«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

ХІХ ғасырдағы Семей облысы халқының саны

3543 0
ХІХ ғасырдағы Семей облысы халқының саны
Семейдің облыс болып құрылып, қала статусы берілуі мен ірі сауда орталығы болуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен қатар халық санының өсуіне оң әсерін тигізді. Бұны ресми деректер растайды

Қазіргі Шығыс Қазақстан жері Өскеменнен басталып Қара Ертіске дейін ертеден қазақтардың мекені болып табылады.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Семей өңірі патша шенеуніктерінің айтуынша көшпелі қазақтар орын тепкен орыс әлеміне жұмбақ бай өлке болған.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Семей уезінде қазақ руларының келесідей өкілдері тұрды. Рулар бойынша 5726 уақ, 1250 керей. Уақтар Семей қаласының оңтүстік жағында Семейтау, Белтерек, Арқалық және Ащыкөл өзенінің жағасы мен Ащысу өзенінің жоғарғы ағысында орын тепті. Аталған өңір Құмкөл болысына қарап ішінара тағы төрт болысқа бөлінді. Ертістің оң жағалауында уақтар уездің солтүстік бөлігі болып табылатын Лебяжье және Черный ауылдары арасында жайғасқан. Уездің солтүстік-шығысында орналасқан Аршалы болысы керейлердің жайылымы болды, сонымен қатар керейлер Малыбай болысы мен Семей уезінің басқа да болыстарында орналасты. Өскемен уезінің территориясында керейлер мен уақтардың 68 шаруашылығы көшіп-қонып шаруашылықтарын дөңгелетті.

Павлодар уезінде керейлер басқа руларға қарағанда азшылықты құрады. Нақты айтқанда олардың тұрағы Ертіс өзенінің сол жағалауында Қызылағаш және Тереңкөл болысына қарасты территориялар болды. Зерттеуші Н.Е.Бекмаханова атап көрсеткендей Семей мен Ямышев территориясында 1816 жылы 15 мыңға жуық қазақ өмір сүрген.

ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Семей облысында жаңа Бай-уақтардан құралған болыстың негізі қаланды. 1874 жылы бұл болысқа Белағаш деген атау берілді. Аталған болыста 1444 шаруашылық жұмыс істеп, оның 25,75 % -н уақтар иеленді. Белағаш болысында тұратын арғын,найман,керей, уақтар өздерін «қырық ру» деп атады, бұл атау өз кезегінде жинақталған құрамдас болыс екенін көрсетіп тұрды.

Тобыл губерниясының 1802 жылғы 5 рет өткізген әкімшілік тексерісінен кейін Семей облысында әртүрлі сала өкілдері болды, оның ішінде 32 – көпес, 208 мещандар мен цех мамандары, 728 мемлекеттік шаруалар, 130 помещиктер. 

 

ХІХ ғасырдың 20 жылдарындағы Сібір қазақтары және Орынбор қазақтары туралы ережеден кейін Семей халқының саны артты. Олардың дені әскерилер мен әкімшілік шенеуніктерден тұрды, сонымен қатар Семей қаласы Қазақстандағы ірі сауда орталықтарының бірі болуына байланысты саудагер көпестердің де саны артты. 1830 жылы Семейге 54 азиялық көпестер отбасыларымен келіп қоныстанған. 1825 жылы Семей қаласының тұрғындарының саны 5849-ға жетті, оның ішінде 4237 ер адам, 1612 әйел адам, ал 1867 жылы халық саны 8550-ге жетті.

Ортаазиялық көпестер Семеймен қатар Петропавлда да өз саудаларын қыздыртты, көпестерге жергілікті халық «тәшкенттіктер» деген атау берді, олар орыс отырықшы тұрғындарымен және көшпелі қазақтармен сауда жүргізді. 1852 жылы Семейде тәшкенттіктердің саны 48, ал жалпы шетелдіктер саналатындардың саны 306 болды. 1857 жылы Семей, Өскемен, Петропавлда Орта Азия халқының өкілдері саналатын 526 ер адам, 539 әйел адам тұрды. Олардың көбісі Қазақстанға сауда-саттықпен келген Ресейдің қоластындағылар. Сонымен қатар жергілікті халық арасынан шыққан көпестерде болды, 1863 жылғы Семей облысы бойынша барлық саны 2688 көпес болған.

