«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Айдархан ҚАБДОЛЛАҰЛЫ: Қазақ күресі жайлы ғылыми еңбек жазып бітірдім

2105 0
Айдархан ҚАБДОЛЛАҰЛЫ: Қазақ күресі жайлы ғылыми еңбек жазып бітірдім
ҚХР мемлекеттік дәрежедегі жаттықтырушы атанған әзірге жалғыз қазақ Айдархан балуан әңгімені шебер айтатын, кесек сөйлейтін, батыр тұлғасына сай батыл жан болып шықты

Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық районының орталығы Үрімжіге барған сапарымызда әр салада үздік шыққан талантты қазақтар туралы сұхбат құруды о бастан ойлап жүрдім. Тіпті спорт, оның ішінде қазақ күресі, дзю-до бойынша Айдархан Қабдоллаұлымен әңгімелесуді мақсат еттім. Өйткені шынында да ҚХР мемлекеттік дәрежедегі жаттықтырушы атанған әзірге жалғыз қазақ Айдархан балуан әңгімені шебер айтатын, кесек сөйлейтін, батыр тұлғасына сай батыл жан болып шықты.

Қытай елі еңбегімді жоғары бағалайды

Біздің әкелеріміз бен аталарымыз заманның алмағайып кезеңінде арғы беттен бергі бетке ырықсыз қоныс аударған екен. 1954 жылы Шыңжан-Ұйғыр автономиялы районына қарасты Алтай аймағының Алтай қаласында дүниеге келдім. Алтайды бұрын Сарысүмбе дейтін. Алтай қашаннан да алыптар мекені.

Кейін Шыңжаң мемлекеттік университетінде білім алып жүргенімде дзюдомен, қазақ күресімен шұғылдандым. Оны тәмамдаған соң бапкер болып, жастарды жаттықтыра бастадым. Шәкірттерім Адақ, Серік, Қаһарман, Берікбол дзюдодан өткен халықаралық жарыстарда топ жарды. Бұл салада 40 жыл еңбек етіп келемін.

2009 жылы маған ШҰАР спорт саласына ерекше еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген атақ берді. 2006 жылы Іле Қазақ автономиялық облысының, Қытай елінің үздік мамандарының естелігінен және бүкіл дүниежүзілік үздік мамандар естелігінен орын алғанмын. Осы жасқа дейінгі ең үлкен жетістігім: Қытай Халық Республикасының мемлекеттік І дәрежелі спортшысы және ҚХР мемлекеттік дәрежедегі жаттықтырушы сыатануым.

Аяғым сынғаннан кейін күресті тастауға тура келді

Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағы бойынша 4 мәрте спартакиада ойындарына қатысып, төртеуінде де жеңімпаз атандым. Қытайда төрт жылда бір рет спорттың барлық түрінен спартакиада өтіп тұрады. Оның деңгейі Әлем чемпионатымен бірдей деуге келеді. Одан шығып, үлкен, мемлекеттік спартакиадаға қатысқалы жатқанда аяғым сынды. Тізе тобығы орнынан тайып, шығып кеткендіктен, жарыстан қалдым. Бұл кезде мен 23 жаста едім. Әбден жаттығып, кемеліме келген кезім-тұғын. Енді не істеу керек, қалдым осылай. Жаттықтырушылыққа ауыстым.

Мен өте керемет балуанмын деп айта алмаймын өзімді, бірақ күрескен жерімде жығылып көрмеппін. ШҰАР-дың 4 спартакиадасының жеңімпазы болдым дедім ғой. Әбден пісіп жетіліп, бабыма келген шағымда аяғым сынып, обалды кеттім. Тобық бір шыққан соң, қозғалып, ойнамалы болып кетеді екен. Сіңірлер де созылып, қайта қалпына келмейтін боп қалады. Бұл мүлдем емделуге келмейтін нәрсе екен. Соны білдім. Қазір жасым алпыс төртте. Құдайдың бергені, жаттықтырушылықтан жаман болдым демеймін. Қытайдың ең жоғары марапаттарына ие болдым. Тәуба соған.

Қазақ күресі туралы ғылыми еңбекті он жыл жаздым

Зейнет жасына жетіп, демалысқа шыққаннан кейін қазақ күресінің жай-күйі жайында толғана бастадым. Кітабым таза қазақ күресі жайлы ғылыми еңбек. Өмір бойы жинаған білімім мен тәжірибемнің арқасында жаңа туындым 1225 беттік үлкен шығарманы құрап отыр. Күреске қатысушы жасөспірімдердің жас ерекшеліктері, физиологиялық айрықша белгілері, қалай тамақтанып, қалай шынығу керектігі, сөйтіп ұлттық күрестің әдіс-тәсілдерін меңгеру мен оларды қапысыз қолдана білу шарттары, т.б. түгел қамтылған деп айтуға болады. «Әрекет анатомиясы», «Әрекет психологиясы», «Әрекет физиологиясы» деген іргелі тараулардан тұратын еңбекті он жыл жазып шықтым. Әлдебіреулер айтып жатады, бәлен жылда түген кітап жаздым деп. Оны қалай жазып үлгеретініне мен таң қаламын. Бұл басқа емес, ғылыми кітап қой. Өтірік айтуға келмейді, қателесуге қақым жоқ. Осылайша менің кітапты жазуыма он жыл уақыт кетті.

Қазақ күресінің ежелгі түрлері – белге дейінгі жалаңаштанып күресудің тәсілдерін балуандарға көрсетіп отырып фотосуреттерге түсіртіп алып отырдым. Нәтижесінде әр әдістің жасалу механизмдері суреттер арқылы айқын да ашық көрсетіліп тұратын болды. Қазіргі қазақ күресі бойынша қолданылатын әдістерді де мен жас балаларды күрестіру арқылы суреттерін жариялап отырмын.  

