Жарияланымдар

Жыршыны жырау деп атау дендеп барады

20 Қаңтар 2017
3615
0
Жыршыны жырау деп атау дендеп барады
Жыраулардың жаугершілік заманда жорықтарға қатысып, ел қорғау, жерді сақтау жолында қолына қылыш ұстап, қарына найза ілгендері де бар тарихта

Жаңа уақыт, жаңа ғасыр халықтың тарихи құндылықтарына мүлде тосыннан жат көзқараспен қарай бастады. Тарих пен уақыт және оқиға бірлестігінде ұлттық қазынаның мол байлықтарының да өзгеріске түсіп тұруы заңдылық болар. Алайда озық дәстүрімізді тозық етуге, асыл қазынамызды жасық қылуа халықтың өзі де мүдделі емес. Сондай дерттің біріне қазақ тарихымен бірге ғасырлар бойы жасап, кейін сол тарихтың қойнауына кеткен жыраулық өнер мен жыршылықты шатастыра бастауын жатқызамыз. Әрине, түпкі негізі «жыр» сөзінен басталатын бұл ұғымдар фольклортану ғылымында, әдебиеттануда әбден дараланған, анықтамасы қалыптасқан салалар болатын. Сөйте тұра жаңа көзқарастар мен ойлардың биік деңгейі келген бүгінгі күнімізде аталған екі саланы бірді бірге қосып, ашық күнде адасып жүргеніміз бар.

Біздің аңғаруымызша, жыршыларға жыраулықты таңудың екі тәсілі айқын көрінеді: біріншісі, өзін-өзі «жырау» деп атап жүрген жыршылар. Бұл кісілер жыршылықты жыраудан төмен сатыда деп ойлайды, тек орындаушылар деп қате түсінеді. Екіншісі, қоршаған ортасы мен маңайындағы адамдары «жырау» деп атап, дәріптеп жүрген топ. Олар да алдыңғы түсініктегі адамдар секілді, алайда бір айырмашылығы – жыршының өзі жырау атануға аса құлықты емес.

Жырау кім, жыршы қайсы?

Алдымен осы екі ұғымды дұрыстап оқып, түсініп алайықшы. Жырау – өз жанынан жыр шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі. Қазақтың көне дәстүрлі қоғамында халықтың рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастырып, ұлт пен ұлысты ұйыстыруға ұйытқы болатын қайраткер ролін жыраулар атқарған. Сондықтан да олармен хандар, сұлтандар, хан кеңесінің мүшелері, т.б. санасып, ақыл-кеңесін тыңдап отырған. Жыраулар жаугершілік заманда жорықтарға қатысып, ел қорғау, жерді сақтау жолында қолына қылыш ұстап, қарына найза ілгендері де бар тарихта. Ал олардың елдік пен азаматтық тақырыптарға арналған өлең-жырлары адам көңілін аулар әсерлілігімен, мірдің оғындай өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, қиыннан қиыстырған көркемдігі және қуатты серпінділігімен ерекшеленеді.

Бойына синкретті өнерді жинаған поэзия өкілдерінің тағы бір ерекшелігі, хан ордасында билеушінің кеңесшісі қызметін қосаметкей атқаратын лауазымды тұлға болып келеді. Ондай жоғары дәрежеге жету үшін, жырауға айналу үшін аталған тұлғаның батыр, кеңесші, ақын болуы ғана жетіспейді, сонымен бірге ол бүкіл елдің келешегін айқын болжай алған көріпкел, алдағы күндерді анық көретін сәуегей болуы шарт. Жырауларды оның қоршаған ортасы, сол ортаның әлеуметтік талаптары қалыптастырып, тарих сахнасына шығарады. Ал жыршы ше?

Жыршы – жыр айтушы, таратушы. Жыршылар қазақ халқының байырғы замандарынан мирас болып жеткен өлең, жыр, қисса, толғау, дастандарды орындаушы ретінде танылады. Жырды домбыраның не қобыздың сүйемелдеуімен, мақаммен, әнмен айтады, сондай-ақ эпикалық шығармаларды да орындайтын өнерпаздарды белгілі фольклортанушы Берік Жүсіпов потенциалына қарай екіге бөліп, оларды «жыршы» және «эпик жыршы» деп атайды. «Жыршы» деген жалғыз қазыққа байланып жүрген орындаушылық тип өкілдерін әлеуметтік қызметін саралай келе, «жыршы» және «эпик жыршы» деп екі топқа бөліп қарастырған дұрыс», – дейді  ғалым Б. Жүсіпов.

Бүгінгінің жырауы кім?