Семей халқының санының жоғарғы қарқынмен өсуіне негізгі себеп Семейдің облыс орталығы болуы, бұл қаланың экономикалық-әлеуметтік жағдайымен қатар санының өсуіне оң әсерін тигізіп халық саны 188796 дейін жетті.

Халық саны көбейіп маңызы бар әкімшілік орталық болғандықтан, бұл жерді басқаратын округтік приказ құрылды. Оның міндетіне халықтың көшіп қонуынан бастап, жайылымдық жерлерді бөліп беруге дейін жатты. Аталған әкімшілік басқарманы окруктік әскери бастық басқарды. Әскери бастық ел тыныштығымен қатар, облыс,уездердің ішкі және сыртқы мәселелері мен байланыстарын реттеп шешіп отырды. Ал жалпы Семей облысының әкімшілік басқармасы толығымен Батыс Сібір генерал-губернаторлығына қарады.

1854 жылы 19 мамырда патша жарлығы бойынша Семей,Өскемен, Көкпекті, Аягөз, Ертіс өзенінің оң жағалауында Семей облысы құрылды. Облыстың өзіндік таңбасы мен облыс орталығы екендігін анықтайтын белгілері болды. Сырттан келушілердің саны одан әрі көбейді оған дәлел 50- жылдары 2983 мещандар болса, 60-жылдары олардың саны 12 131-ге жетті. Сонымен қатар қала тұрғындарының саны жер аударылғандардың санымен артты. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қалада қазақ кедей-жатақтар мен қолөнершілердің саны арты бастады.

Әртүрлі халық өкілдерінің жиналған қала тұрғындарының айналысатын шаруалары да әртүрлі болды, негізгі болып саналатын сауда, қолөнер, егіншілік болды.

Сонымен қатар Семей облысында облыс қана емес толықтай республикалық маңызы бар, облыс шаруашылығының басты саласы – өнеркәсіп болды. Оның құрамында кен өндіру, түсті металлургия, энергетика, машина жасау, құрылыс материалдар өнеркәсібі, ағаш өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіптер жатты.

ХІХ ғасырдың 50 жылдарындағы Семей облысы халқының саны 160427 адам болды (54,6 % ер адам, 45,4 % әйел адам). Оның ішінде қазақтардың саны – 129459 (53,9 % ер адам, 46,1 % әйел адам). Бұған қосымша П.И.Кепненнің 1856 жылғы деректері бойынша Семей облысына 31 820 казактар мен 2823 мемлекеттік шаруалар қоныстанды. Н.Е.Бекмаханованың деректеріне сүйенсек сол кезеңде облыста 195070 адам мекен еткен.

1856 жылы 16 қарашада Семей облысының құрамына жаңадан Алатау округі қосылды. Аталған округ тұрғындары Ақмола, Көкшетау округтерінің көшпелі қазақ, қырғыздардан құралған болыстардан тұрды. Сырттан қоныс аударушылардың есебінен Алатау округінің халқы саны 60-жылдары 164926 ( 114962 қазақ және 50-ға жуық қырғыздар) адамға жетті.

1858 жылғы Семей облысы басқармасының есебінде көрсетілгендей халық саны 179252-ге жетті. Халық саны негізінен Сібір қырғыздарымен толықты. ХІХ ғасырдың 60 жылдары облыс тұрғындарының діни сенімдеріне келсек православиені ұстанатындар 37157, лютерандықтар 108, басқа дін өкілі 1, еврей 89, магометан 511796. Дәл осы уақытта 12367 орыстар, 6497 қазақтар болды. Осы уақыттағы халық санының артуы Орынбор, Самара губерниялары мен Орта Азиядан қоныстанушы шаруалардың көптеп келуімен тікелей байланысты.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English