шөпшегі Диас пен неменесі Торсан

Қазақ тарихы жөніндегі бірден-бір салалық сайт National Digital History порталына сұхбат беруге келіскен Мағауия Хамитұлы тегін адам болмай шықты. Торсан Тілемісұлының шөбересі Новосібір милиция институтын бітіріп, кейін РФ Түмен облысы Салық полициясының бастығы болып қызмет еткен. Шені полковник. Және осы басқарманы құрылуынан бастап жаңашыл реформаларды бастан кешірген жылдарға дейін абыройлы басқарған. Қызы Мадина подполковник шенді, Түмен қаласында лауазымды қызмет атқарса, ұлы Диас жеке заңгерлік фирма құрған. Мамандығы заңгер. Кішкентай ғана немересіне бабасының есімі Торсан деп қойылыпты. Осы шаңыраққа портал ұжымы атынан құнды деректер мен тарихи суреттер ұсынғаны үшін алғыс білдіреміз.

Адам баласына бұйырған өмірдің барысында байлықтан кенде болмаған, мәртебесі биік мансапты мейлінше пайдаланып, жау-дұшпанын жасқап өткен, сол арқылы алысқа да, жақынға да зияны тиіп, зәбірі батқан күрделі тағдыр иесі дерсіз бұл Торсанды. Шынжыр балақ шұбар төс шонжардың шөбересі Мағауия Хамитұлы ұсынған тарихи фотосуретте кішкентай немерелерін алдына алып бейбіт күнде риясыз, бейқам отырған қария бейнесі елес береді. Ол өмір сүрмеген секілді, ол жай ғана қарапайым адам секілді. Анығында ол теріскейде дүрілдеп те, дірілдеп те күн кешкен ерекше өмірдің иесі болатын.

Ұлт тарихында ашылмаған аралдар, зерттелмеген тұлғалар жетерлік. Өткен мақаламызда осы Торсан ауылына қатысы бар тағдырлы сұлу Ұмсынның аянышты өмірін қадірімізше баяндап берсек, міне, Торсан Тілемісұлының өзі жайлы кезекті мақаламыз алдыңызда жатыр. Ендігі кезек кімдікі?

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English