Сауалды осылай төтенше қойып, қабырға тұстан келуіміздің сыры өзгеше. Қазір көзі тірі жыршыларымыздың «жырау» деп атап, көпшілікті айдың-күннің аманында адастырып жүрген топтардың (немесе жекелеген кісілердің) әрекеті ғылымға жат. «Хандық дәуір жойылған, ондай жыраулар жоқ, сонда да ана бір жыршыны жырау дейміз» деп қойып, ойдан-қырдан жинаған «дәлелдерін» алдымызға тартып әлек. Жыршыларды жырау ету үрдісінің қауіптілігі сол, алаш маңдайына басқан айбоз әншілеріміздің мәртебелі атына көлеңке түсіру, сол арқылы қолдан мақтау жасап, абыройын арттырған сыңай таныту көрер көзге бадырайып көрініп тұр. «Жырау жоқ емес, бар, өйткені қазір ұялмағанның бәрі «жырау» (Б. Жүсіпов).

«Бүгінгінің жырауы...» дегенге «бар ма, жоқ па» сауалы қойылмады, сондықтан жырау бар дегенді меңзегіміз келген. Жырау деген статусқа лайық қай қайраткердің есімін атауға болады? Неліктен ол кісіні сол құрметті орыннан көремін? Ол атаған адам шынымен де лайық па? Осы мәселе мені біраз ойға салды. Ойландым да жауабын тапқандай болдым. Біреу келісер, біреу келіспес, Әбіш Кекілбайұлын жырау деп атаудың еш әбестігі болмас деген шешімге келдім. Жаңа тұрпатты Қазақстанды құрудағы Ә. Кекілбайұлының қайраткерлік еңбегі – жыраулықтың бір сатысы – мемлекеттік кеңесші, мемлекеттік хатшы болған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан анық көрінеді. Қай ортаға салсаң да, көсіліп сөйлейтін, шешен сөйлейтін, терең сөйлейтін Әбіш ақсақал тұнып тұрған импрозитардың өзі ғой. Және ол сөздері жеке бастың қамын күйттемейтін, үнемі елдің жайы, халықтың мұқтажы, мемлекеттің, елдіктің мүддесінен туындап жататынын кім білмейді?! «Қазақта жырау қандай болады – Әбіштей болады» дер едік өз сөзінің мәнеріне салып.

«Жырау» Бекболат опера жазған ба?

Дәл солай. «Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Елі менің» шығармашылық кешінде жыршы, әнші, ҚР мәдениет қайраткері Бекболат Тілеухан «Айналайын, азатым!» атты опера жазғанын паш етті. Өз басым аталған операмен бұрыннан таныс едім, 2011 жылғы «Тәуелсіздік толғауы» атты шығармашылық байқауда «Ең үздік опералық шығарма» номинациясында жеңіске жеткен туындының авторларының бірі Бекең болса, екіншісі марқұм Ерік Асқаров болатын. Конкурстың хатшысы ретінде осы байқаудың басы-қасында жүріп мен қазылар алқасының опера авторларын алқаған сөздерін көп естідім. Сол кездегі Мәдениет вице-министрі, музыканың кәсіби маманы Асқар Бөрібаев мырзаның «он гений», «великолепно» деген лебіздерін қайта-қайта тамсана айтқаны көз алдымда.

Бекболат Тілеухан мырзаны қолпаштаушылар оған «жырау» атағын таңып әуре. Жыршы атымен-ақ алты алашты аузына қаратқан Бекеңнен жырауды қызғанбаймыз, тек не нәрсе де өз атына лайық болса дейміз. Ноғай мен қарақалпақ, қырғыз бен саха туысқандар келіп қуанышына ортақтасқаны секілді таңдайына бұлбұл қонған ағамыздың өнеріне тәнті емес қазақ болмас. Жыршы ұғымына терең түсінікпен қарамайынша, архаизмға айналған жырау атына жабысқанымыз жабысқан. Жыршының бәрі «жаттаған жырын ғана судыратып айтып шығады» деген миымызға советтік идеология сарқыншақтары шегелеп жіберген қасаң көзқарастан арылу қажет.

Қалай болғанда да жыраулық институт жойылды, келмеске кетті. «Жыраулық феномен – тек түркі дүниесіне ғана тән емес, жалпы адамзатқа ортақ, гуманоидтық даму функциялары тудырған ерек құбылыс» болып өз миссиясын атқарды. Енді бір жыршылардың деңгейін көтеріп, мәртебесін асқақтатсақ, сол мерейлі шаруа болмақ.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)


 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

«Болашақ» бағдарламасына 25 жыл толды. Бұл бағдарламаға қатысыңыз бар ма?