Қазақ күресінің келешегі мені алаңдатады. Біз бірде Түркияға бардық. Ыстамбұл қаласында 112 мемлекеттің спорт қайраткерлері бас қосқан Дүниежүзі күрес түрлері қауымдастығының (United World Wrestling) форумы өтті. Форум жұмысына Қазақстан атынан Дүниежүзі қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, Азия федерациясының президенті Марат Шәмшінұров, Жуңғо елінен Азия федерациясының орынбасар бастығы мен қатыстым. Азия олимпиялық комитетінің президенті әл-Сабах пен Дүниежүзі күрес түрлері қауымдастығының президенті Ненад Лалович бастаған мықты мамандар қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына қосты. Алайда кейін Қазақстан құрамасы Ашхабадта өтетін Азия ойындарына жіберілмеді. Қандай себептер болғанын анық білмеймін, сол кездерде федерация президенті М. Шәмшінұров қайтыс болып кетті.

Қазақ балуандарымен сыйласып келемін

Қытайдағы қазақ балуандарының ішіндегі ең мықтысы – Серік Қожабайұлы деген балуан. Ең алғашқы спартактиаданың алтынын алған осы Серік балуан. Екінші спартакиада жеңімпазы Тұрсынғали деген балуан. Ол қатысқан спартакиада 1964 жылы өткен. Қытайдың ең бірінші спартакиадасы 1959 жылы өтіп, сондағы сарапқа салынған сегіз салмақ бойынша үш салмақты үш қазақ – Серік, Әліхан, Мейірхан ұтып алған. Ал бесінші спартакиаданың жеңімпазы Нұрлан Ақасұлы болған.

Қазақ балуандарының ардагерлерінің көбісін Совет одағы тұсында сырттай болса да танып білдік. Әбілсейіт Айханов аға 2008 жылғы Бейжің олимпиадасына келді. «Құс ұясы» деп аталған арнайы орын, бағасы 40 мың доллар тұратын, сол жерде Әбекең екеуіміз бірге отырдық. Өскеменнен келген «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Оңдасын Елубай сол арада сұхбат жасап, аға екеуімізді сөйлетті.

Аюды ұстағаны жайлы Дәлелхан аға өзі баяндап берген

Дәлелхан 1958 жылы сотталып кетті. 18 жылдан соң шықты. 1983 жылы келгенде іздеп барып, кездестім ол кісімен. Алпыстың ішіне келген, қартайғанда да қайыспаған қара нардың өзі екен. Ол кісінің түрмеден шыққан кездегі фотосуреті сақталған, соны түсіріп алған мен едім. Қазір сол сурет барлық жерде жарияланып жүр екен.

Дәлелхан балуанның аю ұстағаны жайында әңгімені өз аузынан естігенмін. Басында айтқысы келмей, қашып көріп еді, оның үкіметке жазып тапсыратындары болады екен, сонда бір жерінде осы аюды жетектеп әкелгені жайындағы оқиғаны тәптіштеп жазып беріпті.

Бір жолдасы екеуі ат іздеп шығып, Алтайды не көп, шатқал көп, солардың біріне түсіп кетпей ме. Сол шатқалда едәуір жүріп қалады, сонда жығылып жатқан бір үлкен қарағайдың үстінде қол салып көлегейлеп қарап тұрады. Әлгі қарағайдың астынан екі қонжық шыға келген екен. Жанындағы жолдасы: «Ой, ана екі қонжықты қара. Енесі оянып кетсе, бәле болады. Ұйықтап жатса керек» дегенше, ақырып ар жағынан атып шыға келеді. Қасындағысы безіп жоғалады. Дәкең құтыла алмай қалады.

Аю деген екі аяғын көтеріп, ақырып ұмтыла бергенде бұл белден кіре кетіпті. Ортан белден қапсыра құшақтағанда аюекеңнің аяғы мен аузы үстінде қалады ғой. Артқы аяғы жерге тірелген. Аю тырп ете алмай қалыпты. Белден қатты қысып ұстаған күйі балуан су жырған жыраның жанына әкеп, әлгіні соған кептеп жыққан дейді. Шалқасынан жығып құлатқаны оңды болар ма, кеудесінен басып жібермей жатып алған екен.

Анау жолдасын шақырыпты. «Мұнда кел!» деп. Ол баспалап келіпті жақындап. «Мойыл деген талды кесіп әкеп, аузына сал да, кескек етіп жасап, танауынан қайыс шылбырмен байла!» деп бұйырады. Оны орындап болғасын, «енді алдыңғы бір аяқты да бүгіп байла. Қалғаны үш аяқты шідерлеп таста. Сонда мен тұра аламын» дейді. Сөйтіп бірі жетектеп, бірі соңынан түртіп айдап, сол кездегі Совет Одағының кен қазған аумағына жеткен дейді. Мұны көріп таңқалған орыстар дереу темірден шарбақ жасап, аюды қамап қойыпты.

Дәлелханның осылай аю ұстап жетектегені өмірде тура солай болған оқиға. Оның сол кездегі тұрқы көз алдымда. Бойы 1,86 м. Қолына таң қалдым, алақанын жазғанда менің қолымнан екеу шығатын болар. Әйтеуір ерекше біткен. Өте мықты, аса қарулы адам болған.

Сұхбаттасқан Заңғар КӘРІМХАН

Астана-Үрімжі-Астана

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English